Ресми

Мақсат бірлігі біріктіреді

Азаматтық форум

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Өткен жұма күні облыс әкімдігінің мәжіліс залында үкіметтік емес ұйымдардың төртінші облыстық конференциясы болып өтті.

Оған облыстың үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, депутаттар, ардагерлер, халықаралық ұйымдар еріктілері, бизнес, ұлттық мәдени орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, мемлекеттік органдар, жоғары және орта оқу орындарының басшылары қатысты. Бас қосудың тақырыбы облыстағы мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысы, проблемалары мен перспективаларына арналды. Сонымен бірге осында алдағы 6-7 қазан күндері Астана қаласында өтетін IV азаматтық форумға делегаттар сайлау мәселесі қаралды. Осындай ауқымды мәселелерді кеңінен қамтып, облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара байланысы жөніндегі кеңестің төрайымы Сара Нұрқатова баяндама жасады. Ол Елбасының, еліміздің мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-әрекетінің жаңа сатысындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық табыстарын айрықша атап көрсетті. Экономикалық дағдарыс жағдайында да облыстың бұрынғы жылдардағыдай, әлеуметтік-экономикалық жоғары көрсеткіштерге жетіп отырғанын айта келіп, жарты жылдықтың нақты мәліметтерін алға тартты.

Аймақта өндірістің дамып отырғанына бірқатар мысалдар келтірді. Елбасының тапсырмасы негізінде барлық жерде «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмыстардың өрістеп отырғанын айтты. Соның нәтижесінде аймақта жұмыс орындары ашылып, қалалар мен ауылдарда бірдей еңбек көрігі қызды. Қиын кезеңде экономикалық жұмыстарды жолға қоюмен бірге, әлеуметтік мәселелер де үнемі назарда ұсталып келеді.

Баяндамашының атап көрсеткеніндей, облыста соңғы жылдары қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізілді. Азаматтық қоғам институттарының дамуына кең жол ашылды. Мұның нәтижесі көп кешікпей-ақ көрінді. Әлеуметтік әріптестік аясында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысы нығайды. Облыс өміріне араласып, қоғамның дамуына белсене ат салысқан бірқатар үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінің облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталуы осының жарқын көрінісі.

Бірсыпыра жылдардан бері облыс әкімдігі жанында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің байланысын, өзара іс- қимылын үйлестіріп отыратын арнаулы кеңес жұмыс жасайды. Екі жақты жұмысты жандандырып, нығайтуда бұл кеңестің де қосқан үлесі аз емес.

Әрине, соңғы жылдары қоғамдағы жағдай көп жақсарды. Соның нәтижесінде жылдан жылға облыстың үкіметтік емес ұйымдарына ұсынылатын әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қаржыландыру көлемі өсуде. Мысалы, 2004 жылы ішкі саясат басқармасы арқылы 2 миллион 600 мың теңге болатын Грантты 13 үкіметтік емес ұйым алған еді. Ал биылғы жылы мұның мөлшері 30 миллион теңгеден асты. Осы көлемдегі әлеуметтік тапсырысты 27 үкіметтік емес ұйым жүзеге асыруда. Аймақта үкіметтік емес ұйымдардың санының артқанын осыдан-ақ көруге болады. Санаулы-ақ ұйымнан аз жылда саны еселеп өсті. Қазір облыста 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген.

–    Алайда, осынша ұйым тіркелгенмен, анағұрлым белсенді жұмыс жасайтындары 100-ден аспайды, – деп сынға алды облыс әкімінің орынбасары. – Үкіметтік емес ұйымдар негізінен балаларды, жастарды, әйелдерді қолдау, адам құқын қорғау, білім беру, денсаулық сақтау , жастар тәрбиесі, кәсіпкерлікті нығайту, ауыл шаруашылығын дамыту, рухани-мәдени мұра мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Осы бағыттарды ұстанған үкіметтік емес ұйымдар тәуір дамыған. Ал, қолдауды бұл салалардан кем қажет етпейтін көптеген мәселелерге үкіметтік емес ұйымдардың араласуы әлі де кемдеу. Әсіресе, олар ауыл өмірінен көп шет қалып келеді. Аудандарда үкіметтік емес ұйымдардың құрылуы тым баяу.

Сөзінің соңында баяндамашы қоғамда азаматтық қозғалыстың рөлінің арытып отырғанын айта келіп, үкіметтік емес ұйымдардың қатарын нығайту, олардың жұмысына қолдау көрсету қажеттігіне айрықша тоқталды. Олардың жұмыстарының жергілікті жерлерде де тамыр жаюына тиісінше қолдау көрсету қажеттілігі айтылды.

Алда Астанада өтетін Азаматтық форумға жан-жақты дайындықпен бару мәселесін қозғады.

Облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов өзінің сөзін негізінен еңбек қатынасын реттеудегі әлеуметтік серіктестіктің маңызына бағыттады.

Еліміздің Еңбек Кодексі 2008 жылдың қаңтарынан бастап іске қосылды. Халықаралық еңбек қоғамының талаптарына сәйкес жасалған осы Кодекстің үлкен бір бөлігі осы еңбек қатынастарындағы әлеуметтік әріптестік талаптарын қамтиды, – деп әңгімесін жалғаған кәсіподақ басшысы еліміздің осы жаңа Заңының талаптарын орындаудағы облыстық кәсіподақ ұйымының бүгінгі жұмысына тоқталды.

Облыстық кәсіподақтар кеңесі  қазіргі кезде аймақтағы ең үлкен үкіметтік емес ұйым болып табылады. Ол 1150-ден астам бастауыш ұйымды біріктіреді. Ақтөбе қаласында және облыстың барлық аудандарында кәсіподақ ұйымдарының қызметін  үйлестіріп отыратын орталықтар бар. Ол барлық деңгейде әлеуметтік серіктестік жағдайында жұмыс жасаудың үлгісін көрсетіп келеді. Облыста әлеуметтік әріптестік бойынша үш жақты комиссия жұмыс жасайды. Ол аймақта еңбек ұйымдастырудың тиісінше жүргізілуін қадағалайды. Инвесторлар, кәсіпорын басшылары тарапынан еңбек қатынастарын бұрмалауға жол берілмейді.

Өзінің сөзінде облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы ұжымдық келісім шарттар жасаудың  жай-күйіне кеңірек тоқталды. Кейінгі кезде бұл жұмыстардың тәуір жолға қойылып, өріс ала бастағанын айтты. Ұжымдық келісім-шарттарға жоғары мән беретін бірнеше ірі кәсіпорындарды мысалға келтірді. Бұл іске әлі де салғырт қарап отырған, еліміздің жаңа Еңбек Кодексінің талаптарын сезінбеген бірсыпыра кәсіпорындар мен мекеме басшыларын сынады.

– Жаһандық дағдарыс жағдайында да  еліміздің экономикасының деңгейінің төмендемеуі – орта және шағын бизнес, жалпы кәсіпкерлік жұмыстардың өз мәнінде жолға қойылуынан деп бағаласақ қателеспейміз. Әлем елдері дағдарысқа килігіп отырған кезде, біздің елімізде ірі өнеркәсіп орындары сақталу былай тұрсын, қызметін дамыта түсуде. Жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбеюде, – деді конференцияда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы әңгіме қозғаған «АЙС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Атамекен» Одағы ҰЭП-ның заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Мұрат Итеғұл.

Кәсіпорын басшысының сөзінде айтылғандай, ол басқаратын өндіріс өзі құрылғаннан бері жұмыс ауқымын кеңейтіп келеді. Жезқазған қаласында болған бас қосуда айтқан Елбасының бизнестің жауапкершілігі хақындағы міндеттерін басшы өз кәсіпорынында мүлтіксіз жүзеге асыруға тырысуда. Ол тек  ішкі жұмысты дамытуды ғана емес, жұмысшылардың жағдайын, олардың жұмыспен қамтылуын,  тәуір табыс табуын да жан-жақты ойлайды. Қазір бұл кәсіпорын Мәртөк ауданынан жер алып, тауарлы сүт фермасын құру туралы үлкен бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл шаралар толық жүзеге асқанда ол аудандардың тұрғындарының әлеуметтік жағдайына да ықпалын тигізеді.

Конференцияда үкіметтік емес ұйымдардың облыстық альянсының төрайымы Тәттігүл Талаева, Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенова сөйлеп, әлемдік қаржы дағдарысы кезеңіндегі азаматтық қоғам институттарының рөлі, азаматтық бастамаларды дамытудың мәселелері жайлы өз ойларын білдірді. Бұлардан да басқа осы бас қосуда сөз алып, азаматтық қозғалыс, алдағы форум туралы өз ойларын, ұсыныстарын білдіргендер аз болған жоқ. Мәселен, белгілі қаржыгер Райса Абашева облыстық үкіметтік емес ұйымдар альянсының қызметін ширатып, жекелеген ұйымдарға оның қолдау-көмегін күшейту мәселесін көтерді.

Конференция алда Астана қаласында өтетін төртінші Азаматтық форумға делегаттар сайлау мәселесін де ашық талқылады. Қатысушылардың талқылап, пікір білдірулерінен кейін форумға біздің облыстан қатысатын 17 делегаттың есімдері белгілі болды.

Бұл басқосудың кемшін тұсы негізінен бірыңғай ресми тілде өтуі еді. Сөз алғандардың барлығы да, тіпті қазақ тілді азаматтардың өзі де бұл жолы неге екенін әуелі қазақша бастап алып, әрі қарай  ресми тілде сөйлеуге бейім тұрды. Әрине, бұл конференцияға қатысушылардың арасында реніш туғызды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button