Ибадулланың кітабы

Өзі өмірден өткесін жиырма жылдан соң Ибадулла Сұлтановтың кітабы шықты. Оны шығаруға сексенің бесеуінен асып, шөбересінің қолынан су ішіп, Алла жазса, шөпшегін көруге де жақын қалып отырған ардагер журналист Кәдірбай Бекмағанбетов мұрындық болды. Бұл жерде мұрындық болды деген аз сөз, шын жанашырлық, адамшылық жасап, аянбай тер төкті. Елуден шыға беріп, тоқсаныншы жылдардың беймаза шағында көшіп-қонып жүріп, ауыр сырқаттан дүние салған, бала-шағалы адамда қандай мұқият сақталған жинақ болсын. Кәдекеңе жазушы-журналистің мерзімдік басылымдарда әр жылдарда жарияланған шығармаларын түгелдеуге тура келді. Кітапханаларда, мұрағаттарда сарылып отырып, сарғыш тартып, шаң басқан газет-журналдардың тігінділерін ақтарды. Сөйтіп жүріп, осы кітапқа екі повесін, он шақты әңгімесін, жиырмаға жуық очерк, фельетон, проблемалық мақалаларын енгізді. «Оралу», «Көне» повестері мен «Қара құлақшын», «Нұсқаушы қолбалама» атты әңгімелерін облыстық мұрағаттан таба алмағанына қынжылыс білдірді. Қаламгердің замандастарының, әріптестерінің, отбасының естеліктерін жинастырып кітапқа кіргізді. Ол кітапты баспадан шығару да оңай болған жоқ, жазушының туған жері Байғанин ауданына Ақтөбеден сан барып, жиі телефон шалып басшылардың қолдауына жетті, қаржы тапты. Ақыры толғағы ұзақ болған кітап баспадан шықты-ау әйтеуір. Бұған бәрінен бұрын, әкелері тіріліп келгендей, балалары Рухолла, Хафизолла, Өтеген, Ибрагим, Пернегүл, Әсел, Мейрамгүл, жары Ұрқия, келіндері мен немере-шөберелері мықтап қуанды. Сонау Байғанин ауданынан Ақтөбеге келіп мейрамханада кітаптың тұсаукесерін өткізді. Оған ат жетер жердегі Иекеңнің көзін көргендердің бәрін шақырды. Сол тұста іссапарда болып қатыса алмаған едім, балалар маған да кітаптың бір данасын беріп жіберіпті.
Кітапты қолыма алғанда, «Таң қараңғысы» деген атауының өзі көп жайды есіме түсірді. Мұны мен білетінмін, автордың ертеректе жазылған кең тынысты, көлемді тырнақалды шығармасы еді. Кітап осы повестпен ашылыпты. Марқұм бұл туындысының тарихын қызық қылып айтатын. Бала жасынан жетімдік көріп, бір шаңырақтың ауыртпалығын иығына артып, ерте үйленіп бала-шағалы болып, мал табу жолында өзі тұратын шаруашылықтың қара жұмысына күні-түні жегіліп жүрсе де, қолы қалт еткенде әдеби шығарма жазумен әуестенеді. Соның алғашқы нәтижесі — осы «Таң қараңғысы». Ол кезде қазақ қарпі бар машинканы аудан түгілі, облыс орталығынан іздеп табу қиын. Қолжазба күйінде, әлдебір үмітпен журналға жолдайды. Журналы — сол кезде 240 мың тиражбен шығатын «Жұлдыз». Талапкердің оған әңгімесі не новелласы жариялану жазушылыққа мандат алғанмен бірдей саналатын ол кезде. Талабы таудай Ибадулла соған анау-мынау емес, тұтас повесть ұсынған. Қызық болғанда, 1968 жылы ма екен, әлде бір-екі жыл әрі-бері ме, білмеймін, әйтеуір Алматыға қазақтың мемлекеттік университетіне сырттай оқуға түсуге талаптанып барса, әлгі шығармасы журналда жарияланып, қарсы алады. Қыр қазағының әдетімен әңгімені қыздырмалап айтатын әріптесіміз бұл оқиғаны отырыстарда майын тамызып, жиі ауызға алып отыратын.
— Повесть журналдың жартысын алып шықты. КазГУ-дың бас корпусының жанында «Есік» дейтін екі қабатты жұпынылау, арзанқол қонақүй болды. Сонда бір бөлмеде алты-жеті адам жатамыз, — деп бастайды әңгімесін. — Темір кереуетте шалқамнан жатып, жанымдағы адамдардың болмағанын күтетінмін. Жастығымның астында «Жұлдыз» журналы тығулы. Қалай адамдар бөлмеден шығады, солай журналды сурып алып, өзіме таныс жерді ашамын да, «Ибадулла Сұлтанов «Таң қараңғысы» деген жазуға жаңа көргендей телміріп қараймын да жатамын. «Осыны жазған шынында да мен бе?» деп өзіме-өзім сенбегендей әрі таңырқағандай күй кешемін. Әрі қарай бетін аудармаймын да, оқымаймын да, өйткені өзім көп илеген терідей қолымнан өткен дүние ғой, әр жолы көкейімде жатталып тұр. Біреу сырттан бөлмеге кіріп келе жатса, журналды жастығымның астына қайтадан тыға қоямын. Осындай күй кешіп жүріп, бір күні: «Болашақ жазушыға бұлай жата берген үйлеспес. Неге мен журнал редакциясына барып жігіттерге рақмет айтпаймын?» деген ой келді. Барып білсем, менің повесім сол кездің өзінде белгілі жазушы Қалихан Ысқақовтың қолынан өткен екен. Алайда ол тым қарапайым адам болып шықты, әңгімемді тыңдады да: «Повесіңді оқып риза болып отыр. Сен журналдың бас редакторы Шерағаңа -— Шерхан Мұртазаевқа кіріп, алғысыңды айтып шық» деп кеңес берді. Қалиханнан да басқа, редакция ішінде танысқан жазушы жігіттердің қолпаштағаны себеп болды ма, әлде «жазушылықтың» да желі бар ма, содан мен салып ұрып тура Шерханның өзіне кірейін. Сәлем бердім, қарсы алдындағы креслоға отырып кеңесін тыңдадым. Бірақ сондай көңіл күйде отырып, қоштасар жерде бұзылдым. Маған ағамыз бір түрлі риза болмай қалғандай көрінді. Кедейшілік, қол қысқалық жаман екен. Ресторанға шайға шақыра алмағаным есімде тұрды. Барар-бармас, бірақ айтуым керек сияқты көрінді. Совхоздың сырқылдақ жаман машинасын айдап жүрген шофердің қалтасы көтере ме мұны. Ағаның кабинеті де ат шаптырым дерлік кең екен. Шығып бара жатып, кейін қайырылып, қалшиып тұра қалып: «Аға, мен Сізге бата берейін!» деп қолымды жайдым. Содан әлгі тік тұрған күйімде, азуы алты қарыс Әлімнің ұрпағымын ғой, жерде де, көкте де емес жағдайда, бір күш көтеріп әкетіп, шабыт буып, тісім сақылдап, құдайдың құдіретімен батаны төгілтейін. Қанша айттым, білмеймін, бір кезде Шерхан оң қолын көтеріп: «Айналайын, рақмет! Осы айтқаныңның жартысына періште «әумин» десе, мен Абайдың қасына барып қалдым» деді. Сонда барып, есі кіресілі-шығасылы адам құсап кабинеттен шыға жөнелдім…
Иекеңнің осылай тарихын талай айтқан повесін кезінде оқығанмен, оның шеберлігіне ықылас қоймаған екенмін. Сірә, жастық-балаңдықпен аңғара қоймаған болуым керек. Енді мына кітаптың беташарында тұрған сол шығарманы қайталап оқып, соқталы жазушының жаңа дүниесін көргендей қайран қалдым. Кестелі тіл, оқиғаның өрбуі, кейіпкерлердің сомдалуы, диалогтардың берілуі, табиғат көріністерінің суреттелуі оқушысын еріксіз тамсандырады. Шығарманың өн бойында бір босаңдық, жасандылық жоқ, тұнған өмір.
Бұл жерде, мен өз әсерімді көп созбай, «Ибадулла қандай жазушы еді?» деген сауалға тірелгенде, дуалы ауыздылардың бағасына жүгінгім келеді. Оған жауапты да осы кітапқа жазылған шығарушының алғы сөзінен тапқандай болдым. Онда танымал қаламгерлердің жазушының алғашқы қадамында білдірген пікірлері берілген екен. Мәселен, сол кезде-ақ қара сөздің хас шебері Тобық Жармағанбетов: «Бабы келіссе, Ибадулладан шын жүйрік шығады» депті. Ал академик-жазушы, ғалым Зейнолла Қабдолов тіпті әрегеректе «Оралу» повесін оқып, жаңалығымен қуантты деген. Сырым батыр туралы көлемді романы үшін өткен жылы мемлекеттік сыйлық алған көрнекті жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев: «Ибадулланың барлық жазғандарын оқып үлгермедім. Оның «Ақайдар» атты әңгімесі тым-тәуір еді» деп баға берген.
Шашасына шаң жұқтырмай ерте суырылып шапқан жүйріктің қарауылға жете алмауына ерте үзілген тағдырдан да өзге, өз ғұмырында кедергілер аз болмағаны белгілі. Соның ең негізгісі — шығармашылық адамының қолын байлайтын күнделікті күйбең-тірлік, бітпейтін, мазасыз газет жұмысы. Ибекеңнің де облыстық газеттің үш аудандағы меншікті тілшісі болып журналистік қызметке араласуымен байланысты шығармашылық арғымағының тұсалғанын байқау қиын емес. Жалпы, жазушылық жолды ұстанған адам күнделікті қарбалас күйбең тірлігі көп мерізімдік газет жетегіне ұзақ жылдар жегілмеу керек. Алғашқы бес-алты жылда ғана пайдалы, одан әрі жазу мәнерін бұзады. Бұл менің пікірім емес, әлемдік дәрежедегі тұлғалы жазушылардың пікірі. Осы кітапта «Шынайылық шеңбері» деген әріптес ағасы туралы естелігі бар ақын, Қазақстан Жазушылар одағы —Шәкәрім Құдайбердиев атындағы сыйлығының лауреаты, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев: «Газет дегеніңіз ол заманда кәдімгідей айналма шекарасы бар шеңбер еді» деп жазады. Естелігін «Жұлдыз» бен «Мәдениет және тұрмыс» журналдары басқан бір повесть пен әңгімелерін үзбей жалғастыруға мүмкіндігі болмаған, газеттің қазанында ғана қайнаған ағамыздың ішінде қанша қазына кеткенін, әрине, білмейміз» деп түйеді. Мен де осы жолдармен ұзақ жылдар қызметтес, сыйлас-сырлас болып бірге жүрген әріптесім марқұм Ибадулланың «Таң қараңғысы» кітабы қақындағы мақаламның нүктесін қойып, оқырман алдындағы ғұмыры ұзақ болсын деген тілек айтамын.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.




