Мәдениет

Әсияның әсем әлемі

Біздің кейіпкеріміз Әсия Ойнарова – өзгеше жан. Өмірге деген құштарлығы, адамдарға деген сүйіспеншілігі, ой-қиялының ұшқырлығы, өнерге жақындығы, қайсар да жарқын мінезі – осының бәрі қосыла келгенде, сізді оны басқалардан ерекше құрметтеуге, артығырақ көруге жетелейді.

Оның туған жері –  Әйтеке би ауданындағы Комсомол селосы. Ата-анасы мұнда 1960 жылдары, жан-жақтан тың игерушілер ағылып жатқан тұста келіп қоныстанған. Әсия 1967 жылы дүниеге келіпті. Анасы Мырзагүл – дүкенші екен. Тың игеру жылдары – жұрт жаңа жерге қоныс теуіп, жоқтан бар жасап жатқан қиын уақыт. Көп шаруаға маман жетпейді. Мырзагүл апайға көп жағдайда күнұзағына дүкенде бір өзі тұруға тура келіпті. Төртінші баласына – осы Әсияға аяғы ауыр болғанда, тиісті демалысына да уақытында шыға алмай, босанғанға дейін жұмыста жүрді. Жұмыс дегенде – пеші жыли қоймайтын сұп-суық дүкенде… Ақыры бала іштен сырқат болып туды. Дәрігерлер тарапынан қойылған диагнозды бұл жерде айтып жатудың қажеті жоқ. Әйтеуір алдыңғы үш баласы сап-сау өсіп келе жатқан Ойнаровтар үшін Әсияның кемтарлығы ауыр соққы болғаны анық.

– Бірақ әкем Төрехан – қайсар адам еді, – дейді Әсия. – Ол ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында қызмет етті. Ес білгеннен мені алдағы өмірде кездесетін қиындықтарды жеңе білуге үйретті. «Сен құйттақандай солдат болып өмір сүресің. Ешкімнің мазағына, мүсіркегеніне мойымайсың. Ешқашан жыламайсың» – дейтін. Осы тәрбиеден бе, оның үстіне, бәлкім, табиғатымнан-ақ әкенің қайсарлығын еншілеген болармын – мен өзімнің басқа балалар секілді еркін жүгіріп-секіре алмайтынымды үш жасымнан-ақ біліп өскеніммен, сол халіме жасып-жылап, өзімді басқалардан бөлек ұстап, шектеп, төменшіктеп көрмеппін.

Қашан да емен-жарқын, тартыс-таласқа өздерімен бірдей ұмтылып жатқан соң, балалар да оны бөлектей қоймаған. Сабаққа барып-келерде кластастары оның сөмкесін кезекпен көтеріседі. Кейбір биіктеу, кедергілі тұстарда оған көмек қажет болады – аз ғана көмек… Ал қар қалың жауған қыстарда сабаққа ол шанамен қатынайды. Бірақ сабақ үстінде басқа балалардан айырмашылығы жоқ. Жақсы оқиды. Әсіресе есепке жүйрік.

– Ата-анам еркелеткеннен бе, қиналып сабақ та оқымайтынмын. Мұғалімдердің айтқанын сол жерде қағып аламын да, келесі сабақта нақпа-нақ жеткіземін. Мен сабақ әзірлемейді деп, сірә, мұғалімдерім мүлде ойламайды, – деп күліп еске алады Әсия.

(Ол осы тұста әңгімесіне: «Ал менен кейін ата-анам тағы да екі балалы болды, олар да, үлкен бауырларым секілді, сап-сау» – дегенді қосып қойды.)

Кішкентайынан бос уақытында сурет салғанды ұнататын. Оқушы дәптеріне шимайлай салған кей суреттері әлі күнге дейін сақтаулы. Әйткенмен ол өнер жолына түсу туралы ойлап көрген емес-ті. Математикаға қабілетті болған соң, есепші болуды қалады. Ата-анасы да бұл шешімін құптады. Сөйтіп ол мектептен кейін Орынбордың ауыл шаруашылығы техникумына түсті. Мұнда да жақсы оқыды. Тіпті техникумнан кейін ұстаздары оған сол оқу орнында қалып, жұмыс істеуге ұсыныс жасаған. Бұл ұсыныс оны біраз толқытты. Бірақ ата-анасы Әсияның туған үйіне оралуын қалапты.

Әсия ұзақ жылдар туған жерінде еңбек етті. Дүкенші болды, есепші болды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін анасымен бірге облыс орталығына көшіп келді. Мұнда да қарап отырған жоқ. Жұрт жақсы білетін, тағдыр соққысына ұшыраған көптеген адамға сүйеніш болып келе жатқан қайраткер жан – Құралай Байменова басқаратын қоғамда жұмыс істеді. Жалпы, ол ешқашан қол қусырып отырған емес. Жұрт жаппай жұмыссыз қалған тұста да, отбасына түскен ауыртпалықтың бір бөлігіне еш ойланбастан иығын тосты.

Әсияның жұмыстан бос уақыты да – қым-қуыт тірлік. Киім тігеді, өлең жазады, жазда саяжайда гүл өсіргенді ұнатады, балық сүйектері мен қылқандарынан сурет салады…

Осы соңғы өнері оны біраз жұртқа танытты. Былай басталған еді: 2006 жылдың жазында ол достарымен табиғат аясында демалуға шығады. Мұндайда балық ауланбай ма, одан тәтті сорпа істелмей ме? Сорпа ішілген соң дастарханда үйіліп қалған балық сүйектері мен қылқандарына Әсияның көзі түседі. Сөйтеді де, қуанып кетеді: бірі шыршаға, екіншісі көбелектің қанатына ұқсайды, ал мына біреуі ағаш бұтағы секілді… Бәрін жиып, әдемі бір сурет құрастырып шығарар ма еді? Ашық мінезді Әсия дереу бұл ойын қасындағы достарына жеткізіп еді, олар:

– Ой, Ойнарова, сенің-ақ қиялың таусылмайды,- деумен тынды.

Ал Әсия әлгі әсерден айыға алмай, дастарқандағы балық сүйектерін үйге ала келді. Оларды жуып, жақсылап кептіргеннен кейін, іске кірісті. Алғашқы дүниелері тым қарапайым еді: «Көбелек пен шегіртке», «Ағашқа қонған құс», т.б. Соның өзінде достары қатты таңғалысты. Бастапқы туындыларын достарына сыйлады. Сол достарының бірі Әсияның өнері жөнінде журналистерге хабарлапты.

– Журналистердің құлағына бір хабар тисе, қыр соңыңнан қала ма? – деп күлді Әсия. Күлкісінде бір жылылық ұшқыны бар. – «Барып көрейікші» – десті. Ал көргеннен кейін, енді: «Сіздің жеке көрмеңізді ұйымдастыру керек қой» – деп мазалай бастады. Ақыры бір күні маған облыстық қолданбалы-сәндік және көркемөнер музейі қызметкерлері хабарласып тұр.

Әсия жеке көрмесін ұйымдастыру туралы ұсынысқа қатты абыржыды. «Менің туындыларым аз ғой…». «Сонда қанша?..». Тез есептеп шығып, жуықтау бір санды айтты: «44». Музей қызметкерлері күлді: «Мәссаған! Қырық төрт – аз емес, көп қой!».

Сөйтіп, биылғы жылдың басында облыстық қолданбалы-сәндік және көркемөнер музейінде Әсияның жеке көрмесі табыспен өтті. Оның балық сүйектері мен қылқандарынан құрастырған туындыларының тақырыбы сан қилы: негізінен, табиғат көріністері, сонымен бірге, жануарлар әлемі, Астана мен Алматыдағы бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналған құрылыстар, ұлы адамдар портреттері, т.б.

– Мен әзірге тек үйренумен келемін, – дейді Әсия.

Ол өзінің ең таңдаулы, күрделі шығармалары дүниеге келетін уақыт әлі алда деп ойлайды. Әрине, біз де бұған келісеміз.

Әзірге Әсия тек сазан мен жайын сүйектерін пайдаланады.

– Қуырған балықтың сүйектерін тастай беруге болады, ал қайнатылған балықтың сүйектерін алдымен жылы сумен, сосын салқын сумен бірнеше рет жуып, жақсылап кептіру керек. Кепкеннен кейін қарасаңыз, сүйектер мен қылқандардың өздері-ақ әдемі туындыларға сұранып тұрады, – дейді Әсия.

Оның айтуынша, балықтың ұсақ қылқандары, әсіресе, араб қаріптеріне сұранып-ақ тұрады.

– Адамдар табиғатқа мән беріп қарамайды, – дейді ол. – Әйтпесе Алланың құдіретіне бұлтартпас дәлел болып табылатын ғажаптар айналамызда көп. Балықтың ұсақ қылқандарынан Құран аяттарын тізіп шығу ешкімге де қиындық тудырмас еді.

Әсия – әрдайым бір үлкен сенімге сүйеніп келе жатқан жан. Ол – Өмірдің әділдігі мен жомарттығына деген сенім. Ал бұл сенімді кейде он екі мүшесі сап-сау, бәріне қолы жетіп тұрған жандардан да таба алмай жатамыз-ау!

– Жарты миллион теңге айлық алып та, еңсесі көтерілмей жүретін адамдар болады. Өйткені олар көздері сол жарты миллионмен тұмшаланып, Өмірдің шын сұлулығын, мән-мағынасын көре алмайды. Сондай адамдарды аяймын, – дейді Әсия.

Бұған да келісесің…

Сөз соңында оқырманға жуырда облыстық қолданбалы-сәндік және көркемөнер музейінде Әсия Ойнарованың жаңа көрмесі ашылатынын жеткізгіміз келеді. Бұл көрмені ол «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерейтойына арнайды. Бірге тамашалайық.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button