Азамат жолы — ар жолы

Қазақстанның құрметті журналисі Нұқы ҚАРТБАЙҰЛЫМЕН сұхбат
— Аға, сізді мерейтой табалдырығында тұр дегенді есітіп, сұхбат алайын деп әдейі келіп отырмын. Бір жағынан, бұрыннан сыйлас, жерлес ініңізбін. Екінші жағынан, дәм айдап «Торғай таңы» газетінде төрт жылдай қызметтес болған, жаңадан отау тіккен облыста талай қиыншылықты бастан кешкен, былайша айтқанда, тар жол, тайғақ кешуден бірге өткен, өзіңізді басқалардан гөрі етене жақынырақ білетін әріптесіңіз тұрғысынан пікір алысып сырласқалы келдім. Өмірден көрген-түйгендеріңізді ортаға салып, тәжірибеңізбен бөліссеңіз, мүмкін, ізімізді қуған жаңа талап жастарға ой салатын тұстары болар, кейбіреуіне пайдасы тиіп қалар, мынау бұралаңы көп, қисық жолды өмірде оларды шалыс басудан сақтандырар деген ниет.
— Облыстық газеттегі інілеріміз жариялаймыз деп құрмет білдіріп жатса, мен оған қалай қарсы боламын. Бір ескеретін нәрсе, мен ескі жыл санауы бойынша ит жылы туғанмын. Ана бір жылы «Қазақ тілі» қоғамының аймақтық басқосуына қатысу мақсатында Семейге жол түсіп барғанымда ойшыл абыз, ұлы ақын Қадыр Мырза Әлимен танысқаным бар. Екеуіміз Алматыға бірге ұштық. Бір-бірімізбен танысып-біліскеннен кейін ол «Құрдастың құдайы бір» деп әзілдей бастады. Бақсам, ол да мен сияқты ит жылының төлі екен. Яғни 1934 жылдың перзенті. Бірақ жұртшылық ақынның сексен жылдығын биыл атап өткелі жатыр.
Халық қынадай қырылған мешін-тауық жылдарында ел есеңгіреп қалғанынан өзің хабардарсың. Ата-анамыз біздің туған күніміз бен жылымызды мерзімінде тіркетуге мұршасы болмаған тәрізді. Қолындағы малынан, мініс көлігінен айырылған ауыл қазағы алты ұжымшардың орталығындағы селолық кеңеске баламды тіркетемін деп қайдан барып жүрсін.
Қадыр біздің туған жылымыз туралы өзінің «Иірім» атты кітабында мынадай пікірден үзінді келтіреді. Қазақшалаймын деп дәмін кетіріп алмау үшін қаз-қалпында көшірейін: «Собака лояльна, верна, честна, в ней развито чувство долга… Она великодушна и бескорыстна…
Люди, рожденные в год Собаки, всегда были поборниками справедливости. Любая несправедливость вызывает у них протест и они бросаются в бой за правое, по их мнению дело…».
Осы мінездеме менің де болмысыма сәйкес келеді деп батыл айта аламын. Жүз миллион жапон халқы бұл түйінге тектен-текке, қалай болса солай келе салмаған шығар» — деп жазады Қадыр. Бұл сипаттаманы жазушы «Жапондықтар» деп аталатын кітаптан келтіріп отыр.
Дұрыс түсін, қарағым. Бір жылдың төліміз деп өзімді Қадырмен қатар қою сияқты астамшылықтан, алыстағы айға қол созудан әсте аулақпын.
Бірақ адам емес, пендесіне табиғат беретін мінез-құлық, жазмыштың адами болмысы мен сый-қасиетінде алалық болмаса керек. Бұл алдымен менің өмір жолымдағы кейбір іс-әрекеттерімді, неге ондай қадамдарға барғанымды түсіну үшін қажет. Біле-білсек, мінез — жанның айнасы.
Сонымен, өзіңе қояр бір шартым бар. Қабыл алсаң ғана сұрақтарыңа жауап беруге, ағымнан жарылып ақтарылуға бармын. Бауыржан ағамыз анықтап берген ақсақалдық жасқа бір тұрып, бір жығылып жеткендеймін. Шынында да сексен жасың жұртшылыққа (әрине, тыңдайтын құлақ болса) жөн сілтеп, өз білген ақыл-кеңесін айтуға хұқы бар жас. Міне, мен төлқұжатым бойынша сондай жасқа келіп отырмын. Мұқағалидың тілімен айтсақ «Әркім өзін санайды жарты патша».
Шерағаң (Мұртаза) ғой деймін: «Ауыз өтірік айтса мұрт күледі. Журналист өтірік айтса жұрт күледі» дегені бар. Ағалы-інілі екеуіміз көпшіліктің күлкісіне қалып жүрмейік, қарағым. Сен боямасыз, әсірелемей жаз. Менің дерексіз сөйлемейтінімді өзің жақсы білесің. Мен сөзіме мысқал өтірік, көктен алған дерек қоспайын. Басымнан өткенді қаз-қалпында баяндауға сұхбат барысында әзірмін. Күмәндана қалсаң, қысылмай дәлелдеме сұра. Шындығына көз жеткізу үшін құжаттар көрсетуге дайынмын. Осыған келіссең, сұрағыңды қоя бер.
— Алдымен қоятыным әдеттегі дәстүрлі сұрақ. Журналистік мамандықты қалай таңдап, неден бастадыңыз?
— Кездейсоқ таңдадым деуіме болады. Біз кешегі күндей күркіреп, дүркіреп өткен Отан соғысы жылдарының азапты күндері мен дозақтай тіршілігінен ғайыптан аман қалған ұрпаққа жатамыз. Мамандық таңдау ойымызда болған жоқ. Адам болу үшін надан болмасақ деп оқып, білім алуды ғана ойладық. Жасымнан кітапқұмар болдым. Ауылдың шағын кітапханасында біраз әдеби кітаптар бар, бірақ қашан барсаң да жабық, аузында қара құлып тұрады. Содан кітапханашы апайымызға налып, 6 сыныпта оқып жүргенде, 1953 жылы, парталасым Жолболсын Шайқақов екеуіміз қосылып «Социалистік Қазақстан» газетіне өкпемізді жазып жібердік. Бір күні оның бетінен «Қара құлыпты кітапхана» деген тақырыппен берілген шағын мақаламызды оқып, төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Сол кездің түсінік-танымы бойынша аудан басшылары сынды қаралау, тырнақ астынан кір іздеу, өздерінің абырой-беделіне күйе жағу деп біржақты бағалайды екен.
Бір күні немере ағам Смағұл өрт сөндіргендей үйге түтігіп кірді. Келе «жайыңа қарап жүрмейсің, пәлені тілеп аласың» деп маған тиісті. Артынан білдім, Калинин атындағы ұжымшарға өтіп бара жатып, жолай біздің ауылға соққан аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Қияс Сәрсенбаев ағамыз: «Қартбаев, Шайқақов деген керенауыздар кімдер, шақырып келіңдер оларды» депті. Кеңседегілер «олар ақыл тоқтатпаған ауыл балалары ғой» дегесін басылып, үндемей қалыпты.
Сол жолы мен бала да болсам баспасөздің кім-кімді де ықтыра алатын қуатты құрал екенін ұқтым. Журналист болсам деген ой, соған ұмтылу, алдағы күнге үміт арту сол жылдан басталды. 1956 жылы орта мектепті бітіріп, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түстім.
Ал журналист болып қалам ұстай аламын-ау деген ой-сенім «Сәкен Сейфуллин — әдебиет сыншысы» деген тақырыптағы диплом жұмысымды қорғағаннан кейін пайда болды. Диплом жұмысыма ресми баға беріп, лебіз білдірген екі ағам, екі ұстазым да «жоғары баға берілсін» депті. Сол құжаттарды күні бүгінге дейін сарымайдай сақтап келемін. Бірді-екілі үзінді келтірейін. Еңбекқорлығы үшін «әдебиеттің жегін торысы» атанған, филология ғылымдарының докторы Есмағамбет Ысмайылов: «Қартбаев жолдас ешкімнің бедел, бетажарына қарамайды. Бұл да біз құптайтын жақсы мінез… Жалпы диплом жұмысы өте жақсы, шебер тілмен білімді жазылған».
Кейін қазақ ғылымының қабырғалы тұлғасы болған белгілі білімпаз Тұрсынбек Кәкішев өз лебізін көсілтіп үш бетке созыпты. Ол былай депті: «Диплом жұмысының үшінші бір өзіне тән өзгешелігі — автор қаламының бір қыдыру төселіп қалғандығы, сөйлемінің жинақылығы деуге болғандай. Дипломның осы қасиеттеріне қарап оған көтеріңкі баға беруге әбден болады».
Профессор Есмағамбет ағаның маған ықыласы ауғаны сондай, кейін мені аспирантураға шақыртты. Бірақ отбасы жағдайына қарап бара алмадым.
— Сонымен, еңбек жолыңызды қай мекемеде, кім болып бастадыңыз? Қызметке бірден кірістіңіз бе?
— Ол кез партияның журналист кадрларын алтындай бағалайтын заманы. Қолымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Саттар Имашев қол қойып берген, облыстық партия комитетіне тіреп жазған табақтай жолдамасы бар, елге оралдым. Бірақ алдымен облыстық газеттің есігін қақтым. Смағұл Мұқашев ағамыз — редактор. Алдында осында тағылымнамадан өткенмін. Кетерімде редактор жағымды мінездеме жазып берген. Албырттау кезіміз ғой. Жұмысқа қабылдамайды деген ойда жоқ. Бірақ бос орын бола тұра алмады. Мінезі бар адамды маңайына жолатпау сол кездегі басшылардың дағдысы болатын. Смағұл ағамыз менен сескенген тәрізді. Онысы орынды. Домалақ арыздың бағы жанып, үрдіс алған зар заман. Өзі ит жеккен жаққа барып қайтқан, аузы әбден күйген кісі. Сақтанбасқа не шара. Оның үстіне редакцияда ырғыздық журналистердің басы құралып қалған екен. С.Қадыров, Ш.Құрманғалиев, К.Жалдыбаев, Ж.Шайқақов — кілең құлжаның асығындай уысқа сыя бермейтін қаламгерлер. Олардың қатарына Қартбайұлы қосылса, редактордың күні не болады. Бұлар бір-бірімен ымдасып, бірігіп кетсе, тажал таялды дей беріңіз. Ал зәуде бесеуі бірдей қол қойып арыз жазса, ішпей-жемей су түбіне кеттім дей беріңіз.
«Ақтөбе» газетінің 90 жылдығына байланысты жазған мақаласында Көпжан Жалдыбаев ағамыз келтірген Сәкеңнің (Мұқашев): «Ырғыздың келіншектері кілең қалам кемірген ұл туатын болған ба» деген, облыс журналистері арасында кең таралған, сүйсініп емес, күйініп білдірген лебізі, сірә, осы кезде айтылса керек.
Редакцияда қызмет істейтін ағаларымыздың біразы болмаған соң заманы, заманға болмай амалы, кезінде білімін жетілдіре алмаған егде адамдар еді. Редактордың олардың қатарын оқыған жастармен толықтырайын демегені мені қатты таңғалдырды.
— Әлқисса, әрі қарай не болды?
— Маңдайым тасқа тигендей болғасын облыстық газеттен үмітімді үзіп, амалсыздан облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне барып жолдамамды көрсетуіме тура келді. Бөлім меңгерушісі Мұхамбетқазы Тәжин мені Новоресей аудандық «Қызыл ту» газетіне жауапты хатшы етіп жіберді. Еңбек жолым осылай ауданнан басталды, айналайын.
— Өмір тәжірибесінен жақсы білеміз. Аудандық газеттердің қамытын бір киген журналистің қайтып мойнын босатып алуы қиямет-қайымдай қиын шаруа болатын. Кірер есігі бар, шығар есігі жоқ дегендей. Сіз қалай жол жол тауып облыстық телеарнаға ауыстыңыз?
— Айтайын, ойда жоқта ауыстым. «Адамның болмас айтқаны, Алланың болар дегені» дейді ғой. Тағдырға пенде көнбісті. Пешенеме Ақтөбенің ақ дәмі жазылған болар.
Өндірістік басқармалар құрып, ауданды ауданға қосып ірілендіруіне байланысты Новоресей аудандық газеті жабылып, мені Қарабұтақ ауданаралық «Совхоз өмірі» газетіне ауыстырды. Облыстық партия комитетінде лектор болып жұмыс жасайтын жерлес ағамыз Әмірхан Боқаев ертіп апарып, жауапты хатшы столына отырғызып кетті.
Осында келіп, қызмет істей бастағаныма екі айдай уақыт өткен, маусым айының ортасы болатын, аудандық партия конференциясына қатысу үшін, қасында ақын Мұхтар Құрманалин бар, Марат Тәжин келе қалды. Редакцияға соғып, маған біраз көз сүзе қарап тұрды. Алдында, Новоресей ауданына барасың дегенде «орыс қолды аудан, бара алмаймын» деп шәлкем-шатыс сөзге келіп қалғаным бар. Несін айтасыз, Мұхамбетқазы ағамыз дұшпаны кеміте алмайтын өр кеуделі, басқарып билік айтуға жаралған, екі сөйлеуді білмейтін, сөзін кесіп-пішіп бір-ақ айтатын нағыз ер жігіт еді.
Редакция орналасқан ашық-тесік атқорада әр жерде шашырап отырған, біздің қонақтаған тауықтай мүшкіл халімізді көріп, мені іштей аяған сыңайлы, әйтеуір «Нұқы, жүр» деп мені қораның екінші бұрышында отырған редактор Р.Әйпейісовке ертіп барды және о кісіге тікелей кесімді нұсқау берді: «Бұйрық бер, Қартбайұлын қызметінен босат. Ақтөбенің телестудиясына жұмысқа ауысады» деді. Міне, мен мұнда осылай ауыстым.
— Нәке, енді журналистік шығармашылығыңызды қаузайық. Сіз өзіңізді журналистердің қандай тобына жатқызасыз? Толық мәніндегі журналист бола алдым дейсіз бе?
— Мұның жауабын менің жазғандарымды оқығандар болса, солар беруге тиіс сұрақ екен. Әркімнің көкірегіне бір аяқ ас сыяды. Осы сұхбаттың басында «Әркім өзін санайды жарты патша» деген Мұқағалидың сөзін келтірдім. Өзін басқалардан кем санайтын пендені мынау жарық дүниеден шам алып іздесең де таппайсың.
Тек нақты деректер негізінде бірді-екілі пікірімді білдірейін. Бұрын, біздің кезімізде редакциядан пана іздеп, арыз-шағыммен келгендердің басым дені алдымен орыс редакциясынан Николай Ханды, ал қазақ редакциясынан мені сұрайтын, бізді іздейтін. Жазған мақалаларымның әсер-ықпалына, оқырмандардың қабылдауына қарап ыңырсығанның бәрі әнші, қалам ұстағандардың бәрі журналист болып жүрген қазіргілермен салыстырғанда көш ілгерімін дей аламын.
Бірде облыс жұртшылығына танымал журналист Жанғабыл Қабақбаев: «Нұқа, Сіздің «Қос қоңыраулы мектеп» деп аталатын мақалыңызды оқығаннан кейін журналист боламын деп нық шештім» дегені бар. Өтірік айтса, өзі білсін.
Кейбір сын мақалаларымның әсері мен ықпалы күтпеген нәтижелер берген кезі болды. Белгілі журналист ағамыз Нағашыбай Нұрпейісовтің баласы қайғылы қазаға ұшырағанда жазған «Алабұта да ащы жерге бітеді» деп аталатын мақалам облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Ибрагим Женалаевтың тікелей нұсқауымен қаланың екі жоғары оқу орны және барлық техникалық орта оқу орындарында талқыланды. Қандықол Крамердің көңілдесі, «Ақтөбесельмаш» зауыты директорының қызы мединституттағы оқуынан шығарылды.
«Бұл қай бұлталақ?» деп аталатын мақаланы сол кездегі облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Сапар Сағынтаев өз кабинетінде, көп адамның қатысуымен, екі дүркін талқылады. Талқылау барысы екі дүркін «Ақтөбе» газетінде екі бет болып жарық көрді.
Тағы бір дерек келтірейін. Кейінгі жылдары, тоқтасқанда жазған «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме» атты мақалам жарияланғанда менің үйімнің телефон номерін білетіні бар, білмейтіні бар, марқұм Марат Оспановтың анасы бастаған 37 адам маған телефон шалды. Бір таңғаларлығы, марқұм Федор Чемоданов аталған мақаламен орынбасары Құбайдолла Бітіковке орысшаға аудартып танысыпты.
Дана Абай «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дейді ғой. Мен қаламгер ағамыз Әзілхан Нұршайықовқа еліктеп, сол телефон шалғандардың бәрін тізімдеп, күнделігіме жазып қойдым.
«Сен жазған мақаланы жібермей оқимыз» дейтін көңілдері көктемдей замандастарым жетіп артылады. Бірақ мен мұны малданбаймын, бәрін жүз пайыз шындық деп те ойламаймын.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақ университетінің журналистика факультетінде оқыған Талап Қалмырзин деген студент менің шығармашылық шеберлігім жөнінде диплом жұмысын қорғапты. Шет аймақтағы мен сияқты елеусіз журналистің шығармашылық шеберлігі туралы тақырыпты кафедраның қалай таңдағаны, оны қалай бекіткені маған бүгінге дейін беймәлім. Сол жылы мемлекеттік комиссияға аға журналист Сапар Байжанов төрағалық жасаған екен. Осы диплом жұмысын талқылау есінде қалған болу керек, кейін партияның Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісінің баспасөзге басшылық жасайтын орынбасары болған кезінде редактор Нұрқайыр Телеуовке арнайы телефон шалып: «Қартбайұлы қандай журналист? Қызметін өсірейік деп едік. Пікірің қандай?» деп сұрапты. Оны маған сол бойда редактор сүйінші сұрағандай болып жеткізді. Жанымыздағы облыстық партия комитетінің көзі түсе бермейтін заманда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінен мені сұрап телефон шалу ақ түйенің қарны жарылғандай оқиға. Несін жасырайын, мен сол күні жұмыстан үйіме аяғым жерге тимей, көкте қалықтап жеттім. Жақсы сөз жан семіртеді. Көңілім құлазып жүрген сәттерде осындай тілектес сөздер маған үлкен демеу болды.
— Нәке, өмір жолыңыздағы елеулі бір белес Торғай облысының бас басылымы «Торғай таңы» газетіне редактор болуыңыз деп білемін. Мен өзіңізбен бірге болдым, қызметтес болдым. Ол жылдар маған да ыстық. «Құдай-ау, қайда сол жылдар …» деп тағы бір еске алайықшы.
— Адамды табиғат жаратқанмен, оны өсіріп тәрбиелейтін қоғам. Ал ол қоғамда қалыптасқан тәрбие мен мінез-құлық, тіршілік өмір сүру болмысы сені айналып өтуі мүмкін емес. Кеңес қоғамының кеселді дерті — мансапқұмарлық еді ғой. Өйткені қызметің өссе, ел қатарына қосыласың, сәл де болса тұрмыс жағдайың түзеледі дегендей. Осындай дерт, несін жасырайын, менің бойымда да болды. Әлімді білмей, басқа облысқа тәуекел деп баруымның бір себебі осы.
Екіншіден, Суворов «генерал болуға ұмтылмаған сарбаз — нашар сарбаз» деген екен. Олай болса қатарыңнан кейін қалмау үшін ілгері ұмтылғанның айыбы жоқ. Кеңес өкіметі салтанат құрып, дәуірлеген жетпіс жыл ішінде біздің Ақтөбеден басқа облыстың бас газетінің редакторы болған екі журналистің сыңары болу мен үшін үлкен құрмет, үлкен абырой.
— Торғайға қашық-жақын облыстардан келіп бас құраған, ала-құла, араларында телі мен тентегі бар журналистерді бір ізге түсіріп, сыйласып, тәп-тәуір тіл табысып, жап-жақсы жұмыс жасап жүріп аяқ астынан, ойда жоқта қызметтен босап қалуыңыз көңіліңізге қаяу салған болар. Неден сүрінгеніңіз бізге беймәлімдеу болып қалды. Бүгін сырыңызды ашып айтатын күн. Редакциядағы ұжыммен қоштасу жиынында «Редакторлықтан босауымның себебі өзімнен. Тәжірибемнің жетіспеуінен келістіре алмадым» дедіңіз. Жиналған журналистердің біразы «бұл ерлік» деп бағалады. Арада көп жылдар өтіп көмескіленген оқиғаға қайта оралайықшы. Тілектестермен қоса кезінде өсек таратқан күншілдер де бар, анығын білсін.
— Бұл сұрағыңа жауапты сол редакцияда өзіңмен қызметтес болған, әрбір сөзі мірдің оғындай уытты қаламгер, марқұм Жұматай Сабыржанұлы жауап берсін. Жасым келген шағымда мен ақталып қайтемін. Әріптесің Жұматайдың «Өкпелесең өзің біл» деп аталатын, Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген мына кітабын Ниетжан Беріков ағамыз маған жақында сыйлап тұрып: «Қиянаттың құрбаны болыпсың ғой, оқы» деген. Осы кітапта мынадай жолдар бар: «… Мансапқорлардың негізгі мақсаты — Қартбаевқа Құсайыновты (облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы) қырын қарату еді. Ол орындалды. Бастық қызметінен кетірілді. Бұл арада ол кісіні «Қолға түсе бермейтін қадірлі басшы еді» дегелі отырғаным жоқ. Өкініш — менің фельетоным үшін күйіп кеткенінде …
Әрине, Мәскеуде оқытып, редакторлыққа дайындап жатқан кадры бар обком Нұхаңды орнынан бәрібір тайдыратын. Тек өзімді осы күнге дейін қинайтыны — «со кісінің басы пәлеге қалуы менің фельетонымнан басталды-ау» деген өкініш».
Бұл жолдағы жазуларға түсініктеме берудің басы артық. Тек қосарым, бүйен ауыздар не демейді. Мен ішіп-жеп бірдеме бүлдіріп қойсам, обкомның бюросы ауызша сөгіспен жеңіл-желпі босатпас еді деу ғана. Ойлана білсек, журналист алдындағы қағаз-қаламнан басқа нені бойына жаратуы мүмкін. Шерағаң (Мұртаза) тауып теңегендей, журналист дегеніміз — арқасына алтын артып, жантақпен ғана қоректенетін түйе іспетті.
Тағы бір дерек қосайын. Өсекшілер айтқандай, мен жұғымсыз болсам, қудалауға ұшырасам, қазір журналистер «атынан ат үріккендей» деп жазып жүрген, қызмет істеген жерлерінде «кіші Сталин» атанған, екінің бірі қасына жуықтап бара алмайтын, сұсты Еркін Әуелбеков сол кездегі Ақтөбе облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Темірғали Бекеновке (екеуі орта мектептің 9-10 сыныптарында бірге оқып, бірге бітірген екен) «Қартбайұлына дұрыстау жұмыс тауып бер» деп телефон шалмас еді. Облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Оразалы Қозыбаевқа маған пәтер беруді сұрап хат жазбас еді.
Торғайдан басқа қызмет бұйырмай, қуылып кеткенім жоқ. Жерсіне алмай елге оралдым. Қазақтың тұлғалы азаматтарының бірі, ақын Кәкімбек Салықовтың Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, аузымен құс тістеп тұрғанда жазған бір өлеңі бар. Одан:
Қайтқан құстар ұшады,
Еділдетіп, Оралмен.
Елге жетіп қалар ма ем,
Ере кетіп солармен,—
деген жолдарды оқимыз. Не деген шалқар, ыстық сезім! Осындай көңіл күй бәріміздің де бойымыздан табылады деп білемін.
Қызметімнен босаған кезде қандай күйде болсам да, мені редакторлықтан тайдыруға білек сыбана кіріскен, идеологияны басқарған обкомның салалық хатшысы Ә.Дүйсенов бастаған топқа қазір дән ризамын. Алғысым да шексіз. Бағым бар екен. Айдың күні аманында елге жетіп қалдым. Туған жерің — алтын бесігің. Егер Торғай облысы тарағанға дейін қызметте болып, тойы тарқаған жұртта қалсам, күнім не болар еді деп ойлағанда жүрегімнің соғысы жиілей түседі.
— Ұзақ ғұмыр көшінде талай адаммен дәмдес, қызметтес болдыңыз. Кімдермен жақынырақ сыйластыңыз. «Достарыңды ата, сенің кім екеніңді айтайын» деген ғой бұрынғылар.
— «Адамның күні адаммен», «жақсымен жанас» деп өсиет еткен ғой атам қазақ. Бұл қағиданы өзінің өмір жолында менен басқалар да темірқазық етіп, басшылыққа алатын болар деп топшылаймын.
Баспадан жарық көрген жалғыз кітабым бар. Соның бір тарауы «Жақсымен жақын болдым Алла деген» деп аталады. Басшы болсын, қосшы болсын, жүрегі таза, пейілі ақ, иман жүзділермен сыйласуға тырыстым. Бірақ жаманға жаланып, басшыға табынған емеспін.
Жалпы малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде, пенденің бәрі бірдей емес қой. Жақсылардан шарапатты көп көрдім. Ал надандау, топас болып жаратылғандарынан басыма таяқ талай рет тиді. «Бақыт дегеніміз — төзімділік» депті бір данышпан. Ондайда ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес деп сабыр сақтауға тырыстым.
Сөзім жалаң болмау үшін деректерге сүйенейік. Мәселен, қазақтың Өзбекәлісі атанған Жәнібеков қызметсіз қалғанымда осыннан ашылған көрме залының кілтін ұстатты. Өзекеңнің республика мәдениет министрінің орынбасары кезі. Осы жұмысты сұрап, телефон шалғанымда: «Сенің қалай босағаныңды білемін, хабардармын. Мына жұмыс менің хұзырымда емес. Бірақ шешемін, күт» деген. Шешті. Менің осы қызметке тұруыма келісім бергені үшін сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының жетекшісі Өтеміс Әкімовтің обком хатшысынан таяқ жегені бар. Кейін бір кездескенде Өтекеңнен сыр тартып сұрап едім, дініне берік азамат қой, «сондай әңгіме болды» деді де қойды.
Немесе облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған Ибрагим Женалаевты алайық. Отан соғысына қатысып, өмірдің ащы-тұщысын бірдей татқан адам ғой. Көп ішінен мені танып білді. Бір күні ойда жоқта мені шақырып алып: «Редакторың Шалқар аудандық газетінің редакторы Тауман Төрехановты айтып қыңқылдап жүр. Бірақ мен саған тоқтадым. Қызмет істейтін шағың, редакторға орынбасар бол» деді. Қызығы артында. Кеткісі келмей, жан сақтай тұрғысы келген адам мен күншілдер сол күні менің үстімнен бұрқыратып арыз жазып, үйінде ауырып жатқан облыстық партия комитетінің жаңадан келген каһарлы бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың пәтерінің пошта жәшігіне салып кеткен.
Сонан бірнеше ай бойы әрі де емес, бері де емес дел-сал күй кештік. Ақыры қайсар, табанды, өз жолын білетін Ибекең бірінші хатшы демалысқа шыққаннан кейінгі алғашқы бюро отырысында мені редактордың орынбасары етіп бекітіп жіберді. Бюро мәжілісінде «бекітілсін» деген сөзді бірінші болып Кеңес Нокин ағамыз айтты. Екінші болып қостаған Үкітай Байжомартов. «Жақсылық етсең бүтін ет» дегенді дана бабаларымыз, сірә, осындайда айтқан болар.
Табаным тайып кеткенде қолтығымнан демеген, қысылғанда қол ұшын берген асыл ағаларым мен замандастарымның арасында: Ғ.Әбуов, М.Тәжин, М.Сағдиев, Қ.Тұрысов, Р.Тұрғанбаев, Қ.Өсімбеков, А.Мусин, Е.Сағындықов, Қ.Сабыр тәрізді тұлғалы азаматтар болғанын айрықша мақтан тұтамын. Сыйлас інілерім де аз емес, кейбіреуі көңілімді көтеріп, кездескенде «көке» деп алдарқатып қояды.
— Сіз Қазақстанның құрметті журналисісіз. Мұндай құрметке бөлену үшін көбірек еңбек сіңіру ләзім. Қасиетті ана тіліміздің жанашары екеніңізді де жақсы білеміз. Елге пайдаңыз тиетіндей қайрат-қажыр көрсеткен кезіңіз болды ма? Болса қандай?
— «Өзін-өзі мақтаған өлімнің қара басы» дейді атам қазақ. Мынауың мен жалтаратындай сұрақ екен. Бірақ жауап берейін.
Мен істеген ісіме көбіне көңілім толмайтын, өкінішті көп өмір кеткен өтіп дейтін адаммын. Саған өтірік, маған шын. Нансаң, өмірімде бір-ақ рет өзіме-өзім қатты риза болыппын. Ол батылым жетіп, ащы шындықты айтып, жасы жүзге келген Ленин орденді теміржолшы, қазыналы қарт Дәрменқұл Қалағановтың қолымен Республика Президентінің атына намыстан жарылып кетердей болып хат жазуым. Әрине, өз атымнан жазсам ол хат оқылмайды. Жылына бірінші басшының атына бес жүз мыңның үстінде шағым-арыз, ұсыныс-пікірлі хат түседі екен. Елбасы оның қайсысын оқып отырады, оған мұршасы бар ма?! Сондықтан өзімен келісіп, қазына қарттың жасын пайдаландым.
1990 жылғы маусымның 7-сі күні жазылған осы хаттан бір-екі үзінді келтірейін. «Сенің Нұрсұлтан деген есіміңнің өзінде ерекше бір кие мен құт бар» деп көңілдендіріп алып, әрі қарай: «Жақында ғана Республиканың жаңа үкіметінің құрамы бекітілді. Сайланғандар тізіміне тағы бір көз салайықшы. Арасында Ақтөбе сияқты үлкен облыстан бірде-бір басшы кадр жоқ.
Бұған сен кінәлы емессің. Бірақ неге бұлай деп ойланып көрдің бе, айналайын. Әрине, солақай саясаттың салқыны, зардабы бұл.
«Советская Россия» газетіне берген сұхбатыңызда Кеңес заманында Республика Компартиясы Орталық Комитетіне бірінші хатшы болып сайланған 14 адамның арасында өзіңнің үшінші қазақ екеніңді жаздың. Орынды өкпе-наз. Ақтөбе өңірін мекендеген 400 мың қазақтың партияға деген осындай өкпесі қара қазандай!
Ақтөбенің маңдайына орыстан басшы мәңгі-бақи болсын деп жазылып қойғандай, бірі кетсе екіншісі дайын тұрады. Қашанғы бұлай бола береді…»
Мынау «Дәрменқұл аға!» деп інілік зор ілтипатпен жазған Нұрсұлтан Назарбаевтың жауап хаты.
Міне, осы хаттан кейін, ешбір астамшылығы не асылығы жоқ, облыстың билік тізгінін өз еліміздің азаматы ұстайтын дәстүр қалыптасты. Облыстың бірнеше қабілетті азаматы бірден республикалық дәрежедегі лауазымдарға жоғарылатылды. Өскен жігіттеріміздің сабыр-салмағы сондай, қызмет төріне қарай жолымыз қалай демде ашыла қалды деп біреуі селт еткен емес. Аттай жиырма жыл бойы мен де тіс жарған жоқпын. Көпшілік қатысқан үлкен жиналыстың мінбесінен бір-екі ауыз жылы сөз айтқанын малданып, ертеңіне басшыдан сыйақы дәметіп, ақша сұрап баратындар қатарынан емеспін. Облыс әкімі болған Елеусін Сағындықов ініме сенатор болып кетерінің алдында ғана таныссын деп осы хатты апарып бердім. Басқалар қайдам, ал өзім мұны ел үшін істелген игі қадам болды деп санаймын.
Қорыта келгенде Дінмұхамед Қонаев ағамыздың кітабының тақырыбы болған сөзді қайталап «Өтті өмір осылай» деймін. Өмірге адам болып келгесін адам болып өтуді мақсат етпейтін пенде жоқ. Тек сол мақсатты қамшының сабындай қысқа өмірде жүзеге асыра алдық па, не көбіне аяғымызды жаңсақ басып, жаңылып өмір сүрдік пе, міне, мәселе осында!
— Ағыңыздан жарылып берген сұхбатыңызға мың рақмет! Мерейлі жасыңыз құтты болсын!
Айдос ШӨКІШЕВ.
Суреттерде:
1) Арқалықта Д.Қонаевты қарсы алу сәті.
2) Космонавтар Арқалықта: ортада Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Құсайынов және космонавт Ю.Титов.
3) Облыс әкімі Е.Сағындықовтың бір топ тіл жанашырларын марапаттау сәті.



