Асылдың сынығы
… Түсінің басқалығын ол анасымен ғана байланыстыратын: анасының ұлты украин еді. Ал өз қаны қазақ — Людмила Сұлтанқызы Бұзаубаева. Әжесі Ақсұлу «немеремнің үлкені» деп әрдайым жанынан тастамай, бар білген-түйгенін құлағына құйып, қолөнерге баулып өсіргендіктен, сөз маржанын теріп, көне тіркестерді мөлдірете тізіп, мақалдатып сөйлейтін шешен, ісмер, өнерлі болып бойжетіпті.
Ал беріде, 1986-ның желтоқсанынан кейінгі серпілістер кезінде, орыстанып кеткен Алға өңірінде тіл мәселесін ту етіп көтеріп, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту жолында қажырлы еңбек еткендердің бірі — осы Людмила апай. Алғадағы С.Киров атындағы химия зауытының Мәдениет үйі жанында 40 жыл бойы орыс халық театры жұмыс жасады. Алғалық қазақтарға: «Қашанға дейін орыстардың өнеріне қол соғып жүре бермекпіз? Өз театрымызды ашпаймыз ба?» — деп қозғау салып, оларды сахнаға шығарды. Кейін өз ұжымымен халық театры атағын қорғады.
Міне, сөйткен Людмила апай өзінің поляк қызы екенін елуге келген шағында бір-ақ біліпті. Бірақ бұл әңгіме алдымен әке мен ана тағдырынан басталады.
«Менен туған ұл ешкімді жылатпас!»
Ақсұлу әже дүниеге 11 бала әкелген жан екен, содан тірі қалғаны бір ұл, бір қыз — Сұлтан мен Ақлима. Жары Қасеннің, көзінің ағы мен қарасындай екі баласының тілегін тілеп, алдағы күннен жақсылық қана күтіп, шат-шадыман өтіп жатқан тірліктің шырқын соғыс бұзды. Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқып жүрген баласы Сұлтан әскерге шақырылып, туғандарымен қоштасып та үлгермей, майданға аттаныпты. Сол кеткеннен хабарсыз…
…Маңдайға жазылғаны болар: майданда ол жау тұтқынына ілігіпті. Аш-жалаңаш хал, фашистердің қорлығы, «немістің қолына түсті» деген абыройсыздықты ойлағанда, жынданып кете жаздайтын ызалы сәттер — тұтқындар лагеріндегі мыңдаған жандардың қатарында Сұлтан да осының бәрін бастан өткерді. Ал соғыстан кейін: «Ата-ана, туған жерге жететін болдық!» деген шаттық оларға бұйырмады. Оларды Қиыр Шығысқа аттандырды. Екі алып кемеге бөлініп отырып, Қиыр Шығысты бетке алған сәтті кейін сан рет еске түсірді. Сол жақта аса ауыр да аса қауіпті жұмысқа жегілмек. Тіпті соған да жете алмағандар бар: соңғы айлаққа тоқтай бергенде, кемелердің бірі жарылып кетіпті. Бұл тұтқындарды «сатқындар» деп қабылдайтын біреулердің ісі болса керек. Сұлтан екінші кемеде болып, бір ажалдан аман қалады.
Осы жақта өзінің болашақ жары Евдокия Некрасованы кезіктірді. Оны ұнатып қалғанын, екі жастың тіл табысатын сыңайы барын сезген қасындағы үлкен кісілер: «Шахтадағы жұмысты көріп жүрсің, күнде біреуді көмір басып қалып жатыр. Сен — біреудің жалғыз ұлысың. Үйлен. Соңыңда тұяқ қалса, өзің бір жағдайға ұшыраған күнде де, ата-анаңа, тым болмаса сол жұбаныш болмай ма?» — деп ақыл айтыпты. Олар осылай қосылыпты.
Бірінен соң бірі сүйкімді сәбилер дүниеге келді. Ал Сұлтан күнде ертеңгілік жұмысқа шығарда: «Дусьенка, егер мен орала алмасам, қайткенде де балаларымды әке-шешеме жеткіз» — деп, жарына өзінің соңғы аманатын айтып кетеді екен. Өйткені шахтадағы әр сәт қауіпті. Алыста өзінен мүлде хабарсыз жатқан ата-анасын бір сәт естен шығармайды. Алайда оларға хат та жібере алмайды. Жау тұтқынында болған адамнан келген хат тек ата-анасы емес, бар туған-туысын КГБ тарапынан тергеу, т.б. толып жатқан әуре-сарсаңға салуы мүмкін. Ондайға қайдан жол берсін?!
1953 жыл келді. 5 наурызда Сталин қайтыс болды. Неміс тұтқынында болған жандарға ерік беріле бастады. Жақсылық лебі сезілгеннен-ақ, Сұлтан дереу туған ауылына хат жолдады.
Бұл кезде әкесі Қасен өмірден озған екен. Ал анасы Ақсұлу он екі жылдан астам уақыт бір хабары болмаған ұлды тосып, күнде жол қарайды. Жұрттың бәрі күдер үзгенмен, ана жүрегіндегі үміт үзілмепті. «Тірі! Келеді!» деуден танбапты. Алла сол тілегін берді! Ұлының хатына жүрегі жарыла жаздай қуанып, сауып отырған сиырын сойып, бүкіл ауылды тойға шақырды. Конверттен шыққан суретке қайта-қайта қарайды: ұлы мен келінінің қолдарында — сүп-сүйкімді үш бала. «Мұнда біз сәбидің бір күлкісіне зар болып отырсақ… Суреттерің не? Тезірек өздерің, өздерің жетіңдер!» — деп жауап жіберіпті. Біреулер: «Апа, орыс келінді қайтесің? Сен онымен сөйлесе де алмайсың ғой. Қазақтың қызын алып береміз. Біз солай хат жаздық» — деп әзілдегілері келген екен, оларды: «Менен туған бала болса, ол ешкімді жылатпас! Әйел-баланың көз жасына қалмас!» — деп қайтарып тастапты.
1941 жылдың жазында кеткен адам туған жерге 1953 жылдың соңында оралды. Қасында жары, төрт баласы бар — алтау болып оралды. Оларды қарсы алған туған-туыстың қуанышында шек болмады.
Қиыр Шығыстың бәйшешегі
Некрасовтар о баста Қиыр Шығыста емес, Украинада тұрған. Ұрпақтан-ұрпаққа тігіншілікті кәсіп еткен, ауқатты әулет екен. Кәмпескенің дүрбелеңі кезінде Қиыр Шығыстағы Амур облысына қоныс аударған. Осы әулеттің ерке қызы Дуся поляк жігітімен бас қосыпты. Бірақ көп ұзамай, соғыстан кейінгі түрлі жағдайлар жұбайлардың жолын екі айырды. Кішкентай Людмила анасында қалған. Әкесінде сәбидің суреті ғана кетіпті, беріректе ол кісі қайтыс болғанда, нақ жүрек тұсындағы қалтасынан сол сурет табылыпты…
Ал Евдокия тағдыр жазып, Сұлтанмен отау тікті. Жоғарыда айтқанымыздай, 1953 жылғы қарашаның соңғы күндерінің бірінде жарына еріп, Қазақстанға келді. Қиыр Шығыста, мұхит жағасында өскен адам бастапқыда қазақ даласын қатты жатырқапты. Ерінен басқа ешкімді танымайды. Бұл жақтың табиғаты да, тұрмыс-тіршілігі де мүлде басқа. Төркініне: «Мұндағылар етті қолмен жейді екен, үйренбегендіктен, жерде отырып тамақ ішу де қиын болып жүр» — деп хат жолдаса, олардың төбе шаштары тік тұрыпты. «Сонда қасық пен орындық табылмайтындай жағдайға жеткен бе? Сен балаларды алып, тез қайт» — деп жауап жіберіпті.
Некрасовтар шетінен өнерлі, әсіресе, сурет өнеріне жақын екен. Евдокия да — сол әулеттің бір өкілі. Бірақ өткен ғасырдың елуінші жылдарында Қазақстанның бір қиырындағы «Орқаш» кеңшарының фермасы боп табылатын Калинин ауылынан сурет салатын құралдар қайдан табылсын? Евдокия дастарқанның тысқы жағына, өзі шөптен әзірлеп алған «қылқаламмен» сурет салып, ұза-ақ отырады. Туған жерін сағынғандықтан, әрдайым Қиыр Шығыс табиғатының көріністерін салады. Әсіресе, Қиыр Шығыстың бәйшешегін жиі аңсайды. «Қаптаған баланың ортасында орыс келіннің мұнысы несі?» — деп, айналасындағылар беттерін шымшиды. Тек жары Сұлтан ғана оның сағынышын түсініп, салған суреттерін жинап жүреді.
— Әкем жұмыстан келгенде, есікті ашқан бойдан: «Дусьенка!» деп дауыстайды. Сонда әжем: «Немене, Дусьенкадан басқа адам — адам емес пе?» дейтін. Бірақ мұны еш зілсіз айтады. Өзі ұзақ күткен ұлының аман-есен келгеніне, тәп-тәтті немерелерінің ортасында отырғанына Аллаға күніне мың да бір шүкіршілік айтатын. Анама «қазақтың тірлігіне қырсызсың» — деп кінә қоймады, керісінше, «баламның қиын күнде сүйеу болған жолдасы» деп, қатты қадірледі, — дейді Людмила апай.
Сұлтан мен Евдокия Бұзаубаевтар он бала — жеті ұл, үш қыз өсірді. Әрқайсысы әр салада еңбек етіп, өмірден өз жолдарын тапты. Олардың үлкені Людмила апай бүгінде 68 жаста. Әкесі Сұлтанның жасы 90-ның үстінде. Ал анасы Евдокия 84 жасында өмірден озыпты.
Анасының соңғы демі үзілер сәтте, келіндерінің бірі шыдай алмай:
— Апа, сізді қай ғұрыппен жөнелтеміз? Айтыңыз, тілегіңіз орындалады, — дейді.
Сонда Евдокия апай:
— О не дегендерің? Күйеуім қазақ, балаларым қазақ, мен де әлдеқашан қазақ болып кеткен жоқпын ба? — деп жауап беріпті. Сөйтіп, өзінің қалауы бойынша, бақи дүниеге мұсылман ғұрпымен аттанды.
Әжесінің қызы
Қазақстанға алғаш келгенде 6-7 жасар бала екен. Ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін Ақсұлу ананың қуанышын бөлісіп, Сұлтанмен сағыныса қауышқан бастапқы күндердегі абыр-дабырдың арасында әжесі мұны қолынан жетелеп, өзінің азық-түлік қоймасына әкелді. Жоғарыда ілулі, қаптарда сақтаулы тұрған нәрселерді нұсқап, аттарын қайта-қайта айтып, үйрете бастады.
— Бірінші жолы менің есімде «тары» деген сөз ғана қалды. Өзімнен кейінгі сіңілім Машаға жүгіріп келдім де, «Мен қазақша білемін: тары, тары!» деп шаттана айғайладым. Қиыр Шығыстағы нағашыларымыз үшін біз «киргизята» болатынбыз, ал ауылдағы туыстарымыз бірден «орыстар» атандырды, — деп еске алды Людмила апай.
Ақсұлу әже мен кішкентай Людмила бір-біріне тез бауыр басты. Әжесі — өмірден тоқығаны, көкірегіне жиғаны мол жан еді. Көкірегіндегі сол қазынаны немересімен бөлісті. Людмила апай өзі әже болған шағында, балаларының өтініші бойынша, әжесінен естіген мақалдарды, алғыс, тыйым түрлерін қағазға түсірді. Балалары оны «Ақсұлу әжемнің сыр сандығынан» деген атпен шағын кітапша етіп шығарып алыпты.
Людмила апайдың әжесінен «жұққан» тағы бір қасиеті — батаға қатты ден қояды.
— Әжем үнемі: «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» — деп отыратын. Ұлға, қызға, жас сәбиге, ержеткен балаға, келінге, күйеу балаға берілетін батаның әрқайсысының мазмұны бөлек-бөлек болады. Бұрынғылар ол талапты қатаң сақтаған, ал қазір бұл ескерілмейтін сияқты. Бір батаны жаттап алып, анда да, мында да айта беруге болмайды, — дейді.
Людмила апайдың өзі бір жерден жақсы бата естісе не оқыса, жаттап, жазып алуға мұқият қарайды. «Орман атаның батасы», «Сыйдағали атаның батасы» сынды тақырыптармен қалың бір дәптерді толтырыпты.
Кейіпкеріміз — мәдениет саласында еңбек еткен адам. Біраз жыл Алғадағы химия зауытының Мәдениет үйінде халық театрының режиссері болып істеді.
Бір жолы Бекен Әбдіразақовтың «Ауылдан келген Майшелпегін» сахнаға шығармақ болыпты. Аз күн қалғанда, шалдың рөлінде ойнайтын мұғалімнің жақын туысы қайтыс болып, Оралға аттанып кетеді. Енді рөлді өзі алып шықпаса, басқа адамды дайындап үлгермейді — уақыт тығыз. Жұмыстан үйге қайтып келе жатқан жолда іштей шалдың сөздерін қайталауға кіріседі. Ал үйде оған есік ашқан қызы: «Мама, сен ауырып қалғансың ба?» — депті уайыммен қарап. «Жоқ». «Онда неге ақсақтайсың? Терезеден көрдім, ақсақтап келесің…». Людмила апай қойылымда өзі ойнайтын шалдың сөздерін қайталаймын деп жүріп, қимылдарын да салып келе жатқанын сонда бір-ақ біліп, күліп жібереді.
— Бала кезімде жаздың жылы кештерінде үй алдына көрші-көлемді жиып, концерт қоюға құмар едім. Сондықтан үлкендер мені «артист қыз» деп еркелететін. Бірде әжем қасына алып, көрпе тігуді үйретпекші болды. «Маған оны үйренудің не қажеті бар? Артистер көрпе тікпейді ғой» — дедім мен. «Сонда артистердің қызы болмай ма? Қыздары тұрмысқа шыққанда, жасау әзірлеп бермей ме?» — деді әжем. Кейін тұрмысқа шыққан қыздарыма арнап, көрпе тігіп отырған кездерімде, әжемнің сол сөзі ылғи есіме түсетін, — дейді Людмила апай.
Балалық шағын еске алғанда ол әрдайым: «Біз жалт-жұлт еткен қымбат бұйымдардың арасында, қымбат киімдер киіп өскен жоқпыз. Бірақ ешқандай ақшаға сатып алуға болмайтын махаббат пен жылылыққа бөленіп өстік. Әкем анаммен бас қосып, мені өз атына жаздырып алған күннен бастап, бөтен екенімді мүлде ұмытып та кеткен болса керек. Алақанына салып аялап өсірді. Қазір өзінің туған балаларынан безініп, алимент төлеуден, бір ауыз жылы сөз айтудан қашып жүрген әкелер туралы естігенде, мен өз әкемнің шексіз мейірімін еске алып, Аллаға мың мәрте алғыс айтамын», — деп отырады.
Бірақ Людмила апай әңгімені әкесі ме, анасы ма, балалары ма, балалық шағы ма — кімнен, неден бастаса да, міндетті түрде әжесіне апарып тірейді. «Ақсұлу әжеме ескерткіш қойса да артық емес» — деп санайды. Ақсұлу әже сынды сүйегі асыл, көкірегі қазына, рухы биік бұрынғы қарттардың көзін көргендер қазір де арамызда аз емес, алайда соларға лайықты ізбасар болып, жолын жалғап жүргендер аз-ақ. Людмила апай — сол аздың бірі, асылдың сынығы.
Индира ӨТЕМІС.



