Денсаулық

Акция аяқталды.

Бірақ тегін тексеру жалғасады

Елімізде жыл сайын шілде және тамыз айларында «Денсаулық жолы» акциясы өткізіледі.

Осы акция аясында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы қызметкерлері  тұрғындар арасында – түрлі мекемелерде, көпшілік орындарда – жиі болып, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті дерттерінің алдын алу мақсатындағы тексеру шараларын жүргізді, көптеген дерттердің, соның ішінде, бүгінде пандемияға айналу қаупіне байланысты мамандарды қатты алаңдатып отырған доңыз тұмауының алдын алуға септігі тиетін кеңестер беріліп, ақпараттық парақшалар таратылды.

Айталық, өткен жұма күні аталмыш орталық дәрігерлері Ақтөбедегі «Аққу» сауда үйі алдында тұрғындарға қабылдау жүргізді. Шара барысында 121 адам қан қысымын өлшетіп, қант диабетін анықтау үшін қан тапсырды. Осы тексерулер үстінде  үш адам өзінің қант диабетіне шалдыққанын алғаш анықтап-білді.

– Уақытында тексерілмеген жағдайда, адамдар өздерінің қант диабетіне шалдыққанын сезіне бермеуі мүмкін. Ал қант диабетін асқындырған жағдайда, адам мүгедектікке ұшырап, тіпті өміріне де қауіп төнеді. Бұл дертті дер кезінде анықтап, дәрігер есебіне тұрудың маңызы өте зор. Сондықтан көпшілік орындарда нақ осы қант диабетін анықтау мақсатындағы тексеру шараларын жиі қолға алып жүрміз, – дейді орталықтың дәрігері, жоғары санатты терапевт Гүлнәр Сидашева.

«Денсаулық жолы» акциясының уақыты аяқталғанымен, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері тұрғындар арасында түрлі дерттерді анықтау шаралары мен алдын алу мақсатындағы үгіт-насихат жұмыстарын жыл соңына дейін жүргізуді көздейді.

– Тұрғындар өз денсаулықтарын нығайту, яғни ауырмау жолдарына назар аударса, созылмалы дерттерге шалдыққан жандар сол ауруларды асқындырмауға көбірек көңіл бөлсе деген ниетпен біз акцияны жыл соңына дейін жалғастыра беруге ұйғардық, – дейді орталықтың бас дәрігері Райхан Ыбыраева.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button