Мәдениет

Нұр Атада шілдеде жаңбыр сіркіреген күн

Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының ежелгі Мауреннахр жеріндегі екі ұлы дарияның арасында Сейітқұл әулие -Әйтеке би кесенесін ашып, Ұлы Бабалар рухымен қауышқан сәттері.

… Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, 1992 жылы жазылып, баспа жүзін көрген «Әйтеке би» баянында терең күрсіністен туған мынадай тіркестер бар:

«Иә, ол да үш арыстың тірегі,

Үш асылдың бірі еді…

Дүние, жалған десейші!»

Бұл көзі тірісінде айыр тілді Алшын Әйтеке би атанған ғұлама, шешен, қол бастаған көсем, Әз Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғының» авторларының бірі, қабырғалы мемлекет қайраткерінің бақилық болып жатқан жерін, туған, өлген жылдарын білуге, анықтауға ұмтылған зерек зерттеушінің ішкі дүниесінің иірімі мол жаңғырықтары еді.

Мұнан әрі былай толғанады: «Бір ғасырда, бір кезеңде, бір мақсат жолында тізе ажыратпай бірге күрескен үш сабаздың тағдыры үш қилы болғанға ұқсайды.

Біреуі асарын асап, жасарын жасап, ағайын ортасында, сонау пейіштей әсем Баянауыл аймағында дүние салып, әуелі аманат ретінде сол араға қойылып, артынан Түркістандағы Әзірет Сұлтанның киелі қорымына әкеліп, жерленеді.

Біреуі төбе би болып қана қоймай, өле-өлгенше бір ұлыстың төре билеушісі бола жүріп, қастандыққа ұшырап, шәйіт кетеді де, исі түркі байтағы Шаш шаһарының қақ ортасынан топырақ бұйырып, үлкен-кіші бірдей тәуеп етер әулие атанады.

Ал үшіншісі… Туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз».

Өксігі алқымыңа тірелетін өкінішті, мұңлы сарындар.  Дегенмен белгісіз дей келіп, Әйтеке би «бабалары Сейітқұл, Жалаңтөс, Ақшалардың қастарына жерленуі де ықтимал» деген жорамалын да айтады. Сонымен қатар арғы-бергі деректерге, ауызекі  жеткен аңыз әңгімелерге, әсіресе, Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанына сүйене отырып, Әйтеке бидің жасы Төле мен Қазыбек билерден үлкен сияқты деген тұжырымға келеді.

Бұл пікірді Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Даналар» атты өлеңінде былай деп жазып қалдырыпты:

Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,

Әлдибек, Айтпай, Майлы шешен өткен.

Жолы үлкен жасы кіші Төле бидің

Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен.

Әйтеке 1710 жылы өткен Қарақұм жиынына қатыспаған, одан бұрын дүние салған сияқты. Сол себепті де Әбілқайыр Кіші жүзге Әйтекенің көзі тірісінде емес, қайтыс болғасын Ұлысбегі болған деп топшылайды. «Зираты да ол үшін сонау Сейітқұл заманынан атақоныс боп кеткен Қаратау мен Нұр Ата арасындағы аймақта қалған. Қалың Алшын әлгі жерден әлдеқашан табан аударып кеткендіктен Әйтеке зираты да ұрпақтар жадынан ұмытылған», – деп ілгерідегі пікірін түйіндей түседі.

Әбіш ағаның «Әйтеке би» баяны – оның заманы, замандастары туралы жан-жақты әрі терең қамтылып зерттелген, тайға таңба басқандай нақтылы дәлелдері бар, қазақ топырағында тұңғыш жазылған және Ұлы Бабамыздың жатқан жері, туған, өлген жылдары туралы тура сілтеме жасаған аса құнды еңбек.

Тағы бір ғажабы, осы тарихи-философиялық еңбегінде жазушы қазақ топырағында бұрын-соңды жазыла қоймаған, зерттелмеген, бірақ ұрпақтан ұрпаққа үзілмей үрдіс болып келе жатқан қасиетті «Үштік» саны туралы ой толғайды. Бұл жайындағы әңгіме сәл кейінірек.

Сонымен Әбіш Кекілбайұлының айтқан болжамдары айнақатесіз келді. Бүгінде Әйтеке бидің жатқан жері де, туған, өлген жылдары да белгілі болды дейміз. Қазақ қауымы, ғалымдарымыз, өзбек зерттеушілері Әйтеке би 1644 жылы дүниеге келіп, 1700 жылы бақилық болған деген тұжырым жасап отыр. Ендігі жерде осы бәтуаға қол қойғанымыз мақұл. Әбіш ағамыздың Әз Бабасының сүйегі жатқан жерін тауып, туған, өлген жылдарын білсем деген асыл арманы жүзеге асты. Шығарма он сегіз жыл бұрын жазылды дегенмен, оның алдында сан жылдар бойы қапысыз зерттелген, көкіректе қатталған, көңілінде жатталған, түн ұйқысын сан мәрте бөлдірген, терең тебіреністен туындаған жанкешті еңбек екендігі айтпаса да түсінікті.

Нұр Атамен көрші, қоңсы қоңған Шардара ауданында құрылған «Әйтеке би» қоғамдық қорының басшыларымен бұдан екі жыл бұрынғы болған бір сұхбатында Халық жазушысының:

– Әйтеке би кесенесін қазір тұрғызбасақ, кейін кеш болуы мүмкін. Өзбек ағайындар ренжімейтін, қазақтар қомсынбайтын кесене болғай! – деген ақ батасы да қабыл болды. Өткен жылы, 2008 жылдың 27 тамызында Маңғыстау облысының әкімі, ұлтжанды азамат Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, белгілі тарихшы ғалым Өмірзақ Озғанбаевтың қатысуымен Сейітқұл әулие – Әйтеке би кесенесінің жобасы қаржыландырылып, бекітілді. Нұр Атадағы ежелгі қазақтар зиратында алғашқы қазығы қағылды. Бұл тарихи оқиғаға Өзбекстан билігінің ресми және қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысқандығы ақпарат құралдарында жарияланған. Ұйымдастырушылары – «Әйтеке би» қоғамдық қоры мен Науаи облыстық қазақ мәдени орталығы болды. Кесене жобасын жасаған ӨР Мәдениет министрлігіне қарасты Мәдени мұралар жөніндегі ғылыми-өндірістік Бас басқармасы.

Маңғыстау басшысы Қырымбек Елеуұлының:

– Нұр Атада Әйтеке би кесенесін тұрғызуды келер ұрпаққа қалдыруға болмайды, – деген аталы сөзі де күні бүгінгідей жадымызда жаңғырығып тұр. Сонымен қатар осы әрі ізгілікті, әрі іргелі шаруаны құнттау үшін Өмірзақ Озғанбаевтың алыс Маңғыстаудан бір жарым жыл ішінде төрт мәрте Нұр Атаға келгенін айта кетпесек, әбестік болатын шығар.

Оның бер жағында Қазақстанның Ташкенттегі Елшілігінің төңірегіне ұйымдасқан бір топ отандық кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар кесене құрылысын сәтті бастап, абыройлы аяқтап шықты. Осылайша қазақ-өзбек тарихында таңбаланған тағы бір даталы күнді ел-жұрт жақсы білетін болды. Ол – 2009 жылдың 31 шілдесі – Сейітқұл әулие мен Әйтеке би кесенесі салтанатты жағдайда ашылған күн.

Осы оқиғаның басы-қасында болуға ниет білдірушілер – еліміздің Оңтүстігі мен Батысынан, әрісі Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе, берісі Алматы, Шымкент, Қызылорда облыстарынан, Астана мен Көкшетаудан Баба әруағын қастерлейтін ұрпақтары – ұзын саны 500-ден астам адам Нұр Атаға жиналды. Өзбек елінің Ташкент, Қарақалпақстан, Бұхара, Науаи, Сырдария, Жызақ жағындағы бауырларымыз да ат-көліктерінің терін аямапты.

Сөз жоқ, кесененің тұрғызылуы үлкен іс, ірі оқиға, тарихымызда таңбаланып қалатын жағдай. Ал оның ашылуына Әбіш Кекілбайұлы келеді екен деген хабар, әсіресе, өзіміздің Оңтүстік өңіріміз бен өзбек елінде өмір сүріп жатқан қандастарымызға тарағалы көзі қарақты жұрт осы күнді асыға күтісіпті. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің Тұңғыш Президентімен бірге үзеңгілес жүріп мемлекет құру, оның тұғырын мықтау, керегесін кеңейту, шаңырағын биіктету, ішкі ынтымағымызды сақтап, сыртқы ықпалдастығымыздың өрісін кеңейту сияқты, басқа да сан алуан мәселелер төңірегіндегі баяндамалары, сөздері мен ой-пікірлері, толғаныстары қалың-жұртшылыққа кітаптармен, газет-журналдармен, телеарналармен кеңірек тарағандықтан да болар, япырмай, осы кісіні бір көріп қалсақ, естіп қалсақ деген мақсат барша жұртты жолына қаратыпты.

Тәуелсіздік жылдары кімнің кім екендігі тек қана өз жұртымызға ғана емес, көршілес жатқан елдегі отандастарымызға да айдай айқын болып қалған. Осы жылдардағы саналы ғұмырын қарымды қаламгерлігімен қатар мемлекеттік жауапты қызметтерге, депутаттық міндеттерге арнағаны дүйім елге белгілі. Бұл кезеңде барша азаматтардың да, еліміздің де тыныс-тіршілігінде небір күрделі, қиын сәттер көп болғаны анық. Қай жерде жүрмесін, қандай орынтақта отырмасын, орта жолда адаспай, оңға, солға қалтақтамай,  жалтақтамай, қашанда тура жүріп, әділ айтып, ақ сөйлеп, абырой-беделін бір мысқал төмендетпей, қайта уақыт өткен сайын ешкім күтпеген, еш жерде айтылмаған терең де салмақты ойларымен, қара қылды қақ жаратын ақсемсер пікірлерімен, елінің, халқының келешегінің қамын күйттеген бағалы ұсыныстарымен, тілектерімен мыңсан жүректерге ұя салғандығы басы ашық жағдай. Қатар жүрген замандастарынан жария түрде ұлы ойшыл, әулие деген баға алғандығы да тегін емес. Қай қиырдан көз салсаңыз да тұғырлы тұлға болып қапысыз қалыптасқандығы анық. Кеңес өкіметі кезеңінде Әбіш Кекілбайұлын халық көп жағдайда дарынды жазушы, заңғар суреткер, әлем жұртшылығына ұлттық мақтанышпен ұсынатын білгір әдебиетші деп білетін. Қазір де солай. Бірақ, тәуелсіздік жылдары қаламгерлік дарын-қуатына қоса саясаткерлік, қайраткерлік қадір-қасиеттері жарқырап көрінді, күрескер тұлға ретінде танылды.

Ел аңсарын ішкі түйсігі арқылы сезінген болар, ағамыз Астанадан шығып, Сарыағашқа аялдап, бірер күн Шардара теңізінің жағалауында тынығып, 30 шілде, бейсенбі күні Ташкенттегі қайта жаңғыртылған Төле би кесенесіне тәу етіп, дүйім жұрттың алдында сөз сөйлеп, сұхбат беріп, ертеңгі жұмада,  таңертең әулиелер шаһары – Бұхараға ұшақпен жетті. Алғашқы лебізі:

– Бахауеддин Наһшбанд Хазіретке дұға оқып шығайық, – болды. – Бір реті келмей жүр еді, – деп ширақ-ширақ адымдап алдымызға түсті.

Жергілікті тұрғындар бұл шаһарды Бұхара-Шариф деп атайды. Шариф парсыша «әулие» деген сөз. Бұл маңайда 114 әулие бар деп есептеледі. Бахауеддин хазірет әулиелердің әулиесі саналады. «Жеті өлікке жан берген, жеті пірге қол берген»,  тегі түркі нәсілінен тараған Бахауеддин Нахшбанд 1318 жылы Бұхара маңындағы Ғыждуан қышлағында матаға нақыш басатын шебердің («Нақшбанд» деген сөздің төркіні) отбасында дүниеге келген.

Атақ-даңқынан жарты әлемнің тізесі дірілдеген Әмір Темір сыйынып өткен Бахауеддиннің өзін қосқанда Бұхарада жеті Пір бар деп есептелген. Олар: Абдулхалық Ғыждуан, Қожа Әріп Рефқа, Қожа Махмуд Әнжір Фахла, Қожа Әли Рометан, Қожа Мұхаммед Бабай Самаса және Саид Мір Құлал. Олардың барлығы Қожа Ахмет Яссауиды ұстаз тұтқан, исламның ізгілікті софылық ағымының ту ұстаушылары болған. Нахшбандия – өз дәуірінде ислам әлемінің үлкен бір қауымын табындырған, жүздеген мың адамдарды соңынан ерткен, Тұран мемлекеттеріне ықпалы күшті, қуатты жүйе болған.

Әбіш аға ниет еткен киелі жердің қысқаша анықтамасы осындай.

Ағамыз Бахауеддин кесенесінен көңілденіп шықты. Өзі де әулиелі елдің перзенті емес пе, имандылық қасиеттері жандүниесіне терең ұялағандығын тағы бір рет айтпай ұғындырғандай.

Бұхарада негізінен бұл өлкеге екі жарым мың жыл ілгеріде келген парсылардың ұрпақтары өмір сүреді, сырттан келген қазақтармен түсінікті болсын деп өзбекше сөйлескенімен, өзара тәжік тілінде сұхбаттасады. Төлқұжаттарында «өзбек» деп жазылған. Мектеп шәкірттеріне дейін сынып сабақтарында тәжікше тіл қатысады.

Жол бойында ағамыз:

– Қаракөл қай жағымызда қалды? – деп әңгіме тиегін ағыта бастады. Сырт жағымыздағы, Бұхарадан 70 шақырым әрідегі аудан орталығы осылай аталады. Одан әрі тағы осындай қашықтықта Орта Азияның қос емшегінің бірі – Әмудария ағып жатыр. Қаракөл – заманында Ноғай ордаларының бірі болғанын осы жолы білдік. Бұхарадан Нұр Атаға дейінгі жол – 180 шақырым, Науаи қаласы арқылы өтеді. Төменде дәл осындай қашықтықта көлбеп Сырдария ағады, Жиделі-Байсын жері басталады. Ағамыз әлсін-әлсін көне тарих беттерінен қысқаша әңгімелер өрбітіп келеді. Бір  жағынан Әйтеке би кесенесіндегі айтар сөздері мен ойларын көңіл сүзгісінен өткізіп, демдеп келе жатқанын байқадық. Күре жолдың оң жағында Нұр Ата тауларының жоталары, әріректе Самарқан таулары қарауытады. Сол жақ іргемізде созылып, көсіліп, қызара бөртіп Қызылқұм жатыр. Көлік терезесінен айналаға көз салып, естілер-естілмес қана:

– Япырай, не айтсақ екен, не десек екен? – деп қалғаны да бар. Терең толғаныста келеді.

Кесене жанына көлігіміз тоқтай бергенде:

– Әбіш аға келді, Әбекең де жетті-ау, – деп қауқылдасып, жапырылған халық аяқ бастырмай қаумалай бастады.

– Өй, айналайындар-ай! – дейтін үйреншікті төл сөзі қайта-қайта айтылып, атшаптырым аймақты алып жатқан кесене аймағына лезде тарап, халықтың кең құшағына сыйып бара жатты.

Айналасындағы ауқымды жер кірпішпен биік етіп қоршалған, шығыс өрнектерімен әсем нақышталған, ұзындығы 15 метр, ені 8 метр келетін, маңдайшасы тым биік кесене табалдырығынан әдеппен аяқкиімін шешіп аттап, Сейітқұл әулие мен Әйтеке би  бейіттерінің жанында құранға ұйып біраз отырды.  Асықпай шығып Ташкенттегі елшіміз Зауытбек Тұрысбеков, басқа да ел азаматтарымен бірге осындағы атыраулық азаматтар тұрғызған мешіт жанындағы алқалы жиынның төралқасына жайғасты.

Әрине, алғашқы сөз Әбіш Кекілбайұлына берілді. Абыр-сабыр халық қозғалып, қозғалып барып тына қалды. Мүлгіген тыныштық орнады. «Біссіміла» деп естілер, естілмес күбірлеп, жұмсақтау жөткірініп алып тарих қойнауларын ақтара бастады. Бір-екі рет мүдіріңкіреп те қалғандай. Мұндайда сәл ғана иегін көтеріп қойып, аялы жанарымен алқалы жиынның төр жағын бір шолып тастап, арнасына түсе бастайды екен. Қандай шешеннің де, көсемнің де сөз бастауы қиын екен-ау деген ой сап ете қалды басымызға. Оның үстіне бүгін аса толғанысты оқиға ғой. Талайдан түрлі-түрлі әңгімелерге арқау болған, талқыланған, арман болған кесене ашылатын күні қалай ғана толқымассың. Ұлы Тұран жеріндегі Мауреннахрдың төрінде, қос дарияның аралығындағы Нұр Атаның Қыз Бибі тауының етегінде тұрғанымызды жадымызға салды. Нақ осы топыраққа Алаш жұртының 309 жылдан кейін тұңғыш рет жиналып отырғандығын қадап айтты. Әйтеке би дүние салғаннан кейін қалың ел жан-жаққа тарап кеткен, халықтың басын біріктіретін  тұғырлы тұлғалар болмаған сыңайлы.

Империялық мүдделермен өмір сүрген династиялық мемлекеттердің саны кейде үш, кейде төрт, тіпті онға дейін жетіп, бірде өсіп, бірде азайып отырғандығын, олардың сыр-сипаттарын қысқаша талдап өтті. Көп жағдайда ішкі қырқысулар бір-бірінің түбіне жетіп отырған. Тұран мемлекеттерін билеген Тимуридтер, Шайбанилер замандары мен Жалаңтөс Баһадүрге дейінгі аралық  қамтылды. Ол кезде халық белгілі тұлғалардың, әмірлердің, батырлардың, билердің төңірегіне топтасып жүреді екен.

Нұр Атаның ежелгі тарихынан сөз бастағанда Әбіш аға осы өңірде туып-өскендей әсер қалдырады. Жарты әлемді табанының астына салған Александр Македонскийдің қарулы қолы осы жерде күйрей жеңіліс тапқан. Маған мұнан әрі барар жер жоқ деп ұстазы Аристотельге, анасы Олимпиадаға хат жазған. Нұр Атаны қорғаушылардың бас сардары бүгінде екінің бірі біле бермейтін Спитамен батырдың да есімін ұмытпапты. Осы жеңілістен кейін Ескендір Зұлқарнайынның  маңдайы тасқа тиген қалжыраған қалың қолы ойға, Сырдарияға құлап, төрткүл дүниені дүбірлеткен даңқты қолбасшы Тәжікстанның бұрынғы Ленинабад, қазіргі Ходжент қаласының маңында дүниеден өтіпті.

Айтса айтқандай, Нұр Ата қамалының орындары әлі күнге сақталған, осында «Зұлқарнай» деген ауыл да бар. Қаладағы өлкетану мұражайына барып, әңгіме тыңдасаңыз, Әбіш ағаның айтқандарын толық қайтадан естіп, кәрі тарихқа қанығып кетесіз. Япырай, осы күнге дейін топырағын баспаған жердің көне шежіресін қалай біліп жүр деп таңдай қағасыз.

Нұр Ата өңіріне ұлы көшті бастап келген Әйтекенің арғы аталары – Ораз би, Ақша хан, Аппақ, Тоқпан, Бәйбек билердің халықтың басын біріктірудегі орны мен рөліне баға берілді. Самарқан әміршісі Жалаңтөс Баһадүрдің отыз мың қолмен (кейбір деректерде 20 мың делінген) Жетісу жеріне барып, Орбұлақ шайқасында Салқам Жәңгірге көмекке келіп, жоңғарларды жосадай қырғаны да үлкен тарихымыздың ұлағатты беттерінің бірі.

Жалаңтөс Баһадүр дүниеден өткеннен кейін бұл жерді қалмақ шапқан. Елдің де, жердің де көрмегені жоқ. ХVII ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына Әйтеке би Бәйбекұлы шығыпты.

Жалпы, жазушының Әйтекебитанудағы айрықша назар аударып атап өтетін еңбегі ретінде Кіші жүз биінің арғы тегін Алаш пен Алшыннан тарата отырып, белінен өрбіген ұлдары Жалтыр мен Қонысбайға дейін аттарын атап, атқарған істерін түстеп, ұзын-ырғасы 12 атасын түгендеп бергендігін еске алуымыз керек. Тіпті, Әбілқайыр хан қастандықпен өлтірілгеннен кейін 1748 жылдың 21 қыркүйегінде ханшайым Адай Табынай Сүйіндік қызы Бопай апамыз өткізген жиынға Шақшақ Жәнібек батыр бастаған Орта, Кіші жүз ру басыларымен бірге Әйтекенің жоғарыда аталған ұлдары да қатысқандығын жазған еді. Осы жиында Жалтыр мен Қонысбай орыс бодандығына қарсылығын ашық білдіріпті.

Жазушы осы әулеттің түп-теберегін зерттеуге тым ертеректе кіріскендігін өткен ғасырдың 80-жылдары жарық көріп, елді елең еткізген «Үркер» романынан біле аламыз. Мынадай баяндарға назар аударыңыз:

«Тәуекел қазақта бір кісіде жеткілікті болса, осы Әйтекеде жеткілікті болар реті бар. Ол мынау далиған даланың төрдегі ақ сүйегі мен есіктегі қара сүйегіне бірдей қадірлі, бірдей батымды еді. Ана жағы Бұхара мен Самарқан, мына жағы Елек пен Торғай арасын алып жатқан ұланғайыр ұлыста оның бетіне қарсы келе алар кісі жоқ-ты. Оның себебі бар-ды. Әйтеке Кіші жүздің сүйегі болып табылатын Алшыннан, Алшынның аға атасы Әлімнен, Әлімнің алты баласының ең жуан тамыры Төртқарадан, Төртқараның Қарашынан, Қараштың Сейітқұлынан еді. Төртқара түгілі Әлімнің, Әлім түгілі Алшынның, Алшын түгілі Алаштың атын шығарғандардың бірі осы Сейітқұл болатын. Әз Тәукенің төртінші атасы, Жәдік ұлы Шығай сұлтан Кіші жүзді билеп тұрған тұсында күллі ұлысымен жұтқа ұшырап, Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап Нұрата тауына көшкенде ен ұлысынан қасына ертіп кеткені де – осы Төртқара Сейітқұл еді».

«Былайша да  ащы дауысты Әйтеке жиын көргенде арқасы қозып, қызыл көрген аш қырандай саңқылдай жөнелуші еді. Онысын жұрт қасындағы екі биден гөрі жуан тұқымнан өрбігендігін көрсеткісі келетіндігі деп пыш-пыштайтын».

«Халық не десе, о десін, бірақ ол үш жорғаның жұрт алдында бір-бірімен кермар келгенін ешкім көрген емес. Бірі бастап берген әңгімені екіншісі қостай жөнелгенде тоты құстың қауырсынындай құлпырып, аяқ астынан ажарланып жүре беруші еді. Сол үшеуінің аузының даусындай бірлік берген қазақтың жұлдызы қалай-қалай жарқырар еді! Қандай қиын түйінді де Әйтеке бауыздап, Қазыбек ұшалап, Төле мүшелеп берер еді. Қандай қиқар дәукесің де Әйтеке айтқанда – құлақ аспасқа, Қазыбек айтқанда – құптамасқа, Төле айтқанда – «төресі осы», – деп жығыла кетпеске жағдайы жоқ-ты. Әйтеке жарып айтады. Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады деген де содан қалған-ды»

Демек, көз көргенге көңіл демделетін, естір құлаққа көзайым жақсы хабар болған биылғы кесененің бастауында Әбіш Кекілбайұлының үлкен құштарлықпен, риясыз ынтызарлықпен жасаған тарихи-шығармашылық, зерттеушілік-философиялық кең құлашты баға жеткісіз еңбегі тұр. Аллатағала сәтін салып, оң назарын түсіріп ашылу салтанатына қатысып, ой толғауы ұлттық мемлекет құру идеяларының көшбасшылары болған халқымыздың рухани пайғамбарлары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұрпақтарына қалдырған ұлы мұраларын жетеліге жеткізіп айтуға тағы бір рет кереметтей мүмкіндік туғандығына әрі қуандық, әрі риза болдық.

– Әйтеке би туралы тұңғыш жазған және сүйегі Сейітқұл, Ақшалардың қасында қалған болуы мүмкін және оның жасы Төле мен Қазыбектен үлкендеу сияқты деген болжамдар жасап едім, бүгін осы айтылғандар ақиқатқа айналып отыр. Әйтеке – ұлттық мемлекет құру идеясын тұңғыш айтқан үш қазақтың бірі еді. Сол Төле, Қазыбек, Әйтеке билер армандаған, көксеген ұлттық мемлекет нышандарына біз енді-енді қол жеткізіп келеміз.

Бұл жолы да Қожаберген жыраудың «Елім ай» дастанындағы деректерге жан бітіре сөйледі. Жалпы, біздің ойымызша да, заманының озық ойлы тұлғасы болған, әншілігі, ақындығымен қатар елшілік қызмет атқарған жыраудың деректеріне күмәнмен  қарауға болмайды. Оның үстіне Қожабергеннің әкесі, есімі елге әйгілі Толыбай сыншы Жалаңтөс пен Ақшаның туған жиені, Әйтеке әулетіне жақын жүрген адам. Әбіш аға кесенедегі сөзінде Әйтеке бидің «біздің халқымызды қазақтан, қарадан шыққандар басқаруы керек» деген түбірлі позициясын қайтадан жаңғырықтырып өтті.  Ұлы би ұлттық мемлекет құрудың ең алғашқы алғышарты ретінде қазақты қазақ басқару деген тұжырымынан айнымаған. Бұл идеяны Әйтеке би дүниеден өткеннен кейін Төле мен Қазыбектер жалғастырған. Ұлы билердің баға жеткісіз еңбегі, қайраткерлігі дегенде осындай қадау, қадау арман-мүдделерін айтамыз. Олар көксеген асыл мұраттарға ұрпақтары үш ғасырдан кейін жетіпті.

– Біз бүгін бірінші кезекте көкірегіне трактордың күрегін тіреп тұрып, Сейітқұл әулиенің қабірін сақтап қалған Сейітқожалар әулеттеріне, бүгінгі имам Насреддин қажының әкелеріне алғыс айтып, мың тағзым жасауымыз керек. Әруақтарыңнан  айналайын, жатқан жерлері жарық болсын!

Нұр Атаның Сейітқожалары бұл өлкеге 1100-1200 жыл бұрын Мұхаммед Пайғамбарымыздың сахабаларының ізімен келген. Бұған осы шаһардың қақ ортасында «Чашма» деп аталатын бұлақ басындағы мешіттің  төр жағында Хазіреті Шейх Абу Хасан Нұри қабіріндегі жазу дәлел бола алады. Онда марқұмның хижра есебімен 295 жылы, қазіргі есеппен 907 жыл жерленгені жазылған. Науаи облысының бүгінгі имамы Сейіт қожа Насреддин қажы Хазірет Шейхтың тікелей ұрпағы, бабаларының Ораз би, Сейітқұл әулие, Жалаңтөс Баһадүр және  ұрпақтарымен тамыр-дос болып өмір сүргенін мақтанышпен айтып жүреді. Ал, кесене орналасқан қабірстанда 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің сүйектері жатыр деседі. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының зобалаңында зират трактормен сүріліп тасталған. Аман қалғаны – Сейітқұл әулиенің қабірі. Әйтеке Нұр Атаға жоңғар шапқыншылығы келген жаугершілікте осы аймақтың тұрғындарынан мұздай қаруланған 5-6 мың қол әскер  жинап, қаланы аман-есен сақтап қалған, сөз бастаған шешендігімен қатар қол бастаған көсем ретінде де таныла білген.

Ұлы Бабалар салған жолды бүгінгі ұрпақтары қалай жалғастыруы керек,  тәуелсіздігімізді қалай бекемдей түсеміз? Көсегесін қалай көгертуіміз керек? –  деген сұрақтар төңірегінде де көсіліп, шешіліп ой толғады. Қазақ-өзбек халықтарының ынтымағы мен бірлігі де қалыс қалған жоқ. Түйінді сөзінде кесене құрылысына атсалысқан азаматтардың баршасына алғысын айтты.

Жиылған жұрт, қазағы, өзбегі, тәжігі, қожалары бар, қатты  серпілді, үлкен сілкініс пайда болды. Екінің бірі біле бермейтін, ести қоймаған, өткен тарих, бабалар өнегесі мен келешегіміздің бағдарламалары, тәуелсіздік мұраттары дуалы ауыздан сәті түсіп тағы бір рет қайталанды.

Қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалап жатқан бірінші ұрпақтың жауапкершілігі, «тәуелсіздігімізді сырттың ала көздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу» сынды қыруар міндеттеріміз бен парасат-парызымыз сараланды. «Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейтінін» есімізге салды. Әйтеке биді қайта тірілтіп отырған қауымның қызметі лайықты бағаланды.

– Әбіш Кекілбайұлы келмегенде бұл жиынның мазмұны да өз дәрежесінде болмайды екен-ау, – деген сөз көзі ашық әрбір көкіректе кеткені күмәнсіз болды. Жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында бізге дейінгі сан ұрпаққа арман болған, барша қазақ халқының ұяты мен намысына айналған Әйтеке би кесенесінің ашылуына қатысып, сөз сөйлеуіне Аллатағаланың нәсіп еткендігіне ардақты ағамыз да, жиылған жұртшылық та шынайы риза болды, шүкіршілік айтысты. Алдына тәу етіп, жапырылған халық жүруге жол бермей, сәлемдесіп, тілдесіп қалуға, қошемет көрсетуге тым ықыласты болып жатты.

Сөз реті келгенде жоғарыда аталып өткен «Әйтеке би» шығармасына және киелі Үштік санының құпияларына тоқтала кеткенді абзал санаймыз. Себебі, қаламгер қайраткердің кесенедегі сөзі мен осы зерттеу еңбегіндегі ой-пікірлер іштей бірін-бірі толықтырып, қабысып жатыр. Бұл  өрелі зерттеуде «Әз Тәукенің конституциялық дәуірлеуін жүзеге асыруда үш ұлыстың рухани көсемдері болған Төле, Қазыбек, Әйтекенің еңбектері аса жоғары болды. Олар тек ақыл-білігімен емес, өздерінің мінез-құлқымен де өздері жүйелеген жөн-жоралғыға лайық бола білді. Жастарына қарай емес, жолдарына қарап сөйлеп, қарекет етті. Төленің – аға, Әйтекенің іні болуы да сондықтан» деп ой түйеді.

Осы шығармасында «Расында неге үшеу? Неге екеу емес немесе төртеу емес?» деп өзіне өзі сұрақтар қояды да адамзат тарихынан мысалдар тарқатады. Бұл жай ғана әңгімелер емес, өткен замандардағы өркениет шежіресіне телміріп  терең үңілген, талдаған, таразылаған ғылыми ізденістер еді.

«Адам Атамыз бен Хауа анамыз Абыл мен Қабылды туды. Екі  ұл. Екі туысқан. Ақырында бірін бірі өлтіріп тынды.

Ыбырайым пайғамбар бәйбішесі Сарадан бала көрмей, мысырлық күңі Ажардан ұл сүйіп, атын Ысмайыл қойды. Кейін әруақ жебеп, Сара да құрсақ көтеріп, Ысқақ деген ұл тапты. Өзі бала көргесін, күңнен туған Ысмайылды шешесімен бірге Мысырға қайта қуды. Ол сол жақта жүріп, көп әулет таратты. Олардан қазіргі арабтар шықты. Ысқақ балаларынан еврейлер өрбіді. Аналары бөлек болғанмен, аталары бір Ысмайыл мен Ысқақ балалары әлі күнге дейін жауласып келеді. Ысқақ нақсүйер бәйбішесінен Иса және Жақып деген егіз ұл сүйді. Бір күні бір құрсақтан шыққан ол  екеуі де тіл табыспай өтті. Ыбырайым үш әйелден сегіз ұл, көп немере көрді. Бірақ оның әулеті бір бірінен тыныштық көрген жоқ. Оның ұлы Жақып он екі ұл сүйді. Бірақ солардың үшеуінен тек Жүсіпті жақсы көрді. Соның қырсығынан бүкіл әулеті қырқысып өтті. Ал олардың бәрінің бабасы Нұх пайғамбардан Хам, Сам, Япес тарады. Үшеу. Үшеуінен үш алуан нәсіл өрбіді. Үшеуінің ара қатынасы әр заманда әрқилы болды. Бірақ, адамзат әлі тірі. Әлі жер басып жүр.

Ойланатын гәп».

Әбіш ағаның айтуынша, тым ерте-ерте замандарда бірнеше халықтар бір халыққа бірігерде, бірнеше ұлыстар бір мемлекетке бірігерде саяси құрылымды жұп санға бөлмей, тақ санға бөлуге тырысыпты. Өйткені, жұп саны қарама-қарсы екі жаққа бөлініп кетуге, ыдырау мен тартысқа ыңғай тұрса, тақ сан қарсыласушы күштерге ара салмақ жасай алатын үшінші күшті туғызады дейді. Бұл – бір бөліктің басым түсіп, қалған бөліктерге қысым жасауына жол бермейді деген тұжырым жасайды. Мұндай бірлік идеологиясының негізін салушы Ақназар хан екен. Ол қазақты кейбіреулер айтып жүргендей үш жүзге бөлмеген екен. Үш тараптағы үш ұлысты ағалы-інілі үш туысқан етіп басын қосып, үш жүз деп жариялап, ынтымағын қамдастырыпты. Моғолстан қазақтарының жолын қадірлеп Ұлы жүз атандырған. Жаңа одақтың алғашқы құрылымына негіз болған Ақ орда қазақтарын Орта жүз санаған. Жаңа одаққа кейін келіп қосылған Алтын орда қазақтары Кіші жүз атаныпты. Тіпті, Рим билігінің өзі ерте замандарда үш жүздікке кіретін үш жүз рудың ақсақалдарының ақылымен өмір сүріпті. Мұндай мысалдар  әлем халықтарының билік тарихында тым көп көрінеді.

Ал, қазіргі демократияға қарай бағыт алған зайырлы қоғамның азаматтарына, жас өскін ұрпақтарымызға не айтамыз? Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қалдырған мұрасы мен мирасы, өсиеттері қандай?

Сөз жоқ, бұл сұрақтар бізге дейінгі баба, аға ұрпақты көп ойландырған, бүгінгі замандастарымызды да толғандыратыны анық. Ертеңгі келешегіміз де бұл күрделі мәселелерден айналып өте алмайтын шығар. Ресейдің империялық саясатымен қоғамымызға енген, күшпен телінген бюрократтық билеу жүйесінің түп-тамырына балта шабылмағаны былай тұрсын, жас мемлекеттерде болмай қоймайтын әлеуметтік, экономикалық, рухани дағдарыс кезеңдерінде ол әрі тереңдеп, әрі кең қанат жайып бара жатқандығы  өзекті өртейтін ащы шындық. Рас, «елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықайлардың «партияшыл, «топшыл» күресі жойылған жоқ.  «Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу» да содан шыққан. «Анау ауылдан шыққандар шетінен «сұңғыла», мынау ауылдан шыққандар шетінен «миғұла» деп бірін бірі көзге шұқитын әдет пайда болған».

Қатты налып, күйінгендіктен де «көзі тірі жүргенімізді былай қойып, баяғыда сүйегі қурап қалған бабаларымызды әрі итеріп, бері жығатын болып бара жатырмыз» деп ішкі шерін ақтарады.

Айтары жоқ, қай жағынан алып қарасаңыз да, талдасаңыз да осы проблемалар бүгінгі қоғамымызда да жалдары күдірейіп алдымыздан шыға келеді.

2009 жыл ресми түрде жарияланбағанмен, еліміздің, халқымыздың рухани өміріндегі «Әбіш Кекілбайұлының жылы» деп атауға лайық. Баспасөзде ХХ ғасыр тудырған, ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығында ғұмырнамасының жетпісінші белесіне көтерілген ғажайып дарын иесінің қаламгерлік, мемлекеттік, депутаттық, қоғамдық қызметтерін сан қырынан зерттеген сүбелі шығармалар жариялануда. Рухани інілерінің бірі Қали Сәрсенбайұлы 60-жылдық мерейтойы тұсында «Қазақтың таңдайы» деп жазып еді. Ал, бүгінгі биіктен қарап, ұлтымыздың ары мен ұяты, парасаты мен сабыры, ақылы мен ойы сыйып тұрған кеңжазық маңдайы десек, қателеспейтін шығармыз. Ал, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбековтың мынадай сөздері әрі толғандырады, әрі сүйсіндіреді:

«Әбіш маған жүзіп өте алмайтын мұхиттай, жүріп өте алмайтын шексіз ұлы даладай, асу бермейтін биік шыңдай, алынбайтын қамалдай көрінеді.

…Біз Цицерондарды көргеніміз жоқ. Ол да адам баласы ғой, шешендігі Әбіштен артық болмаған шығар…

…Өз басым Әбішті адам аяғы баспаған арал секілді күнде ашамын, ашқан сайын жаңа қырынан танимын.

… Кекілбаевтың бүгінгі шыққан биігі – ұлт мәртебесі».

Мұнан әрі ана бір жылғы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылының» сарапшылар төрағасы болған Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлының мәртебелі мінберден айтқан сөздерін саралай келіп: «Бұл – нағыз бидің сөзі еді. Осы сөзден кейін Әйтекелер өлді деп кім айтады», – деп жазыпты. («Әулие немесе Кекілбаев феномені туралы», «Егемен Қазақстан», 16 қаңтар 2009 жыл).

Ол қандай сөз еді десеңізші!?

«Демократия – бас-басына би болу емес», – деді. «Тоқта, ағайын! «Ел боламын» деу жақсы ырым, ол көптің тілегі. Ал «Ел бола қойсын» дейтіндер әлі көбейген жоқ. Бола қалғандар боп, болмай жатқандар боп ырғыспайық. Жоғарыдағы боп, төменгі боп жұдырық түйіспейік. Арғы бет, бергі бет болып кеудеден итеріспейік. Күнгей бет, теріскей бет болып мүйіздеспейік. Жаңашыл, көнешіл болып жаға жыртыспайық. Ұлан-ғайыр жер бергенмен басы өспей келе жатқан жұртымызды ырзық-берекеге ұйытып, есе түгендейік, еңсе тіктейік. Әке отырып, бала сөйлемей, іні отырып, аға жүгірмей басы бүтінделіп келе жатқан халқымыздың ұлы үрдісін жоғалтып алмайық. Әр қиядан бас құраған қырық ру Қазақстан халқы жік қуаламай, ала қойды бөле қырықпай, әңгімені азайтып, белін бүгіп терін сыпырып бейнет етсін.»

Әйтеке би кесенесінде осы ойлар тағы да жалғасын тапты, ұлттық мұраттар тағы да қапысыз сөз етілді. Ұлы Билердің ұлағатты өмірі мен өсиеттері,  бүгінгі көзі тірілердің тәуелсіздігіміздің алдындағы жауапкершілігі туралы айыз қандыра айтылды. Тәуелсіздігімізді,  лайым, жүз жылдан кейінгі, мың жылдан кейінгі ұрпақтарымыз жалғастырсын, қызығын, берекесін көрсін деген арман-мүдделермен тебіренді.

«Әйтеке би» шығармасы былай аяқталады:

«Халқымыздың Қаратау бойындағы қашанғы қара жұрты болып келе жатқан Шымкент қаласының ортасында Ордабасы деп аталатын алаң бар. Оған бір тараптан Төле би, екінші тараптан Қазыбек би, үшінші тараптан Әйтеке би көшелері келіп тоғысады.

Үш сала – бір арна. Қай істе де, қай тұста да осыны ұмытпасақ, талай көшіміз түзеліп, талай ортамыз толар еді-ау».

Мемлекет құрушы халқымыздың ынтымақ, бірлігін көздеген ұланғайыр тілектер осылай өріледі, бүгінгі замандастарына да, ертеңгі ұрпақтарға да ой салады, келелі кеңес береді.

Ел арасында:

– Маңғыстауда 362 әулие бар, үш жүз алпыс үшінші әулие Әбіш Кекілбайұлы, – деген қанатты сөз кең тарап кеткен. Бұл пікірді тұңғыш айтқан ғұлама ұстаз Зейнолла Қабдолов екен дейді білетіндер. 1985 жылдың қаңтарында Әбіш ағамыздың үлкен ұлы Әулеттің үйлену тойында үзеңгілес ағасы, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов:

– Әбіштей ұлды дүниеге әкелген Айсәуле жеңгемізді Маңғыстаудың үш жүз алпыс үшінші әулиесіне теңеймін, – деген сөзін өз құлағымызбен естіген едік.

Тек қана жалғыз ұлының емес, барша ел-жұртының амандығын тілеген аруана бауыр ғазиз анамыздың жарық дүниедегі татар дәм-тұзы бір ғасырға жуық созылып, жаңа ғасырдың алғашқы жылының қазан айында дүниеден өтті. «Тарыдай тасыңыздар, бидайдай бөртіңіздер» деп басталатын ақ батасын айтып кетті. Қырық жыл қалтқысыз қызмет жасаған Клара келініне айтқан жарықтықтың ақтық сөзі: «Әбішімді ренжіте көрмеңдер» болыпты. Биылғы жетпіс жылдық мерейтойы жалпы ұлт мерекесіне айналып жатқандығына тәу етеміз, және Айсәуле анамыздың арман-тілегі, соңғы өсиетінің орындалғанына исі қазақ жұртының куә болып отырғандығын көріп, біліп, сезіп отырмыз.

Кесене жанында қимай қоштасып жатқан бауырластар:

– Әбеке, Әбіш аға, енді қашан кездесеміз, енді қашан көрісеміз, – деп армандарын айтады. Әсіресе, өзбек жерінде өмір сүріп жатқан ағайынның көңілдерінде мұңы, айтары көп сияқты. Бұл жағдайды осы жолы ағамызбен сапарлас болған Республикалық Көші-қон комитетінің төрағасы, есімі елге белгілі азамат Хабылсаят Әбішев те байқап қалған шығар.

Қалайда үш ғасырдан кейінгі Алаш жұртының екі ұлы дарияның арасындағы іргелі жиыны Әбіш Кекілбайұлын жарты Қазақстаннан және өзбек елінің тұс-тұсынан жиылған қандас бауырларымызбен жақыннан табыстырған қысқа да болса сәтті кездесуі болды. Ағамыз да, ел-жұрт та, барша азаматтар да риза болысты. Ғанибет дидарғайып деген осы. Әбіш ағаға бағышталған:

– Жолыңыз болсын, ұзақ жасаңыз, сау болыңыз, – деген риясыз сөздер, жүрекжарды тілектер жарыса айтылып, үлкен жолға  шығарып салды. Лайым, айтқандарыңыз келсін деп жүріп кеттік.

– Сапарымызды Бахауеддин әулиеден бастағанымыз оң болды, – деді Әбіш ағам жайдарыланып. – Мына күннің қоңырсалқынданып тұрғанын қарашы. Әулиелердің, ата-бабалардың рухы жар болды деген осы…

…Расында, осы күні Нұр Ата жерінде Аллатағаланың құдіретімен куә болған жұрт айтып жүретін, адам таңқаларлықтай табиғат құбылысымен кездестік. Шапағатты жұма күні Әбіш Кекілбайұлы Клара жеңгемізбен, сапарлас серіктерімен отырған «Боинг» Бұқара қаласына таңғы сағат 8-30-да келіп қонған еді. Алып лайнердің ақ қанатымен  бұл жерден 500 шақырым жердегі Ташкент шаһарының сырт жағын алып жатқан Тянь-Шань тауларынан ақшарбы бұлттар бірге ілесіп жетіпті. Бұдан екі-үш күн ілгері ауаның  ыстығы дарақтың көлеңкесінде 45-47 градустан төмен түспеген екен.

Кесене жанында Әбіш Кекілбайұлы тебіреніп, толқып сөйлеп тұрғанда жылы жаңбыр сіркіреп өтті. Жиналған ел-жұрт Әбекеңнің сөзіне қол соғып тұрып, жанарларын Нұр Атаның  көк күмбезіне аударып, таңқажайып құбылысқа таңырқаса қарасты.

Жер бетінен әлдеқашан ғайып болған бабаларымыз бен әулие-әмбиелер Ұлы билердің әруағына тағзым жасалған, ұрпақтар парызы орындалған тарихи, қасиетті де ұмытылмас күні жер үстіндегі бүгінгі көзі тірі әулие-тұғырлы тұлғамен бір сәт тілдесіп, шүйіркелесіп  жатыр екен ғой деп ойлап тұрдық, айрықша әсерде болдық.

Жұмабек МҰҚАНОВ,

«Әйтеке би» қоғамдық

қорының президенті.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button