Шөберенің қолынан су ішкен

Даража әже бүгінде 87 жаста. 12 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген «алтын құрсақ» ана әлі де тың көрінді. Намазын қылады, шақырған той-садақадан қалмауға тырысады. Айтқан әңгімелері де әдемі. Балалары туралы сұрағанымда, оларды туған жылдары бойынша, туған күндеріне дейін жаңылыспай санамалап шықты. Бүгінде қырық шақты немере мен жиырма шақты шөбере сүйіп отырған Даража әженің өткен өмірі туралы ол кісінің өз аузынан естиік.
Мен өзі екі жарым жасымда әкемнен жетім қалыппын. Содан кейін анамыз басқа біреумен бас қосыпты. Әкем марқұм жуас адам болса керек. Бір күні Шалқар қаласының қасындағы бақшада жүрген біреулер түйесін ұрлап алып кетеді. Сосын түйесін іздеп жаңағы бақшаға барса, түйесінің үстіне біреулер жүк тиеп қойыпты. Содан сол жердегі бір орыс: «Мына түйе кімдікі?» — деп сұрайды. Еш нәрседен хабары жоқ әкем: «Менікі», — деп жауап береді. Орыс «сен неге түйеңе менің заттарымды артып алдың?» депті де, менің әкемді атып тастапты. Сөйтсе, менің әкемнің түйесін алып кетіп, оған қоса жаңағы орыстың заттарын ұрлаған кісілер қашып кеткен екен. Осылайша, әкем марқұм қайтыс болады.
Анамның есімі — Айсары Көздібайқызы. Жесір адамға күн көру қайдан оңай болсын, анам күн көріс қамымен нағашы жағынан жекжат болып келетін бір адаммен екінші рет тұрмыс құрды. Екінші әкемнің аты — Ысқақ Қожабеков. Қауылжырда тұрады екен. Анам екеуміз сонда көшіп бардық. Ысқақ әкем – марқұм, жақсы адам еді. Туған әкем болмаса да, маған ешқашан өгейлік көрсетпеді. Маңдайымнан сыйпап, өз қызындай өсіріп, тәрбиеледі. Мені мектепке беріп оқытты. Жетіжылдық мектепті бітіріп шықтым. Сол біліміммен Қауылжырда теміржолда «стрелочник» болып жұмысқа тұрдым. Жұмыс өте ауыр. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың сықырлаған аязына қарамастан, күн демей, түн демей теміржолдан өткен пойыздарға бағыт көрсетіп тұрасың. Мынау қыз бала екен деп қарайтын ешкім жоқ. Небір ауыр-ауыр жүктерді тиейсің де, түсіресің де. Уақыт солай болды ғой, өзі соғыстың кезі.
* * *
Соғыс біткен шақ. 1946 жылы. Бір күні бөшкемен жермай алып келу үшін Шалқарға бардым. Шаруамды бітіріп, жүк пойызына міндім. Ол кезде қатынас сол жүк пойызы арқылы болатын. Пойызға мен секілді көп адам мінді. Екі ер адам қатарласа мінген болатын. Көптің бірі болар деп, оларға көңіл бөле қоймағам. Сол екі адам маған жақындап, өз шаруаларын айтты. Біреуі соғыстан келген екен.
— Сенімен тұрмыс құрғым келеді, өзіңде билігің бар ма? — дейді.
— Мен дым да білмеймін, бәрін әкем шешеді, — деп жауап бердім.
— Әкең шешсе, онда біз ол кісінің разылығын алып алдық, — деп мәз болады екеуі.
Сөйтсем, пойызбен әрлі-берлі өткен кезде, болашақ жұбайым Дүйсен Есқожин стрелочник болып жұмыс жасайтын мені сыртымнан көріп қойған екен ғой. Жұрт арқылы кімнің қызы екенімді сұрастырып біліп алғаннан кейін, үйімізге әкеме іздеп барып, ол кісінің алдынан өтеді. Шаруаларын бітіріп алғаннан соң маған келіп тұр екен. Қасында ертіп жүрген адамы Өмірзақ деген нағашысы болып шықты.
Ал әкем болса:
— Қызым, мына жұмыс ауыр, оны тастап осы кісіге тұрмысқа шық. Бұл кісі өзі соғысқа барып келіпті, қалай болғанда да өмір көрген адам ғой. Сені асырайды, — деді. Анам да ерінің айтқанынан шықпайды. Әкеміз не айтса, сол біз үшін заң болатын. Не керек, содан әкем бір лағын сойып, жолаяғын жасап мені ұзатып жіберді гой.
* * *
Ақтоғай ауылына келін болып бардым. Жалғыз енем бар екен үйде. Жаңа түскен келін болып отыратын кез емес ол уақыттары. Тоғайға барып, отын үшін тал шабасың, далада малға шөп орасың. Оларды арбаға тиеп үйге тасисың. Әрине, бәріне де шүкіршілік етеміз. Оқуын да оқыдық, байына да тидік. Сол 1946 жылы қараша айында отбасын құрсақ, бір жыл өткеннен соң 1947 жылы қараша айында алғашқы нәрестемді дүниеге келді. Барлығы он екі құрсақ көтердім. Ең алғаш дүниеге келген — Сара деген қызым. Жалпы, ауылда медбике болса да, балаларымның барлығын үйде босандым. Өйткені үйде енем бар. Мен ауруханаға кетсем, ол кісі үйде жалғыз өзі қалып қояды ғой. Оның үстіне ол уақытта босанған әйелдің ауруханада он-он екі күн болуы тиіс. Енеме үйдің шаруаларын жасау қиын болады деп уайымдаймын. Біз үлкендер не айтса, қарсы шықпастан солардың айтқандарына көнетінбіз. Біз отау құрғаннан кейін енем марқұм бізбен жиырма жыл бірге тұрды.
* * *
Құдай нәсіп етіп, он екі баланы дүниеге әкеліп, өсірдік. Мектепті бітіргесін ешқайсысына бөгет болғанымыз жоқ. «Барыңдар, оқыңдар, өсіңдер!» — дедік шалымыз екеуміз. «Бала көп-ау, оларға қалай жеткіземіз, оларды қалай өсіреміз?» — деп қиналып, мұңайғанымыз жоқ ешқашан. Барлығы ержетіп, өмірден өз орындарын тапты. «Мұрындарынан боқ ақпайды, бір-бірімен төбелеспейді, қандай тату, жақсы балалар», — деп ел-жұрт таңғалып, мақтайтын еді. Сол жұрттың тіл-көзі өтіп кетті ме, үш балам қатарынан қайтыс болды. Алдымен Бақытқали деген балам кісі қолынан қаза тапты. Оның қазасын уайымдап, үлкен ұлым Аманғали да дүниеден ерте кетті. Кенжеғали деген балам «темірден түйіншек түйген» өте шебер жан болатын. Ол да кенеттен дүние салды. Тағы бір балам кішкентайынан шетінеп кеткен-тұғын. Қалған ұл-қыздарым аман-есен. Жапырақтары жайылып, ұрпақтары өсіп-өнуде. Қарап отырсам, қазір 40-қа жуық немерем мен 20-ға жуық шөберем бар екен. Мен бақытты болмай, кім бақытты болады. Осылардың аман-саулығын тілеп отырамын.
P.S. Әрине, шөбересінің қолынан су ішкен тек Даража әже ғана емес. Шүкір, қазақта көпбалалы атанған «алтын құрсақ» аналарымыз жетерлік. Олар өз замандарына сай өмір сүрді. Олардың ерлігі — маңдайына жазылғанға көніп сабыр етіп, жоқ болғанға мойымай, бұйырғанға шүкір ете білулері.
Қуат МҰҚТАР.



