Мәдениет

Біз көрген Қуан аға  

 

21 наурыз — Қуандық Шаңғытбаевтың туған күні

Ақын осыдан 90 жыл бұрын дүниеге келді

 Мен Ырғыз ауданында, сол ұлы өзеннің жағасындағы Шабаған деген жерде, қадым заманнан бері ата-бабаларымыздың құтты қонысы болған, киелі зираттары жатқан көне жұртта дүниеге келдім.

Алайда өмірімнің қырық үш жылы Қарабұтақта өтті. Осында жар тауып, шаңырақ көтердім, балаларымның бәрі осы ұядан түлеп ұшты. Азамат қатарына қосылған жерім де, өмірдің ұлы мектебінен өтіп, абырой биігінен көрінген мекенім де — Қарабұтақ топырағы.

Сексеннің сеңгіріне көтерілген бүгінгі менің сезімім қазақ ұлтының мақтанышына айналған дегдар ақын Қуан ағаның — Қуандық Шаңғытбаевтың сезіміне ұқсас:

Күлуші еді  «Күңіреншек деп Шал адам»,

Кешір мені Жарөткел мен Шабаған!

Сағынады шабағын да Ырғыздың

Шырқап бүгін шалғай кеткен шағалаң! —

демеуші ме еді ол!?

Жарөткел екеу: бірі — Ырғызда, Шабағаннан үш шақырымдай жер. Шабаған — Қуандық ағамыздың балалық, бозбалалық дәурені өткен жері. Бұрындары сарқырап аққан су дыбысы ертеңгілік-кешкілік біздің ауылға жетіп жататын. Сол Жарөткелдің сарқырап ағып жатқан тар қыспағына ауыл адамдары жазда талдан морда салып, көп балық алатын. Ақбалығы мен шабағы өте семіз болатын. Өз майына шылап, табаға қуырылған балық дәмі әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Қазір Жарөткел бұрынғыдай емес, арнасы өзгерген бе, ағысы естілмейді.

Екінші Жарөткел — Қарабұтақта. Жарөткел — ЬІрғыз өзенінің Қарабұтақ түбінен өтер тұсындағы кәрі өткел. Ата-бабаларымыз жерді өзінің табиғи жаратылысына байланысты дәл атаған ғой. Жарөткелдің ауылға шығар жағы тікжарлау болатын. Өзеннің арғы бетіне мәшине мінген жолаушы да қиналыңқырап шығатын еді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Ырғыз өзенінен көпір салынғанша, бүкіл Орта Азияға жолаушылар қатынасы, жүк тасымалы осы өткел арқылы өтетін!

«Қазақстанның 15 жылдығы» ұжымшары іріленіп, кеңшарға айналғаннан кейін 1-ферма атанған шағын ауыл бұрын осы өткелдің атымен Жарөткел деп аталған. Қуандық ағамыз осы өткелді күніне бірнеше рет кешіп өтіп, суына шомылған, шабағына қармақ салған. Жарөткел — Қуандық ағамыздың туған ауылы, кіндік кескен жері. Қуандық ағамыздың Ырғыз өзенінің екі басын, балалық шағы өткен Шабағанды, туған ауылы Жарөткелді бірге жырға қосатыны сондықтан.

Менің сезімімнің ақын сезімімен туыстас, ұқсастығының себебі де сол.

Мен де Шабаған мен Қарабұтақты тең сүйіп, бірдей аңсаймын. Осы екі жұртты тіпті де ажыратып, бөлектегім келмейді. Мен үшін екеуі де қадірлі. Екеуі де мен үшін арғы бабаларымыздан бастап, бүгінгі балаларымызға құтты қоныс болып келе жатқан байтақ өлке, киелі мекен.

Қуандық ағамыздың атасы — Шаңғытбай бай болған. Меккеге барған, қажылық атақ алған кісі. Шаңғытбай 1933 жылы қайтыс болып, осы                                                                                                                                                                                                                                                                                    күнгі Сары ишан қорымына әуелі Шаңғытбай атамыз жерленген. 1934 жылы

Сары ишан қайтыс болады. Сары ишан ауырып жатқанда, баласы Әбдіғаниға

айтыпты: «Мені Ыскөлге мешітке апарам деп әуреленбе, мына өзеннің

жағасындағы Шаңғытбай қажының касына қой, сол жерден топырақ бұйырған шығар», — депті. Қайтыс болған соң Әбдіғани «Өлінің айтқанын тірі

істей ме» — деп, мешітке апарып қоям, таңертең жүрем деп отырғанда, ертеңгісін тұрса, қар жоқ, еріп кетіпті. Марттың іші болса керек. «Ой, Құдайға қарсы болған екенмін ғой, атам білген екен», — дейді де, Шаңғытбайдың қасына жерлепті.

Қуандық ағамыздың әкесі Төлеген — ат сейіс, құсбегі, аңшы, өнерлі, сері болған адам. 1937 жылы ұсталып кеткен.

Қуан ағамен соңғы кездесуіміз есте қалыпты. Қуандық аға 1995 жылы 70 жасқа толған мерейтойына байланысты елге — Қарабұтаққа келді. Бірсыпыра азаматтар, туыстар, аудан әкімі Марат Ғабидуллин, Нысаналы Жаңбырбаев ағамыз, «Бөгетсай» кеңшарының директоры Алдаберген Өмірбеков, ауыл

әкімі Роза Ташпенова, Қуан ағамен бірге келе жатқан Мұхтар Арынов, Илья Жақановтар бар, Ор өзенінің бойынан күтіп алдық. Қуан ағамыз өзінің баяғы ақжарқын, кішіпейіл, бауырмал қалпымен бетімізден сүйіп амандасты. Сол күні бөгетсайлықтар Ор өзенінің бойынан ағаш үй тігіп, жергілікті ақын Қызмет Нұралин  жыр арнап, Қуандық ағамызды қошеметпен қарсы алды. Бір таңғаларлық нәрсе — жергілікті халықтың айтуы бойынша, Талдыбұлаққа құлайтын жол үстіндегі Жарқабақтан екі-үш күн бұрын ғана жаңа бұлақ жарып шығып, ағып жатыр екен. Бұл таңғаларлық құбылыс пен сәйкестікті жергілікті ел жақсы ырымға жорып, туған перзенті Қуандық келгенде туған жер де тебіреніп, табиғат та иігендей болды, жаңа бұлақ көзін ашты деп қуанысты. Ақын Қызмет Нұрлан талантқа табиғаттың жасаған тартуына арнап, «Қуан бұлақ» деген өлеңін сол жерде шығарып оқыды:

Қуан аға, неткен бізге сүйікті ең,

Туған жерден уыз анар иіткен.

Өз атасын сағынған бір баладай,

Саған қарай ақты бұлақ биіктен.

 

Бұлақ, бұлақ, ақын-бұлақ егіз бе?

Сұлулардың жүрегіндей егіз де.

Мөлдірліктен мейірімізді қандырған

Қуан бұлақ, құя берші теңізге.

 

Қуан аға Қарабұтақтан түске таман келді. Өзін өсірген елдің жұртшылығы

кездесуді аудан орталығындағы қазақ орта мектебінен бастады. Осында өзінің ұстазы Нұрманов Абдолламен, басқа да мектеп ұстаздарымен кездесті, оқушылар Қуандық ағамыздың өлеңдерін бірінен соң бірі жатқа айтып, ақын жүрегін елжіретті. Жиында ақынның балалық, жастық шағынан талай естеліктер айтылды. Қуан ағамыз мектеп ұжымына, мектеп директоры Молдабаева Күләшқа үлкен ризашылық сезімін білдірді. Мектептен толқып шықты.

Түс ауа мәдениет үйінде аудан халқымен кездесті. Ағамыз өз замандастарымен өткен өмірден сыр шертіп, өткен ғұмыр сәттерін көз алдынан өткергендей болды.

Ертеңіне ақын мен оған еріп жүрген топ Қарабұтақтан 4-5 шақырым жердегі  асфальт жолдың оң жақ бетіндегі Қуан ағаның кіндік қаны тамған жері — Шаңғытбай қыстауына тоқтады. Қуандық ағамыздың өзінің қыстауы, атақонысы туралы «Шаңғытбай қорасында» атты тебіреніске толы өлең бар:

Кіндік қаным тамған жер, тиген өкшем!

Жатыр, міне, тып-типыл, жермен-жексен.

Жыңғыл жондым бұл жерде, сақа құйдым,

Енді, міне құлазып калған тепсең.

 

Не болмады бұл жерде, өтпеді не?

Тіршіліктің асуы, өткелі де

Басталды ғой, мен үшін осы арадан,

Басталды ғой өмірдің көктемі де.

 

Соқпай мұнда кеткен жоқ қапа, зар да,

Болды мұнда опасыз, оспадар да.

Отқа салар отырмақ, ойын-сауық…

Ұзатқанда сыңсыды-ау апалар да.

 

Жатыр енді жалаңаш жабдан жайым,

Кәрі жұртқа тұр тұнып арман, уайым.

Діңкем құрып түнерем, дым шығармай,

О, бишара ақ бесік, айналайын.

 

Қуандық ағамыздың атақонысында дастарқан жайып туыстар күтіп отыр екен. Қуандық ағамыздың алдынан шашу шашып қарсы алды. Ағамыздың өзінің кіндік қаны тамған жеріне аунап, 70 жасқа толғанына құтты болсын айтып, тілек ниеттерін білдірді. Ырғызға аттанар сәтте Қуандық аға: «Мен елге қарт болып келіп, бала болып кетіп барамын», — деді.

«Туған жердің құдіреті осында ғой!» — деді, шығарып салып, көңілі босап тұрған Нысағаң.

Қартабай тамының кім екені, ішінде кім жатқаны әлі күнге дейін белгісіз.  Оны біреуі қыздың тамы десе,енді біреулер біреудің жалғыз баласының тамы дейді. Бірақ бір аталықтың, я бір байдың тамы деп ешкім айтпайды.

Қуандық Шаңғытбаев ағамыз бірде елге келгенде, өзінің «Қайран өмір-ай» деген өлеңінің тарихын айтқан-ды. Сол әңгімесі: «Бірде Алматыда кешкілік бір үйде қонақта, жазушылар бас қосқан отырыста Ғабит Мүсірепов Сыдыққа (Сыдық Мұхамбетжанов екеуі «Беу, қыздар-айды» жазып, дос болып жүрген кезі болатын), «Сен композиторсың, Қуандық, сен ақынсың, бүгінгі осы оңаша отырыста, дәл қазір ешкімге жарияламайтындай өмір туралы бір өлең шығарыңдаршы», — деп өтініш жасады. Бәрі қапелімде болды. Ойлануға көп уакыт жоқ. Ғабекеңнің айтқанын орындамауға тағы болмайды. Сонда көзіме осы Қартабай тамы елестеді. Дүниенің жалғандығы есіме келді де, осы өзі кім екен деген сауалмен сол жерде өлең жаздым».

 

Қайран өмір-ай!

Қу дала.

Жалғыз қалған жапанда бір мола.

Бұл дүниеден өткен кім біржола?

Қайран өмір-ай!

Қайран өмір-ай!

Қыз ба екен?

Кімге көзін жасында сүзді екен.

Тағдыр неге жас гүлді үзді екен.

Қайран өмір-ай!

Қайран өмір-ай!

Жігіт пе?

Адыра қалды-ау арман да, үміт те!

Бұл дүниеден өтерін біліп пе?!

Қайран өмір-ай!

Қайран өмір-ай!

Қу дала.

Жалғыз қалған жапанда бір мола,

Біз де өтерміз дүниеден біржола.

Қайран дүние-ай!

Қайран дүние-ай!

«Сыдық Мұхамбетжанов жақсы әнін жазды. Ғабекең, басқа да отырған зиялы қауым өлеңге ризашылығын білдіріп, рақметтерін айтып жатты. Сол бір уақыттың аздығынан қиналған сәтте тығырықтан алып шыққан осы Қартабай тамының елесі болды» деп айтып отыратын-ды Қуандық ағамыз.

Қартабай тамы Қарабұтақ өңіріндегі Ақкөл жерінде. Мазар ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған.

2001 жылы 19 ақпанда, 76 жасқа қараған шағында халықаралық Пушкин сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев ағамыз бұл дүниеден өтті. Сол кезде күллі қазақ баспасөзі: «Қазақ халқы Қуандық Шаңғытбаев сынды қазақ әдебиеті көркем поэзиясының көрнекті тұлғасы ғана емес, қулық-сұмдықтан, арзан пендешіліктен аулақ, бәлкім, ғасырда бір туар, адал да аяулы перзентінен айырылды» — деп жазды.

Ағамызды сағынамыз. Қуандық ағамыз елге келген сайын, қасында жүріп көп үлгі-өнеге, ғибрат алатын едік.

Әліби ҚОЙЛЫБАЕВ,

Әйтеке би ауданының құрметті

азаматы, Қазақстан Республикасына

ерекше еңбегі сіңген зейнеткер.

 

P.S. Мақала бұрын жарық көрген, биылғы мерейтойға байланысты қайта жарияланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button