Әкемнің өшпес ізі қалған

Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміздің көбі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін көре алмады. Бірақ олардың артында өшпестей ізі, ұрпаққа үлгі болатындай ерліктері мен естеліктері қалды. Талай отбасыға қасірет әкелген осы соғыстың куәгерлерінің бірі менің әкем Жұмекен Қалмұханов еді. Соғыстан жараланып оралғаннан кейін ұжымшар, кеңшар өміріне атсалысып, елге сыйлы азаматтардың бірі болды.
Әкем әулеттің ішінен соғысқа алғашқылардың қатарында аттанған. Он сегіз жастағы бозбала соғыс басталысымен, 1941 жылы жаудың алдын тосады. Әкеммен қатар немере інісі Қалилолла Түлкібаев, 1942 жылы қазанда туған ағасы Дүсіп Омаров және 1942 жылы желтоқсанда туған жездесі Кенжеғұл Есқалиев майдан даласына жол тартады.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас. Осы бір қан майданнан әкем еліне аман-есен оралады да, ағасы, жездесі және інісінен қара қағаз келеді.
Әкемнің қай жерлерде болғаны, қай майданда соғысқаны туралы деректерді таба алмадым. Соғыста аяғына бомбаның жарықшағы тиіп, жараланады. Сол жарықшақты алғызбастан өмірден озды.
Әкемнің жолдастарының ортасында отырып, өз аузынан айтқан соғыстың мынадай бір оқиғасы менің бала болсам да есімде қалды.
— Майдан даласында пулеметті сүйреп келе жатыр едім. Төбемізден бомба тасталды. Одан соң жау алдымыздан шыға келіп, оқ жаудырды. Ұрысқа кірген алғашқы сәтіміз ғой. Соғыстың беті қатты, жан тәтті екен. Пулеметті тастай сала кейін қарай қаштық. Командир: «Қайт кейін! Ұста пулеметті!» деп ақырып бұйрық берді. Соғыста командирдің бұйрығын тыңдамауға болмайды. Әлі буынымыз қатпаған жаспыз ғой, жылап қайтып келіп, пулеметті алып, ұрысқа кірдік. Адам үш күннен кейін тамұққа да көндігеді деген, соғысқа да бойың үйренеді екен. Сол ұрыста қолыма оқ тиді, — деп отыратын.
Әкемнің қаһарман майдангер болғанын дәлелдейтін марапаттары бар. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін алған Қызыл Жұлдыз, Отан соғысының ІІ дәрежелі ордендерін, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарын мен әлі күнге қастерлеп, төрімде сақтап келемін.
Соғыс бітіп, елге аман-есен келгесін, 1946 жылы анам Раш екеуі бас қосып, шаңырақ көтереді. Анам соғыс кезінде мектепте оқып жүреді.
— Қыста оқимыз, жазда егін егуге, күзде оны оруға жұмысқа шығамыз. Ер-азаматтың бәрін соғысқа алып кетті. Ол кезде қазіргідей электр жарығы жоқ, сығырайған шамның жарығымен сабақ оқимыз. Соның өзінде жақсы оқуға тырысатын едік. Жақсы оқыған оқушыға Лениннің суреті бар қызыл кітап және ұзын шұлық береді, соны алу үшін оқуға жанымызды салатынбыз. Кеңес Одағының Батыры атанған Әлия Молдағұлованың сіңлісі Сапурамен қатар оқыдық. Майдандағы Әлиядан хат келеді. Сапура оны бізге оқып беретін, — деп әңгімесін айтып отыратын анам.
Әкем соғыстан кейін ұжымшар, кеңшар өміріне белсене араласып, қажырлы еңбек етті. Соғыстан кейінгі жылдары «Қызыл керуен» ұжымшарына қарасты Үшбұлақ фермасында меңгеруші болып қызмет етті. 1950 жылы Алтықарасу ауылында құрылыста, 1953-1955 жылдары «Шошқакөл» деген жерде барлау жұмыстарында жұмыс жасады. 1956-1966 жылға дейін Алтықарасуда прораб, 1966 жылы Ойылда механикаландырылған құрылыс колоннасында бастық болды. 1967-1977 жылдар аралығында Ойыл ауданының «Саралжын» кеңшарында, Темір ауданының «Теректі», «Октябрь» кеңшарларында прораб болып еңбек етті. Соңғы жұмыс орнынан зейнет демалысына шығып, 1990 жылы Ақтөбеге қоныс аударды. Оның алдында 1985 жылы құдай қосқан қосағынан айырылған еді. Отанға, еліне адал қызмет еткенін ескеріп, облыстық әкімдік Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған үйден әкеме жаңа пәтер береді. Сол пәтерде өмірінің соңы 1996 жылдың сәуір айына дейін өмір сүрді.
Елімізде Жеңістің 70 жылдығын кең көлемде атап өткелі жатқанда, Отанын азат етіп, елге жеңіспен оралған әкем туралы естелік ретінде кеудені кернеген сағыныш пен сезімдерімді жеткізуді перзенттік борышым санадым.
Әлия ЖҰМЕКЕНОВА,
қызы.
Біз майдангердің ұрпағымыз
Баланың әкеге деген сағынышы қанша жасқа келсе де басылмайды екен. Ұрпақтары бас қосқанда, төріңнен асқар таудай әкеңді, бұлақтай тұнық анаңды іздеп отырасың әлі де. Біздің әкеміз Тұрмағамбет Әліқұлов Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Арал ауылында дүниеге келген. Осы жерден 1943 жылы 12 ақпанда он сегіз жарым жасында әскер қатарына алынған. Сол жылдың ақпан мен сәуір айлары аралығында Орынбор қаласының жанында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 57-армияның 73-атқыштар дивизиясының қарамағында болған 343- атқыштар полкінің құрамында неміс басқыншыларына қарсы соғысқа аттанады. Кейін ол 38-Днестров Қызылтулы атқыштар дивизиясы болып өзгеріп, Воронеж, 2-Украин майданында 40-армияның құрамында болады. Соғысты 739-зенит артиллерия полкінде қару командирі болып аяқтаған.
Соғыс кезінде Ресейдің Брянск, Белоруссияның Орша, Украинаның Гадяч, Лубны қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге белсене қатысады. Кескілескен ұрыс кезінде екі рет жеңіл, бір рет ауыр жарақат алады.Соғыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы ордені мен бірнеше медальдармен марапталған. Бірсыпыра уақыт соғыс басылғаннан кейін де 970- жеке зенит артиллериялық дивизияның шаруашылық бөлімінде әскери хатшы болып қызмет атқарады.
Елге дивизия командирінің қолы қойылып, мөр басылған 1946 жылғы 9 қаңтардағы қызметтік мінездемесімен оралады. Онда әскер басшыларының тапсырмасын өте жақсы орындап, бірнеше марапаттарға ие болғаны көрсетілген. Сонымен бірге, әскери хатшылық қызметті де үлгілі атқарғанын атап айта келіп, бейбітшілік уақытта есеп қызметіне пайдалануға болатынын еске салған.
Әкеміз елге оралып, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына араласқан кезде әскери басшылықтың осы ұсыныстары ескерілген сияқты. Алғашқы жылдары Ырғыз-Торғай елді мекендерін байланыс желісімен жалғастыру жұмысында бригадир, Ырғыз ауылдық кеңесінде есепші және хатшы болып жұмыс жасады. 1956-1971 жылдары аталған ауданның тұтынушылар одағында, «Коминтерн» кеңшары жұмысшылар кооперативінде қызметтер атқарады. 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін он жылдан астам Коминтерн орта мектебінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірінің соңғы жылдарын Ақтөбе қаласында өткізіп, 1998 жылы 28 сәуірде дүние салды.
Біздің анамыз Жанайым Ділдинамен 1946 жылы отбасын құрып, бес ұл, екі қызды дүниеге әкелген. Үлкен ағамыз Қуанышбек ерте өмірден өтіпті. Қалғанымыз Болатбек, Мұратбек, Тұрар, Тұрғын және Жанат, Қанат өз алдымызға үй болып, еліміздің әр аймағында еңбек етіп отырған жайымыз бар.
Біздің әке-шешеміз де біздерді оқытып, үй қылып, аман-есен жеткізіп, өмірде үлкен міндетті іс атқарып кетті.
Қай отбасында да әкенің өзіне жақын ұстайтын бір баласы болады ғой. Менің әкем де балаларының ішінде мені өте жақын тартып, сырын айтып отыратын. Әкемнің көңілінен шығуға мен де тырысып бақтым. Мектепті үздік аттестатпен бітірдім. Алматының халық шаруашылығы институтының қаржы-несие факультетінен білім алып, Ақтөбе қаласында қаржы, салық, қаржы полициясы мекемелерінде қатардағы экономистен облыстық мекеме басшылығы қызметтерін атқардым. Астана қаласы әкімдігінде бөлім, басқарма басшысы лауазымдарында болдым. Өткен жылдан бастап республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде бөлім басшысымын.
Әкем соғыс туралы көп айта бермейтін, еске алса, «Оны сендер көрмеңдер» деп отыратын. Тек бірде зенит артиллерия полкінде қару командирі болып жүргенде, жау әскерінің жойқын бомбалауына түскенін айтқан еді.
— Сол сәтте әуе шабуылына қарсы соғысты біз де үдеттік. Қасымдағы зенит қаруына жақын жерге бомба түсіп, жеті адамның төртеуін жер құштырды. Енді әуе шабуылы біз бекінген аймаққа ауды. Сол кезде мен жүгіріп барып, бос қалған екінші қаруды іске қосып, көздеушінің және оны басқарудың міндетін өзіме алдым. Екі қарудан әуеге қатар оқ шаша бастағасын, жаудың беті қайтты. Біздің жаяу әскерлерге шабуылға жол ашылды, — деп аяқтады әңгімесін.
Брянск қаласын азат етудегі осы ерлігі жоғары бағаланып, әкем ұрыста көрсеткен ерлігі үшін медальмен марапатталған. Бұл — әкеміз қатысқан соғыстың бір ғана сәті. Мұнан басқа қаншама жағдайлар айтылмай өзімен бірге кетті…
Қасіретті жылдар барған сайын бізден алыстап барады. Міне, 70 жыл артта қалды. Әкелеріміздің жанқиярлық ерлігімен келген Жеңіс бұл. Халқымыздың ұлы ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Болатбек ӘЛІҚҰЛОВ,
ұлы.
Майдангердің батасы
Алапат соғыста елін қорғаған ерлердің ерлігі ел есінде мәңгілік қалмақ. Сондай ерен ерлердің бірі — Шүренбай ата Қоңырбаев. Ол Байғанин ауданында дүниеге келген. 17 жасқа толар-толмас қолына қару алып, қан майданға аттанды. Отанын жаудан қорғады.
Шүренбай ата майданнан аман-есен оралғаннан кейін де, Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында атакәсібімен мал бағып, елдің ырысын еселеуге елеулі үлес қосты.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне орай қаладағы №10 мектеп ұстаздары мен оқушылары Шүренбай атаны үйіне барып құттықтады. Қарт майдангерге ақшалай, заттай сыйлықтар ұсынып, ақсақалдың батасын алды.
7 баланы тәрбиелеп, өсірген Шүренбай ата бүгінде 90 жаста. Жұбайы Назым әжеймен бірге облыс әкімшілігі тарапынан берілген «Нұр Ақтөбе» ауданындағы пәтерінде бақуатты ғұмыр кешуде.
М.БАТЫРҒАЛИЕВА,
№10 орта мектептің кәсіподақ төрайымы.
Ақтөбе қаласы.



