Парторг

Менің нағашы атам Ермек Садыбеков 1941 жылдың шілде айында Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. 1943 жылдың қараша айына дейін аты аңызға айналған генерал-майор Панфиловтың
8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында болып, Калинин соғысында ротаның саяси бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарған. Қызылорда облысы Арал ауданының Сарбасат елді мекенінде дүниеге келген атам Ермек Садыбеков 1941 жылдың қараша айында генерал И.Панфиловты жерлеу рәсіміне қатысқан. 1943-1944 жылдар аралығында Киров қаласындағы Брянск әскери-саяси училищеде курсант болып,
1945 жылы екінші Беларусь майданында 193-атқыштар дивизиясының 883-атқыштар полкі құрамында батальон парторгі болған.
Соғыс жылдарында коммунистермен және батальонның жеке құрамымен Сталиннің №220 бұйрығына сәйкес шабуылға дайындауға бағытталған үлкен саяси партия жұмыстарын жүргізген. Шабуыл барысында атам өзін батыл, ержүрек офицер ретінде көрсете білген жан. 1945 жылдың қаңтар айында Беларусь майданында Шучино деревнясы үшін атқыштар ротасының сапында жауынгерлердің рухын көтеруге үлгі бола білді. Майданда парторг болып жүрген жерінен атам шабуылды өзі бастап, «Отан үшін», «Сталин үшін», «Алға!» атты ұрандармен жауынгерлерін жігерлендіріп, шабуылға шыққан. Найльск қаласы үшін шайқаста атам табандылығымен, ерлігімен көзге түскен. Шабуыл кезіндегі қиындықтарға қарамастан, екі күн ішінде атамның арқасында төрт адам коммунистік партия мүшелігіне қабылданған. Оның жасаған жеке ерліктері жайында 883-атқыштар полкінің командирі Козыревтың берген сипаттамасы және марапаты туралы бұйрығы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатында сақталған. 1945 жылы екінші Беларусь майданында аяғына тиген оқтан ауыр жарақат алып, Киров қаласындағы эвакогоспитальға түскен атам елге мүгедек боп оралған.
Соғыстан кейінгі жылдары Арал ауданында аудандық атқарушы комитеттің төраға орынбасары қызметін атқарған атам 1960 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанша Шалқар қаласындағы орман шаруашылық мекемесінде техник болып жұмыс істейді.
Екі мәрте ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», сондай-ақ, бірнеше мәрте Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған атамның бұл наградалары қазір аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталуда.
Нағашы атамның жасаған ерлігі мен марапаттары жайындағы нақты деректер бүгінде ғаламтордың «Подвиг народа» сайтындағы құжаттардың электрондық базасында тіркелген. Осы сайттағы атама қатысты деректерді көзім шалғанда, бойымды мақтаныш сезімі билеп, өзімді батыр ұрпағы ретінде сезіндім.
Менің атам 1984 жылдың тамызында дүниеден өтті. Әжем Алмажан Садыбекова — тыл еңбеккері. Атам мен әжемнен тараған ұрпақтар, яғни біздер олардың сол замандардағы табанды ерлігі мен қайсарлығын үлкен өнеге тұтамыз.
Дәулет РЗАБАЕВ,
Ә.Жангелдин атындағы орта
мектептің 10-сынып оқушысы.
Шалқар ауданы.
Әкімәлі ақынның ұлы еді…
Өмірге байыппен қарап, тіршіліктің тәлімдерін жан-жағына таратып отыратын осы кісіні көпшілік майдангер ретінде білетін. Оң аяғын сылтып басуы — оның сол бір қанды соғыстан қалған мәңгілік ескерткішіндей еді. Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі болғанымен бұл кісі еңбектен қалып немесе жалпы жұрттан бөлініп, жеңілдік іздеген жері болған жоқ. Сонысымен де айналаға қадірлі болды.
Біздің кейіпкеріміз Марал, негізінде азан шақырып қойылған аты Шаһимарал Қаржауов Хромтау ауданының №18 ауылында дүниеге келген. Жиырма жасында Ақтөбе қалалық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынады. Әуелгіде Саратов қаласынан онша қашық емес тұстағы қосалқы полк құрамында дайындықтан өтіп, бірінші мамырда Волхов майданындағы 54-армияның 198-атқыштар дивизиясының 1027-атқыштар полкіне келіп қосылады. Мұнда саперлер взводында ефрейтор шеніне ие болады. Көп ұзамай атқыштар ротасында бөлімше командирі болып жүріп, жаудың ДЗОТ-ын алғандары үшін «Ерлігі үшін» медалымен марапатталады.
Соғыстың қызған тұсында, яғни атақты 1943 жылдың қысында ол едәуір тәжірибе жинақтаған, қатарларына енді қосылған жас жауынгерлерді баулитын білікті жауынгерге айналады. Осы тұста атқыштар ротасында старшина шенімен жүрген оны пулеметшілер ротасына ауыстырады. Ал тамыз айында кіші командирлер даярлайтын курсқа жіберіліп, одан пулемет взводының командирі болып оралады. Кіші лейтенанттың бастауымен кеңес жауынгерлері талай жаудың көзін жояды. Осындай қиян-кескі шайқастардың бірінде кеудесінен ауыр жарақат алған ол, бірнеше ай госпитальда емделеді. Содан кейін майданға қайта оралады. Енді Беларусь майданындағы 28-армия құрамында қолға қару ұстайды.
Польша жерінен Шығыс Пруссияға басып кіріп, шекарадан 40 шақырым Шталлупинен қаласына дейін жауды қууға қатысады. 1945 жылдың қаңтар айында шабуылға шыққан сәтінде жау әскері қойған минаға түсіп, оң аяғынан жараланады. Бұл жолы 1945 жылдың қазан айына дейін Иваново қаласындағы госпитальда емделеді.
Елге келген соң қызу еңбекке араласады. Сауда орындарында экспедитор, есепші болып қызмет атқарады, содан кейін Шымкент құрылыс техникумында білім алып, «Ақтөбесельстрой» тресінде техник, инженер болады. Майдангер аға зейнет демалысына шығар қарсаңда «Новый» кеңшарында прораб болып еңбек етеді.
Тылда ауылда тары егіп, жеңістің жақындауына адал еңбегімен үлес қосқан Қалима Қуантаевамен соғыстан кейін шаңырақ көтереді. Олар сегіз перзент тәрбиелеп өсіреді. Қалима апа бала өсірумен бірге, Мемлекеттік банк кеңсесінде белсенді есеп қызметкері ретінде көзге түседі.
І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, көптеген жауынгерлік медальдардың иегері Марал атаның шаңырағын бүгінде ұлы Нұрлан ұстап отыр. Басқа балалары да азамат болып, қоғамға қызмет етуде.
Оның дүниеден өткеніне он жылдай уақыт өтті. Ол Жеңіс күні қарсаңында мынау жарық дүниемен қош айтысты. Артында ұрпағы қалды. Ең бастысы адам ретінде, азамат ретінде көңілдегі көп парызын лайықты атқарып:
Шаһимарал шырағым,
Биыл жеттің сегізге.
Нәсілің адам жаралған,
Топырақтан болған негізде.
Инабатың жар болсын,
Иманды болғай лебізге…—
деп өзіне сонау отызыншы жылдардың басында түрмеде отырып жыр арнаған әкесі — Әкімәлі ақын Қаржауовтың мұраларын халқының қолына жинақтап беріп кетті. Оның ең басты жеңісінің өзі де осы еді.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
Ел ағаларының есімі аталды
Жеңіс мерекесі қарсаңында Қайыңды орта мектебінде «Отан үшін от кешкендер» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті.
Шараны мектептің 7-сынып оқушылары ұйымдастырды. Ашық сабақ барысында сұрапыл соғыс жылдарында сүттей ұйыған ауылдан Отан қорғауға аттанған ел ағалары — Е.Апендин, Қ.Шәріпов, Т.Ниязов, О.Тойғұлов, Ұ.Тоқтағұлов, Ұ.Бигельдинов, С.Елшібеков, Н.Доскенов, М.Кетебаев, С.Алпысбаев секілді жауынгерлердің есімі аталып, олардың ерліктері мен қайсарлықтары насихатталды. Бұл күні жоғарыда есімдері аталған аталарымыздың ауылдағы ұрпақтарынан алдын ала алынған сұхбаттар тыңдалып, жауынгерлердің кеудесіне тағылған орден-медальдар таныстырылды.
Тәрбие сағатына келген қонақтар, ұстаздар мен оқушылар үлкен әсерге бөленіп, тарқасты.
Ж.ЖИЕНБАЕВА,
Қайыңды орта мектебінің
7-сынып жетекшісі.
Мұғалжар ауданы.
Мерейлі мезеттер
Жеңіс мерекесі қарсаңында аудандық орталық аурухананың ұжымы ардагерлер мен бірқатар тыл еңбеккерлерінің отбасыларына барып, мерекемен құттықтады.
Алдымен Көктау ауылында тұратын ардагер В.Чернышовтың отбасына барды. Бас дәрігер Рүстем Исаев ақсақалды мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықты табыс етті. Тоқсан жастағы қария соғыс жылдарындағы естеліктерді айтып, дәрігерлерге алғысын білдірді. Сондай-ақ, бұл күні дәрігерлер Көктау ауылындағы 14 тыл еңбеккерінің үйіне барды. Аудан орталығындағы ардагерлер де назардан тыс қалған жоқ. Ардагер Ғабдулман Медетқалиев Жеңіс мерекесі қарсаңында елеп, ескерген жастарға алғысын жаудырды. Жеңіс мерекесінің салтанатты шарасына қатысуға өзінің дайын екендігін жеткізген атай дәрігерлер сыйға тартқан үнжазбадан соғыс уақытында майдангерлердің рухын көтерген әндерді тыңдап, қосыла шырқады. Дәл осындай сәттер Ұлы Отан соғысының ардагерлері С.Жұмағалиев пен М.Петруниннің және С.Третьяктың да отбасыларын мерейлендірді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Грецкийге арналған сыйлықты аудандық орталық аурухананың науқастар бөлмесінде табыстауға тура келді. Өйткені бұл ардагер осында ем алып жатқан болатын.
Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ,
Хромтау ауданы.
Соғыстың соңғы сәті
Ұлы Отан соғысының қайғысы мен қасіреті соғысқа қатысқан жауынгерлерді ғана емес, барша кеңес халқының қабырғасын қайыстырып, көптеген қиындықтар мен жанкешті күрестерді бастан өткеруге мәжбүр етті. Осы соғысқа қатысқан қарабұтақтық майдангер Жолаушыбай Балтеміровтің ерлік істері ешқашан ұмытылмайды.
Жерлесіміз, марқұм Жолаушыбай Балтеміровтің соғыс жылдарындағы ерліктерін толықтыра түсетін тың деректер мұрағат құжаттарының арасынан тағы да табылды. Соның бірі — №91 гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, Кеңес Одағының Батыры, гвардия генерал-майоры В.Кожановтың 1945 жылғы қыркүйекте гвардия старшинасы Ж.Балтеміровке әскери жорықтары жөніндегі берген анықтамасы. Бұл анықтама Ж.Балтеміровке соғыстың аяқталған соңғы сағатында, майдан даласымен қоштасар сәтінде беріліпті. Онда былай делінген: «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушы гвардия старшинасы Жолаушыбай Балтеміровке. Сіз Ұлы Отан соғысы күндерінде Отан алдындағы борышыңызды орындай отырып, қаһарман Қызыл Армия қатарында Кеңестік Отанымыздың тәуелсіздігі үшін ерлікпен шайқастыңыз. 1942 жылдың соңында Калинин облысын неміс басқыншыларынан азат ету, Великие Луки қаласы үшін ұрыстардағы жеңістер дивизияның гвардия атағына ие болуына қол жеткізді. Ал 1943 жылы қыркүйекте Духовщина қаласындағы немістердің мықты қорғанысын бұзғаны және қаланы жаудан тазартқаны үшін дивизияға жаңа даңқ — «Духовщина» атағы берілді.
Дивизияның Витебск қаласы үшін шайқасы, Белоруссияны, Литваны азат ету жорықтары, 1944 жылғы 18 қыркүйекте неміс басқыншыларының ұясы — Германия жеріне басып кірген жорықтары тарих беттеріне алтын әріптермен жазылып қалатын болды. Дивизия 1944 жылдың күзіндегі және 1945 жылдың көктеміндегі кескілескен шайқастарда жеңіске жетіп, Шығыс Пруссияда неміс басқыншыларын талқандауға қатысты. Алғашқылардың бірі болып Балтық теңізі жағалауындағы ұрыстарға шақты. Кенигсберг қаласын азат етіп, неміс империализміне күйрете соққы берді. Біздің дивизияның бұл даңқты жеңістеріне Сіздің де айтарлықтай жауынгерлік еңбектеріңіз сіңді.
Сіз біздің гвардиялық құраманың қатарында бола жүріп, Батыста неміс басқыншыларын, Шығыста Жапон империалистерін талқандауға белсене қатыстыңыз. Сіз Монғолияның шөл даласын кесіп өтіп, шекарадағы Жапон бекіністерін бұзып, Большой Хинган таулы асуынан өтіп, Порт-Артур қаласына дейінгі қаһармандық жорық жолдарынан өттіңіз.
Соғысты тамаша жеңістері үшін Жоғарғы Бас командование Совет Одағының Генералиссимусы Сталин жолдас біздің құрамаға тоғыз рет мадақтаулар ұсынды. СССР Жоғарғы Советінің Президумы гвардиялық дивизияны Ленин, Қызыл Ту және екінші дәрежелі Суворов ордендерімен наградтады.
Сізді Ұлы Отан соғысын Жеңіспен аяқтауыңызбен, аман-сау еліңізге оралып, отбасыңызбен қуанышты қауышуыңызбен құттықтаймын, біздің Отанымыздың жарқын болашағы үшін ұзақ өмір тілеймін», — делінген анықтаманың соңына «В.Кожанов, дивизия командирі, гвардия генерал-майоры, Совет Одағының Батыры» деп қол қойылған.
Майданнан еліне оралар сәтінде Ж.Балтеміровке берілген осы анықтамадан қысқа да болса оның елі үшін, халқының бүгінгі жарқын өмірі үшін хас батырларша шайқасқанын айқын көріп отырмыз.
№91 гвардиялық атқыштар дивизиясын Бас қолбасшы Сталин 1945 жылдың тамыз айында «Үлкен Хинган» асуынан ерлікпен өтіп, Манчжурияны Жапон басқыншыларынан азат еткені үшін алғыс жариялаған. Дивизия командирі В.Кожанов гвардия старшинасы, взвод командирі Жолаушыбай Балтеміровті Бас қолбасшы Сталиннен дивизия құрамасының алғыс алғаны үшін құттықтаған. Бұл да жерлес жауынгер туралы архивтен табылған жаңа құжаттардың бірі. Ал №91 гвардиялық атқыштар дивизиясының «Смерш» барлаушылар бөлімі бастығының орынбасары, гвардия подполковнигі Королев қол қойып берген куәлікте Ж.Балтеміровтің ержүрек барлаушы болғаны дәлелдене түсті. Оның Отан алдындағы ерлік істері атаусыз қалған жоқ. Бас қолбасшы, Совет Одағының Маршалы Сталиннің бұйрығымен жерлесіміз Ж.Балтеміровке Духовщина қаласын азат етуге қатысқаны үшін, Витебск қаласының оңтүстігінде немістердің қорғанысын бұзуға, Витебск, Каунас, Вильнюс қалаларын азат етуге, Калицы ауданындағы немістердің мықты бекінісін бұзуға, сондай-ақ, Кенигсберг қорғаны мен қаланы азат етуге белсене қатысқаны үшін мадақтаулар ұсынылған. Бүгінгі күні жауынгердің отбасы оның омырауына тағылған Ұлы Отан соғысының I-II дәрежелі, «Қызыл жұлдыз» ордендері мен оннан астам медальдарын көздің қарашығындай сақтап отыр.
Қазір Әйтеке би ауданы Қарабұтақ селосында Ж.Балтеміровтің атында көше бар. Сол көшенің бойына жауынгердің құрметіне естелік белгі орнатылды. Жыл сайын Жеңіс мерекесі күні майдангердің ұрпақтары аталарының рухына тағзым етіп, құран бағыштайды.
Бақыт ИСАТАЕВ,
зейнеткер.



