Құқық

Жариялылық жаңсақтыққа жол бермейді

Облыстық сот төрағасы Бектас БЕКНАЗАРОВ осындай тұжырым жасады

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

«Ашық есік күнін» өткізу облыстық сот қызметіндегі жариялылық пен ашықтық көрінісіне айналмақшы. Кезекті шара барысында облыстық сот төрағасы Бектас Бекназаров бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне атқарылып жатқан істер барысы туралы кеңінен баяндап берді.

Сот жүйесін дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екендігі судьялардың ІV съезінде Елбасы аузынан жария етілді. Сол алға қойылған міндеттерге сәйкес «Электронды сот төрелігі» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық соттың төрағасы Бектас Бекназаровтың басшылығымен  «Істі электронды қадағалау» жобасы жасалынды.

Бұл айырықша назар аударатын жоба 1 қыркүйектен бастап мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта және облыстық соттың өзінде іске қосылды.

Биылғы басты жаңалығымыз – алдағы 10 қыркүйекте  алқа билер сотының жаңа ғимараты пайдалануға берілмекші, – деді төраға, – бұл өзінің архитектуралық құрылымы ғана емес, сондай-ақ көрнекілігі жағынан да республикадағы ерекше көрінетін құрылыс болмақ. Сол атаулы күні жаңа жоба жұртшылыққа кеңінен көрсетіледі.

Аталған жүйенің жұмыс істеу принциптері өте қарапайым: сотқа талап арыз берген соң талапкер арнаулы шифр ала алады. Содан кейін ол Интернеттен облыстық соттың Web-сайтын аша отырып, «ЭНП» арнаулы бөліміне кіреді де, өзінің жеке дербес кодын (логин мен паролі) тереді және өз ісі бойынша қадағалау өндірісін ашады. Жүйе өндіріске талап арызды қабылдау, қарауға істі дайындауды тағайындау, сот мәжілісін белгілеу туралы ұйғарым, сот мәжілісінің хаттамасы, сот шешімі, одан кейін жоғары тұрған сот қаулысының электронды көшірмесін қарауға мүмкіндік береді. Осы жүйеге сәйкес облыстық сот қандай да соттың тұтасынан алғандағы жұмыс деңгейін бағалай алады. «Істі электронды қадағалауды» облыстық соттың ғимаратында орналасқан терминал арқылы мұнда келушілер де қарау мүмкіндігіне ие болмақшы.

Облыстық сотта жасалған «Істі электронды қадағалау» бағдарламасы қазіргі заманауи талаптарға толығынан жауап береді және соттарға қосымша жүктеме тудырмайды, сондай-ақ оның енгізілуі мемлекет қаржысынан елеулі шығындар қажетсінбейді.

Аталған жоба Жоғарғы сот және Сот әкімшілігі жөніндегі комитет тарапынан да жан-жақты қолдауға ие болып отыр.

Қазіргі заманғы технологиямен жарақтандырылған оқу-ақпараттық орталығы да жүзеге асырылмақ жобалардың бірі. Онлайн-режимінде сот процестері барысын қадағалауға мүмкіндік беретін видеобақылау жүйесі құрылды.  Бұл жүйенің енгізілуімен Ақтөбе қаласында соттың 12 залындағы бір мезгілде өтіп жатқан сот процестерін қадағалауға мүмкіндік туады.

Облыстық сот төрағасы осындай жаңалықтарымен қатар журналистер алдында қоғам назарын аударатын, жұртшылықты алаңдататын бірнеше істер туралы баян етті. Солардың бірі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының 2009 жылғы 27 наурыздағы акционерлердің жылдық жалпы жиналысының шығарған шешімін жоққа шығару туралы С.Әбдірейімовтің талап-арызына қатысты. Талапкер аталған шешімнің «Акционерлік қоғамдар туралы» Заң талаптарына сай еместігін алға тарта отырып, бұл мәселе жөнінде акционерлердің сұрауына қоғам басшылығының жауап бермегендігін айтады. Биылғы жылғы 12 наурызда бұл істі қараған мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот С.Әбдірейімовтің талап арызын қанағаттандырусыз қалдырады. Одан кейін облыстық соттың азаматтық істер бойынша алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шығарған шешім өзгеріссіз қалады.

Ал қадағалау алқасы бірінші сатыдағы және апелляциялық сатыдағы шығарылған сот шешімдерін жоққа шығарып, С.Әбдірейімовтің талап-арызын қанағаттандырды. Енді сот шешіміне сәйкес «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы акционерлердің жылдық жалпы жиналысын шақырып, қайтадан өткізуге тиісті.

«ҚР Жер қорларын басқару агенттігінің Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша аймақаралық жер инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің талап-арызы мемлекеттік орман қорындағы жалпы аумағы 941 шаршы метр төрт жер телімін «ҚазМұнайгаз» сауда үйі» АҚ жеке меншігіне беру кезінде заң бұзылуымен байланысты болып шықты.

Ақтөбе қаласы әкімшілігінің 2007 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен «Ақтөбе – Алға» тас жолы бойында орналасқан жалпы аумағы 2353 шаршы метр жер телімі  «ҚазМұнайгаз» сауда үйі» акционерлік қоғамына жеке меншікке берілген. Кейін анықталғандай, бұл жер телімінің 565 шаршы метрі ғана Ақтөбе қаласы аумағына тиесілі екен. Қалған 1788 шаршы метр жер ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің облыстық басқармасы иелігінде болып шықты. Осы жер телімінде жанар-жағар май құю стансасы орналасқан.

Республика Орман кодексіне сәйкес «халықаралық, республикалық маңызы бар тас жолдардың маңындағы егілген ағаштар орналасқан жер телімдері ҚР Орман қорының құрамына енеді».

Ерекше қорғаудағы табиғи аумақтар мен орман қорына тиесілі жер телімдерінің жеке меншікке берілмейтіндігі ҚР Жер кодексінде де көрсетілген. Демек, бұл іс те жұртшылық назарында болуы керек деп есептейді әділ билік иелері.

Мұғалжар аудандық сотында Я. деген азамат бастаған қылмыстық топқа қатысты іс қаралу үстінде. Мұнда топ мүшелері экономикалық қылымысқа бой ұрған.

«КНПЗ-Трейд» ЖШС директоры болып қызмет атқаратын лауазым иесі «Вернал Ойл Қазақстан» ЖШС басқару кеңесінің басшылығын қатар атқара жүріп, 2007 жылдың наурызы мен 2008 жылдың сәуірі аралығында құрамында «Вернал Ойл Қазақстан» ЖШС тауар қоймасының басшысы Б., «КНПЗ-Трейд» ЖШС директорының орынбасары Е., «Мұғалжар» кеден бекетінің маманы М. бар топты жасақтап, жалған құжаттарды пайдалану арқылы Қазақстан Республикасы кеден шекарасынан аса ірі көлемдегі мұнайды тасып өткізген.

Я. басқарған серіктестіктердің мұнай өнімдерін тасуға, оларды сатуға немесе басқа да іс-әрекеттер жасауға ешқандай рұқсаты болмағанына қарамастан жалған құжаттарды қылмыстық топ құрамына енетін тұлғалардың көмегімен жасап, осы қылмыстық әрекеттерді жүзеге асырған.

Қылмыстық топ мүшелері көршілес Ресей жерінен келген мұнайды «мұнай тұрақтандырғыш композиті» деген жалған атаумен ресімдеп, тасымалдаушы темір жол вагондары бекіткен Ресей құлыптарын алып тастап, Қазақстан бекітпесін салып, Ақтау қаласындағы теңіз портына қарай жіберіп отырған. Бұл мұнай одан әрі Ұлыбритания жеріне қарай бағыт ұстаған. Іс құжаттарына сай аталған топ мүшелері мұндай әрекетке жиырмадан астам рет барған. Содан келіп мемлекетке жалпы сомасы 5 516 809 954 теңге көлемінде шығын келген.

Облыстық сот төрағасы осындай бірнеше істердің қаралу процесіне тоқтала келіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін мұндай ашық ақпараттық кеңістік орнауының маңыздылығын айтты.

«Ашық есік күні» болған жүздесуге сондай-ақ облыстық соттар Әкімшісі  Сейітмағамбет Шілманов, облыстық соттың судьясы-баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Әлімбаева қатысты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button