Мереке

Спортшы оқырмандар мерекесі

Өткен сенбіде «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері спортшы оқырмандарына қуаныш сыйлады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтырумен айналысуды насихаттау мақсатында шаңғышылар жарысын ұйымдастырды. Кірпішті ауылында орналасқан қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында шаңғышылар арасында екі газеттің дәстүрлі турнирі өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерін анықтады.

Жарысқа Ақтөбе қаласының және Қобда, Қарғалы, Шалқар аудандарының спортшылары қатысты.

Алдымен жарыс жолына 12-13 жастағы қыз балалар шықты. Жанкүйерлер мен жаттықтырушылар Ақтөбе қаласындағы 41 орта мектептің оқушысы Мәдина Бауыржанова бірінші келеді деп алдын ала топшылап қойды. Өйткені Мәдина өткен жылы құрбыларынан оқ бойы озық келген еді. Алайда сәтсіздік дегенді қойсаңшы, Мәдина алға ұмтылған кезде соқтығысып құлап қалды. Тіпті аяғындағы шаңғысы шешіліп қалды. Шаңғыны аяғына қайта киіп алға ұмтылған ол қарсыластарын бірте, бірте басып оза берді. Өкінішке қарай, тағы да құлап қалды. Тағы да алға ұмтылды. Мәреге жақындағанда екпінін үдете түсті. Ал алдыда қобдалық Аделя Сафарова бірінші келе жатыр еді. Мәдина Аделяға сәл ғана жете алмай, жарысты екінші орынмен аяқтады. Жеңіске деген жігер деп, міне, Мәдина секілді спортшылардың қайсарлығын айтса керек! Ал өткен жылы үшінші орынмен шектелген Аделя биыл жеңімпаз атанды. Үшінші орынды бадамшалық Ирина Мороз иеленді.

Бес жас ерекшеліктері бойынша өткен бәсекенің қай-қайсысы да қызықты болды. 18 жастан 40 жасқа дейінгілер арасында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Алтынай Кубаева әп дегеннен қарсыластарынан қарасын көрсетпей кетті. Алтынай мәре сызығын зуылдатып қиып өткенде, өзгелер алыста қалды. Осылайша, спорт шеберлігіне кандидат Алтынай Қазақстан құрама командасының мүшесі екенін тағы бір дәлелдеп берді. 40 жастан жоғарылар арасында Валерий Григорьев бірінші орынды иеленді. Бір айта кетерлігі, Валерий Григорьев 62 жаста. Соған қарамастан ол өзінен 15-20 жас кіші спортшылардан бұрын келді. Қысқы спорт түрлері бойынша ОБЖСМ директоры Тұрғанбай Аймағанбет Григорьев осы жасқа келсе де шаңғысын әлі күнге шешпей келе жатқанын, осылайша жастарға үлгі болып жүргенін айтып берді.

Турнир қорытындысында Қобда ауданының шаңғышылары жақсы көрсеткіш көрсетті. Қобдалықтар екі бірінші, екі екінші, екі үшінші орынды иеленді. Қарғалы ауданының екі шаңғышысы үшінші орын алды. Ақтөбе қаласына қарасты Өрлеу (бұрынғы Россовхоз) орта мектебінің жас спортшыларын ерекше атап өту керек. Бұл мектептің төрт спортшысы жеңімпаз атанса, төрт оқушысы екінші-үшінші орындармен марапатталды.

Қобда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қайрат Сейловты сөзге тартқан едік.

— «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін жарысқа үнемі қатысып жүрміз, — дейді Қайрат. — Жыл сайын жас спортшыларымыз жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Шаңғышыларымыз облыс бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біздің негізгі қарсыласымыз Мәртөк ауданының спортшылары еді. Биыл олар қатыспай қалды. Өкінішті.

Қайрат Сегимов Қобдада мектепте оқып жүрген кезінен бастап қысқы және жазғы президенттік көпсайыстар бойынша бірнеше мәрте облыс чемпионы атанған. Республикалық жарыстарда облыс намысын қорғаған. Шаңығдан 1 разрядты спортшы. Енді ол кенжелеу дамып отырған қысқы спорт түрлері бойынша спортшылар даярлауға өз үлесін қосып келеді.

Жарысқа қатысқандар арасынан шалқарлық Әлібек Пұсырмановтың зор ынтасын айта кеткен жөн. №6 Шалқар орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әлібек бұл жарысқа өз қаражатымен келген.

— Біздің үй «Ақтөбеге» де, «Актюбинский вестникке» де жазылды. Ал газет жүлдесі үшін жарысқа бірінші рет келіп тұрмын, — дейді Әлібек Пұсырманов. — Жарысқа қатысуға жұмыстан босатып, рұқсат бергені үшін мектеп директоры мен аудандық білім бөлімінің басшылығына рақметімді айтамын. Турнир жүлдегері атана алмадым, бесінші орынмен аяқтадым. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік. Алдағы жылдары турнирге жақсылап дайындалатын боламын.

Әлібек грек-рим күресінен спорт шеберлігіне кандидат. Бірнеше рет республикалық турнирлерде жеңімпаз атанған. Кейін қысқы және жазғы спорт түрлерімен айналыса бастады. Жеңіл атлетикадан президенттік көпсайыста облыс біріншілігінде үшінші орын алды. Қазір жас спортшылар даярлап жүрген Әлібекке сәттілік тілейміз.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Мирал Жармұхамбетов «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның арнайы сыйлықтарын тапсырды. Жарысты ұйымдастыруға көмек көрсеткендері үшін қысқы спорт түрлері бойынша ОБЖСМ директоры Тұрғанбай Аймағанбетке, жаттықтырушы Нұрлан Бірмановқа, облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Владимир Кореньковқа алғыстарын білдірді.

Жарысқа қатысқан шаңғышылар айтқандай, бұл күн үлкен спорт мерекесіне айналды.

Бердібай КЕМАЛ.

 

 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

 

12-13 жас

Қыздар

1.Аделя Сафарова (Қобда)

2.Мәдина Бауыржанова (41 ОМ)

3.Ирина Мороз (Бадамша)

Ер балалар

1.Әли Бақтыбаев (Өрлеу ОМ)

2.Нұртас Төлегенов (Ақтөбе 41 ОМ)

3.Батыржан Демеужан (Ақтөбе 41 ОМ)

 

14-15 жас

Қыздар

1.Ольга Дуля (Қобда)

2.Сабина Бабаниязова (41 ОМ)

3.Айгерім Егінбай (Қобда)

Ер балалар

1.Бекзатхан Нұрхайдаров (Ақтөбе 18 ОМ)

2.Рысбек Құдайбергенов (Өрлеу ОМ)

3.Нұрдәулет Қуанышбай (Өрлеу ОМ)

 

16-17 жас

Қыздар

1.Айдана Мұханбетиярова (Өрлеу ОМ)

2.Алтынай Нарекова (Ақтөбе 41 ОМ)

3.Маргарита Ледовская (Қобда)

Ер балалар

1.Ерхан Сералин (Өрлеу ОМ)

2.Бауыржан Жетібаев (Қобда)

3.Владимир Яков (Бадамша)

 

18 жастан жоғарылар

Әйелдер

1.Алтынай Кубаева (Төтенше жағдайлар департаменті)

2.Ақгүл Егінбай (Қобда)

3.Надежда Любина (М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті)

Ерлер

1.Самғат Салават (Өрлеу)

2.Амангелді Дайрабаев (Өрлеу)

3.Руслан Әлішев (Өрлеу ОМ)

 

40 жастан жоғарылар

Әйелдер

1.Роза Қанапина (М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті)

2.Елена Дема (М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті)

Ерлер

1.Валерий Григорьев (Ақтөбе қаласы)

2.Марат Исбусинов (Төтенше жағдайлар департаменті)

3.Әділбек Биисов (Төтенше жағдайлар департаменті)

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button