Денсаулық

АИТВ-ның алдын ал!

Облыстық әкімдікте «АИТВ, яғни адам иммун тапшылығы вирусының бизнеске ықпалы және жұмыс орнында АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны ЖИТС-тың алдын алу және оған күрес жөніндегі орталық пен «Арасан Ақтөбе» ЖШС ұйымдастырды.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Мәмбетжанова қазіргі таңда ЖИТС, яғни жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңызы зор екенін айтты. Ал ЖИТС-тың алдын алу және оған күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребаева алдын алу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын баяндады. Мәселен, облыста АИТВ жұқпасы бойынша алғашқы дерек 1989 жылы тіркелді. Осы уақыттан бастап 314 адам есепке алынған. Оның ішінде 17,8 пайызы шетел азаматтары болса, еліміздің басқа өңірлерінен келгендер көрсеткіші — 9,9 пайыз. Республиканың өзге аймақтарымен салыстырғанда Ақтөбе аталған жұқпаның таралуы жағынан төмен аймаққа жатады.
ЖИТС ауруына әкелетін АИТВ қоздырғышы адамға жыныстық қатынас арқылы, вирус жұққан шприц немесе медициналық жабдықтарды қолданған кезде, қан құйғанда және науқас анадан балаға жұғады.
— ЖИТС адамның жас ерекшелігіне, ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына қарамайды. Ол кез келген адамға жұғуы мүмкін. Бірақ елімізде тұрғындардың ЖИТС-ке деген көзқарасы әлі өзгерген жоқ. Оларда «бұл ауруға мұхиттың арғы жағындағы ел немесе нашақорлар ғана шалдығады» деген түсінік қалыптасқан. Рас, алғашқы жылдары елімізде нашақорлар арасында осы дертті жұқтырғандар көп болды. Ал қазір бұл аурудың «қармағына» қарапайым адамдар жиі ілігеді, — деді Айбарша Төребаева.
Сондай-ақ, вирус жұқтырған жандарға үрке қарамау керектігін ескертіп, сақтану жолдарын түсіндірді. Жиынға қатысқан облыстық кәсіподақ кеңесі, кәсіпкерлер басқармасы, индустриалды-инновациялық даму басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен өзге де мекемелерден келген өкілдер өз ойларын ортаға салып, маман кеңесін ұйып тыңдады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button