Он сегізінде отан үшін от кешкен

«Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен» майданға он сегіз жасында аттанған әкем Төлеухан Көшекбаевтың жұртшылық күткен Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқаны мен үшін ерекше мақтаныш. Ол 1925 жылы 18 наурызда Байғанин ауданы, Жаңатұрмыс ауылында шаруа отбасында туған. 1940 жылы Жем орталау мектебін бітіріп, Жарқамыс орта мектебінен 1942 жылы 9 кластық білім алып шығады.
1943 жылдың қаңтар айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1943 жылдың мамыр айына дейін 45-атқыштар бригадасында, 1943 жылдың қыркүйек айына дейін 365-қосалқы полкте болады. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап бірінші гвардиялық мотоатқыштар полкінің құрамында автоматшы-барлаушы бола жүріп, II Украина, III Беларусь, I, II Прибалтика майдандарының құрамалары сапында бірнеше рет шайқасқа қатысып, жауынгерлік-азаматтық парызын абыроймен атқарады. 1944-1945 жылдарда Польша мен Германияда соғысып, осы полктің құрамында 1947 жылдың наурыз айына дейін болған. 1947 жылдың наурыз айынан бастап 1950 жылға дейін 94-ауыр техникалы танк полкінің штабында, кейіннен әскери автомобильдер жүргізушілерін дайындайтын мектепте старшина-писарь қызметін атқарады.
Әкем 1943 жылдың қыркүйек айынан бастап 1945 жылдың 26 қаңтарына дейін шайқастарда көрсеткен ерлігіне сай Жоғарғы Бас Қолбасшыдан 17 қаланы азат еткені үшін 17 мәрте Алғыс хат алған, гвардия кіші сержанты шеніне ие болған. «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталған.
Жеті жылдай әскери қызметте болған әкем, елге 1950 жылдың көктемінде оралады. 1950 жылдың қазанында анамыз Ыбрашева Сағынай Ермекқызына үйленіп, отбасын құрады.
Елге келген жылдан бастап Байғанин аудандық кеңес атқару комитетінде дене тәрбиесі және спорт комитетінің төрағасы, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде бухгалтер, Байғанин МТС-да экономист, аудандық дайындау кеңсесінде инспектор, аудандық тұтынушылар одағы басқармасында ревизор, Темір шаруашылық өндірістік басқармасында инспектор, «Ақжар» кеңшарында бас экономист ретінде еңбек етті.
1967 жылдан 1985 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Байғанин аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, бас экономист болып қызмет атқарды. Әкем бар саналы өмірін ауданның экономикасын дамытуға арнады.
Әкемнің еңбек жолы, азаматтық-адамгершілік келбеті, мінез-құлқы көз көрген барлық жерлестерінің есінде болар. Әсіресе, еңбекқорлығы, бауырмалдығы, жора-жолдастарымен арадағы жарасымды әзілқойлылығы ерекше-тұғын. Өзімен бірге туған інілерін үнемі қамқорлап, оқытып, отбасын құруына, олардың еңбекке араласуына тікелей басшылық жасап отыратын. Әулеттің ауызбіршілігіне көп көңіл бөлетін.
Қатар-құрбыларының арасындағы әзілдерін «Төкең айтқан» деп көз көргендер әлі күнге дейін айтып отырады.
Әкем зейнеткерлік демалысқа шыққан соң көп ұзамай ауырды, оның соңы айықпас дертке айналып, өмірден озды. Ауырып жатқан кезде әкеме жиі келіп тұрдым. Менің боталап тұрған көз жасымды көргісі келмеді ме, соңғы келгенімде: «Балам, неге мазаланып, жиі келесің. Мен жақсымын, өміріме ризамын. «Қырық жыл қырғында да ажалды өледі» деген, мен сол қырғыннан аман қалған жандардың бірімін. Өзім елге аман оралып, туған жердің топырағын бассам деп армандадым. Отбасын құрдым, бала сүйдім, сендердің қызықтарыңды көріп, қазір немере сүйіп отырмын, шүкірмін», — деді.
Бұл әкемнің аузынан соңғы естіген сөзім еді. Қайран әке, шынымен өміріңе риза болдың ба, әлде мені уайымға салғың келмеді ме?
Әкем анам екеуі отыз жеті жыл отасып, сыйластықта мағыналы, тату-тәтті өмір сүріп, он бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдары үйленіп, қыздары тұрмыс құрып, әр салада еңбек етуде. Ардақты әкем Төлеуханның есімі кейінгі ұрпақтарының жанында мәңгі сақталып, жарқырай түсетініне сенемін.
Сәли Күләнда ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
Байғанин ауданы.
Соғыстағы тағдырлар
Мүлдем басқа соғыс
Нысан Күнбаев соғыс туралы фильмдерді қарауды еш ұнатпайтын. «Мұның бәрі өтірік, — дейтін ол. — солдаттар мұнтаздай, тап-таза, бейне бір шеруге дайындалған секілді». Өйткені ол фильмдегіден мүлдем басқа соғыстың куәсі болған еді.
Курск доғасындағы шайқаста Нысан нағыз тозаққа түскендей күй кешті. Сталинград түбінде болған қанды қырғынның өзі ойнап қалды бұл кезде. Кейін достарына бұл шайқас туралы әңгімелегенде: «Сол алапат шайқаста қиналған жандарды көру үлкен азап болды. Мен бұл азапқа шыдай алмай Алладан «мені өзіңе алып кет!» деп жалындым», — дейтін еді.
Нысан отыз тоғызыншы жылдың қараша айында сол кездегі еліміздің ең үздік оқу орны — Қазақ педагогикалық институтына қабылданды. Мұның алдында Темірдің педагогикалық техникумын тәмамдап, бастауыш сыныптардың мұғалімі ретінде жұмыс жасаған. Бірақ ҚазПИ-де білімін әрі қарай жалғастыра алмады. Оны бірінші курста жүрген кезінде Қызыл Армияның қатарына шақырды. 1939 жылы фин соғысы жүріп жатқан еді. Нысанның бұл соғысқа қатысқанын дәлелдейтін құжаттар болмағанымен, туысқандарының айтуынша, ол шаңғыны алғаш рет осы фин жерінде тепкенін әңгімелеп отыратын.
Ал Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. Қырық бірдің 22 маусымынан бастап Берлинде жеңіс туы желбіреген күнге дейінгі аралықты өтіп шықты. Оңтүстік-Батыс, Сталинград, Орталық және I Беларусь майдандарына қатысты. Оның қандай жауынгер болғанына наградалық құжаттары куә. Нысан майданда радист қызметін атқарды. Батальонның комендатурасы мен шайқас жүріп жатқан жер арасындағы байланыстың үзілмеуіне жауап беретін оның ротасы ылғи алғы шепте жүретін.
Соғыс аяқталуға тақап қалған. Кіші Кенигсберг әуежайы ауданы. Радист Нысан Күнбаев №14 нүктеде болатын және болған жайды 15-әуе полкының байланыс пультіне хабарлауы керек. Жау бұл ауданды әуеден бомба тастап, артиллерия күшімен әбден атқылады. Бірақ байланыс бір сәт те болса үзілмеді. Нысан қарша жауған бомба мен артиллерия оғының астында жүріп, 300 радиграмма қабылдап, әуе полкына 372 хабарлама жолдапты осы жолы.
Ол 15-әуе полкының №74 ауданға сәтті түрде ұшып баруын қамтамасыз етті. Арадағы станса ретінде келген хабарламаларды қабылдап, сосын оларды қажет нүктелерге қайта жолдап, басқа батальондарға да көмектесіп отырды. Нысан Сталинград, Курск, Варшава қалаларын құтқару және Берлинді алу шайқастарына қатысты.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін ол көптеген наградалармен марапатталды. Оның ішінде II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін ерекше атап өтуге болады. Нысан майдан шебінде жүрген кезінде оның қолына «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі ғана табысталған еді. Қалған әскери марапаттары оны соғыс ақталғаннан бес жыл өткеннен кейін тапты.
1945 жылдың аяғында Нысан елге оралды. Соғыс аяқталды. Енді елдің тұралаған шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысып, шәкірттерді оқыту міндетіне кірісті.
Нысан ұстаздық етіп жүріп, алдымен Ақтөбенің ұстаздар институтын, артынан Оралдың педагогикалық институтын тәмамдады. Мектептің директоры атанды, Темір қаласы мен ауданының халыққа білім беру бөлімдерін басқарды. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі еңбектері еленіп, КСРО ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген мұғалімі атақтарын алды.
1960 жылы Қазақстан мұғалімдерінің III съезі болып өтті. Осы съезде ол «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Нысан Аханұлы ұстаздықпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты: аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бос отырмай, ардагерлердің аудандық кеңесін басқарды.
Темірліктер де өз жерлестерін ұмыт қалдырмады. 2007 жылы Жеңіс күні қарсаңында аудандық білім беру бөлімі ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Бұл шараға жиналғандар майдангер, басшы, қарапайым жан — Нысан Аханұлы туралы естеліктерімен бөлісті. Ал оның ұрпақтары үлгілі мектеп оқушыларына берілетін Күнбаев атындағы арнайы шәкіртақылар тағайындады.
Хабар-ошарсыз кеткен бауыр
Нысан Күнбаев соғыстан дін аман оралды, алайда майданға өз еркімен аттанған туған бауыры Зейнел хабар-ошарсыз кетті. Нысан мен Зейнел бірге туған бауырлар. Әкелері — Қаршыға. Дегенмен Нысан атасының атымен Аханұлы деп жазылса, бауыры Зейнел өз әкелерінің атымен Қаршығаұлы болып тіркелді.
Дәл осы жайт Зейнелді қазан төңкерісінен кейінгі таптық қуғындаудан құтқарып қалды. Өйткені аталары Ахан өзі мекен еткен жердің мал-мүлкі көп, ірі байларының бірі болатын. Кеңес өкіметі билікке келген кездері оның ең таңдаулы жүйріктерін кавалерия үшін тартып алып қана қоймай, кейіннен барлық мал-мүлкін түгелдей тәркіледі.
Ахан 1921 жылы қайтыс болды. Үлкен отбасының ауыр жүгі тұңғыш ұл Қаршығаның мойнына жүктелді. Бесінші сыныпта мектепті тастауына тура келді. Ол жылдары ауылдарда сауатты адамдар санаулы болғандықтан, зерек әрі пысық жігіт Қаршыға ауылдық кеңестің хатшысы болып сайланды. Осылайша байдың баласы кедейлер құрған биліктің өкілі болып шыға келді. Бұл 1924 жыл еді.
Қаршыға 1931-1941 жылдардың аралығында біраз қызметтер атқарды. Темір аудандық атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Ақтөбе прокуратурасының хатшысы, Ойыл және Қобда аудандарында халықтық тергеуші болып жұмыстар жасады. Дегенмен адамның қызғанышында шек бар ма өзі?!
Бір күні салтанатты жиындардың бірінде ол ауылдасы әрі құрдасымен кездесіп қалады.
- Галифе киіп алыпсың ғой, — дейді ауылдасы Қаршығаға сұраулы жүзбен қарап.
- Халықтық тергеуші болып жұмыс жасаймын…— дейді Қаршыға.
- Сен қалайша органдарда жұмыс жасайсың, сен байдың баласы емес пе едің? — дейді әлгі ауылдасы.
Артынан көп ұзамай тиісті органдарға шағым түседі. Кейіннен Нысанның баласы Райымберді бұл шағымды чекистердің мұрағатынан тауып алыпты. Оның қолындағы шағымның көшірмесінде оны жазған адамның фамилиясы да тұр. Әрине, бұл енді өткеннің ісі…Осы шағымнан кейін Темір аудандық комитетінің бюросы Қаршығаны партияға мүше үміткерлігінен алып тастайды. Оны бар кінәсі — байдың ұрпағы екендігін жасырғаны.
1941 жылы Қаршыға еңбек майданына шақырылады. Ол Башқұртстанда еңбек етті. Үлкен ұлы Нысан соғыста. Сондықтан еңбек майданына кетіп бара жатып, кіші ұлы Зейнелдің тылда қалуы үшін бар қолынан келгенін жасады. Ұрпағын жалғастырар бір жанның қалуы керек еді туған жерде. Сөйтіп, әскери комиссариаттағы досымен Зейнелді комендатураға орналастыруға келіседі. Алайда досы сенімді ақтамады. Ол сәті келген тұста «Сенің құрдастарың қан майданда соғысуда, ал сен болсаң жылы жерде жүрсің» деп Зейнелді жиі үгіттейтін.
Шыдамның да шегі бар. Зейнел бір күні заттарын жинап, жедел түрде майданға аттанды. Орынборда полк мектебінде бағыттаушы мамандығын алып шыққаннан соң танкіге қарсы қарулар полкіне тіркелді. 1942 жылдың шілде айында оның дивизиясы 64-армияның құрамына енгізіліп, Сталинградтың түбіне орналасты. 17 шілдеде шайқас басталды, бір айға жуық уақыт өтпей, 22 тамызда Зейнел көз жұмды.
Ол өз жақындарын өте жақсы көрді және үйіне жиі хат жазатын. Хаттарының бірін «Бізді майданға серуен құруға емес, осы бір қиын кезеңде Отан қорғауға шақырды. Сондықтан…» деп көп нүктемен аяқтапты. Осы бір аяқталмаған ой оның қандай нәрсе болса да дайын болу керек дегенді меңзегені болар. Соңғы, жетінші хаты 1942 жылдың 11 шілдесінде жазылыпты. Мұны кейін білді оның туыстары. Ал соғыс кезінде «Аханов Зейнел хабар-ошарсыз кетті» деген хабар келген болатын.
Нысан да, қарындасы Ғазиза да соғыстан оралмаған бауырларының артынан көп іздеді. Ешқандай хабар-ошар болмады. Аналары Зиба құмалақ салдырып, «балаң тірі» дегенге өмір бойы сеніп, мемлекет берген арнайы көмектен бас тартып өтті.
Бір уыс топырақ
Нысанның ұлы Райымберді әкесінің бауыры — Зейнел ағасының ізін бес жыл іздеді. Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына, Волгоград және Ростов облыстарының әкімшіліктеріне, басқа да тиісті органдарға сұрау салып, хат жолдады.
Бір күні Райымберді Интернетті қопарып отырып, Сталинград түбіндегі шайқаста хабарсыз кеткен жандарды іздеушілердің Владимир Кошель деген іздестірушіге шығып жатқандарын байқады. Ол да сол кісімен хабарласты. Владимир оған ағасын қай жерден қалай іздеуі керектігі жөнінде нұсқау берді. Осылайша, Паньшино хуторындағы «Кеңес армиясы жауынгерлерінің бауырластар зираты» мемориалдық кешені туралы ақпаратқа қол жеткізді. Дереу электронды хат жолдады. Алдымен «Біздің тізімнен сіз сұраған есімді таба алмадық» деген хат келді ол жақтан. Бірақ көп кешікпей, іздестіру тобында белсенді жұмыс жасаған Любовь Жуплова телефон соғып: «Сіздің Зейнеліңізді таптық! Оның аты-жөні мемориалдық тақтаның бірінші бағанында тұр», — деді сүйінші хабарды жеткізіп.
Бар мәселе оның фамилиясы мен әкесінің атының қате жазылуында еді. Ескерткіш тақтаға «Ахаков Зенель Корченевич» деп жазылған еді. Қалған әскерге шақырылған жері, тұрғылықты мекенжайы туралы мәліметтер дәлме-дәл сәйкес келіп тұр.
Зейнел опат болғаннан жетпіс жыл өткеннен соң оның туыстары Волгоград облысы Верхнее Гниловское ауылындағы бабалары жерленген жерге зиярат етті. Бұл сапар Жеңістің 68 жылдығына сәйкес келген еді. Ескерткіштің басына ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары жиналды. Олар бұл топырақта қайтыс болған жауынгерлерге алғыстарын білдірді. Зейнелдің туыстары оның зираты басынан алған бір уыс топырақпен оралды.
Муапих БОРАНҚҰЛОВ.



