Туберкулез: ем мен нәтиже

Туберкулез — қай уақытта да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Жұқпалы дерт көп жағдайда өкпені, кейде омыртқа, бүйрек, жыныс мүшелері, лимфа түйіндері және буын секілді ағзаның әртүрлі органдарын зақымдайды. Егер науқас адам дер кезінде ем қабылдаса, аурудан құлан-таза айығуға болады.
Ілгеріде, яғни тоқсаныншы жылдары Ақтөбе облысы аталған ауру бойынша эпидемиологиялық қолайсыз аймақтардың қатарына енген болса, қазіргі күні мамандар бұл мәселенің түйінін шешті. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтың айтуынша, емдеудің озық тәсілі мен соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар аурудың алдын алуға үлкен септігін тигізіп отыр. Осының арқасында ауру ерте анықталып, туберкулезбен науқастанғандар саны күрт азайған, бір сөзбен айтқанда, тұрғындарды бұл сырқаттан сақтауға қол жеткізілді.
Жүйелі жұмыс, жеткілікті қаражат
Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы, біріншіден, жергілікті биліктің оң көзқарасы, яғни осы бағытқа бөлінген қаражат пен медицина мамандарының жұмыла жұмыс жүргізуіне байланысты болса, екіншіден, өңірдің экономикалық дамуы мен тұрғындар тұрмысының түзелуі де өз септігін тигізіп отыр. Мәселен, соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы сырқаттану деңгейі төмендеген.
— Бұл сырқаттан сақтану жолдары сәби өмірге келген күннен бастап қолға алынады. Туберкулездің алдын алу мақсатында жаңа туған нәрестелерге БЦЖ екпесі салынады. Осыдан кейін бес және жеті жас аралығында манту сынамасы алынады. Егер сынама қорытындысы оң нәтижені көрсетпесе, мамандар әрі қарай жұмыс істейді. Баланың өкпесін тексеріп, қақырығын алады, жүйелі ем жүргізеді, — дейді бас дәрігер.
Көп жағдайда бұндай дертке әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балалары мен гармонтерапия алатын, созылмалы өкпе ауруына шалдыққан және туберкулезбен ауырған адаммен байланыста болған балалар жиі шалдығады. Сондықтан дәрігерлер бұндай балаларды қауіпті топқа жатқызып, жіті қадағалайды. Ауру белгісі байқалса ем жүргізіліп, емханада диспансерлік тіркеуге алынады. Сырқаттан толық айығу үшін «Шағала» шипажайы мен Қурайлы мектеп-интернатына жіберіледі. Ал 15 жастан кейін балалар флюрографиялық тексеруден өтеді. Осындай жүйелі тексерулердің арқасында соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы аурушаңдық күрт азайған. Қазір Ақтөбедегі 815 мың тұрғынның 201 мыңы — бала, 37 500-і — жасөспірім. 2012 жылы жасөспірімдердің 48-і осы аурумен ауырса, 2013 жылы — 42, былтыр 37-сі ауырған. Ал 201 мың баланың жылына жиырмасы ғана осы дертке шалдығады екен.
Қазір диспансердің қарамағында 18 жылжымалы флюрография бар. Оның екеуі Ембі мен Қобда аудандарына берілген. Жылжымалы флюрография шалғай елді мекендердегі тұрғындарды тексеруден өткізеді.
Жаңа әдіс, нақты диагноз
Туберкулез ауруынан толық айығу үшін оны дер кезінде анықтау аса маңызды. Қазір туберкулезді бастапқы сатысында анықтау үшін бактериоскопиялық, автоматтандырылған BACTEC аппараты арқылы және жоғары деңгейде жетілдірілген молекулярлы-генетикалық Хайн-тест, Gen-Xpert экспресс әдістемелері қолданылып отыр.
— Туберкулезді анықтау диагностикасы жыл сайын жетілдіріліп келеді. Мәселен, BACTEC әдістемесі 14 күн ішінде нақты диагноз қойып және қандай антибиотикпен емдеуге болатынын анықтап береді. Ал Gen-Xpert экспресс аппараты зертханаға әкелінген патологиялық материалдардан екі сағат ішінде туберкулезді, оны емдеудегі ең қажетті дәрінің бірі — рифампинцинге сезімталдығын анықтап және клиника дәрігерлеріне дер кезінде ем тағайындауына көмектеседі, — дейді бас дәрігер.
Сондай-ақ, аурудың ашық түрімен ауыратындар Мұғалжар ауданындағы емдеу орнына жіберілсе, жабық түріне шалдыққандар Шалқар, Қарғалы, Темір аудандарында емделеді. Ал ішімдікке салынған немесе әртүрлі жағдаймен емделуден бас тартқан науқастар соттың шешімімен мәжбүрлі түрде қала сыртындағы отыз кереуеттік емдеу бөлімінде ем-дом қабылдайды. Туберкулездің дәріге төзімді түрімен ауыратындар диспансерде емнің түрлі сатысын қолдану арқылы ауруынан айығады.
— Республикада науқастарды толық айықтырып жіберудің бұндай озық тәсілдері тек қана біздің облыста қолданылып отыр. Соның арқасында жыл өткен сайын науқастанғандардың саны азайып келеді. Мысалы, 2002 жылы жүз мың адамға шаққанда 279 адам осы дертке шалдықса, өткен жылы жүз мың адамға есептегенде бұл көрсеткіш 56 болып отыр. Облыстық әкімдіктің қолдауының арқасында тамақ, дәрі-дәрмек мәселесінде ешқандай қиындықтар жоқ. Ай сайын мәслихатта қаржы мәселесі пысықталып отырады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан кадр мәселесі де жүз пайыз шешілді.
Сондай-ақ, тұрғындарды туберкулезден сақтауда 65 көрсеткішіміз бар. Оның ішінде өкпе туберкулезінің асқынған түрін болдырмауды мақсат етіп отырмыз. Жүйелі жүргізілген жұмыстың және аталған аппараттардың арқасында қазір бұндай сырқатқа шалдыққан адам жоқ. Сонымен бірге, аурудан айықтырудың түрлі жолы жасалып жатыр. Үй-күйі жоқ науқастар Бершүгір шипажайында емделеді. Ол жерде киім және алты мезгіл тамақ беріледі. Ал аурудың созылмалы түріне шалдыққандар Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылындағы 40 кереуеттік хосписке жіберіледі. Бұл жердегі науқастар ешқайда кетпес үшін арнайы күзет арқылы қадағаланады, — дейді Ерлан Асқарұлы.
Күйзеліс — туберкулезге апаратын жол
Әлеуметтік аурулардың қатарына жатқызылған бұл дертті толық емдеуге болады.
— Қант диабеті, гипертониялық қан қысымы секілді аурулар созылмалы болғандықтан науқастар өмір бойы дәрі-дәрмек қабылдауға мәжбүр. Ал туберкулезді жүйелі емдесе, белгілі бір мерзім ішінде толық айықтыруға болады. Бұған қазіргі медицинаның күші жетеді. Дегенмен адамдар «туберкулез» десе үрке қарайды, ем қонбайтын ауру тәрізді сезінеді. Тіпті осы емдеу мекемесінің тұтқасын ұстауға қорқатындар бар. Ал бұл жерде отыз-қырық жылдан бері еңбек етіп келе жатқан дәрігерлердің ешқайысысы ауруға шалдыққан емес. Керісінше, науқас адамдардың көңіліне қаяу түсірмес үшін қол алысып амандасып, жағдайын сұрап шығамыз. Зертханадағы мамандар олардың қақырықтарын тексереді.
Адамдар ауруды жұқтыру мен шалдығудың аражігін ажырата алмайды. Қазіргі науқастардың тоқсан пайызы құрт ауруына шалдыққандар болса, он пайызы ғана өзгелерден жұқтырған. Туберкулезге иммунитеті әлсіз адамдар бірінші кезекте шалдығады. Ал ауырмау үшін денені шынықтыру керек, спортпен шұғылдану керек. Таза ауаға да жиі шыққан пайдалы. Мәселен, менің үйім осы жерден үш шақырым қашықтықта орналасқан. Жұмысқа жаяу барып, жаяу келемін. Мекеменің ішіндегі жүрісімді есептегенде бес шақырым жаяу жүреді екенмін. Бұған қоса темекі шекпеймін, қандағы қант пен холестерин мөлшерін қалыпты ұстаймын. Егер әрбір адам күніге 45 минут уақытын физикалық белсенділікке бөлсе, ол адамның иммунитеті мықты болады, кез келген ауруға төтеп береді. Иммунитеті төмен адамға ауру үйір келеді. Ал қазіргі қоғамда қимыл-қозғалыс жоқтың қасы. Таңертең жұмысқа келген адам кешке дейін қозғалыссыз жұмыс істейді. Осыдан кейін адам стреске, яғни күйзеліске ұшырайды. Ал күйзеліс — туберкулезге шалдығудың бірден-бір жолы.
Сондай-ақ тұрғындар арасында тағы бір мәселе бар, яғни ауру ерте сатыда анықталса да иттің, борсықтың, балықтың майын ішіп немесе емші жағалап ауруын асқындырып алады. Сондықтан науқастарға айтарымыз, ауру анықталса уақыт оздырмай, дәрігердің кеңесіне жүгінгені жөн, — дейді бас дәрігер.
Зиянды әдеттер мен калориясы аз диетаға әуестер де баршылық, бұл да организмді әлсіретеді. Сондықтан әр адам өз денсаулығына мұқият қарауы тиіс. Қазіргі туберкулез ауруы бұрынғыға қарағанда қауіпті болып отыр. Ол қоршаған ортаның өзгеруіне оңай бейімделіп, бұған дейін емдеп келген дәрілерден жеңілмеуі мүмкін. Яғни қазіргі уақытта туберкулездің көптеген дәрілерге тұрақты ең ауыр формалары да бар.
Науқас көмекке зәру
Қоғамдағы мәртебесі мен материалдық жағдайына қарамастан кез келген адам бұл ауруға шалдығуы мүмкін. Дегенмен бас дәрігердің орынбасары Жарылқасын Мүлкамановтың айтуынша, дертке шалдыққандардың басым бөлігінің әлеуметтік жағдайы нашар.
— Диспансерде толық емделіп шыққан кейбір азаматтар отбасына оралған соң қайта науқастанып қалады. Себебі оның құнарлы тамақ ішіп, әлденуіне үйінде жағдай жасалмаған. Отбасындағы қым-қуыт мәселе, үнемі шаршау, жұмыссыздық, күйзеліс адамның қорғаныш қабілетін қайта әлсіретеді. Сондықтан бұндай науқастарға барынша көмек көрсету қажет. Осы мақсатта аймақта біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл облыс бойынша 304 науқасқа 9 миллион теңге көлемінде қаржы берілді. Бұл әлі де жеткіліксіз. Егер кәсіпкер азаматтар осындай науқастарға қол ұшын созамын десе, олар қарсылық танытпасы анық, әрі емделуге де құлшынысы арта түсер еді, — дейді дәрігер.
Диспансердің төтенше жағдайлар жөніндегі маманы, қырық жылға жуық уақыт Әйтеке би аудандық ауруханасын басқарған білікті дәрігер Қуандық Қасымов та осы сөзді қуаттап отыр.
-— Жергілікті әкімдіктер тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Дегенмен науқас адамдар қай уақытта да көмекке зәру. Сондықтан барлығымыз бірігіп жұмыс жүргізгенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады, — дейді дәрігер.
P.S.
Аймақтағы сырқаттану көрсеткіші жыл сайын жақсарғанмен, күрес жұмыстары тоқтамақ емес. Ерлан Тәтімов туберкулезбен күресу тек қана диспансердің, ауруханалардың, медицина қызметкерлерінің жұмысы деп қабылдауды қою керектігін айтады. Әр адам өз денсаулығы үшін алаңдап, тиісті орындар мен жергілікті жерлердегі басшылар осы дертпен күреске ден қойғанда ғана ауруды жеңуге мүмкіндік туады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



