Мереке

Бізге жеткен бабадан  

Бүгінде Наурыз мерекесі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2010 жылдың ақпан айында өткізілген 64-сессиясында 21 наурыз — Халықаралық Наурыз күні деп жарияланды.

 

Көрісу — Наурыздың басы

 

Әлі есімде. Сол күні әкеміз бізді, балаларын әдеттегіден ертерек оятатын.

  • Тұрыңдар, балаларым, бүгін — «көрісу», — дейтін.

Содан тұра сала, алдымен әкеміз бен анамыздан бастап үйдегілердің барлығымен қосқолдап кезекпен көрісіп шығамыз. Әкеміз бен анамыз «Жасың құтты болсын!» деп алғыстарын білдіреді. Сол күні әулетіміздің «қарашаңырағын» ұстап отырған әкеміздің кенже інісінің үйіндегі әжемізге барып, содан кейін ретімен басқа да ағайын-туыс пен көрші-көлемдерді аралап, көрісіп шығамыз. Үлкендер де бізді құр жібермейді. Алғыстарын айтып, ақ баталарымен қоса қолымызға бауырсақ, тәтті, тоқаш ұстатады. Ата дәстүрімен көрісе келген бізге үлкендер жағы мәз болса, біздер, балалар қолымызға тиген тәтті-тоқашқа мәзбіз. Наурыздың 14-і күні басталатын осы бір мерекелік абыр-сабыр айдың соңына дейін жалғасатын.

Бұл мерекеден үлкендер жағы да құр қалмайды. Олар да бір-біріне көрісе баратын. Ағайындардың басы қосылған сәтте абысындар да өзара бір-бірімен төс түйістіре құшақтасып, мәре-сәре болады. Келген қонаққа соғымнан сақтап қалған сүр еттің тәттісін асады.

Ауылдағылардың көрісуге маңыз беретіні соншалық, басқа ауылда тұратын жасы үлкен туысы немесе құда-жекжатына көрісіп қайту үшін арнайы жұмыс қылып жолға да шығады. Әскери борышын өтеп келген немесе қаладағы оқуынан демалысқа келген жастардың ауылдағы ең бірінші міндеті — ағайын-туыс пен көрші-көлемді аралап, көрісіп шығуы керек. Әйтпесе жасы үлкендер «дәстүрді білмейсің бе?» деп ренжиді. Бұл дәстүр ауылда әлі де бар.

Біз үшін наурыз мерекесі осы көрісуден басталатын. Кешегі кеңестік дәуірде ескінің сарқыншағы деп Наурыз мейрамын қанша жерден халықтың жадынан сызып тастауға тырысқанымен, негізінен Қазақстанның батыс облыстарында атап өтілетін көрісу ел ішінде ешқашан ұмыт қалған емес.

 

Түркіге ортақ мереке

 

Парсыша «нау» (жаңа) және «рыз» (күн) деген буындардан құралған Наурыз мерекесі — түркілердің ежелден келе жатқан мейрамы. Әлбетте, наурызды түркітілдес халықтардан басқа парсылар мен Қап тауын мекендеген кейбір ұлттар да тойлайды. Десек те, қысқы ұзақ ұйқыдан кейін жаңарып, түлеген табиғаттың құбылысын далада өскен түркі халықтары елден ерек сезе білді. Бұл мезетте бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан-жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Сол себепті, түркінің бір тармағы халқымыз: «Әз (Наурыз) болмай, мәз болмайды» деген екен.

Бүгінгі күні ресми мәртебеге ие Наурызды Қазақстанды мекендеген барлық ұлттар ел болып, бірге тойлайды. Ежелгі бабасынан қалған және бүкіл адамзатқа ортақ мұра мәртебесіне ие болған бұл мерекеге, әрине, түркітілдес халықтардың ерекше маңыз беретіні белгілі.

— Наурыз — көктемнің келуі, жаңа жыл. Әрине, өзбектер де наурызды басқа түркітілдес халықтар секілді тойлайды. Мерекелік дастарқан жайып, көңіл көтереді. Ұлттық ойындар ойналады, — дейді қаламыздағы «Согдиана» өзбектердің этномәдени орталығының директоры Асатолла Исматоллаев.

Өзбектерге тән ерекшелік — «сүмәләк» деп аталатын наурыз мерекесіне арналған астың дайындалуы. Сүмәләкті үлкен қазанда дайындайды. Оны ұн мен бидайдың көктеп шыққан сабағын араластырып қайнатып, арнайы дәм келтіргіштерін қосады.

Бидайдың жаңадан көктеп шыққан сабағын өзбек халқы өмірдің, жылылықтың, молшылықтың және денсаулықтың символы деп біледі. Сонымен қатар, сүмәләкті дайындау кезінде дәстүр бойынша көңіл көтеретін әзіл әндер айтылып, күлкілі оқиғалар баяндалуы тиіс. Сүмәләк күйіп кетпеуі үшін қазанға бірнеше тас немесе грек жаңғағы салынады. Бұл асты жеу кезінде ыдысына тас немесе жаңғақ түскен адамның ойлаған арманы міндетті түрде орындалатын көрінеді.

— Бұрынырақта татарлар да наурыз мерекесін тойлаған. Тойлауды ақпан айында бастаған. Көктем мерекесін алдымен бай-манаптар бастайды. Содан кейін бай болмаса да, оқып-тоқыған ғалым-мұғалім секілді орта топтар жалғастырған. Ең соңында қарапайым шаруалар наурызды атап өткен. Ресейдің отары астына өтіп, бір бөлігі шоқынып кеткен татар халқының мәдениеті де өзгеріске ұшырады. Сол секілді ілкіде тойланып келген Наурыз мерекесі ұмыт қалып, оның орнын Сабантой басты, — дейді «Шатлық» татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығының басшысы Равиль Курбангалиев.

Түбірі қазақша мағынасы соқа дегенді білдіретін сабан сөзінен шыққан Сабантой — көктемгі егіс егу жұмыстары аяқталған кезде ұйымдастырылатын мереке (бүгінгі күні сабантой мерекесі күзгі егін жинау маусымы аяқталған кезде де тойланып жүр). Бұл мереке кезінде татар мен башқұрт ұлттарының ұлттық ойындары ойналып, дастарқан жайылады. Қарап отырсақ, бұл мерекенің де табиғат жаппай жаңаратын көктеммен, көктемгі егін егу науқанымен байланысын көреміз.

— Бұл кезде жер жаңарады, көк шығады. Сондықтан ұйғырлар үшін Наурыз — жаңа жыл, жаңа күн, яғни жаңарудың бастауы болып есептеледі. Бір-біріне сәлем беру, бір-бірін қонаққа шақыру, ренжіскен адамдардың бір-бірін кешіруі секілді дәстүрлер ұйғырларда да бар, — дейді Ақтөбедегі ұйғырлар ұлттық-мәдени орталығының басшысы Тилапжан Ибрагимов.

Наурыз көже секілді жеті түрлі нәрседен дайындалатын тағам ұйғырларда да бар көрінеді. Бұл халық та басқа түркітілдестер секілді мерекелік шара өткізіп, ұлттық спорт түрлерінен бәйгелер ұйымдастырады. Бір қызығы, қазақтың «көрісуіне» ұқсас дәстүр ұйғырларда да бар болып шықты. Наурыз айы кірген шақта ұйғырларда да жас балалар өлең айтып, әрбір үйді жағалайды екен. Сол кезде үй иелері өлең айтып келген балаларға рақмет айтып, сыйлықтар береді.

Ал әзірбайжан халқы наурызға дайындықты қыс бітпей жатып бастап кетеді. Олар мейрам келместен бұрын төменде берілген төрт сәрсенбіні атап өтеді:

– су сәрсенбісі;

– от сәрсенбісі;

– топырақ сәрсенбісі;

– ақырғы сәрсенбі.

Аттары айтып тұрғандай, халықтың сенімі бойынша, бірінші сәрсенбіде тоқтап тұрған су қозғалып, жаңарады. Екінші аптада от, үшіншісінде — топырақ, яғни жер жаңарады. Соңғы төртінші аптада — ағаштар бүршік жарып, көктем келеді.

— Әзірбайжандар үшін наурыздың ажырамас атрибуты — «семени» дайындау. Бір ай бұрын бір ыдыстың ішіне шамалы су құйып, оған бидайдың тұқымы салынады. Бір ай өткен соң судағы бидай көктеп, сабақ бере бастайды. Дәстүр бойынша, осы семени мерекелік дастарқанға міндетті түрде қойылуы тиіс, — дейді «Әзірбайжандар ассоциациясы» республикалық қоғамдық ұйымы Ақтөбе қаласындағы филиалының директоры Шахбаз Джамалов.

Мереке күні әзірбайжандар ерте тұрады. Мүмкін болса, жақын жердегі өзенге немесе бұлақтың басына барады. Сол жерде жуынып-шайынып, бір-біріне су шашады. Су — тазалық пен жаңаның белгісін білдіреді. Әзірбайжан халқының Наурызды тойлау кезінде жасайтын өзге бір ерекше ісі — алаңға арнайы от жағып, лаулаған алаудың үстінен секіру. Халық сенімі бойынша, ескі жылдан қалған жамандық пен қиыншылықтар алаудан секірген кезде отқа жанып, өртеніп жоқ болып кетеді екен.

Байқап отырсақ, мекендеген жері мен тұрмыс-тіршіліктеріне байланысты түрлі элементтермен толыққанымен Наурыздың негізгі идеясы — жаңа күн, жаңа мезгіл, жаңа жылды қуана қарсы алу күллі түркі жұртына ортақ.

Қуат МҰҚТАР.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button