Жеңіс

Жауынгердің соңғы хаты

Жасы тоқсанға келген кейуана Амансұлтан Оразалина туған нағашысы, майдангер Махмұт Сүлейменовтің майданнан жазған хатын 70 жыл бойы бойтұмардай сақтап келген.
— Нағашымның суреттері мен соңғы хатын анам Жәкеш өмірінің соңына дейін сандықта сақтап өтті. Көз жұмарында «Нағашыңды көрдің ғой, осы хатты саған аманаттаймын» деп маған тастап кеткен еді. Міне, арада 70 жылдан астам уақыт өтті. Алайда бұл хат жайлы немесе Махмұт нағашым туралы мәлімет еш жерде жарияланған жоқ. Сондықтан осы хат жайлы айтуды жөн көрдім, — дейді Амансұлтан әже.
Амансұлтан Сейдалықызының анасы Жәкеш пен Махмұттың әкесі Сүлеймен бір атадан туған. Шобан руынан шыққан Бабан деген кісінің балалары екен. Бұрынғы Қарабұтақ, қазіргі Әйтеке би ауданының Аралтоғай ауылында тұрған. Кейін Жәкеш отбасын құрып кеткен соң, шаңырақ иесі Сүлеймен ата-анасын бағып ауылда қалады. Көп ұзамай үйленіп, әйелі Хадиша екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіреді. Ұлы Махмұт ержетіп, Алматыдағы сауда-қаржы техникумына түседі. Кейін Алакөл ауданында тауартанушы болып жұмыс жасайды. Отбасын құрған соң, ата-анасын ауылдан көшіріп әкетеді.
— Әкем 1937 жылы қайтыс болды. Анам үш қызбен жесір қалды. Сонан біз нағашымызды паналап, Аралтоғайға көшіп келдік. Бұл жерге келген соң Сүлеймен аға қыстауын босатып берді. Қиын кезде бізге көмектесіп, маңдайымыздан сипады. Ол кезде мен оқушымын. Аралтоғайға барған соң, көп ұзамай Сүлеймен аға әйелі екеуі Алматыға Махмұттың қолына көшіп кетті. Ал Махмұттың жалғыз қарындасы Закия тұрмысқа шығып, ауылда қалды, — дейді кейуана.
Оның айтуынша, Махмұт Сүлейменов 1941 жылы майданға аттаныпты. Содан 1945 жылдың ақпан айына дейін үй ішіне, туысқандарына амандығын айтып хат жазып тұрыпты. Кейін соғыс аяқталып, ел-жұрт жеңісті тойлап жатқанда, әйелі Хайырнисаға Махмұттың майданда қаза болғаны жайлы «қара қағаз» келіпті.
— Сұрапыл соғыс жылдарында майдандағы жауынгерлер мен шалғайда қалған туған-туысқандардың арасын жалғастырған бір парақ хат болды. Сол кездегі көздің жасы сіңген хаттарда сарқылмас сағыныш, түпсіз терең ой, қайғы-қасірет бар еді.
Махмұт ағамыздан елге, туған-туысқандарға үнемі хат келіп тұратын. Көбіне майданға хатты мен жазып, жіберетін едім. Себебі апам Бәдигүл отбасын құрып, бөлек кетті. Сіңлім Сапура ол кезде кішкентай болатын. Анам інісінің амандығын білген соң, «Аллаға шүкір» деп бір күрсініп алып, ел-жұрттың сәлемін хатқа жазғызып, поштаға салдыртып жіберетін, — дейді Амансұлтан әже.
Амансұлтан әже осы уақытқа дейін көзінің қарашығындай сақтап келген үшбу хат 1945 жылдың 19 ақпанында жазылыпты. Хаттың сыртында «Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданы, аудандық қаржы бөлімі, А.Оразалинаға (№24858 далалық пошта) Сүлейменовтен» деп жазып, мөр басылыпты.
Хаттың мазмұны мынадай:
«Қымбатты бауырларым! Апай — Амансұлтан, Закия және басқаларға менен сағыныш хат.
Амансұлтан, мен бұрынғы бөлімнен шығып, басқа бөлімге ауыстым. Маған ендігі хатыма шейін ескі мекенжаймен хат жазба.
Жаратқан жар болмаса, өте қауіпті. Майданға барамын, тілектес болыңдар.
Үйге де хат жаздым. Енді ден сау болса, кешігіп жаңа мекенжаймен хат жазармын. Басқа не айтайын, қарағым? Бәдигүлге хат жазсаң, айтып жазарсың. Және Жакуданы көрсең де айтарсың. Ескі, бұрынғы мекенжаймен хат жазбасын.
Тілектес тума-туысқандарға сәлем. Тілексіз пенде болмас, амандықпен көрісейік.
Ағаң Махмұт Сүлейменов.
19.02.45».
Махмұт Сүлейменовтің бұл хатында ел басына туған қиыншылыққа қиналу да, оны жеңу жолындағы патриоттық сезім де, туған-туыс, бауырларға деген сағыныш та айқын сезіледі.
Майдангердің соғыс жылдары қай жерде, қай майданда болғаны жайлы дерек жоқ. Алайда Амансұлтан әженің айтуынша, биыл Махмұт Сүлейменұлының жасы жүзге келер еді.
Ал майдангердің жалғыз ұлынан тараған ұрпақтары қазір Талдықорған қаласында тұрады.
Данагүл ҚАЗИХАН.

Майдан хаттары

Әрбір халықтың өткен өмірі, жүрген жолы мәңгі өшпес тарихқа айналады. Кешегі оқиғалар бүгінде тарих болып тіл қатады. Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз — өткен заманның баласы, келер заманның атасы» демекші, өткен тарихта, өткен ғасырдың «алпауыт» елдері түтеткен кеңестік дәуірде Ұлы Отан соғысы аталған қанқұйлы кезеңде қазақ халқы, соның ішінде біздің жерлестеріміздің майдан мен тылдағы қажырлы еңбегі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ғылыми түрде зерттеуге соңғы нүкте қойылмайды, уақыт өте келе жаңа деректермен толығып, тарих ғылымы жандана түседі. Тарихты осындай тың деректермен толықтыруға негіз болған нәрсе — Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатынан табылған құжаттар. Темір қалалық еңбекшілер депутаттарының кеңесі, соның ішінде әйелдер кеңесінің материалдары жинақталған архив құжаттарының арасында 1943 жылғы газет қиындысы да бірге тігілген. Сол жылы шыққан «Красная Звезда» басылымында «Рассказы о подвигах» атты мақала жарияланған. Бұл құжаттарды зерттеп, зерделеп қарауымның себебі, сол қиын да қытымыр кезеңнің куәсі болған, тыл жұмысында талмай еңбек еткен жандардың отаншылдық, патриоттық сезімдері, олардың ел ішінен, ауыл арасынан жау іздемей, керісінше, тек қазақ баласының ғана емес, қоныс аударған орыс, татар халқын да өз бауырындай көріп, үйінің бір бөлмесін беріп, малмен, жұмыспен қамтамасыз етуі үлкен адамгершілік еді.
Өңі кетіп, сарғайған орыс тіліндегі газет қиындысындағы «Ерлік туралы әңгімелер» / «Рассказы о подвигах»/ мақаласы былай деп басталады: «Қазақстан еңбеккерлері мен майдан арасындағы тығыз байланыс ажырамастай берік болды. Қазақ халқының майдан үшін, Жеңіс үшін төккен тері мен майдангерлердің ерен еңбегі, майданға эшелонмен жіберіп отырған қару-жарағы мен азық-түлігі көпке үлгі боларлықтай» — деп келе, «Не зная страха, в борьбе, как львы дерутся они с врагом. Проявляя чудеса храбрости и отваги. Воины хорошо знают, как живо интересуется Родине их боевыми делами, их подвигами, как страстно ждут отцы и матери, жены и дети весточки с фронта. И урывая свободную минуту перерывах между жаркими схватками бойцы и командиры пишут в родные края письма, делясь радостьями побед, заверяя, что эти победы будут умножены, что они будут безустали уничтожать гитлеровских бандитов» деп жалғасын табады. Одан әрі тілші батыстағы қазақ майдангерлері мен қазақ даласындағы бар ауыртпалықты мойнына көтерген қариялар мен әйелдердің редакцияға түскен хаттарын саралап, қазақ баласының ерлік істерін газет бетіне жария етеді. Сол хаттардың дені майданда болып жатқан қанқұйлы соғыстардан көрініс береді. Бұл хаттар бүкіл қазақ халқына арналған, себебі онда ерлік пен батырлықтың, жеңіске деген құштарлықтың лебі сезіледі. Ол хаттарды оқи отырып, бойыңды еріксіз қуаныш сезімі билейді. Сол хаттардың бірнешеуіне тоқталсақ.
Майор Жериховтың хаты: «Соғыстың қатал тәртібі өрімдей жастарды ержүрек, батыл болуға тәрбиелеуде. Тәуірбек Белгібаев /Таурбек Бельгибаев / майданға қатардағы әскер болып келді, ал қазір /1943 жыл/ ол лейтенант, шебер командир. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бір ғана шайқастың өзінде ол 27 фашистің көзін жойды» дейді. Ал аға лейтенант Буянов өзінің қазақ достары туралы былай деп әңгімелейді: «Қазақ жауынгерлерінің бәрі қираған қала мен елді мекен үшін, жылаған бала мен азапты көрген әр әйел үшін кек алудың небір батыл да қайсар ерліктерін көрсетті. Карелепов 8 гитлердің көзін жойса, Ахметов — 20, Балилов — 18, Рахимангулов 19 гитлердің бір мезетте көзін жойып, батырлықтың үлгісін көрсетуде. Осындай көрсеткіштер күннен-күнге өсуде».
Ал мына хатты аудармасыз сол қалпында ұсынуды дұрыс деп ойладым: «Казах Уненбаев — наш храбрейший связист», — сообщает в своем письме старший лейтенант тов. Десятник. — Под огнем врага он наблюдает за действиями фашистских стервятников, всегда держит батарею в боевой готовности. Благодаря ему и Кадгалиеву, батарея уничтожила 4 вражеских бомбардировщика. Бежинов, Утегов, Дарибаев… разве расскажешь о всех героях нашей батареи, сражающихся с достоинством и честью?».
Тағы бір хатта ақтөбелік жауынгердің ерлігі туралы былай деп баяндалады: «Жауынгер үшін ең ауыр сөз — «қорқақ» — деп жазады «Н» әскери бөлімінің командирі. «Әр жауынгер «қорқақ» болып жаудың қолынан өлгенше, «батыр» болып өлгенім артық деп іштей бекінген. Ал біздің арамызда ондай қорқақтар жоқтың қасы. Біздің қазақ бауырларымыз дәл солай өжеттілікпен шайқасады. Ақтөбе облысының бұрынғы колхоз председателі Дүйсебай Медетов ержүрек барлаушы… Егер Медетов барлауға баратын болса, ол міндетті түрде нақты және дәл мәлімет алып келеді. Міне, қазақ жауынгерінің батылдығы мен мергендігін осыдан көруге болады».
Ал жартылай сақталған мына хат, жерлестеріміздің, соның ішінде, Темір қаласында тұрып жатқан ұрпақтарының қызығушылығын оятары сөзсіз. Бұл хат Сталин қаласында Кеңесте жұмыс жасап жатқан темірлік қыз Галина болуы керек. Ол өзінің жерлестеріне үндеу хат жіберген және бұл хатты өзі жұмыс жасайтын орында мәшинкемен теріп жазғандығы туралы айтады. Хатты былай деп бастайды:
«Дорогие мои… Марина Бандорина, Полина Лазаревна. Мой любимый город Сталино ограблен, разрушен, вся первая линия уничтожена… деп қаладағы жағдайда суреттей келе, «Өзімнің жағдайым жақсы, бір ағам дарға асылды, екінші ағамды шахтаға отқа лақтырды. Ал Бандорин Гриша соғыста қаза тапты. Әке-шешесі қайғыдан жылап-сықтаудан бастарын көтерер емес. Әке-шешесіз қалған екі баласын кәрі ата-әжесі өздері бағуда. Сталино қаласына келіңдер, онда жұмыс көп, дей келе /сол күйінде/ В особенности ВАНИНА, не плохо ты работала в Темире, а если бы была в Сталине, было бы еще лучше. БРОНШТЕЙН, прошу тебя, прочитай сталинское письмо, пусть они знают, что делается в городе Сталино, я ведь обещала написать всем, но времени сейчас не хватает всем писать…
С приветом Галя Гальперина-Бандорина, 14 октябрь 1943 г» — деп аяқтайды.
Міне, осындай мәліметтер оқырман қауымды ойландырып, жоғын іздеп табуға септігін тигізер деген ойдамыз.

Жұмазия ҚУАНОВА,
Шұбарқұдық гимназиясының
тарих және құқық пәнінің мұғалімі.
Темір ауданы.
Ұрпақ парызы — ұмытпау!

Соғыс — адамзатты түп-тұқиянымен жоятын жойқын күш, себебі соғыс адамзат өмірінің бүгінін ғана бүлдіріп қоймай, болашағына да балта шабады. Жер жаҺанда талай соғыстың болғанын тарихтан білеміз. Бірақ жұдырықтай жұмылған бұрынғы Кеңес Одағының халықтары үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны бөлек. Өйткені бұл сұрапыл, жойқын соғысқа дүниежүзінің 60-тан астам елі қатысып, тауқыметін тартқан.
Ауылдан барған көптеген жас жігіт майданның алғы шебіне түсіп, қазақ баласына сай ерліктер жасады. Сонау сұрапыл соғыс кезінде Байғанин ауданына қарасты Аманкелді атындағы колхоздың тұрғыны Алтын апайдың 23 жастағы жалғыз баласы Қожабай Жазықов 1942 жылы анасының ақ батасын алып майданға аттанды. Халқының жарқын болашағы үшін күресіп, жалындаған жиырма бес жасында Кеңес Одағының Батыры атанды.
Қожабай Жазықов 1920 жылы 4 қазанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қызылбұлақ селосында шаруа отбасында дүниеге келді. Өзінің алғашқы еңбек жолын 1941 жылы бастауыш мектепте мұғалім болып бастап, 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында 2-ші Украин майданы құрамындағы 7-ші гвардиялық Армияның 25-ші атқыштар дивизиясының дербес барлаушылар ротасының взвод командирі ретінде шайқастарға қатысты. 1942 жылы коммунистік партияға қабылданды. Екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 3-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Қанды майданда бірнеше рет жараланса да саптан шықпай, 1944 жылдың 25 желтоқсанында гвардия сержанты Қ.Жазықов басқарған барлаушылар взводының бір топ жауынгерлері арқыраған асау толқынды Дунай өзенінен өтіп, Венгрия астанасы Будапешт қаласына жақын орналасқан Сантендрой-Сигет аралында бекінген жау әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, немістің алты солдаты мен офицерін тұтқынға алған. Келесі түні біздің бұл топ аралға қайта кіріп, жетпістен астам неміс басқыншыларын қолға түсірген. Аталған операцияларды жүзеге асыруда көрсеткен ерен ерлігі үшін 1945 жылдың 28 сәуірінде Қожабай Жазықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені қоса тапсырылды.
Майданнан елге оралғаннан кейін ағамыз ұстаздық қызметін жалғастырып, оның қыры мен сырын терең меңгеріп, туған жерінің мәдени, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арнады, білгір маман атанды. Жоғарғы оқу орнында білім алып, өмірлік жары Қаншайым апаймен бас қосып, өнегелі отбасын құрды.
Жем-Сағыз өңірінің қаһарман ұлы Қ.Жазықов соғыстан кейінгі 1946-1971 жылдары Байғанин ауданында мұғалім, мектеп директоры, аудандық оқу, мәдениет бөлімдерінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық және облыстық партия комитеттерінің нұсқаушысы, Родников аудандық партия комитетінің аймақтық хатшысы қызметтерін асқан абыроймен атқарды.
1971 жылдан бастап өмірінің соңына дейін халық депутаттары Байғанин аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып ұзақ жыл қызмет атқарды. 1982 жылы дүниеден өтті. Қазір батырдың атында Байғанин ауданында мектеп, Байғанин поселкесі мен Ақтөбе қаласында көшелер бар.
Батыр ағамыздың бір баласы Темірғали Жазықовпен 1984 жылы әскер қатарына бірге алынып, Қытай шекарасында біраз уақыт бірге қызмет еттік. Темірғали да ата-ананың арманын жалғап, олардың өнегесін мұрат етіп, отбасында алған тәрбиесіне сәйкес антына берік болды, адал қызмет жасады. «Шекара әскерінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып, перзенттік парызын орындады, ата-анасының өнегелі өмірінен нәр алғанын дәлелдеді. Әскерден оралғаннан кейін жоғары білім алып, Жанат жеңгемізбен үлгілі отбасын құрды. Ұл-қыз тәрбиелеп, теміржол саласында инженерлік қызмет атқарып жатыр. Қожабай ағайдың басқа ұрпақтары да мұғалім, дәрігер болып халқына, еліне еңбек етіп жүр.
Жеңіс күні мерекесі — адамдардың ұлтына, дініне, тіліне қарамайтын ортақ қуаныш. Бұл қастерлі мейрамның мән-мағынасы мен құндылығы уақыт өткен сайын артып, жас буын ұрпаққа өсиет болып отыр. Біздің еліміз Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін кең ауқымда өткізбекші. Қатарлары сиреп, аз ғана қалған ардагерлеріміз бен олардың қосақтары, ұрпағы бір сәтке болса да көрсетілген құрметке шынымен қуанып қалары анық.
Ел абыройы үшін жүрегінің жалыны мен жігерінің қарымын сарп еткен ардақты ардагерлеріміздің ғұмыры кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге болды. Оған дәлел 1979- 1989 жылдар аралығында Ауған соғысына қатысып, Отан алдында берген анттарын ойдағыдай орындаған Ауған соғысының ардагерлері де Жеңістің қадірін жақсы біледі. Өрімдей қаншама жас жігіттер қыршын кетті. Елге оралғандары абзал ағалардың ізін басып, егемен еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып жүр. Ешқашан да Қаһарман батыр ағаларымызды, ардагерлерімізді ұмытпай, әрқашан оларға құрмет пен сый көрсетіп жүруіміз керек. Себебі ардагерлер елдің болашағы үшін аянбай қызмет етіп, кейінгі ұрпаққа көк аспанды, бейбіт өмір сыйлады. Қожабай ағаның достары, қызметтес жолдастары, інілері оны зиялы қауым қатарынан өз орнын тапқан асыл азамат ретінде, ұлағатты ұстаз, ұлтжанды азамат ретінде бағалайды. Ал зайыбы Қаншайым апайды текті жердің қызы, әдепті, көргенді, инабатты, іске шебер, қиыншылыққа төзімді, ұлағатты ұстаз ретінде құрметпен еске алады.
Киелі топырақ перзенті Батыр Қожабай Жазықовтың есімі, рухы мен шапағаты ұрпақтар есінде ұдайы сақталып, жарқырай түсетіні сөзсіз.

Айсұлтан БАЛМҰҚАНОВ,
Ақтөбе қаласы №2 сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button