Білім

100 мектептің бірі – шалқарда

Үкіметтің «100 мектеп,100 аурухана» бағдарламасы бойынша  биыл бой көтерген білім шаңырағының бірі – Шалқар қаласындағы №8 орта мектеп. Мектепте 357  оқушы дәріс алады. 3 қабатты, 1200 орындық мектеп ғимаратының жалпы аумағы – 21056 шаршы метр. Жалпы мектеп А, Б, В, Г, Д, Е блоктарына бөлінген. Кітапханада 10 мың кітап қоры бар. Оқу ордасы заман талабына сай жабдықталған. 396 орындық асхана, темір, ағаш өңдеу, тігін шеберханалары, технология, кулинария, лингофон, интернет кабинеттері бар. Интернет клубта бір мезгілде 10 оқушы оқу процесіне кедергі жасамай интернетті тегін пайдалана алады.

«Оқушыларды түрлі сайыстарға және мектеп түлектерін ҰБТ-ға дайындайтын арнайы кабинеттер де жоқ емес. Интернетке қосылған 3 кабинаға бөлінген жеке оқыту кабинеті бар. Бұл жерде мұғалімдер оқушыларды сабақ өтіп жатқан уақытта да дайындай алады», – дейді мектеп директоры Амангелді Қонақбаев.

Мектепте оқушыларға тегін қызмет көрсететін  тіс дәрігері, тіс емдеу кабинеттері жұмыс істейді екен. Білім шаңырағында эстрадалық-музыкалық аспаптармен жабдықталған 756  көрерменге арналған акт залы бар. Мектеп басшысы оқушыларға сабақтан тыс уақытта үйірмелерге қатысуы үшін қазақтың ұлттық аспаптарын алуды жоспарлап отырғандығын айтады. «Мектептің тағы бір ерекшелігі, мектеп көлемі үлкен болғандықтан, әр блоктағы қызметкерлермен хабарласып отыруға арналған 20 ішкі телефон, ал қалаға шығу үшін 5 телефон нүктесі бар. Оның 3-еуі интернет (Megaline) жүйесіне қосылған. Сонымен қатар радио торабы жұмыс істейді. Онда арнайы маман бар. Яғни ол кез-келген уақытта түрлі хабарламаларды, жаңалықтарды хабарлап отырады», – дейді А.Құрманғазыұлы.

Мектеп басшысы жаңа оқу жылына қызу дайындық жүргізіліп жатқандығы айтады: «Елімізде «БиС» деп аталатын жалпы білім беретін мектептердегі білім саласын басқару технологиясы бар. Оның мақсаты – білім сапасын жетілдіру, оқушыларға білім бере отырып олардың есте сақтау, сөз қоры, интеллектуалдық ойлау қабілетін дамыту. Республикамыздың көптеген мектептері осы технологияға көшуде. Қазір мектебімізде осы технологияға көшуге әзірлік жұмыстары жүргізілуде».

Бұл мектепте оқушыларды тасымалын ұйымдастыру жақсы жолға қойылған.

Өткен оқу жылының аяғында облыс әкімі Елеусін Сағындықов облыстағы 27 мектепке автобус берген болатын. Соның бірі осы мектепке де берілді.

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар қаласы.

40 жас маманға 90 720 теңгеден берілді

Биыл Қобда ауданының мектептері 40 жас маманды қабылдады. Ол туралы Қобда ауданының Әлия ауылында өткен мұғалімдердің тамыз мәслихатында айтылды.

Өткен оқу жылын ауданда  3767 оқушы аяқтады, биылғы оқу жылына ауданның 37 мектебі оқушыларын қабылдауға дайын отыр. Аудандық білім бөлімінің бастығы Роза Шабарованың айтуынша, осы жылы ауданда мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында балабақшалар қатары көбейді. Қазір аудандағы 12 балабақшада 391 сәби бар, ал балабақшасы жоқ 17 ауылдың мектебіндегі мектеп алды даярлық тобының шағын орталықтарына 208 бала барады.

Тамыз мәслихатында биылғы оқу жылында аудан ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары деңгейден көрінгені туралы айтылды. 192 түлек қатысқан ҰБТ нәтижесінде екі түлек «Алтын белгіге» қол жеткізді, 58 талапкер мемлекеттік білім гарнты негізінде жоғары оқу орындарына қабылданды.  Ауданның бас мұғалімі білім сапасын арттыру үшін ізденетін Б. Көшкінбаева, Л. Ташимова, Г. Сармантаева, Қ. Қалиева, О. Жылқышина, Г. Балгарина, Ж. Жұмалина сияқты ұстаздары ерекше атады. Осы күні ҰБТ нәтижесінде алған балы ауданның көрсеткішінен де жоғары болған Қобда гимназиясы, Бегалы, Қобда орыс орта мектебі, Қаракемер, Жиренқопа, Талдысай, Хабаловка, Жаңаталап, Қазақстанның 15 жылдығы атындағы орта мектептердің мерейі үстем болды.

Тамыз мәслихаты аудан мектептеріне келген 40 жас маманның әлеуметтік жағдайының қалай шешілетініне көңіл бөлді. Бұл сұрақтарға аудан әкімі Любовь Исмағамбетова жауап берді. Ол ауданның тұрмыс-тіршілігіне байланысты мұғалімдер көкейіндегі сұрақтардың шешіміне байланысты да мәселелерге баяндамасында тоқталды.

– Қазір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудан орталығында 6 үй салынып жатыр, оған республикалық бюджет 23,7 млн. теңге бөліп отыр. 18 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің күрделі жөнделуі аяқталуға жақын. Осы үйлердің көбісі жас отбасыларға, жас мамандарға тиесілі болады. Әрі біз ауыл-аймаққа жұмыс істеу үшін барған жастарға да қолдау көрсетуге әзірміз. Мәселен, алдағы оқу жылында аудан мектептері 40 жас маманды қабылдағалы отыр десек, олардың әрқайсысы 90 мың 720 теңге көлемінде көтермеақы алады. Одан басқа оларға отын сатып алуы үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі, медициналық тексерістен өтуі үшін қаржы бөлінеді және ауылдарда баспанамен қамту мәселелері шешіліп отыр, мүмкіндігімізге қарай ауылдардан үйлер сатып алып береміз немесе пәтер жалдауға жағдай жасаймыз, – деді аудан әкімі Л. Исмағамбетова.

Ол өз сөзінде аудан бойынша республикалық «Жол картасы» бағдарламасының шеңберінде жалпы құны 129 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатқанын атап өтіп, оның ішінде 17 млн. теңгеге Ақырап орта мектебі ғимаратының шатыры, едені жаңартылып, іші-сырты, бу қазандығы тұратын орны ретке келтірілгенін айтты. «Жол картасынан» тыс аудан өз мүмкіндігіне қарай білім саласының мекемелерін жөндеуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта аудандық Оқушылар үйінің жөндеуіне облыстық бюджет 15 млн. теңге, Қызылжар орта мектебін жөндеуге аудан бюджеті 16 млн. 213 мың теңге бөлді.

Тамыз мәслихатының өткен оқу жылында жетістіктерге жеткен мұғалімдерді аудан әкімі Л. Исмағамбетова Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Айгүл БАЙМЕНОВА, Қобда.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button