Білім

ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек? 

Биылғы ҰБТ-ның ешқандай ерекшелігі жоқ. Бұған дейінгі өткізілгендегідей талап пен тәртіп, бақылау мен қадағалау күшейтіледі.

Биылдан бастап, Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарында тестілеу өткізілетін пункттер ашылады. Бұған дейін аталған аудандардың түлектері Ақтөбе қаласындағы тестілеу пункттерінде емтихан тапсырған болатын.

Біз ұлттық бірыңғай тестілеуге түлектердің әзірлігі туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен сөйлескен едік.

 

 

12-сынып: 3 мектеп. 23 түлек

 

Биыл 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша эксперимент алаңдарында білім алып жатқан 23  түлек мектеп бітіреді. Бұл — Ақтөбе қаласындағы  №24 лингвистикалық мектеп-гимназия, Мұғалжар ауданындағы Сағашилі орта мектебі, Мәртөк ауданындағы №1 мектептің  оқушылары. 12-сыныпта оқып жатқан 23 түлек те ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріпті.

Олар оқу жылының басында өткізілген бақылау тестілеулерде төмендеу балдар алғанмен, соңғы ұйымдастырылған сынақтардағы көрсеткіштері жақсы, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Облыс бойынша жалпы 6 эксперимент алаңы бар. Олар: Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназия, №51 мектеп-гимназия, Мұғалжар ауданындағы Сағашилі орта мектебі, Мәртөк ауданындағы №1, Шалқар ауданындағы №1 және  Алға ауданындағы №3 мектептер.

Жалпы биылғы оқу жылында 6372 түлек мектеп бітіреді.

 

Үш ауданға — үш пункт 

 

Бұған дейін Алға, Қарғалы, Мәртөк ауданының түлектері тестілеу тапсыру үшін ат арытып, облыс орталығына келетін. Әрине, оқушылардың өмір қауіпсіздігін сақтау үшін барлық жағдай жасалады. Мемлекеттік автомобиль инспекциясының қызметкерлері жол бастап, тасымал ұйымдастырылады. Балалар медицина саласының мамандарының да бақылауында болады. Оқушылардың орналасатын жері де дайын.

Дегенмен емтихан тапсыруға әр баланың өз үйінен келгеннің жөні бөлек. Қобалжыған көңіл күйдегі түлектерге жол жүру оңай емес.

Өткен жылы Қарғалы ауданының түлектері тестілеу тапсыру үшін екіге бөлінді. Бір тобы Ақтөбеде, екінші тобы Хромтау қаласында тапсырды.

Биыл облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің облыс жұртшылығымен есеп беру кездесуінде Мәртөк ауданының ата-аналары тарапынан аудан орталығынан тестілеу өткізетін пункт ашу туралы өтініш айтылған болатын. Соған байланысты облыс әкімдігі Білім және ғылым министрлігіне Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарында тестілеу пункттерін ашу туралы ұсыныс жасады.  Мұндағы басты мақсат — балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тестілеу тапсыратын түлектер үшін қолайлы, ыңғайлы жағдай жасау, — дейді бөлім басшысы.

Білім және ғылым министрлігі облыстық әкімдіктің ұсынысына қолдау білдіріп, Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарында тестілеу пункттерін ашуға бұйрық шығарыпты. Қазір аталған үш ауданда тестілеу пункттері қай мектептерде өткізілетіні анықталды. Бұл пункттер — Алға қаласындағы Пацаев атындағы №2 мектеп, Бадамша ауылындағы №2 мектеп (Қарғалы), Мәртөк ауданындағы №2 мектеп-гимназия. Тестілеу ұйымдастыруға жауапты мамандар да бекітілген. Гүлжан Құлыбекқызының айтуынша, қазір жергілікті бюджеттерден тестілеу пункттерін ашуға қаржы бөлініп жатыр. Қаражатқа пунктке қажетті заттар, бейнебақылау қондырғылары, ұялы телефондардың дыбысын тоқтататын құралдар  сатып алынады. Бұған дейін ашылған  пункттердің барлығы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған.

Бұл үш ауданның да түлектерінің саны пункт ашуға жеткілікті. Алға ауданында 352 оқушы, Мәртөк ауданында 257 оқушы, Қарғалы ауданында 126 оқушы  мектеп бітіреді.

 

Білім сапасы қандай? 

 

ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген оқушылардан өтініштер 10 наурыздан бастап қабылданып жатыр. Сәуірдің 25-і күні өтініш қабылдау аяқталады. Тестілеуге қатысып, қатыспауға әр түлек ерікті. Дегенмен «Алтын белгі», үздік аттестаттардан үміткерлер және биыл жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіретіндер үшін тестілеу тапсыру міндетті.

6372 түлектің 5051-і (79,3 пайыз) сынақ тестілеуге қатысып жүр.

Оқу жылының басында қыркүйек, қазан, қараша айларында алынған тест қорытындысында орта көрсеткіш небары 64-65 балл болды. Дегенмен қаңтар айында өткізілген тестілеу қорытындысында өсу көрсеткіші бар: 74,4 балл.

Қобда (95 пайыз), Алға (91,8 пайыз) аудандары мен Ақтөбе қаласындағы мектептердің  (91,4 пайыз) түлектерінің тестілеуге қатысуы жоғары. Әйтеке би, Темір, Ырғыз аудандарындағы түлектердің сынақ тестілеуге қатысуы төмен. Әсіресе, Әйтеке би  мен Темір аудандарындағы оқушылардың  тең жартысы, жартысына жуығы бақылау тестілеуге қатысқан жоқ, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Орта балл жөнінен Ойыл, Хромтау, Қобда, Шалқар аудандарының және Ақтөбе қаласының түлектерінің көрсеткіштері жақсы.

Темір ауданының түлектері ай сайынғы сынақ тестілеудің бәрінен де төмен балл алып жүр. Мысалы, қаңтар айында орташа 55,9 балл алды. Мұның бәрі дайындықтың төмендігін көрсетеді, — дейді Гүлжан Құлыбекова. Оның айтуынша,  пәндер бойынша орта балл — математика, физикадан төмен.

 

 

 

Білім: Ертең халықаралық зерттеулер басталады

 

Биыл еліміздегі кейбір білім беру ұйымдары үш халықаралық зерттеуге (TIMSS, PISA, PIRLS) қатысады. Білім сапасын анықтауды мақсат тұтқан бұл сынақтар біздің облыста ертең өткізіледі. Онда облыстағы 27 білім беру мекемесінің оқушылары бақ сынайды.

Білім беру деңгейі бойынша әлемдік табель халықаралық салыстырмалы зерттеулердің қорытындысы негізінде жасалады. Бұл зерттеулердің қорытындысы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру процесінде де маңызға ие. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын одан ары дамыту қажеттілігін тапсырған болатын.

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Осыған байланысты Қазақстан оқушылары  TIMSS, PISA, PIRLS халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысуда.

TIMSS, PISA  зерттеулері бойынша облыстағы 15 жастағы бала бар барлық мектептер мен колледждер ұсынылды. PIRLS зерттеуіне 4-сынып оқушылары қатысады. Біз ұсынған білім беру ұйымдарының арасынан шетелдік мамандар кездейсоқ іріктеу тәсілімен 27 білім шаңырағын таңдады. Сынақ тапсырмалары шетелде дайындалады. Жұмыстар республика бойынша жинақталып, шетелге жіберіледі. Қорытындысында Қазақстан білім беру ұйымдарының көрсеткіші анықталады. Қазақстандық зерттеушілер қорытындыны тағы да зерттеп, облыстардың деңгейін анықтайды, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Республиканың білім жүйесін дамыту үшін халықаралық салыстырмалы зерттеулердің маңызы зор. TIMSS халықаралық зерттеуінің негізгі мақсаты — әртүрлі елдердегі білім жүйесі мен орта мектеп оқушыларының жаратылыстану-математикалық дайындық деңгейін салыстырмалы бағалау және осы дайындық деңгейіне әсер ететін факторларды анықтау. Бұл зерттеу 4 және 8-сынып оқушыларының математика мен жаратылыстанудан білім сапасын бағалайды. Жоба үш жылда бір рет өткізіледі.

Қазақстан алғаш рет TIMSS зерттеуіне 2007 жылы қатысты. Әлемнің 59 елінің 425 мыңдай оқушысы қатысқан бұл зерттеуде қазақстандық оқушылар математика бойынша 5-орын, жаратылыстанудан 11-орын алды. Жалпы есеп бойынша еліміз 7-орынға ие болды.

PISA зерттеуі 1997 жылдан бастап әр үш жыл сайын ұйымдастырылады.  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) бұл зерттеуді 15 жастағы оқушылардың кітап оқу, математика және жаратылыстану саласындағы сауаттылықтарын бағалау мақсатында жүргізеді. Әлемнің 65 елі қатысқан PISA зерттеуіне Қазақстан алғаш рет 2009 жылы қатысты.

PIRLS зерттеуі — бастауыш сынып оқушыларының мәтінді оқу және түсіну сапасын зерттеуге арналған. Бұл халықаралық жоба бес жыл сайын өткізіледі (2001, 2006, 2011, 2016). Биыл бұл жоба бойынша апробациялық зерттеу ұйымдастырылады, ал 2016 жылы негізгі зерттеуі өткізіледі.

Әлемнің 50-ден астам елі қатысатын зерттеуде біздің облыстың үш мектебінің оқушылары бақ сынайды. Бұл мектептер — Ақтөбе қаласындағы №51 гимназия, Қандыағаш қаласындағы №2 орта мектеп (Мұғалжар ауданы) және Қарғалы ауданындағы Ащылысай орта мектебі, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Зерттеу кезінде оқушылардың білім жетістігімен қатар, бағдарламаға қатысатын елдердің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беретін факторлар қарастырылады. Бұл жиынтық сұрақтар қорытындысында оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудан бастап, отбасында баланың дамуына қажетті жағдай жасауға кешенді баға беріледі.

 

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button