Білім

ҰБТ: оқушы, дайынсың ба?

Тура алты күннен соң облыс түлектері ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. 6365 түлектің 4960-ы тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр.

Биылғы кейбір мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуде алған бағасы мен жылдық бағаларының арасында ерекшелік болады. Бұл туралы  Білім және ғылым министрлігінің 23 сәуірдегі №229 бұйрығында былай деп көрсетілген: «Аттестатқа ҰБТ-да тапсырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша мемлекеттік комиссия шешіміне сәйкес жылдық баға есептелген орташа арифметикалық баға қойылады. Дау тудыратын жағдайда баға көтеріп қойылады». Яғни тестілеуден бала «4» алса, жылдық бағасы «5» болса, онда аттестатқа 5 қойылады.

ҰБТ өткізу қағидаларына енгізілген тағы бір толықтыру — биылдан бастап түлектердің қанша балл жинағаны туралы мәлімет олардың аты-жөнімен көрсетілмейді, оқушының жеке сәйкестендіру нөмерімен беріледі.

ҰБТ-ға түлектердің әзірлігі қалай? Біз бұл туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен сөйлескен едік.  

 

Бағалау:

Тест қорытындысы және жылдық баға

 

Бұған дейін ұйымдастырылған ұлттық бірыңғай тестілеулердің қорытындысы бойынша қай түлек қай пәннен неше алса, сол баға аттестатқа қойылатын. Баланың жыл бойғы көрсеткіші ескерілмейтін. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, енді аттестатқа баға қойыларда мектеп  түлегінің жылдық бағасы ескеріліп, орташа арифметикалық баға қойылады. Жылдық бағасы — «5»-ке, тестілеу жұмысы «3»-ке бағаланса, «4» қойылады. Талас тудыратын жағдайда баға көтермелеп қойылады, —  дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Бұл өзгерістің «Алтын белгі» аттестатынан үміткерлерге ешқандай қатысы жоқ. Егер үміткер ҰБТ-дан «4» алып қалса, жылдық бағасы ескеріліп, аттестатына «5» қойылады.

— Дегенмен оларға «Алтын белгі» берілмейді. Өйткені «Алтын белгі» үміткерлері үшін бекітілген ережеде өзгеріс жоқ. «Алтын белгіден» үміткерлер міндетті түрде ұлттық бірыңғай тестілеуде 5 пәннің бесеуінен де «5» алуы тиіс. Егер «5»-ке бір балы жетпесе, үздік аттестат алады, — дейді бөлім басшысы.

Биыл 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша эксперимент алаңдарында білім алып жатқан 23  оқушы мектеп бітіреді. Бұл — Ақтөбе қаласындағы  №24 лингвистикалық мектеп-гимназия, Мұғалжар ауданындағы Сағашилі орта мектебі, Мәртөк ауданындағы №1 мектептің  түлектері. 12-сыныпта оқып жатқан 23 түлек те ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіріпті.

Облыста жалпы 6 эксперимент алаңы бар. Олар: Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназия, №51 мектеп-гимназия, Мұғалжар ауданындағы Сағашилі орта мектебі, Мәртөк ауданындағы №1, Шалқар ауданындағы №1 және  Алға ауданындағы №3 мектептер.

—  Биылғы оқу жылында 2003 жылдан бастап жүргізілген 12 жылдық білім беруге көшу жөніндегі эксперимент қорытындыланды. Еліміздегі 43 мектепте 12 жылдық жүйе бойынша білім алған түлектер мектеп бітіреді. Олардың саны — 377.

Бұл оқушыларға арналған оқу бағдарламасы 11 жылдық білім беру жүйесі бойынша білім алған түлектердікінен бөлек болғандықтан, оларға арнап басқа  ұлттық бірыңғай тестілеудің тапсырмалары шығарылады,— дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

 

Тәртіп пен талап

                                

Биылдан бастап, Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарында тестілеу өткізілетін пункттер ашылды. Бұған дейін аталған аудандардың түлектері Ақтөбе қаласындағы тестілеу пункттерінде емтихан тапсырған болатын.

Алға ауданында 352 оқушы, Мәртөк ауданында 257 оқушы, Қарғалы ауданында 126 оқушы  мектеп бітіреді.

Биылғы ҰБТ-да да бұған дейінгі ұйымдастырылғандай талап пен тәртіп, бақылау мен қадағалау күшейтіледі.

Шектеулі балда да өзгеріс жоқ. Мектеп бітірушілер мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін жинаған ұпай саны 50-ден төмен (медициналық мамандықтар үшін — 55 балл) болмауы тиіс. Ал ұлттық жоғары оқу орындарына құжат тапсыру үшін шектеулі балл — 70.
Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны — 25 сұрақ. Тестілеу уақыты — 210 минут, яғни 3,5 сағат. Жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін 5 балдық жүйе бойынша бағамен бағаланады.

Түлектер оқу жылының басынан бастап ай сайын сынақ тестілеу тапсырды. Бақылау тестілеуге қатысқан оқушылардың жалпы саны 4970 түлек (78,8 пайыз). Соңғы сынақ тестілеудің қорытындысы бойынша облыс оқушыларының орташа көрсеткіші —  79 балл, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Облыс түлектері 3, 5, 7 маусымда ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. 6365 түлектің 4960-ы тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Тестілеуге қатысып, қатыспауға әр түлек ерікті. Дегенмен «Алтын белгі», үздік аттестаттардан үміткерлер және биыл жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіретіндер үшін тестілеу тапсыру міндетті.

Түлектердің 351-і —  «Алтын белгіден» үміткер. Бұл оқушылардың 116-сы — Ақтөбе қаласындағы мектептердің  түлектері. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен халықаралық олимпиадаларда жүлдегер атанған 70 оқушы ҰБТ-дан босатылды.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button