Мәдениет

Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы

Үкітай БАЙЖОМАРТОВ

Болған оқиғаның ізімен жазылған повесть

Қуғын-сүргін жылдарының еш кінәсіз құрбандарына арнаймын.

Автор.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

– Құдайы қонақтан «Қонақ кәдені» сұраған біз емес, көпшілік еді: «Кеше оның даусын естіген де, өзін көрген де жоқпыз. Сондықтан әнді бүгін бізге орындасын!» – деген-ді. Сөйтіп, дегендерін орындатқызды. Енді Еркетай екеуміз қонақтың әніне әнмен жауап бермекпіз, – деді де жаңағы домбыраны қағып, қағып жіберіп, халық әні «Бұлбұл құсымды» бастап кетті. Оған сырнайын сызылта тартып, Фатима қосылды:

Сірке тартар сілекей шөлдегенде,

Көздің жасы көл болар еңірегенде.

Күндіз күлкі көрмеймін, түнде ұйқы,

Ішкен асым батпайды сен дегенде.

Бұлбұл құсым-ай,

Болса болсын-ай,

Дей салшы құрбың үшін-ай.

Жылқы айдаймын көшкенде жиренменен,

Жотадағы қаражол иреңдеген.

Бәлен қызық дегеннің бәрі жалған-ай,

Ең қызығы өмірдің сүйгенменен!

Бұл әннің айтылу себебін тыңдап тұрған көпшілік те, Смағұл да айқын түсінді және оның «Ең қызығы өмірдің сүйгенменен» деген жолға сыйып тұрғанын да ұқты. Фатиманың інісі бас болып, тұрғындар ынтамен ду қол соқты. Әшекең бата беру үшін қолын жаймақшы еді, мұны түсіне қойған Смағұл жаймен ғана:

– Ата, бізді шығарып салуға келгендермен қолдасып қоштасайыншы, – деді. Ақсақал мұның тағы да не ойлағанын сезе қойып, жымиды да басын изеді. Әуелі Фатимаға қарай тіке тартқан қонақ жігіт оған жақындап қалғанда кілт бұрылып, қоштасуды сол жақта тұрғандардан бастады. Мұны байқап, қулана езу татқандар болды. Үлкен кісілер Смағұлға: «Қош сау тұр, балам!» – десе, жастар жағы: «Ағай, сау боп тұрыңыз!» – деп жатыр.

Фатимаға жақындаған сайын мұны аяқтары да тыңдағысы келмей, теңселе жүріп келе жатқанын байқап, бойын тіктей қойды. Қыздың сүйріктей саусақтарын екі қолымен ұстаған кезінде оның дене жылуын ғана емес, жан тебіренісін де сезініп, оның көздеріне тік қарай алмай, төмен қарап сәл тұрды. Сосын күш-жігерін ширықтырып алып, бойжеткеннің жүзіне ғашық жанның мейірлі жанарларымен көз салды. Алмадай болып албырай қалған жүздерін тез бұрып әкетіп, бұған қайта көз тіккен қыз екі алақанымен мұның оң қолын қысып: «Қайта көріскенше күн жақсы болсын! Алла тағала соған жазсын! Сау-саламат болыңыз!» – деді. Даусында діріл бар. Бойжеткеннің бойында сезім оты лапылдап тұрғанын жақсы түсінген бұл: «Сіз де сау болыңыз! Құдайым қайта көріскенге жазсын!» – деді. Жігіттің өз жанында көбірек тұрып қалғанын байқаған қыз: «Сау болыңыз!» – деп қайталап айтты да, қолдарын тартып ала қойды. Сөйтіп, Смағұлға басқалармен де қоштасып, автокөлікке қарай жүру ғана қалды. Он бес метрдей жерде тұрған көлікке жете алсашы, ол осы сәтте кешегідей өз аяқтарының өзін тыңдағысы келмей, ілгері басқан  сайын өзіне кедергі болып келе жатқанын тағы байқады.

Әшім қарттың жанына келіп тұрған бұл ана жаққа тағы да көз салды. Фатима да, қасындағы жеңгесі де мұның жүріс-тұрысын бақылап, бағалап тұрғандай екен. Қоштасу, шығарып салу рәсімінің созылып бара жатқанын сезген  Әшекең екі алақанын жайып:

– Уа, әлеумет, құдайы қонақтарға мен бір бата берейін, қолдарыңды жайыңдар! – деді. Ауылдастары тыныштала қойып, ауыл басшысының дегенін істеді. «Пенделерін әуелі Алла қолдасын, Еш жамандық болмасын!» – деп бастап, ұзақ бата беріп, бетін сипады. Бірақ ауылдастар орындарынан тапжыла қоятын рай білдірмеді. Машинаның есігін ашып тұрып, қол бұлғап көпшілікпен тағы да қоштасқан Смағұл алдыңғы орынға отырған бойдан Святослав көлікті жедел жүргізіп, кейін қарай, тұрағына тартты. Орталарында Фатима бар, бір топ қыз-келіншектердің ұзақ қол бұлғап тұрғандарын айнадан көріп отырған Смағұл өздері ауыл жанындағы биік белден асқан соң жүрегіне сағыныш пен мұң оралып, «Жан сәулем» әнін бастады:

Жан сәулем, көзім түсті жас кезімнен,

Жақсылық көре алам ба бір өзіңнен?

Бағалап шын сырымды адал оймен,

Бір шешім шығарарсың бұл сөзімнен.

Жан сәулем, хабар күтем енді сенен,

Жалынды сағынышты сәлемменен.

Жақсыға жайды білер жаным құмар,

Жаманды жай білмейтін көзіме ілмен.

Святослав ән әуеніне билеп кетер жандай теңселіп, ыңылдаған болды. Сосын Смағұлдың жүзіне ризашылықпен қарап:

– Эх, Смағұ-ұ-ұл, менің білуімше, сенің жұмыс орның филармония ғой! Мерзіміңді өтеген соң сонда барып, ән айтуыңа сөзсіз болады. Бүкіл ауылды жалғыз өзің, а, иә, Фатима екеуің тәнті еттіңдер. Жалпы, сен екеуіңнің жұбайлардың жақсы жұбы болатындарыңа сөз жоқ: көріктерің де, әншіліктерің де, бір-біріңді сөзсіз түсінулерің де ғажап-ақ! Орыстан басқа халықтың өте әдемі қызын бірінші рет көруім. Суреттеуге сөз жетпейді ғой, көруге көз керек-ау, көз керек! – деп тамсана сөйледі.

Сосын аз-кем үнсіз ойланып отырды да, бір әңгімені бастап кетті:

– Менің полковниктің шофері болғаныма ғана үш жыл, ал осы түрмеге түскеніме – биыл жетінші жыл. Сол себепті сен сияқты майданда да болғаным жоқ. Ал түрмеге қамалған себебімді қыз үшін десем сенесің бе?! Иә, сенбейсің! Мен Псков облысынанмын. Қазақ қыздарының қандай екенін көп білмеймін. Ал біздң халықтың арулары сезімге берілсе, оны жасырып жатпайды, жігітпен ашық жүреді. Кейбіреулері жеке проблемаларын да «ғашықтық жолымен» шешеді. Мен осы ғұмырымда  үш қызбен жүрдім. Үшеуінің де құшағында талай жаттым, яғни, сезімнің бал шырынын мүмкіндігімше таттым. Солардың екеуі мені  тым зеріктіріп жібергендіктен кейін маңайламай қоюыма тура келді. Ал Анастасияның орны бөлек еді. Бұл төсекте де, өсекке де, «кесекке» де тәуір жан болатын. Тым тәуір ажары кімді болсын есінен тандырарлықтай еді. Жүк көлігін жүргізетін едім. Бір күні алыс сапардан оралып, өз үйімнен бір стакан шай да ішпей, солай қарай жүгіріп келсем, есікті өзі ашты. Өң де, сөл де жоқ, боп-боз. «Кірсеңші, тездетіп!» деп сыбырлағандай болып, «ысылдай» сөйледі маған. Жалғыз тұратын еді. Төсегінде бір бейтаныс жігіт етпетінен жатыр. Бас сүйегі ауыр соққыдан сынып, миы шашылып жатыр. Ол жастанған көпшіктің үстінен қамыр ысатын жұп-жуан оқтауды да көрдім. Бейтаныс адамға өлім әкелген де сол болуы керек. Кереуеттің маңайының бәрі қан.

– Не болды?! – дедім, Анастасияны қылмыс жасады деуге қия алмай. Ол орындыққа отыра кетті де бетін басып, солқылдап жылап жіберді. Сосын:

– Құрыдым! – деді.

– Не болды енді, айтсаңшы?! – дедім шыдамым кетіп.

Ол одан әрі өкіре жылап, көп уақытымды алды. Біраздан соң:

– Кеше Варвара әжей мынаны ертіп келді. Бұл осы ауданға іссапарымен келген екен. Біздегі қонақ үйі күрделі жөндеуде ғой. Әжей мұны үш күн түнетіп, ақшасын алуымды өтінді. Оған мұны село кеңесінің төрағасы тапсырыпты. Келістім. Кешкілік бұл үлкен сөмкені толтырып біраз азық-түлік, бір-екі шыны ішімдік әкелді. Мен шай қайнаттым. Арақтың бәрін негізінен өзі ішкен соң қатты қызып қалды. Мені төсекке жығып алды да қол-аяғымды байлап қойып, зорлады… тік ішегімнен…

Анастасия тағы жылады. Ықылығын, солығын баса алмай көп отырды. Сосын:

– Аяқтарымды байлаған жіптерді шешіп алып, маған бұл: «Шай қайнат!» – деді. Қолдарымды шешуін өтініп едім, шешпеді. Сол күйімде ас үйге барып, шай қойдым. Етпетінен жатып ұйықтап қалыпты. Оқтауды көріп, қатты ызаланғанымнан қаным басыма шапты, бұдан әрі не болғанын көріп отырсың ғой… Оқтаумен екі ұрдым. Миы шашылғанда барып өзімнің орны толмас өкінішті іс істегенімді білдім. Енді құрыдым ғой. Не істейін, не істеймін… – деп, мені құшақтаған күйі тағы да жылап қоя берді. Кеудеме бетін басып, ұзақ өксіді…

Осыларды айтқан Святослав үнсіз біраз отырды. Жол да түзу әрі шоқалақсыз еді. Смағұлға өздерінің астындағы «Эмка» жүріп келе жатқаннан гөрі, ойға қарай мұз үстімен сырғып келе жатқандай болып көрінді…

– Бәрін менің мойныма алуыма тура келді. Содан бері мен осындамын. Хат келіп тұрады. Енді үш жылдан соң, амандық болса, ораламын ғой елге… Ән айтшы, көңіл сергісін… – деді Святослав жаймен ғана. Жолдың екі жағындағы ағаштарға сәл үнсіз қарап отырып, ой түйгендей болған Смағұл халық әні «Гәккугәйді» бастап кетті:

Күн ашық, жым-жырт дала, әуе тынық,

Жымиып күн қарап тұр көктен күліп.

Сүзілген сұр пердедей бұлдыр сағым,

Біресе толқынданар, бірде тынып.

Бір ағашта бүлдірген,

Қыз бен жігіт бір жүрген.

Оймақ ауыз, күлім көз,

Ішімді оттай күйдірген.

Бау ағаш мынау қалың сыңсып біткен,

Қойныңда әнші құстар күй гулеткен.

Аңқыған исі әдемі түрлі гүлдер,

Иіліп қарсы алдыңа тәжім еткен.

Әнді аяқтаған Смағұл Фатиманы ойлады. Қимылы мен күлкісін, сөйлеген сәттерін көз алдына әкелді. Оның нәзік те ақылды жан екенін көрсететін іс-әрекеттерін кинодан қайта көргендей үнсіз езу тартты. Святослав жолдан көзін алмаған күйі:

– Жаңа айтқан әнің махаббат, табиғат көріністері жайлы ғой, ә? – деп сұрады.

– Оны қалай білдің? Әлде аздап болса да қазақша түсінесің бе? Қазақтың тілін түсінетіндерді біздің ағайындар «Төбесі тесік екен» дейді, – деді Смағұл таңданғандығын жасыра алмай.

– Әннің әуені құлағыма ағаш бұтақтарының сыбдырын, құстардың даусын, сүйген жанның жан аңсауын жеткізгендей болды. Мен қазақтарды кеше не бары үшінші рет көрдім, сондықтан сендердің тілдеріңді қалай үйренбекпін? Бірақ қазақтардың тілі -әдемі, әуезді тіл. Оны мен Әшім қарт пен соның үйіндегі кішкентай бала өте әсерлі етіп сөлегенде бірден ұқтым. Әлгі екеуі өлеңдетіп, ұйқастырып сөйлейтін тәрізді ғой, – деді Святослав тамсана.

– Өткен жолы полковник екеуің Әшім қарттың ауылына бірінші рет барып, кеше сол ауылды екінші рет көрдің, менімен бірге сонда түнедің. Сонда қазақтарды үшінші рет қашан көрдің? Соны айтшы.

Святослав өткен күндердің оқиғасын еске түсіріп, сәл отырды да жолдан көз алмаған күйі:

– Сонау отызыншы жылдардан бері саяси сенімсіздікке ұшырап, осында айдалған жалғыз қазақ бір адамдық камераға қамалған екен. Таза ауадағы серуенге оны бізден бұрын шығарып, қайта қамап тастаған соң барып бізге кезек келетін. Қазір есімде жоқ, қырық үшінші не қырық төртінші жылдың қысы болатын. Түрмедегі барлық тұтқындарды алаңға сап түзетіп тұрғызды. Әуелі біздің полковник сөйлеп, Жоғарғы қолбасшының Ставкасынан арнайы топ майданға еріктілерді алып кетуге келгенін айтып, солардың жетекшісіне сөз берді. Папаха киген қонақ полковник қазір майданда гитлершілермен соғыс қиянкескі жағдайда жүріп жатқанын айтып, кеңес елінің әрбір адамы соғысқа аттануы, тапталған жер, күл-талқан болып қираған ауыл-селолар үшін кек алуы, Отан алдындағы кінәсын ерлікпен жууы керек екенін айтты.

– Өздері майданға аттануға өтініш білдіретіндер сіздердің араларыңда да табылады деп білемін. Айыптылардан батальондар мен роталар құрылуда, – деді. Түрме бастығы:

– Араларыңда өз еркімен майданға баруға тілек білдіретіндер болса екі адым алға шықсын! – деп бұйрық берді. Сонда бірден екі адым алға шыққан жалғыз қара торы жігіт болатын.

Не бары жалғыз адамның тілек білдіргеніне таң қалған Ставка өкілі:

– Аты-жөніңізді айтыңыз? – деді әлгіге. Анау:

– Есмағамбет Естайұлы. Қазақпын. Өз еркіммен майданға барып, халқым үшін, алыста қалған қазақ елі үшін қасық қаным қалғанша жаумен соғыспақпын, – деді. Өжет жан екені сөзінен де, түрінен де байқалып тұрды. Жаңағы Москвадан келген топ пен түрме қызметкерлері үш күн үгіттеп жүріп, тағы төрт-бес адамды Есмағамбетпен бірге «Үлкен жерге» жіберген-ді. Көз жанары жайнап тұрған жаңағы адам менің есімде мәңгіге сақталып қалғандай. Жалпы, көзіңше мақтағаным емес, қазақтар, қазақ халқы жөнінде алғыр халық, шешен халық, өнерлі халық  деген тәуір пікір қалыптасты менде. Тіл білмесе де, өткен  сапарда жолы болмаса да, Евгений Васильевичтің өзі: «Неткен өміршең, кәсіпқой, бірегей халық» деп таңданып, таңдай қағып оралған-ды. Жаңағы ауылдан қайтып келе жатқанымызда ол Есмағамбеттің өмір-тарихын мысалға келтіре отырып: «Бостандық сүйгіш те халық. Жалғыз-жарымының өзі жүзге татырлық. Басты қасиеттері – қайсарлық. Тәуелсіздік үшін жандарын қиюға да бар», – деген-ді…

Святослав  осылай әңгімесін аяқтады. Осы сәтте Смағұлдың бойын еліне, жеріне сағыныш қана емес, халқына деген мақтаныш сезімі де билеген-ді…

…Бұлар келгенде басқа тұқындар түскі ас алдындағы сап түзеу рәсіміне, алаңға жиналған екен. Смағұлмен «Тозақ» вагонында бірге келген бесеу мұның түрме бастығының үйі жанында оның машинасынан погонсыз, бірақ офицер киімімен түсіп жатқанын көріп, таң-тамаша болды. Ысқырып, ысқырып белгі берді де, алдарында тұрған түрме бастығы мен оның орынбасарынан мұнымен амандасуға рұқсат сұрады. Сосын жүгіріп келіп, мұны құшақтай кеткен олар қай жақтан келгендерін, неге барғандарын, өз жағдайын сұрады, қастарына полковник келгенде бәрі үнсіз тұра қалды. Бұл тік тұрып, Евгений Васильевичті өздеріне жүктелген міндеттің толық дерлік орындалғанын, ауыл басшысының полковниктің отбасына шипа болсын деп, бір мес шұбат беріп жібергенінен хабардар етті. Мұнымен түрме бастығы қол беріп амандасты. Сосын:

– Қалай барып қайттыңдар? Шұбат деген не нәрсе? – деп сұрады. Жаңағы бесеуі асханаға кеткенде бұл мән-жайды толық түсіндіріп, келісімнің басқаша болғанын, полковниктің өзі барып қағаздасуы, сосын биелерді көруі, қазірден бастап оларды бағуға адам жіберуі керек екенін, себебін тәптіштеп түсіндірді. Сосын қазір бие сауатын кез емес екенін, сондықтан ауыл адамдарының өздері үшін шұбат ашытып отырғандарын, оның емдік қасиетінің қымыздан кем соқпайтынын, әр үш күн сайын шұбат алдырып тұруға болатынын айтты.

Смағұл мен Святослав машинадан месті түсіріп, үйге кіргізіп берді. Ыдысқа шұбатты құйып, отбасы мүшелерінің ішулерін өтінді және полковниктің әйеліне сусынды қалай сақтау керектігін, құяр алдында пісу немесе месті шайқау керек екенін, себебін түсіндірді. Түрме бастығының әйелі риза болып, Святослав екеуін борщ ішуге шақырды…

…Полковник Смағұл мен шоферді өздеріне арнайы дайындалған, екі койка, бір үстел және үш орындық қойылған шағын бөлмеге өзі ертіп келіп орналастырды. Асханадан әкеліп, осында тамақтанатындарын, Смағұлға екі күннен кейін жылқы бағуға баратынын, не қажеттің бәрін тізімдеп, өзіне бүгін әкеліп беруі керектігін ескертті. Түрме бастығы шығып кеткен бойдан Святослав орнынан ұшып тұрған күйі мұны құшақтай алып:

– Сені осы жаққа әкелгені үшін құдайыма мың да бір алғысымды айтамын. Сенің арқаңда менің де мәртебем бір күнгідей болмай өсті. «Жыртық үйдің де құдайы бар» деген – осы. Сенің алдыңда өмір бойы қарыздармын, – деді. Смағұл да:

– Ал мен Евгений Васильевичтей адам танығыш, қайырымды, адамгершілігі мол басшыға қарыздармын. Айдалып келгеніне бес күн болып та үлгермеген адамды автокөлігімен елу шақырым жерге жіберу, мынадай бөлмеде тұруға мүмкіндік беру, оны жылқыға бақташы ету, сөйтіп, айдаладағы ауылда еркін тұруына жағдай жасау бұған дейінгі түрме тарихында болмаған айрықша жағдай екеніне сенімдімін. Бұл – өз ісін жақсы білетін, адамдарға сенім көрсете білу қажеттігін ұғынған үлкен жүректі адамның ісі. Енді сен маған үш күн сайын келіп тұратыныңды ұмытпа. Машинаң әрқашанда дайын болатын болсын, – деп, полковникке сырттай алғысын білдіріп жатыр. Сосын киім ілгіштегі өз киімдерін көріп:

– Мен киімдерімді де осында әкелгізіп қойыпты. Не деген қайырымдылығы мол, мейірімді жан еді. Бұл жерде мен өз киіміммен жүруге тиістімін ғой, қазір киіп ала қояйын.

Түрме киімдерін киіп, қажетті деген бұйым-киімдердің тізімін жасап, түрме бастығына апарып берді. Полковник тізімді қолына алып танысты да, ішкі киімдерді үшеуден, сырт киімдер мен төсек орынды екеуден жаздырды.

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button