Тарих

Ақтөбе бекінісі қалай құрылды?  

Ақтөбе қаласының іргетасы әскери бекініс ретінде 1869 жылы қаланды. Сол жылы мамырдың 14-і күні Ақтөбе шатқалына полковник Ю.Борх бастаған әскери отряд келіп, 5 күннен соң артиллериядан бірнеше дүркін оқ атып, Торғай облысының әскери губернаторы Л.Баллюзектің рұқсатымен бекіністің негізі қаланғанын жариялады. Бұл тарихи оқиға туралы Петербургтен шығатын «Биржевые новости» газеті жазған.

ХІХ ғасырдың 40-жылдары Ресей империясының үкіметі қазақ жерін отарлау саясатын күшейте түсті. Империяға жақын Кіші жүз жерін қоршап әскери бекіністер сала бастады. 1869 жылдың көктемінде Орынбор казак-орыс әскери бөлімдері Ақтөбе әскери бекінісінің негізін қалады. Бекіністің салынуы 1867-1868 жылдардағы қабылданған Уақытша Ережелерге қарсы Торғай даласындағы наразылықтарды басу үшін қажет болды.

Бекініс құрылысына Елек өзенінің сол жағалауындағы Орынбор-Қазалы керуен жолына жақын биіктеу төбе жер белгіленді. Себебі көктем кезінде Елек өзені арнасынан тасып, жағалауын түгелімен шайып кетіп отырған. Ол Илецкая Защита бекінісінен 180 шақырым, Ильинка станцасынан 170 шақырым жердегі Қарғалы өзенінің құйылысындағы жер болатын. Бекіністің жер көлемі алғашында 8 900 десятина, ал кейіннен 27 101 десятина жерге дейін жеткен.

Бекініс орны қазақтар үшін өте киелі жер болған. Бұл туралы полковник Ю.Борхтың отрядына жол көрсетуші қазақ толық айтып берген. «Ертеректе бұл өңірде Қарасай атты халық батыры өмір сүрген. Жауларының қолынан қапыда мерт болған оның денесін халық арулап осы төбеге жерлеген. Содан бері батыр жерленген төбе киелі де қасиетті болып саналған». Тағы да бірнеше аңыздарда төбенің киелі жер екендігі айтылады.

Халық ақыны Нұрпейіс Байғанин Ақтөбе атауының шығуына байланысты мынадай дерек келтіреді: «Бұл өңір ер Мамайдың жайлауы болған. Бір жазда оның Қырым ханзадасына ұзатылғалы отырған сүйікті қызы қайтыс болып, Мамай қатты қайғырады. Қызын биік төбенің басына жерлеп, аппақ болып көрінуі үшін бор тастармен қоршатады. Заман өте келе бор тастар үгітіліп, төбе ақ төбеге айналады. Содан бұл төбе Ақтөбе атанған».

1878 жылы Ақтөбеге алғашқы қоныс аударушылар — орыс шаруалары келген кезден бастап әскери бекініс сипатын жоғалтып, қалалық қонысқа айнала бастады. 1878 жылы көктемде Ақтөбеге шаруалар И.Мощенский, Я.Каюдин, т.б. көптеген отбасылар қоныстанады. Күзде солтүстік төбенің солтүстік-батыс жағынан, болашақ қаланың тұңғыш көшесінің негізін салған 9 үйден тұратын Александровск көшесі (қазіргі Шернияз ақын көшесі) пайда болды. 1878-1879 жылдары Ақтөбе бекініс пунктіне Воронеж, Курск, Харьков, Тамбов  губернияларынан қоныс аударушылар саны 133 отбасыға жетті. Әскери қызметтерін өтегеннен соң Ақтөбеге тұрақты қоныстанған әскерилер оңтүстік төбенің шығысынан Крепостной (қазіргі Типография) және Гарнизон көшелерінің негізін салды. 1885 жылы Ақтөбе қаласында 177 үй болған. 1897 жылғы санақ бойынша тұрғындар саны 28 400 адамға жетті. Ал 1906 жылы Ақтөбе уезіне 907 отбасы, 1907 жылы 1 248 отбасы көшіп келген.

Әскери бекініс 1891 жылы уездік қала мәртебесін алды. Сонымен қатар, Торғай облысының құрамына уезд ретінде кірді.

 

Айбек ЕРТЕМІРОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

«Өлке тарихы» ғылыми-зерттеу бөлімі меңгерушісі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button