Мәдениет

Ән мен кек. Толғау-элегия

Софы СМАТАЕВ

(Әлия Молдағұлованың рухына)                

Көк тілген оқты көрмедім,

Көңілден мұңды өткіздім.

Қиял мен ойдың өрмегін

Майдан мен Елге жеткіздім.

 

Жүйкемді жұлған елесте

Қар басқан шуақ жаз қалды.

Мұнары жүрген белесте,

Мұнартып майдан қозғалды.

 

Құмартып қайтем қырғынды,

Ажалдың ерні жүзді өпкен.

Мезгілсіз солған бір гүлді

Жырыммен кеттім іздеп мен.

 

Сынса да, сөнбей тілегі —

Кейде ән,

кейде дерт еміп,

Алқызыл гүлдей жүрегі

Алаулап жанған өртеніп,

 

Аруын,

қызын,

ардағын

Аза тұт, шабыт,

дауыс қыл.

Аялап асқақ арманын

Халқымен қайта қауыштыр!

1

Дөңнен балқып туыпты Ай.

Сүт саулады маңайға.

Жол қашып,

Тау жуықтай,

Жарқырады көл-айна.

 

Көл-айнаға қызығып,

Қадалды қыз жанары.

Моншақтарын жиі үзіп,

Жұлдыз көктен тамады.

 

Доға иген жотаның

Түріліпті етегі.

Боз кеудеден бота мұң

Сай қуалап кетеді:

 

«Әлдилейді Ай неге?

Жанды илейді шер неге?

Қалтылдаған ой-кеме

Қанағат па пендеге?

 

Толықсыған Ай аяш

Іздей ме екен сыңарын?

Тағдыр ма әлде аямас,

Сұңқылдайтын сұм әнін?

 

Сипар ма Айды алақан?

Мен қуам ба сағымды?

Мұңға ылғи талатам

Жас шылаған жанымды.

 

Ай аңсаумен арманын,

Жел суылын тыңдай ма?

Тыншығанда жан-жағым,

Кеудем тайдай тулайды, ә…

 

Тулады ғой.

Қайтейін.

Айналдым ба құйынға!

Табар мүмкін Ай теңін,

Мен табам ба қиырдан?»

 

Ай төнеді аспаннан,

Ой желеді жыраққа.

Тік шырқаумен басталған

Сол сәт жетті ән құлаққа.

 

Аппақ нұрмен өрмелеп,

Көк төсінде тұр қалқып.

Бар әлемді тербемек,

Дірілдетіп, ырғалтып.

 

Ай сүңгіді көздерге,

Ән құйылды кеудеге.

Ентік кірді лез демге

Ұйытқандай тәубеге.

 

Алаңдатты-ау құрғыр ән,

Ұстатар ма бір тілек?

Жүрек жиі ұрғылап,

Әлденені тұр тілеп?

 

Аян берген талпынтып,

Қуанышты зар ма екен?

Екі өкпені алқынтып,

Қалай билеп алды екен?

 

Шыдатпайды-ау ән шіркін,

Аласұртып жүректі.

Қалай тұрар жанды іркіп,

Тұлабойы дүр етті!..

 

                                   2

Ай шомылды өзенге,

Ақты шуақ сырғанап.

Ақ қайыңын кезенген

Мелшиеді жарғабақ.

 

Бейбіт кеште солдатқа

Әзіл ермек,

ән де ермек.

Сол-ақ екен жан-жаққа

Ду-ду күлкі салды өрлеп.

 

Ойдағы мұң тұсалды.

Бойдағы зіл сап тынды.

Мысқыл, қалжың, мысалды

Түйдек-түйдек лақтырды.

 

Еңсесін зіл басқанда,

Арқаланбас ер ме екен.

Әуелетті аспанға

Ән-сәлемін Жер-мекен.

 

«Айдап салдым жылқымды»

Қан қыздырар ән қандай!

Қайғыңды да,

күлкіңді

Қуып кетіп қалғандай.

 

Ән, ғажаптың өзі ме ең,

Қан ойнады-ау денеңде!

Енді әншінің сөзімен

Жол берейік өлеңге.

 

«Ақ шілтерін Ай шашып,

Ақсүйекті ұрласа,

Айқыш-ұйқыш айқасып,

Әткеншектер тынбаса,

 

Ауық-ауық ит үріп,

Күрт-күрт күйсеп қой жатса,

Екеу-екеу «үй тігіп»

Кеткеніңде,

Ай батса…

 

Шәйі орамал жанасып,

Алақанда түйіссе,

Көз бен көзің жарасып,

Қас пен қабақ сүйіссе…

 

Жанардағы сәулеңе

Өрт пен жалын жиылса,

Тұлпар дүбір кеудеңе

Ыстық толқын құйылса…

 

Тілеуімен жеңгенің,

Тілегімен атаның,

Ұмытылса өңге мұң

Шарпуымен батаның…

 

Домбырамен безілдеп,

«Беташарың» самғаса,

Құрбы-құрдас әзілдеп,

Мейірің бір қанбаса…

 

Ақ шаңқан бұлт жазданып,

Ақ отауың құрылса,

Асыл жардың назданып,

Аққу мойны бұрылса…

 

Анаң сонда шарасын

Жаулығымен құрғатса,

Найза-шоқ боп тарасып,

Зарықтырған күн батса…

 

Он саусақтан сорғалап

«Күйдім, сүйдім!» үн шықса,

Алқынған дем қорғалап,

Ақ тамақта тұншықса…

 

Көделі көк бөктерде

Бір жығылып,

бір аунап,

Көлеңкесіз көк белде

Көк дөнен боп құраулап,

 

Көк құнан боп бір аунап,

Шырқап жаның жөнелер.

Балдыр көлден сыр аулап,

Базарлар да кенелер!»

 

Жүрегімен балқыған

Ән аңсатты ананы.

Жусан исі аңқыған

Алып келді Даланы.

          

Алыс жайлау желі есті —

Өлеңімен жеткізді.

Талай-талай елесті

Жүректерден өткізді.

 

Ентігіп жеткен Әлия

Қайыңға арқа сүйеді.

Тебіренген көңілі дария.

Егіліп кетті сүйегі.

 

Ерте ме ерке үмітке

Ентігі

Әлде ынтығы.

Ән салған сырбаз жігітке

Қадалып қапты кірпігі.

 

Алау нұр күзгі мұнардай

Көз бенен жүзден көшеді.

Алқынған демді тиярдай

Кеудеге қолын төседі.

 

«Апырай, маған не болды,

Өзімді өзім аңдамай?

Сағынып ән мен өлеңді,

Жүргем бе жүрек жалғамай?

 

Пәруана болдым мен неге,

Әуенге мұнша арбалып?

Сиқырлы саусақ пернеме,

Тиді ме дерт боп жалғанып?

 

Еркімді ұрлап әлдекім…

Әлдекім бе еді ән салған!

Шомылған кезде көлге Күн

Арайын таңның қарсы алған,

 

Жібекпін

яки   Баянмын

Жүзінен төккен шуақты.

Дір еттім,

сергіп ояндым,

Медет қып жанған шырақты.

 

Алақан жайып талпындым.

Талпындым,

несін жасырам.

Шырқаған әнін халқымның

Жігітке мынау бас ұрам…

 

Шырқатып жігіт «Ғайниды»

Жүректің тілін жеткізді.

Тірілтіп ыстық бар күйді,

Шұбыртып түгел өткізді.

Сарнатып жүрек қылымды,

Зарлатып толғап «кел!» дей ме?..

Босатып жүйке-жұлынды,

Төзімге тағат бермей ме?

 

Ықыласы қандай таза еді!

«Серпіліп қанат қақ!» дей ме?

Ашылып әнмен өзегі,

Жақын боп кетті-ау жат бейне!

 

Жалынды тілек жаңғырып,

«Сейіл де сергі!» дегендей.

Жүрердей сезем мәңгілік

Ол өлмей

және Мен өлмей!

 

Ажал да болмас тосқауыл

Махаббат барда,

ән барда.

Қиын ба жеңу қас жауын

Арманын құшқан жандарға!

 

Астына алды-ау «бол-болдың»

Ақыл мен есті жиғызбай.

Үздіккен әнмен дал болдым,

Күдікті бойға сыйғызбай.

 

«Жүр-жүрлеп» тұр ма үмітпен,

Қан құйып іңкәр кеудеден?

Мұндайды бұрын біліп пе ем,

Тербей ме тілек «Кел!» деген?

 

Жалына іздеп,

зарыға,

Сабырдан мүлде баз кештім.

Сорыма

Әлде бағыма

Жігітпен осы кездестім?..

 

Көмейге бұлбұл қонғандай

Жұпарын шашқан көктемде.

Тұрарсың қалай таңданбай,

Құдірет боп әнші кеткенде!

 

Талайдан талай дәл бүгін

Сиқырлы сазға қанықтым.

Әлемнің ұқтым кеңдігін,

Елдігін ұқтым халықтың.»

 

Іштегі Күнді іркіп көр, —

Жанарда от жалт-жұлт шағылды!

Сезгендей соны кірпіктер

Айқасып барып жабылды.

 

Әлгінде тұрған мөлдіреп,

Қос шырақ қалқан жамылды.

Аспанды көк от тілгілеп,

Көтерді әлем дабылды.

 

«Жасыл ғой белгі,

жап-жасыл!

Рота, ілес соңымнан!

Тастайық жауға көк жасын

Шабуыл осы сағынған.»

 

Әттең-ай, үзді-ау өлеңді!

Басқанда нәзік пернені

Аспан мен жерді,

Әлемді

Ура мен ұран кернеді.

 

Автомат даусы шақылдап,

Жаңғырық таста тірілді.

Пулемет тынбай тақылдап,

Ой-бойдан қуды дірілді.

 

Ұңғылар дүрк-дүрк шоқ бүркіп,

Түтіннен перде тұтылды.

Ауада зу-зу оқ кілкіп,

Ақ қайың жүндей түтілді.

 

Дедектеп төмен жүгірді

Әлия да бірге дүрмекпен.

Ловатьқа!1/ жетіп кідірді,

Таба алсын қайдан түнде өткел.

__________________

1) Ловать – өзен аты.

 

Өзенде баған өріліп,

Тамшылар көкке секірді.

Оқ бұршақ тырс-тырс төгіліп.

Зеңбірек зірк-зірк өкірді.

 

«Қарындас!» — қандай жылы еді.

Ән салған көрді жігітті.

Дір ете қалып жүрегі,

Сұсты өңін сәл-сәл жылытты.

 

«Қарындас, бері жақында,

Қолың соз, түктен қорықпа.

Әрине, үрей тақымдар,

Осындай түнгі жорықта.

 

Асықпа бекер, қарындас,

Бұйырған бізден кетпейді.

Сүйен де маған, арын бас,

Ұялма ештеңе етпейді.

 

Қадірле, мерген, қаруды!

Жұлқынып алға ұмтылма.

Бала мен ана,

аруды

Дайын ғой иттер құртуға.»

 

«Өзің де, аға, сақтаншы!..

Оқ пенен оттан өтші аман…

Кеудеме сіңді ақ тамшы,

Айтуға бәрін…

Жоқ шамам.»

 

«Қарындас, қалқам, Әлиям!

Қорғасын сені От-Анаң!

Жалғанға жаяр жариям:

Жаныңнан жанға от алам,

Мен бүгін тауды қопарам!»

«Қарындас!» — қандай мейірлі —

Бір сөзге сыйған күллі әлем.

Секемі бойдан сейілді,

Жымиып Әлия күлді әрең.

 

Саусаққа саусақ жанасып,

Жетелеп салға мінгізді.

Өмір мен өлім таласып

Өрт болып,

Оқ боп түн жүзді.

 

Уілдеп,

Сарнап,

Ысқырып,

Ажал боп қарсы ағады.

Ескегі толғай ышқынып,

Сал жетті-ау сүзіп жағаны.

 

Түйгендей алып келіні

«Ураға» бәрі басқанда,

Ел үні,

ыза, кек үні

Шаншылды барып аспанға.

 

Елемей тарсыл-гүрсілді,

Сіркіреп ажал бүріккен.

Әлия кенет күрсінді,

Көз жазып қалып жігіттен.

 

Соғыстың заңы өзгеше,

Жоғалар ол кез басқа ұғым.

Сен — жауды,

Сені ол көздесе,

Шешеді бәрін қас қағым.

 

Дірілдеп кетті айнала,

Дүрілдеп кетті Жер мен Көк.

Нысана болып байлана,

Фашистер шықты ербеңдеп.

 

Әлияның кекті қолында,

Винтовка үкім шығарды.

Айналды қырат қорымға,

Бөктерді қанмен суарды.

 

«Қарындас, қалқаш, мергенім!

Тасалап тасты жамылғын.»

«Апырмай, аға, бар ма едің,

Даусыңды сондай сағындым!»

 

«Аспан бар, Ай бар, жұлдыз бар!

Бақытқа бөккен бармыз біз.

Жанымнан артық бір қыз бар,

Мендей боп күлсін әрбір жүз!»

 

«Иә, аға! Ай бар, Аспан бар!

Ақ сүттей Айдың нұры бар.

Жүректе ән бар, дастан бар,

Нәп-нәзік жұмбақ сыры бар.»

 

Тілегі неткен ізгі еді —

Сол шығар үні жүректің?!

Алаулап шыққан қыз демі

Жеткізді сырын тілектің.

 

Қас пенен қабақ ұғысты,

Сезімге қанша сәт керек.

Көпсініп сол бір тынысты

Шайқалып қалды көк терек.

                      

Шайқалды терек, құлады.

Дүмпуге дүмпу жалғасты.

Көлбеңдеп ажал мұнары

Өңешке шеңгел жармасты.

 

Жанармен шарпып соңғы рет

Ұмтылып жігіт жөнелді.

Әлия көзі мөлдіреп,

Шырқады іштей өлеңді.

 

Оқ пенен отты сыналап,

Барады жігіт сұс тіге.

…Боздап бір келіп снаряд

Боздақтың түсті үстіне.

 

Боздап бір келіп снаряд

Боз тоңды бір-ақ қопарды…

Бозарған көздер сығалап,

Боздақсыз көрді апанды.

 

Боз тоңнан боздақ көрінбей,

Бозданып түтін бықсыды.

Боздақтың апан — көріндей!

Кеудеден өксік лықсыды.

 

Ойпырмай!

Ойбай, не көрдім?!

Жұтты ма ажал боздақты-ай!

Тағдырға мынау не дермін

Жанымды зармен боздатты-ай!

 

 

Аспан жоқ, Ай жоқ, жұлдыз жоқ.

Ол өлсе, неге өлмеймін.

Меңіреу жетті, күндіз жоқ

Түн болып неге сөнбеймін.

 

Шыңғырған жаны кептер боп,

Шырқырап ұшып қаңғырды.

Күркіреп аспан кек тербеп,

Азалы шермен жаңғырды.

 

Шүріппеге саусақ қадалды.

Үш тартты —

Үш жау оққа ұшты.

Аялай іздеп адамды

Әлияның даусы көк құшты:

 

Жерінем, соғыс!

Безінем!

Қыршынды жұтқан көмейлей.

Жүрердей мәңгі сезіп ем,

Ол өлмей

және мен өлмей.

 

Сыйдырып жалғыз қауызға,

Өмірді дертпен ластаған,

Лағынет болсын жауызға

Соғысты мынау бастаған!»

 

Еңбектеп жетті апанға,

Еңкейіп төмен үңілді.

Көз жасын төкті апанға

Жалмаған боздақ ғұмырды.

 

Аспан тұр, аспан күрсініп,

Бұлттарды түйдек өркештеп.

Әлия жатыр тұншығып,

Қолымен жерді төмпештеп.

 

Қайдасың, жаным, боздағым,

Шынымен тастап кеттің бе?..

Өксідім,

зарлап боздадым,

Жас дәурен, бізден өттің бе?

 

Іздесем көктен табам ба,

Қара жер, кімді жұттың сен?

Ай, жұлдыз! Кектен маған да

Тірліктен мынау тіксінсем.»

 

Сырғанап түсіп жиектен,

Саусақпен құмды тырнады.

Табылар деген ниетпен

Денесі…

дене жұрнағы…

 

Саусақта сәтке дамыл жоқ.

Жігіттен титтей жоқ белгі.

Алаулы жүрек жалын боп

Күл болып ұшып кеткен-ді…

 

Ұрандап тұрған үн қырда

«Уралап» барып тыйылды…

…Қылт еткен Күннен шұңқырға

Қып-қызыл бояу құйылды.

 

Шұңқырға шуақ құйылды,

Қып-қызыл қанның түсіндей.

Бір уыс боп қыз түйілді!

Орната салған мүсіндей.

 

«Мынау не — қан ба,

шуақ па?

Азамат қайда?

Тән қайда?

Тіршілік атты бұлаққа

Ән болып нәрі тамбай ма?

 

Боз таңда боз шық тұнғанда,

Жарқ етіп енді келмей ме?

Боздақтар көзін жұмғанда,

Жарық Күн қоса сөнбей ме?

 

Бозарып атқан таң мынау

Боздақтың ұрлап елесін.

Арман-ай, зарлап қалдым-ау,

Қолымнан қоймай денесін.»

 

Ып-ыстық жастар домалап,

Қап-қара жерді суарды.

Кеудесін шері қамалап,

Жалындап кекті шығарды.

 

«Жо-жо-жоқ!

Жүрек бұлқынып,

Дабылын кектің қағады!

Зіркілдеп таулар сілкініп,

Өзендер теріс ағады!

 

Оқ сеуіп қайың, талымен

Шулайды Тверь орманы!

Кеудемде қалған әнімен

Жүреді алда арманы!

 

Қанымда қыз-қыз шоқ-қайғы.

Қатаям,

қайта сілкінем!

Отаны, елі жоқтайды

Ұрланған сәби күлкімен.

 

Азасын алам ананың,

Өртенген қала, селомен.

Назасын тау мен даланың

Оқ қылып атам санамен.

 

Жайнасын тағы кең Әлем,

Тіршілік үшін атшы, Таң!

Бұлқынтып Ловать,

Нева мен

Қобданың суын шапшытам!

 

Ол күткен бейбіт бақ күнді

Әкеліп байтақ еліме,

Шашу ғып шашып ақ нұрды,

Ұшырам Әнін көгіне.

 

Жо-жо-жоқ! Жігер, жасыма!

Масайрап фашист кетпесін.

Кек пенен отқа қосыла,

Жасын боп тілем Көк төсін!

 

Қазағым, халқым,

ел-анам,

Қызым деп сүйсе мені шын.

Қырғи боп тиіп кек алам,

Боздағым, жаным,

Сен үшін!

 

Дабылдың үні келмейді.

Аттан мен айқас тынған ба?..

…Жарық Күн неге сөнбейді?..

Боздақтар көзін жұмғанда…»

 

                    3

Тағы да мұз жамылды көл де, міне,

Ызғырық араласты жел деміне.

Ақ қардан перде тұтып айналаға

Он бес күн жаңа жылдың енгеніне.

 

Жел тұрып, ұйтқып, шарпып, боран үдеп,

Окопты құйынымен орады кеп.

Теректер шарт-шұрт сынып сарнағанда,

Қап-қара бұлтыменен қонады көк.

 

Қап-қара түнегімен орнады аспан,

Боранның кантатасы – хорға ұласқан.

Жел зулап, орман шулап Әлияның

Жүрегі шайлықты ма қарбаластан.

 

Сөз бе екен табиғаттың дүрліккені,

Бәрібір үзілмейді тірлік демі.

Қара аспан қара жерге құласа да,

Көңілінің жаба алмайды түңліктерін.

 

Бұл боран — досы шығар құйындаған.

Жан бар ма туған жерге сиынбаған.

Тер бар ма кекке сыйып жиылмаған,

Шер бар ма көкірекке құйылмаған?

 

Бұл боран — тілектесі, шын тілегі,

Жарқ етіп aшылады түн түнегі.

Елінің дүлейімен,

дауылымен

Дүрсілдеп соғып тұрар бір жүрегі.

 

Апырай!

Дала! Боран! — Егіз бе еді…

Жүрегі сол дауылды неге іздеді?

Жас ғұмыр от пен оқтың ортасында

Қайықтай емес пе еді теңіздегі.

 

Аялап қорғаштамаc жас ғұмырды,

Кек болып алқымыңа жас тығылды.

Еткенше жермен-жексен зұлым жауды

Ойламаc жас отауды,

басқа ұғымды…

 

   4

Оралып түн тұр орманға,

Бұралып шегі,

әлсіреп.

Бұрқасын бүріккен жалғанға:

«Бұзылмай мәңгі қалшы!» деп.

 

Бір есіп ызғар,

бір өшіп,

Қатайды, сонсоң басылды.

Белдеулей сызып Нұр есік

Шығыстан Таң боп ашылды.

 

Сүрінді боран бас баға,

Бұтаға тіреп күртігін.

Алдында жатқан Насваға 1/

Қадады Әлия кірпігін.

__________________________________________

1) Насва – Великие Луки обылысындағы станция.

 

Жау шебі сонда бекінген.

Темір жол жатыр беріде.

Снаряд боп,

от боп өкірген

Сойқанның әзір бәріне.

 

Дозақтың күйін тербетіп,

Селдетіп оқты қарсы алмақ,

Ұмтылған алға өрлетіп,

Ротаға түсер бар салмақ.

 

Әлияның нәзік жүрегі

Алқына тулап дір етті.

«Уралап!» айқай-сүреңі

Сол сәтте бірден ду етті.

 

Тоғыз жүз елу алтыншы 1/

Винтовка сақ-сақ жаңғырды.

Күткендей соны, артынша

Қызарып белден таң кірді.

 

Көмейден төккен дабыл үн

Сүңгілеп сіңді жер, көкке.

Қар басқан дөңнің сауырын

Орады қанды жөргекке.

 

Соққыға жойқын шыдамай,

Фашистер тоз-тоз қашқанда,

Ағашқа кірген сынадай

Екпіндеп Әлия басты алға.

 

Айнала жым-жырт,

Қалғандай

Күн тоқтап,

қырда жел тынып.

Көмбеге жүлде салғандай

Окопқа жетті ентігіп.

 

Ернеуге сүйеп мылтығын,

Шегінген жауды түре атты.

Алмастан сәтке бір тыным,

Жаусатты,

қырды,

сұлатты.

______________________________________________________________________

1) №956 винтовканы Әлия Молдағұловаға ВЛКСМ Орталық Комитеті тапсырған.

 

Киізге түскен қызғалдақ —

Ақ қарда бейне қан дағы!

Ән мен кек балғын жүзді арбап,

Өмірге оқты жалғады.

 

«Отаным – азат,

Ел — аман —

Болса, сол бақыт мен үшін!

Жауыңды құртып, кек алам,

Боздағым, жаным, сен үшін.»

 

Бандуров 1/ ырғып секіріп,

Көтерді қолын айқасқа.

Жүректер тулап, лепіріп…

Ытқыды оқ тырс-тырс қойтаста.

 

Ұйтқыды сел-оқ жар салған

От шашып,

қарды тілгілеп.

Дүркіреп жетті қарсы алдан

Қырғын оқ,

тұтас сүргін оқ.

 

Атака сөнді…

тұсалды,

Солдаттар қарға сүңгіді.

Ажал боп дендеп күш алды

Соғыстың сойқан сұмдығы.

 

Лап қойған алға бөлімді

Еріксіз жерге бұқтырды.

Көрсетіп көзге өлімді,

Өмірдің мәнін ұқтырды.

 

Тұқыртып жауың алқымдап,

Жатқанда қанға тұншығып.

Бойдағы қуат салқындап,

Жаутаңдай қалар тіршілік.

 

Жармасар тілек ондайда

Сөнбеуге,

ерте өлмеуге.

       __________________________________________________

1) Бандуров – 26-гвардиялық дивизияның рота командирі.

 

Үркітіп үрей орнай ма

Мүжіліп кетіп өр кеуде?!.

 

Жігіттер жерге жабысып,

Аттандап неге тұрмайды?

Үміт пен күдік алысып,

Жанымды қоймай тырнайды.

 

Жасқанып неден, бөгелем,

Кеудемде жүрген ән қайда!

Жаңғырып кек боп жебеген

Көгімнен ұран салмай ма!»

 

Көтертпей басты жауды оқтар,

Көк түтін көкті қақ бөліп.

Қыбырсыз қалған солдаттар

Ақ қарды құшып жатты өліп.

 

«Жо-жо-жоқ!

Солдат өлмейді!

Өзім мен боздақ атынан,

Қорлыққа жаным көнбейді.

Тік тұрып, тура атылам!

 

Алға ұмтыл!

Ура!

Ел үшін!

Ерлікті сәт бұл ардақтар!

Бермейді қолдан намысын

Өз елін сүйген солдаттар!»

 

 

Ұмтылды Әлия «уралап»,

Оқ төге,

жаннан кек төге.

Автомат ұшын туралап,

Жеткізіп даусын көкке де.

 

Жөнелді, әне, мерген қыз,

Көтеріп қолды соңынан.

…Қиялмен талай ергенбіз,

Қиялмен тағы жолығам.

 

Іздедім арман,

қиялмен

Қайнаған көзін Ерліктің.

Іздедім жырмен,

күй-әнмен,

Толғандым,

күйдім,

шер жұттым.

 

5

Елгезек жүрек талпынған кезде әрнеге,

Ышқына тулап тыпырлап қалар жан неге?

Айналып кетіп шиыршық атқан пернеге,

Саусағын жая ұмтылып алыс сәулеге,

Ышқына соғып,

шарқ ұрып тулар жан неге?

 

Қиял ма әлде

түлкідей тұрар бұлаңдап?!

Елестеп қалып,

көздерге сіңіп, бір алдап,

Алыстап үркіп,

кеудеде қайта ұрандап,

Дүрсілдей соққан жүректен сәтке сыр аңдап,

Қырмызы түлкі — Қиял ма жетер бұлаңдап?

 

Шуағын шашып,

еркіңді баурар Арман ба?!

Арманға сіңген көл мен шөл,

таулы орман ба?

Өмір ме мынау,

өзекті өртер жалған ба?

Кірпіктен мөлт-мөлт іштегі жалын тамғанда,

Шуағын шашып,

еркіңді баурар Арман ба?

 

Жарқ еткен көктен періште қанат Үміт пе?!

Тәңір ме тылсым,

Тәңірден де өктем жігіт пе?

Лебізі қандай!

Салғандай жанды бүлікке.

Қалдырмай қуыс секемшіл үркек күдікке,

Еркелеп жетіп,

жетелеп кетер Үміт пе?

 

Самалдай салқын сабырлы әлде Сенім бе?!

Сенім бар жерде шоқ болып шарпыр демің де.

Кеудеңнің шерін

кеуделеп жұтар елің бе?

Кеудеңді тосып,

қасқайып барсаң өлімге.

Өлімнен де күшті бойдағы алау Сенім бе?

 

Сәуегей емен,

қайтемін босқа бал ашып.

Өмір мен Өлім көрмеген бір сәт жарасып.

Күн менен Түндей

күрескен мәңгі таласып.

Сәулесін шашып тұрғанда мынау Қарашық

Ауыл-үй қонбас Ажалдың демі жанасып.

 

Бәрінен мықты Отанға деген Адалдық.

Адалдық аты – Махаббат,

асқақ Адамдық.

Отаннан ғана нәр алдық,

әнді таба алдық,

Отанмен бірге өшпестей мәңгі жаралдық,

Ақырғы демнің лебімен шарпыр Адалдық.

 

6

Жөнелді, әне, мерген қыз,

Жалау ғып жанын,

шұрқырап.

…Қиялмен талай ергенбіз

Қайнаған кектен жыр құрап.

 

Іздедік тегін Ерліктің —

Әруақ пен Пірге сиындық.

Іздедік сырын Өрліктің —

Тәңір мен хаққа сүйіндік.

 

Іздедік кілтін Ерліктің —

От пенен Күнге табындық.

Қасиетін іздеп Өрліктің

Қиналдық,

босқа сабылдық.

 

Табындық,

кейде жаңылдық —

Батадан күттік Ерлікті.

Батыр мен Биге жалындық,

Қорға деп езден елдікті.

 

Іздедік —

таптық Ерлікті

Қабысқан достық тілектен.

Ақыры таптық Өрлікті

«Халқым!» деп соққан жүректен.

 

Жалт етіп жанып жанары,

Кеудемен оқты қалқалай.

Қанатын сермеп барады,

Қарлығаш сынды қалқам-ай!

 

Жүректер кекпен бұлқынды,

Жігерлі зілді шығар үн.

Ту болып, лаулап ұмтылды

Ботакөз балғын шынарым.

 

Жарқ етіп жайнап жанары,

Ғұмырды өлшеп сағатпен.

Шырқырап ұшып барады,

Қазақтан туған жан әпкем!

 

Үміт боп жанды жанары.

Құс болып көкте қалшы, үміт!

Орманын сүйреп барады,

Қазаққа біткен талшыбық.

 

«Қазағым, халқым!

Ел-анам!

Келсін деп тездеп жеңісің!

Боздағым, жаным! Кек алам

Сталин үшін!

Сен үшін!»

 

Әзиздің езден сағы үстем,

Жеңістің жолын сал төте.

Бойдағы қайсар намыспен

Ілесем мен де, жан тәте!

 

Ілесем,

ерем артыңнан.

Тағдырды бірақ кім шектер.

…Егіліп кетті-ау бар тұлғам

Үзіліп кетті-ау қыл-шектер!..

          

 

Жаныма улы тамды жас…

Кеудесі қанға малшынып,

Қанаты сынып қарлығаш,

Қиылып түсті талшыбық!..

 

Көмейге өксік тығылды,

Жұлынды қолқам,

бар өкпем.

Ақ қарға ыршып жығылды,

Қазақтан туған жан әпкем!

 

Алуға еске қиналам,

Мақтанам,

әрі өкінем.

Сарнаған мұңмен күй-далам,

Ет үзіп жатты етінен.

 

Жан тәте, көрші дауылды,

Дауыл боп өскен күшіңді.

Сені атқан қаскөй жауыңды

Достарың қағып түсірді.

 

Жан әпке, білші сесіңді,

Сесіңнен өскен айбатты.

Атака лықсып көсілді,

Автомат әнін сайратты.

 

Солдаттар лек-лек атыла,

Жапырып жауын сиретті.

Бетонды фашист дотына

Желбіреп Қызыл Ту жетті.

 

Дүбірді сезші, жан әпке,

Арманың мәңгі сөнбесін.

Болайын бүгін ала өкпе,

Жанымның басып пернесін.

 

Тыңдашы ұран

дабылды,

Жаңғыртқан сұспен жер-көкті.

Қағып ап әншіл жаныңды

Әлемді солар тербетті.

 

Тыңдашы Жеңіс салютын

Берілген дөңнен сен алған.

Жетер ме көкті жарып үн

Орныңнан мәңгі дем алған?

 

Дыбыс жоқ,

жым-жырт мекенің.

Тырс еткен сыбыс жетпейді.

Ажалдың ұқтым не екенін —

Жоқ қылып барды ол шектейді.

 

Самғасын қиял — жыр құсым,

Ардақтап,

арнап жар салсын.

«Айдап бір салып жылқысын»

Әнімен боздақ қарсы алсын.

 

 

Тілекке солай жетші, әпке,

Махаббат тұрсын көнермей!

Кеудемде мәңгі соқшы, әпке,

Ол өлмей

және Сен өлмей!

 

Жасанып,

жайнап қыз-көктем,

Жеңістің күні келгенде,

Айналдың әнге, ізге әпкем,

Күй болып қалдың пернемде.

 

Зеңбірек үні басылды,

Шалқыды қайта ән-күйлер.

Еншіңе сыйлап ғасырды,

Қазағың — халқың әлдилер.

 

Ел барда ешкім өлмейді,

Ән менен кектен сыр ұқтым.

Күйкілік үшін

келмейді

Боздақ пен Сені ұмытқым.

 

Бастай бер, баста, жан әпкем,

Ілесем, ерем артыңнан.

Атақ пен даңқты дәметпен —

Қыл шек боп тұрса бар тұлғам.

 

Шабыт қып сонда дәрменді,

Шарқ ұрсам, мұңды жеңердей.

Тұрыңдар басып пернемді,

Ол өлмей,

және Сен өлмей!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button