Мереке

Баскиім — құт-береке белгісі  

Тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жиып, елдігімізді енді ғана жандандырып жатқан тұста ұлттық құндылықтарымызды ұлықтағанымыз абзал. Ең бастысы, ұлттық киімдерімізді жан-жақты танытуымыз қажет.  Бұрын халқымыз баскиімді өте жоғары бағалаған. Ұлттық киімнің негізгі құрамдас бөлігі саналатын баскиімге ерекше мән беріп, құрметпен қараған. Қазір де бұл ғұрыпты сақтап, бас киімдерді көпшілікке насихаттап жүрген жандар арамызда жеткілікті.    

 

Бөрік, тымақ, сәукеле…

 

Ұлттық баскиімдерде адамның жас, жыныстық және аймақтық ерекшеліктері берік сақталған. Киген баскиімінен адамның әлеуметтік мәртебесі немесе діни ерекшелігі анықталған. Зерттеулерге сүйенсек мұрақты Шыңғыс ханның ұрпақтары болып саналатын төрелер ғана киген. Баскиімнің бұл түрін ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап «қарасүйек» қазақ шонжарлары да кие бастаған.

Бүгінде ұлттық баскиімдердің ішінде тақия, бөрік, тымақ, құлақты бөрік (құлақшын) сынды түрлері кеңінен танымал.  Баскиімдердің өзі қысқы, жазғы, сондай-ақ, тойға, жорыққа, саятшылыққа  киетін түрлерге бөлінеді.

Халқымызда баскиімге қатысты қатаң ырым-тыйымдар да бар.  Баскиімді таза әрі ұқыпты ұстап, жоғарыға іліп қояды, кез келген жерге тастай салмайды, үстіне отыруға болмайды. Бұлай жасаса, бастан бақ таяды, бас ауруына шалдығады. «Бас айналып, тіл байланып, иман қашады» деген наным бар.

Адамның басынан қадірлі, ақылынан қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан баскиімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Ежелден халқымыз баскиімді үйдің құты мен берекесі санаған.

Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды. Себебі еркектігі сөнеді, рухы жасиды.  Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпауға тиісті. Ақ —  әйел жаулығының, қара —  қайғының белгісі. Жалаңбас отырып, бала емізбейді, ас-су әзірлемейді. Баскиімнің төбесін басып кимейді, оны айырбастамайды, ешкімге сыйламайды, сатпайды. Тек сыйлыққа киілмеген, жаңа бас киім алып беруге болады.

Қазақта шала туған баланы тымаққа салып асырайтын дәстүр бар. Біреуге бас ұрғанда да аяғына тымағын тастайды. «Тымақ ұру» немесе «тымақ тастап кешірім сұрау» — бітімге шақырудың ең үлкен белгісі.

Киелі баскиімдер қатарынан саналатын сәукеле — қалыңдықтың ертеден келе жатқан негізгі атрибуты. Қазақи дәстүрде сәукеле кигізу де ерекше салт.   Қазақ ұғымында сәукелемен қатар жүретін баскиімдердің бірі — қасаба. Кейінгі уақытқа дейін белгілі болмаған қасабаны  қазақ халқының дәстүрлі киімдерінің бірі ретінде танытқан ұлттық мәдениеттің жаршысы, халқына қамқор бола білген тұлғаның бірі — Өзбекәлі Жәнібеков. Оның айтуынша, қасаба — көне түркі қыпшақ  баскиімінің негізгі элементтерін бойына сіңірген. Қасабаны келіншек үкісіз, желексіз, сыртына жаулық салып  та, тойдан кейін де киген.

Кимешек — әйелдердің негізгі баскиімі.  Әдетте, бұл баскиімді кию рәсімі де ауыл арасында ерекше аталып өткен.

Тақиялы жігіт

Қашан көрсең де басынан үшкір төбелі тақиясын тастамайтын Серік Әбдіжәмидің бұл ісіне кейбіреулер тосырқай қарағанмен, ұлттық баскиімді ұлықтап жүрген жігітке ақсақалдар жағы ризашылығын білдіретін көрінеді.

— Тақияны 22 жасымнан бастап киюді әдетке айналдырдым. Осы тақияның киесі бардай сезінемін, әрдайым жолым болып жүр. Оқу бітіре салысымен қаладағы колледждердің біріне оқытушылық қызметке орналастым. Кейін, қызмет бабының ыңғайымен жолаушылар тасымалы саласына ауыстым. Басқа тақия кигеннен кейін, бұл баскиімнің қасиетін білу керек деп ұғып, газет-журнал беттерінен аз-кем мағлұмат жинақтадым. Заманынан озып туған Жүсіп Баласағұнның «Бөрікті кию үшін де бас керек» деген сөзін оқыдым. Негізі, ерте заманда ерлер үшін де, әйелдер үшін де жалаңбас жүру айып саналған. Себебі ол кезде жалшылық қызметте жүрген құлдар ғана жалаңбас жүретін болған. Тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, әр ұлттың өз ұлттық киімі бар. Әр ұлтты сол киіміне қарап таныған. Қырғыздың айыр қалпағы, өзбектің ала тақиясы секілді қазақтың да зерлі төбетейі басында болса, жарасымды емес пе? Біздің қоғамның әрбір азаматы, әсіресе, ақсақалы төбетей киіп жүруі тиіс деп есептеймін. Ол үшін мемлекеттік деңгейде ұлттық идеологияны жандандырып, ұлттық бағыттағы рухани дүниелерімізді жан-жақты дамытуды қолға алуымыз қажет. Сонда ғана барлық азамат ұлттық киімге оң көзқараспен қарайтын болады.

Рас, бастапқы кезде менің бұл әрекетіме тосырқай қарағандар болды. Өйткені, таңсық дүние қай кезде де елдің назарын өзіне аударатыны анық. Дегенмен жиын-тойларда ақсақалдар мен жасы үлкейген ағаларымыз менің бұл әрекетіме ризашылықтарын білдіріп, «сенен үлгі алу керек екен» деген сөздерін жиі естіп жатамын.

— Тақия жинайсың ба?

— Тақия жинамаймын, бірақ тозса ауыстырамын. Тақияның қадыр-қасиеті көп. Өзін мұсылманмын деп санаған әрбір азамат басына төбетей киіп жүргені абзал. Әйтпесе қазақтың абызы саналған Абай атамыз бекерден-бекер басына тақия кимеген шығар?!

 

Төбетейге тапсырыс аз

 

Рысты Дүйсенбаева, тігінші:

— Тақия — жеңіл баскиімдердің бірі. Тақияны негізінен ер адамдар киеді. Кезінде ата-бабаларымыз тақияны тоқып та, маталардан тігіп те жасайтын болған. Балаға көз тимес үшін, үкілі тақия кигізген. Ертеде тақияның безендірілуі де сан алуан болған. Ересек ер адамдар киетін тақияға көп әшекей салудың қажеті жоқ, тек оюлармен өрнектеген дұрыс. Атап айтқанда, «шұғыла», «су ирегі», «қаз мойын» сынды оюлармен безендірген дұрыс. Ал жас балалар мен қыздардың тақиясы өз жас ерекшеліктеріне қарай тігіліп, тоқылады. Бұрынғы кездің тақияларында тұмарша өте көп кездескен.

Мен тақияны өте сирек тігемін. Қазір төбетейге тапсырыс берушілер өте аз. Тақияның жиегінің биіктігі 8 сантиметрден аспауы керек. Жиегіне жиек оюлар тігіледі. Қыздарға арнап тігілетін төбетей қызыл, күлгін, жасыл түсті шұға, барқыт секілді өңді маталардан қабатталып, сырылып тігіледі. Ол үшін «таңдай», «ирек», «қабырға» тігістермен жұмыс жасау керек. Жібек, зер жіптермен кестелеп, моншақ, басқа да асыл тастармен безендіреміз. Кей жағдайда үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін тақияның төбесіне қадаймыз. Үкінің табиғи үлпілдек қауырсындарын біз арнайы тапсырыспен Алматыдан алдырамыз. Өйткені Ақтөбенің сауда нүктелерінде жасанды үкілер ғана сатылады.

P.S. Қазір қаламызда ұлттық киім тігумен айналысатын тігін шеберханалары көп. Тігіншілер оюлап баскиімдер де тігеді. Дегенмен ерлерге қарағанда, қыз-келіншектерге арнап тігілетін баскиімдерге тапсырыс көп берілетін көрінеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button