Жастар

Жастар: заң мен міндет

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мамандары Алға ауданы жастарына Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын таныстырды.
Аудан орталығында өткен кездесуге Алға қаласы мен елді мекендерде денсаулық, білім беру салаларында қызмет жасайтын жас мамандар, колледж оқушылары, Алға облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
Кездесу кезінде аталған басқарманың, облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері биыл 9 ақпанда Елбасы Н.Назарбаев қол қойған ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар турасында жалпы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, 14-29 жас аралығындағы жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын, мемлекет пен жастар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін басты нормативтік-құқықтық құжаттың негізгі бағыттары талқыланды.
— Заңда білім, денсаулық, кәсіпкерлік, спорт, діни қызмет пен құқық сынды салалардағы уәкілетті органдардың жастар саясаты бағытында атқаратын міндеттерінің бөліп көрсетілуі жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты нығайта түспек. Сонымен қатар, бұл құжатта жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту мақсатында құрылған Жастар ресурстық орталықтарының құзыретіне кіретін міндеттер белгіленіп, жас азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтердің негізгі бағыттары айқындалған. Осының барлығы түптеп келгенде жастарды мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріне тікелей араластыра отырып, әрбір жастың бұл іске өз үлесін қосуына ықпал етері сөзсіз, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Жұманова.
Кездесу кезінде жастар өзара ой бөлісіп, алда тұрған міндеттер жайында пікір алмасты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button