Дәстүрлі билер билігі
(Былшық бидің «ата толғауы» негізінде)
Қазақта ежелден дау-дамайлардың алдын алу, талас-тартыс туындап, қантөгіске апарар жағдайлар қалыптасқан жағдайда, мәселені ушықтырмай, тез шешу билерге жүктелген. Сондықтан қазақ халқында қоғамдық-әлеуметтік және саяси қарым-қатынастарды анықтайтын билер институты қалыптасып, ғасырдан-ғасырларға жалғасып, шешімі жоқ деген істі де дуалы сөзімен-ақ реттеп отырған. «Бидің сөзі киелі» деген нақыл осыдан шыққан.
Қазақ тарихында «би» атауы Майқы есімімен байланыстырылады. Халық жадында ол тек даулы істерге қатысты үкім-кесім жасап қана қоймай, сонымен бірге, үлкенді-кішілі саяси мәселелерге қатысты да шешім шығарып, билік айтқан қоғам қайраткері есебінде сақталған. «Түгел сөздің түбі бар, түп атасы – Майқы би» деген мәтел осының дәлелі.
Билердің әділеттілігін, даналығын, тапқырлығын халық аузындағы аңыз-әңгімелерден ғана емес, билер сотын көзімен көрген, кейбіріне куә болған жандардың жазбаларынан аңғаруымызға болады. Қазақ ағартушысы Ш.Уәлиханов билер сотының басты артықшылығы — «немқұрайдылық пен әртүрлі ресми кертартпалықтың жоқтығы» деп баға берген.
Аумалы-төкпелі, алмағайып заманда халықтың көкейіндегісін айтып, көмейіндегісін жария етіп, әділет жоқшысы болған бұл билерді би еткен байлық емес. Би тұғырына топты жарып, таразы басын тең ұстауға тырысқан, қара қылды қақ жарған әділ адам көтерілген. Дегенмен де әділ би болу әркімнің қолынан келе бермеген. Жүзден, мыңнан біреу шығып отырған. Әділ биді хан төріне отырғызған.
Торғай облыстық басқармасының бұратаналар мәселесі бойынша кеңесші болған И.Крафт «Из киргизской старины» атты еңбегінде би кім дегенге «халық арасында ықпалды, құрметті адамдар» деп анықтама берген. Заңгер С.Зиманов: «Би» өз бойына саяси-құқықтық өмірдің бірнеше ерекшеліктерін, қырын жинастыра білген жан. Ол — дала төсіндегі әділдіктің басты жаршысы, қара қылды қақ жарған төреші (сот), үлгілі жол-жоралғы түзе білген заң шығарушы, өрелі сөзді өрнектеген ақын, қызыл тілдің көркінен ыстық тезімен талайды пәтуаға келтірген шешен, қысылтаяң тұста тіл қаруы мен найзасын қолына қатар ұстаған батыр, «Сегіз қырлы, бір сырлы» әмбебап тұлға», — деген.
Қазақ билері, біріншіден, қазақ қоғамында бел алған мал дауы мен жан дауын, ар дауы мен намыс дауын, екіншіден, көршілес елдермен арадағы дау-дамайды шешкен. Билер хан демей, қара демей, істің әділдігін айтатын болған. Осы әділдік арқылы абройлары асып, халықтың құрметіне бөленген. Билер тек қана ел ішіндегі дау-дамайды шешіп, ел ішіндегі тыныштықты реттеп отырмаған, өз руының басшысы ретінде сырттан жау төнген жағдайда, олар халықтың басын қосып, бірлікке ұйытқы болған, даналы сөзімен, жалынды жырымен рух берген.
Би, шешендер даулы мәселені түйінді бір ауыз сөзбен шешкен. Шешкенде де, істі хатсыз, қарарсыз, ауызша бітіріп отырған. От ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жара, әділ билік айтатын шешен билерді халық ханнан бетер қадірлеп, сыйлап, олардың айтқан кесімді, бітімді сөздері ауыздан-ауызға таралып, халық оны жаттап, жадында сақтап келген. Ел аузындағы «Төле би былай депті», «Қаз дауысты Қазбек би айтыпты», «Әйтеке би айтқан екен» деген сөздер осыдан қалған.
Заңдық күші бар құқықтық әдет-ғұрыптардың түп төркіні болып табылатын дәстүрлік құқықтарды билер өз тәжірибесі арқылы үнемі толықтырып, өзгертіп отырған. Билердің билігі хан сотынан да жоғары тұрған кездер де болған. Қазақтан шыққан атақты билердің дуалы сөздері мен істерін қазіргі жастардың көбі біле бермейтіні өкінішті-ақ.
Заманның өзгеруіне орай, құқықтық талаптардың да сол заман талабына сай өзгеруі заңды. Билер соты да заманға лайықты ыңғайланды. Халықтың көнеден келе жатқан тоқтамдары мен әдет-ғұрпын, салтын берік ұстанған, дуалы аузымен ел арасына танымал болған Былшық би Сейітұлының да ұзақ уақыт бойы аты аталмай келуінің себебі ол өмір сүрген кезеңнің билігіне байланысты болғанын барлығымыз да білеміз. Бұл жерде жырау Базар Оңдасұлының:
«Заманаға зер салсақ,
Заң мен закон өзгеріп,
Айналған теріс сыпайы», —
деген бір өлең жолдары дөп келетін сияқты. Дегенмен Былшық бидің есімі, істеген ісі халық жадында берік сақталды.
Құтаяқ Сейітұлының өмір сүрген кезеңі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың 30-жылдары. Яғни қазақ жерін отарлауға, шоқындыруға, орыстандыруға ұмтылған патшалық Ресей билігі тұсы мен сол патша үкіметінің отарлау саясатының жалғасы болған, талай боздақтарды өлімге айдаған, қанқұйлы кеңестік жүйе уақыты. Былшық би осы екі кезеңдегі де билер сотына тікелей араласқан адам. Оның билігін көзімен көріп, куә болған адамдар бергі уақытқа дейін өмір сүрді. Дейтұрсақ та, Әлім-Төртқара-Құламаннан тараған Былшық биге қатысты әңгімелерді сол көнекөз қарияларымыздан жинап ала алмай қалғанымыз өкінішті-ақ. Тек өткен ғасырдың 90-шы жылдары бидің даулы-дамайлы мәселелерді шешудегі әділдігіне, әділеттілігіне, даналығына, тапқырлығына қатысты ел арасына ауыздан-ауызға тараған әңгіме, аңыздарды М.Бірментаев, Н.Жаңбырбаев, А.Смағұлов, ғалым Төреғали Қаратаев, бидің ұрпағы Әнес Төлегенов, т.б. ағаларымыздың газет бетіне жариялауы, міне, бүгін Былшық бидің тұлғалық қасиетін бағалауға мүмкіндік беріп отыр.
1990 жылы «Ақтөбе» газетіне бидің ұрпағы Әнес Төлегенов көлемді мақала жариялап, Былшық би жайында мәліметтер келтіре отырып, оның түрмеден отбасына жолдаған хатынан үзінді беріпті және сол жыр жолдарын «Ата толғауы» деп атапты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Төреғали Қаратаев 1999 жылы «Ақтөбе» газетіне бидің осы өлең-хатының бір түпнұсқасын жариялады. Мұны айтып отырған себебім, Былшық бидің осы өлең жолдарының мән-маңызына тоқталмақпын. Газеттің әр жылдардағы санында жарық көрген бұл жыр жолдарын оқи отырып, «Ата толғауы» деп атауды орынды санадым.
Енді жыр жолдарына келейік:
Нұр берген қадір Аллам сәулетіне,
Ер құны, нар пұлындай болса жұмыс.
Аппақтай ұстаушы едің жау бетінде.
Алты Әлім, арқаңда өстім, шалықтадым,
Әділ ұл екенімді анықтадым.
Басқа күн, қиын-қыстау іс түскенде,
Күндіз-түні жұмысыңа жалықпадым, —
деуінен-ақ бидің ел ішіндегі қисынсыздықтарды жөнге келтіріп, бірлік пен татулыққа ұйытқы болуға бар күшін салғандығын аңғарасың.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қазақстанда билер соты әртүрлі өзгерістерге ұшырап, ресми биліктің ықпалымен «ақсақалдар соты» деп те аталды. Ақсақалдар соты 1920 жылдардың аяғына дейін билік құрды. Демек, Былшық бидің әділдігіне жүгінгендер ол түрмеге түскенге дейін толастамағаны анық.
Кеңестік жүйе қыспағына қарамастан, ол ел арасындағы бас бұзарлық істерді, алауыздық, іріткі туғызатын әрекеттерді сыртқа шығармай, әділ шара қабылдауға себепкер болғаны сөзсіз. Бұған оның:
Жайықтың түрлі-түрлі саласына,
Ісіңе өзім сот боп барушы едім —
Жік туса екі жұрттың арасына.
Құрметтеп, хан көтеріп қайтарушы ең,
Шиеленген мықты түйін таласында.
Айт, Бұжыр, Жетіру мен Төресінің,
Сәлем деп бас көтерер данасына, —
деп айтуы дәлел.
Ол түрме қапасында жатып ішкі шерін сыртқа шығара алмай күңіренді. Кезінде ел құрметіне бөленіп, әділ би атанған Былшықтың салынған қос құлыптан шыға алмай күңіренген осы қиналысын жыр жолдары айғақтап тұр:
Барады кең кеудені бір дерт кернеп,
Қайғымен құса болдым жүрек шерлеп.
Алдыма адасқандар келуші еді,
Кешегі жүрген шақта жоғары өрлеп…
Былшық би нақақтан-нақақ айыпталып, абақтыға қамалған. Онымен бірге Адайдың Айдарлы руынан Айдарбай би де түрмеге тоғытылса керек. Кеңестік зұлмат тырнағына іліккен ол сол түрме қапасында қаза тапты. Сонда Былшық би былайша күңіреніпті:
Адайға сегіз арыс аға болған,
Айдекем Адай елін теңгерген ер.
Тағы да тау мен белді, тасты басқан,
Кім мықты шықса, соған теңгерген ер.
Жібермей ел намысын, арын жұртқа,
Жау десе жалау байлап желдеген ер.
Зынданда тынып жатпай қамалды алған,
Халқы үшін жан аямай терлеген ер.
Заманын тура жолмен бірдей көріп,
Сол болды арманменен жерленген ер.
Айдарлы Айдарбай бидің де өмір-тарихы бізге белгісіз.
Кешегі кеңестік жүйе келмеске кеткенде, сол заманның тепкісін көріп, құрбанына айналған Былшық би, Айдарбай би сынды тұлғалардың ұлағатты істерін ұлықтайтын кез келді. Қазақ билерінің қайсысы болмасын, олардың тұлғалық қасиеті зор дей отырып, елінің қоғамдық-саяси, рухани-құқықтық өміріне елеулі ықпал еткендігін, билердің руханишылдығын бағалауымыз керек демекпін.
Рахым БЕКНАЗАРОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы.



