Мәдениет

Тамашасы көп «татуаж»


Бүгінгі таңда бет пішініндегі көріксіз тұсты түзетудің оңай жолы табылды. Оны «татуаж» деп атайды. Қасты, көз маңайын, еріннің жиегін бұрынырақта қарындашпен сызған болсаңыз, татуажда мұның барлығы иненің көмегімен жасалады. Бұрынырақта алма жүзіңді сылап-сипауға  біраз уақыт шығындап жүрсеңіз, татуаждың арқасында белгілі бір мерзімге дейін бетіңіздегі бояу өңін бермейді. Бірақ сырт көзді өзіңе телмірту үшін ғана қыруар ақша беріп жасататын «жасанды сұлулықтың» адам денсаулығына орасан зор зияны барын біреу білсе, біреу білмейді.

Ине біреудегі дертті екінші ағзаға оңай жұқтыратын дүние екені бесенеден белгілі. Мысалы, ғасыр дерті – ЖҚБТ ауруының да жұғу себептерінің бірі – ине. Инемен теріні зақымдай отырып,  түрлі бояуларды енгізу қан тамырлары арқылы  адамның ішкі мүшелерінің улануына әкеліп соғады. Ине ұшындағы сәннен қалғысы келмейтіндер уақыт өте келе онкологиялық ауруларға шалдығуы мүмкін екендігінен де бейхабар. Мамандар енді 10-20 жылдан соң қазақстандық онкологтардың алдында «татулықтардың» қаптайтынына шүбә келтірмей отыр.

Инемен піспектеліп, тікенше қадалып, жүйкеңе кері әсер ететін осы әдіске бүгінде жас та, егде тартқан әйелдер де құмар боп алған. Өкінішке орай, Қазақстанда татуаж бен татуировкаға қызығатындардың саны жыл сайын өсіп келеді екен. Сұлулық құрбандықты талап етеді десек те, ажал аузына дейін әкететін әсемдікке соншалықты әуес болу – өкінішті әбестік.

Бүгінгі бәсеке

«Элен» салонының меңгерушісі Анастасия Соколова қазірде татуаж бояуын арнайы өшіретін лазерлердің шыққанын айтады.

Қыздар опа-далап жағып, қасы-көзін қарындашпен күнде сызғанымен, ол бояу сол күні кешке дейін ғана жарамды. Ұйықтар алдында жаққан бояуды міндетті түрде жуып тастауың керек. Таңертең тағы да  бояу жағасың. Күнделікті мұндай әдіс, біріншіден, жалықтырып жіберсе, екіншіден, ерте қартаюыңа әкеп соғады.  Ал татуажда бояу қанша жусаң да кетпейді. Қасыңды, көзіңді қалай сыздырғың келсе, солай бейнелетіп  аласың. Бізде татуажды қасқа жасату бағасы – 4000 теңгеден 7000 теңгеге дейін. Ал көз бен еріннің маңайына татуаж жасату құны бұдан да көбірек. Қымбат фирмалардың косметикаларын алып, күнде боянып, уақытыңды бір, ақшаңды екі шығындағанша, бір рет татуаж жасатып алған жақсы. Қай кезге дейін құлпырсаң да өз еркің. Егер бұл кескініңді басқаша өзгерткің келсе, лазермен бояуды өшіртіп, басқа үлгіге ене аласың. Лазермен өшіртудің бір жолғы сеансы 10 мың теңгеге жуықтайды. Бұдан 5-6 жыл бұрын қастағы, көздегі татуажды тек әртістерден ғана көретін болсақ, қазіргі қыз-келіншектердің 60-70 пайызы әдеміліктің осы түрін таңдап отыр. Зияны жайлы ұзынқұлақтан естігенім болмаса, әлі зардабын тартқан жанды кездестіргем жоқ.

Біздің салон – сонымен бірге тырнаққа, шашқа сән жасайтын орын. Қазір табиғи сұлулықпен жүргендерді көп кездестірмейсің. Бұл да дамыған елдермен тереземіздің теңескенінің бір белгісі. Татуаж жасатуға өтініш білдіргендер бізге алдын ала жазылып қояды. Мысалы, қазір қыз-келіншектер кемі бір апта бұрын тізімделіп қояды. Бүгінде бұл әдіс бәсекеге айналып кетті десем де қателеспеймін.

«Салоннан сәнді қылған айналайын…»

Машақаты мазаңды алып, қаражаты қалтаңды қағар мұндай тірліктің мұсылмандар үшін түк маңызының жоқ екенін имамдардың сөзі растайды. «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы Ғабит Мәткәрімовтің айтуынша, табиғат берген сұлулық сол қалпында қалуы керек.

– Бисмилләәһир-Рахмаанир-Рахиим. Бір жылдары қыздарымыздың кіндігін көрсетіп жүруі, мықынымен мақтануы сәнге айналған болатын. Бүгінде тәп-тәуір қасты қырып тастап, орнына инемен «қиғаш» қас жасап алатын бикештер көбейіп кетті. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар. Жас қыздарға ондай жерлерге бармаңдар деп ақыл айтатын апаларымыздың өздері бүгінде қасын сыздырып алған. Алла тағаланың жаратқан дүниесіне қарсы әрекет етуге шариғатта тыйым салынған. Әсіресе, бұл адам денсаулығына кері әсер етіп отырса, тіптен жолауға болмайды. Денсаулық – Алла тағаланың пендеге жіберген аманаты. Хадистерде де әйел адам өз ерінің алдында ғана әдемі боп көрінуге болатыны айтылған. Өзгенің жанарын арбау үшін жасалған әрекеттің барлығы мұсылманшылыққа жат, – дейді наиб-имам.

Қыз-келіншектер арасындағы бұл үрдіс енді етек алып келе жатыр.

Дәрігер мамандар татуировка мен татуаждың зардаптары арада 8-10 жыл өткенде барып белгі бере бастайтынын алға тартады. Облыстық тері-венерология диспансерінің мамандары бет пішінін өзгертуде қауіпсіздік шарасын қатаң ұстануды ескертеді.

Қыздар үшін күнделікті макияжда, мысалы, түсін жоғалтпай біраз уақыт сақталатын бояудың түрі маңыздырақ. Дегенмен зиянды жағы басымырақ татуажды жасатпаңдар деп кеңес айтудан аулақпын. Қазіргі сән үлгісіндегі басты орында тұрған осы тірлікке терісі сезімтал, денесінде қалы бар немесе аллергиясы бар жандар жоламағаны абзал. Татуировканы қазір лазерлік сәулелердің және фототерапиялық құрылғылардың көмегімен өшіруге болады. Лазерлік сәулелердің де өзіндік зиянды жақтарын ескерсек, теріні зақымдар алдында асықпай ойланып алған дұрыс, – дейді диспансердің дәрігер дерматовенерологы Самиға Жәмілқызы.

Қазіргі «ине ұшындағы сәннен» қалғысы келмеген Маржан апаның қызы – құрбыларынан қалмау үшін қасын қолдан қиғаштатып алып, өкініп жүргендердің бірі.

Қызымның жасы 22-де. Әп-әдемі қасы бар болатын. Әкесінің қасы қалың. Ол әкесіне тартқан. Былтыр Алматыға баратын болды да, менен қасын жөндетуге 5000 теңге сұрады.  Кешкісін «түгін жұлған тауықтай боп» кеп тұр. Қызыма жарасса бұйырмасын. Қалың қасқа көзіміз үйреніп қалған. Ол аздай, екі қасын екі түрлі етіп қойған. Тәжірибесі аз маман жасағаны көрініп тұр. Өзі де әбден өкінді. Енді қайта барып, өшірткісі келіп жүр. Бірақ тері астындағы бояуды күйдіріп алып тастау татуажды инемен тесіп жасағаннан да ауыр көрінеді. Бұрынырақта әдемі қыздың келбетіне «анаңнан сені туған айналайын» деп тамсанушы едік, қазір «сәнді еткен салоннан айналайын» дейтін болдық.

Әдемілікке ұмтылу айып па?

–  Біздің қазақтар – кішкене жаңалықтың өзіне өре түрегеліп қарсылық айтуға құмар халық. Заманымыз түлкі боп қашты, біз тазы боп қуып келеміз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қыздардың жып-жинақы, әдемі боп жүргені жақсы емес пе? Әдемілікке ұмтылу соншалықты айып емес қой.

Менің мамам 46 жаста. Осыдан үш ай бұрын анамның да қасына татуаж жасаттым. Әйтпесе күнде жұмысқа кетерде қарындашымен тырнап сызып, айнаның алдында отыратын. Қазір жуынады да, жүре береді. Татуажды жасаушының тәжірибесі мол болса, ойыңдағыдай етіп жасатып аласың. Мен көзімнің айналасын да қара бояумен сыздырып алдым. Әрине, сұлулық үшін құрбандыққа шалынуға әзір қыздар үшін аздаған бейнет түк те емес. Рас, беттегі көз бен еріннің маңайы – өте сезімтал нүктелер. Ол жерлерді инемен тесіп, бояу ендірудің әжептеуір әбігері бар. Ол уайым емес. Көп болса, бір қиналасың,- дейді Эльза Махмутова.

Ал ерінді жиектету алдағы уақыттың еншісінде деп жоспарлап отырған Жаннұр Есен татуаж жасату көп қыздардың арманы боп жүргенін айтады.

Студент қыздар қанша жасатқысы келгенмен, ақшадан қиналады. Дос қыздарымның ешқайсысы да бұл әдістен кетәрі емес. Менің қасым тіпті сирек, шашыраңқы болатын. Осыдан сегіз ай бұрын татуаж жасатып алдым. Маған қазіргі қасым ұнайды. Тек уақыт өте келе қара бояу жасылданып кете ме деп қорқамын. Бір апамның айтуынша, ертең мына бояудың орны көгеріп қалатын көрінеді. Дегенмен алдағы уақытта ернімнің жиегін де жиектетіп алсам деп жүрмін, – дейді ол.

Әр сұлулық салонының көрсетер қызметі де, бағалары да әр түрлі. Шамамен 5 мың теңгеге қасыңды, 8 мың теңгеге көзіңнің айналасын, 10-12 мың теңгеге ерініңді жиектеп алуыңа болады. Оны өшіргің келсе, 10-15 мың теңге ақшаң болуы керек. Тағы бір ескертетін жайт, егер татуаждан кейін теріде бөртпелер пайда болып жатса, асқынудың алдын алу үшін вирусқа қарсы емдеу шараларын өткізу керек. Мамандар мұндай бес күндік емдеу ақысы 15-20 мың теңгеге шығатынын айтады. Тырнағыңа жасалатын маникюр мен шашыңа жасататын сәнің де біраз теңгеңді жоқ қылады. Дегенмен сұлулықты сатып алушылардың саны әзірге артып отыр.

P.S. Қазақ кісінің бет ажарына қарап, оның мінезін, болмысын бағамдайтын болған. Бетінде меңі бар қыз сүйкімді саналса, қалың қасты қыз берекелі, ерні жұқа қыз ашушаң болады деп пайымдаған. Бүгінде қыздардың табиғи сұлулығынан жұрнақ та қалмай барады. Ендігі жерде халық бет пішініне қарап айтса, қате айтуы мүмкін.

Жақында бір баспасөз бетінде ақтөбелік салоннан татуаж жасатып шыққан қыздың В және С гепатиттерін жұқтырғанын хабарлаған. Ал заң орындарына тату салондарының үстінен шағым айтып келген кісі әзірге жоқ. Десек те татуаж жасатушының денсаулығына зиян келген жағдайда, қауіпсіздік шарасын ескермеген салон иесі заң алдында жауап беретіні ақиқат.

Лаура МҮЛКАМАН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button