Мәдениет

Тереңдегі тамырлар

Біздің қазақтың пейілі байтақ даласы сияқты кең, табиғатында адам жатырқамайтын көпшіл. Және бұл қасиет атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мұны әр ұрпақ сезініп өсті. Осы ретте, Қамалхан Қуан ағамыздың әңгімесі есіме түсіп отыр. Амандық болса, ол кісі сексеннің сеңгіріне қарай жақындап келеді. Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде жұмыс істеп жүр. Ардагер ұстаз — ана тіліміздің жанашыры. Жасының ұлғайғанына қарамастан әлі де қоғамдық жұмыстардан тартынбай, белсене араласады.
— Кешегі соғыс жылдарында мектеп жасындағы бала едім, — деп бастады Қамекең әңгімесін. — Тайсойған деген жерде тұрдық. Аздап егін өсіріп, мал бағып тіршілік кешіп отырған шағын ұжымшар болатын ол. Оның үстіне соғыстың ауыртпалығы иығына түскен ауыл сондай жүдеу күн кешіп, әр үй шықпа жаныммен отырған-ды. Сол жылы қыстың да қатты болғаны есімде. Шалғайдағы ауылда баспана жағы тапшы болатын. Үй деген аты ғана, соның аядай бір бөлмесінде екі-үш отбасы болып тұратындар да бар. Арасын аласа пеш, болмаса шымылдық қана бөледі. Сөйтіп отырып әлгі отбасылар бір анадан туғандай тату еді. Оразасын бірге ашып, түскі асын да, кешкі асын да бірге ішетін. Осылайша, қысылып-қымтырылып күн кешіп жатқан ауылға қыстың көзі қырауда жаудың қолында қалған Украинаның ішкі аудандарынан украин отбасылары көшіріліп әкелінді. Отбасы болғанда, негізінен әйел, бала-шаға. Соларды әр үйге бөліп, қазақ отбасыларының үстіне кіргізді. Жібек жүнді ақ қойлары бар екен, оларды ұжымшардың малына қосты. Біздің үйге өрімдей-өрімдей үш қыз тап болды. Ауызымыздан жырып шешеміз енді оларды да тамақтандыратын болды. Жалғыз біз емес, әр үйде сондай тірлік. Олардың тілін біз білмейміз, біздің тілімізді олар білмейді. Соның өзінде шешелеріміз аз күнде түсінісіп кетті. «Бәрі майдан үшін!» деп күні-түні еңбек ететін кез. Әлгі украин қыздары да шешелерімізге қолғабыс беріп, станоктарымен тынымсыз жүн иіреді, майдандағы жауынгерлерге жылы қолғап, шұлық тоқиды. Соғыс аяқталғаннан кейін украин ағайындар еліне оралды. Тұрмысқа шығып, қазақ жерімен өмірін байланыстырған қыздар да болды. Қойлары біздің жерге төзімсіз екен, келген жылғы қыста қырылып қалған еді, бірақ ұжымшар алдарына қазақ қойын салып көшірді. Екі-үш жыл үйренісіп қалған шешелеріміз құдды бір өз балалары алысқа кетіп бара жатқандай, көздеріне жас алып, қимай қоштасты. Әне, біздің қазақ қандай бауырмал!
Қамалхан ағамыз айтқандай, халқымыздың бауырмалдығын, ақжүректігін көрсететін мұндай мысалдардың талайын келтіруге болар еді. Біздің өлкемізге тағдыр талайымен арғы ғасырда және кешегі кеңестік заманда жер аударылып келген сан ұлттың өкілдерінің қазақ жерінен пана табуы, ұлтымызға бауыр басып, біте қайнасуы бүгінде баршаға мәлім.
Арғы жағын қазбай-ақ, кешегі тың және тыңайған жерлерді игереміз деген ұранмен келген сан мыңдаған өзге ұлттың өкілдерінің ың-шыңсыз сіңісуі де қазақ халқының жайсаң мінезінің арқасы еді. Ол кезде кеңестік саясат қазақ жеріне өзге ұлтты көбірек қоныстандыруды көздегені белгілі. Оның мысалын тың жерді игереміз деген сылтаумен астық шығуы екі талай қазақтың шөл және шөлейт өңірлеріне де мыңдаған өзге ұлттың өкілдерін тықпалағанынан көруге болады. Сондай желеумен 1954 жылы шалғайдағы Ойыл ауданына да бірнеше жүздеген адамның келгенін білеміз. Олардың талайы дүлей даланың ыстық-суығына, қиындығына төзе алмай кейін қайтса, бірталайы адал еңбек етіп, жергілікті жерге тағдыр қосып қалып қойды. Соның бірі — Ресейдің Челябі облысынан тың игеруге келген Камал Гатиятуллин еді. Өзге бір де ұлт өкілі жоқ, сол кездегі Қараой ұжымшарына тап болған жас жігіт аз жылда тіл үйреніп, қазақ арасына тез сіңісті. Сол шақтағы ауыл үшін ең беделді мамандық механизаторлықты шебер меңгеруінің арқасында еңбекте де, көпшілік арасында да тез танылды. 1957 жылы қазақ қызы Нағима апамызға үйленіп, қазақтың күйеу баласы атанды. Төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Ұзақ жылдар қуатты «С-100» шынжыр табанды тракторымен Жақсыбай карьерінен құрылыс қажеттілігі үшін табиғи тас шығарып, өгіздей еңбек етті. Еңбек еткен жылдарында ұжымшар, кейін кеңшар ұжымы қадірлеп, сыйлайтын беделді азамат болды. Қазақтың ағайындық, туыстық салтын берік ұстанды. Енелерін бағып, балдыздарымен жақсы сыйластықта жүрді. Тіпті зайыбы ертерек дүние салып, қызы қияға, ұлы ұяға қонғаннан соң да, екінші туған жеріне айналған мекеннен ұзаған жоқ, сүйегі Ақтөбе топырағында қалды.
Мен мұны да қазақтың адамды ішке тарта білетін бауырмалдық-туыстығына жатқызамын.
Өзге ұлтпен тамыр, жақын болу қасиеті біздің ұрпағымызға арғы бабаларымыздан дарыған десек, қателеспейтін шығармыз. Аңдап қарасақ, соның қазірде де жалғасып келе жатқанын көреміз. Анау жылдары ауданда қызмет істеп жүргенімде, Ойылда тұратын молдаван жігітінің жүк көлігімен шаруашылық аралауға тура келді. Кешеу күздің кезі еді. Шаруашылықтан қайтар сәтте әлгі азамат осы шаруашылықтың бір бүйірдегі бөлімшесіне соға жүрсек деген өтініш айтты. Бардық. Әлгі ауылдың белгілі бір азаматы «тамырым келді» деп құрмет көрсетіп, қарсы алды. Құрметтің зор болғаны сондай, қонуға тура келді. Жүргізуші азамат бұл үйге картоп, көкөніс сынды біраз сәлемдеме әкелген. Қайтар кезде қазақ тамырының малына қосып қойған күздікке соятын ірі қарасын тиеп алды. Жаздай оңалып семірсін деп көктемде суы мол, шөбі шүйгін жерге әкеліп тастап, досынан көз сала жүруін сұраған. Ұлты басқа болғанмен мүддесі, тілегі бір қарапайым шаруа адамдарының достығы бұл.
Қазақ арасында өскен өзге ұлт өкілдерінің тәрбиесі, ұстанымы бөлек болатынын да көріп жүрміз. Біздің жерімізде ұзақ жылдар тұрып, қазақ мінезін қабылдаған көп ұлттың өкілдері өз жеріне қайта көшіп барғанда сіңісе бермейді деген әңгіменің де жаны бар сияқты. Кешегі ескі қоғам мен жаңа қоғамның қиылысында шетелге көшіп кеткен өзге ұлт өкілдерінің талайының арада аз уақыт өткенде қайтып оралуын тегін деуге бола ма?
Бірде мен көшеде қоғамдық көлікте келе жатып, қызық мінезді бір топ адамдарға тап болдым. Әлгілер көлікте өздерінен де басқа адамдардың барын ұмытып, дабырлап сөйлеп, шулап келеді. Бір-біріне Ақтөбе қаласының әр тұсын көрсетіп, балаша мәз болысады. Бір кезде қазақ тілінде біздің ұлтымыздың дәстүрі, қымыз, шұбат, жент, тары сынды тағдамдары туралы айта бастады. Бақсақ, бұлар Германияға көшкенге дейін өзіміздің Бадамшада тұрған неміс ағайындар екен. Араға аз жыл салып, сағынып туған жерлеріне демалысқа келген…
Кеңес Одағының ыдырауымен байланысты өзінің атажұртын тапқан біздің кешегі жерлестеріміздің қызық мінездері туралы естігендерім де көп. Әсіресе, ілгеріректе Ақтөбеге жұмыс сапарымен келгенде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алқалы топпен болған кездесуде айтқан бір әңгімесі қай қазақтың да жүрегін толқытады. Сол тұста Елбасы Украинаға барып, бір кезде өзі оқыған, еңбек еткен ортамен кездеседі. Осы жерде қазақ жерінде туып-өскен, ұзақ жылдар басшылық қызметте, оның ішінде Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Евгений Золотарев жолығады. Ол Запорожье облысына қоныс аударған болатын және үлкен зауыттың басшысы еді. Елбасымен кездесу кезінде сол Золоторев көзіне жас алып, көшкеніне өкінетінін, Қазақстанды сағынатынын айтады.
Елбасының шапағаты тиген болуы керек, кейін Украинада Золотаревтың Қазақстанмен байланыстыратын қызметте жүргенін баспасөзден оқығаным бар.
Меніңше, өткен қоғамның да үйренерлік жақсы жақтары болғанын жоққа шығаруға болмайды. Ұлтқа бөлінбей, адамдар бір-бірімен дос болды. Елдің қай түкпірінде тұрса да жолы түсіп бара қалса, шұрқырасып табысып жататын. Ал бір отбасындай болып бір ауылда бірге өмір сүргендер қаншама! Сан ұлттың өкілі тұратын Жетісу жерінде өскен біздің Елбасымыз осы тірлікті, достық-бауырмалдықты көріп өскендігінен болар,Тәуелсіздіктің бастауында Қазақстан халықтарының Ассамблеясын құрып, ұлттардың бірлігіне сүйенді. Елбасының алысты болжайтын көрегендігі де осында. Кеңестік кеңістіктегі тәуелсіздік алған көп елдердің басшылары мұны ескерген жоқ.
Иә, біздің күшіміз достықта, ұлттар мен ұлыстардың бірлігінде, қазақ халқының ерекше бауырмалдығында екенін әр кез ұмытпағанымыз жөн.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Суретте: Камал Гатятуллин балаларымен бірге.
Жетпісінші жылдардағы сурет.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button