Мәдениет

500 кітап сыйлады

Өткен аптада С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында  Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Өтеміс Әкімовпен кездесу кеші өтті.

«Болашаққа мұра» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға еңбек ардагерлері, мәдениет қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.

Кеште «Тамыры терең бәйтерек» атты Өтеміс Әкімовтің өмір жолы туралы бейнефильм көрсетіліп, оның өз қолтаңбасынан шыққан еңбектері таныстырылды.

Жиналғандардан алғаш сөз алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан еңбек ардагерінің мәдениет саласында жасаған игі істері мен жеткен жетістіктері туралы айтып, тілегін білдірді.

Сондай-ақ, шара барысында облыстық зағип жандар және көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының директоры, ақын Нұрлыбек Қалауов пен мәдениет саласының ардагері Базаргүл Қалекенова сөз сөйлеп, оқырмандарға Өтеміс Ұлықпанұлының мәдениет, мұнай саласында еткен абыройлы еңбегі мен бойындағы адамгершілік қасиеттері жайлы ғибратты әңгімелер айтты.

  • Мен үшін бұл кітапхананың орны бөлек. Себебі ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында басшылық қызмет атқарып жүрген кезімде осы кітапхана ашылған болатын. Одан бері кітапхана жұмысы қарқындап, бүгінге дейін көптеген жетістіктерге жетті.

Бүгін, міне, оқырмандармен кездесу кешіне келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Осы кітапхананың қорына өзімнің жеке кітапханамда сақталған әртүрлі тақырыптағы 500-ден астам кітапты сыйға тарттым. Болашақ ұрпақ осы кітаптарды оқып, білімін жетілдірсін, үйренсін деген ниетпен осындай игі іс жасап отырмын. Кітапхана ұжымына шығармашылық табыстар  тілеймін, — деді Өтеміс Ұлықпанұлы.

Кеш соңында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері Жұлдыз Нұрқасымова мен Сапура Мансұрова «Ақ ерке Ақжайық», «Ақмаңдайлым» әндерін орындады. Ал кітапхана директоры Марат Төлебай саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған еңбек ардагері Өтеміс Ұлықпанұлына ыстық ықыласын білдіріп, Алғыс хат және естелік сыйлық ұсынды.

Айта кету керек, «Болашаққа мұра» акциясы аясында кітапханаға 12 мыңға жуық кітап қабылданған.

 

 

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button