Мәдениет

Құландай жүйрік Қуандық

Мұзафар ӘЛІМБАЙ
Құландай жүйрік қуандық

Он сегіз жасар ұланның қаламынан туған шағын өлеңге ой көзін жіберелікші кәне.

ДАЛА

Дала, дала, ұшан дала,
Даламенен келемін.
Дала көркін көрсем ғана!
Терезеге төнемін:

Қойып кеткен өмір көші
Анда-санда бір ауыл —
Тарих — бұлттың көлеңкесі,
Айдап өткен мың дауыл.

Талмай қарап тұрам ұзақ,
Дала қандай тамаша!
Өміріне зерде тұнад,
Сүйіп егер қараса.

Дала — менің есі-дертім,
Онсыз қабақ жабылар,
Сүйем оның үнсіз көркін,
Менде дала жаны бар.

Сол даланың сызы емес пе,
Арқам алғаш тигені!
Сол даланың қызы емес пе,
Жүрек алғаш сүйгені!
Дала — анам, дала — бесік,
Жанымдай оны сүйемін
Айтшы қалай тілеу кесіп,
Жатқа оны беремін?
Алсам, әттең, құшағыма
Қысып байтақ көлемін.
Алматы — Москва поезы,
октябрь, 1943
Тыныс белгілерін де автордың қолымен қойылған қалпында қалдырдық.
Жоғарыдағы жырдың ақ қағаз бетіне түскеніне де 62 жылдың жүзі болыпты.
Бүгін, оқырман, сіз кім болсаңыз да тал бойында қазақ қаны ағындаған азамат болсаңыз (бәлкім, халық қадір тұтқан қанатты ақын да шығарсыз!), сөйте тұра әлгі өлеңді әлсіз, әрсіз туынды дей аласыз ба? Оған арыңыз бармас та еді.
Өлең артық-ауысы жоқ, «теп-тегіс жұмыр келген айналасы» бүтін дүние, тынысты туынды!
Әрине, балаңдығы да байқалмай қалмайды. Сөйте тұра баурайды!
Осындай жырлар қалай ғана біздің дарынды деген композиторларымыздың көздеріне түспейтініне таңым бар… Мынау өлең ән-сазға өзі-ақ тіленіп тұрған дүние емес пе?! Керек десеңіз хас шебердің өрнектеуінен өткендей айшықты әсем қайырмасы да әзір тұрған жоқ па?!
Сол даланың сызы емес пе,
Арқам алғаш тигені!
Сол даланың қызы емес пе,
Жүрек алғаш сүйгені!
Бұдан артық бедерлі қайырма іздеп не керек?!
Әлі де кеш емес: маңдайы жарылып тұрған марғасқа бір ән дүниеге таяуда келер-ау деп күтсек, несі ерсі?!
Мен әр өлеңді қатардағы оқырман емес, редактор боп оқимын: қолыма қаламымды қармап отырып, ынтық көңілмен, ьқылас қойып оқимын. Өзіме ләззат алғым келеді, дүние танығым келеді… Бұл тұрғыдан ең алдымен жоғарыда
көрсеткенімдей әнге, қайырмаға әзір тұрған әдемі шумақты айрықша бөле көрсетер едім. Бүгінгі көзқарас бойынша үңілгенге әр шумақтағы, бірінші және үшінші тармақтардағы екі буынды ғана (сол заманға сыйымды) ұйқастардың бүгінгі бізге олқы соғып тұрғаны ап-айқын. Мәселен, үшінші шумақтағы «тұрам ұзақ» және «Зерде тұнад» деген үйлесімдер тым қабыспайтын, үндеспейтін, тым алшақтау қолданыстар.
Автор бәрібір әр шумақтағы екінші және төртінші жолдардағы ұйқастарға келгенде берік. Бұған сол тұстағы қазақ өлеңінің деңгейі куә…
Арада 34 жыл өткенде жарық көрген қазақ поэзиясы антологиясында Қуандық «Дала» өлеңінің жаңадан жазылған нұсқасын ұсыныпты.

ДАЛА

Дала, дала, ұшан дала,
Мен далада келемін.
Алсам, әттең, құшағыма,
Қысып байтақ көлемін.
Бұлты көшіп, самалы есіп
Тұр ғой толқып тамаша.
Боз көдесін келем кешіп
Гүлін терем балаша.
Дала менің есі-дертім
Көрсем көңіл жадырар.
Сүйем оның азат көркін,
Менде дала жаны бар.
Сол даланың сызы еді ғой,
Арқам алғаш тигені.
Сол даланың қызы еді ғой,
Жүрек алғаш сүйгені.
Дала, дала, ұшан дала
Мен далада келемін.
Алсам, әттең, құшағыма
Қысып байтақ көлемін.
Оқырмандар өз бағасын өздері берсін; кемеліне келген ақынның толғанысы, әлбетте, асқар биікте, дәріптерлік деңгейде екеніне көз жеткізсін!
Әдебиеттегі әріптес атанатындардың әмбесімен бірдей арқа-жарқа араласып, алаңсыз ой бөлісе білу — сирек үрдіс…
Біреулер пәлсапашыл ойшылдығымен үйлеседі, үйірлеседі, біреулер талғам тамырластығымен топтасады, енді біреулер дарындастығын дәріптеп дәстүр жалғастырады. Ащылау болса да ашып айтқан абзал: дарынсыздар дарақылығымен де қауышады…
Осы әріптестердің талайын көзбен көріп, кейіп-кескінін көкірек көзімен ішке қондырдық, таразыладық, сараптадық, сараладық, жаңсақтыққа да ұрындық, ақиқат алдында айып та тарттық.
Біреумен жылдар бойында жұғыса алмайсың. Біреумен тұңғыш танысып, тұщы сөзінің дәмін татқызысымен-ақ, дастарқанға шақырғандай дәстүрлі әңгімеге үйіреді…
Қуандық Шаңғытбаев осындай әсер қалдырды. Алғаш рет жолығысып, аз ғана уақыт әңгімелескенім де бар… Бұл 1949 жылдың жазы болатын. Сөйлескен сайын секем алатын «секретныйлар» да болатын. Неге екенін білмеймін: ағынан ағыл-тегіл ақтарылмаса да, Қуандықпен қысылмай-қымсынбай, қипақтамай қысқа-қысқа әңгімелер айтысып құтханамызға тарасатынбыз.
Сондай жолдарда Қ.Шаңғытбаевтың туған әкесі Төлегеннің 1937 жылы «халық жауы» атанып, сотталғанын да өз аузынан естіп білдім… «Е, бауырым, сен де сергелдеңнің селіне ерте тоғытылған екенсің ғой. Менің әкемнің інісі де орталау мектеп директоры, кезінде сондай сормаңдайлыққа ұшырап, итжеккенге кеткен еді», — деп, мен де шақтым… Бұ да екеумізді үндестіре түсті білем.
…Бір күні екеуміз де бір баспадан қомақты қаламақы алып, қомпиып дәмханаға беттедік. Медеуге барар жолда Түрксиб санаторийіне бұрылыстағы «Көктем» думанханасынан бір-ақ шықтық.
Әуелі үлкен боп мен сыйладым. Кезек Қуандыққа тигенде:
— Мұзаға, енді мені тежемеңіз… Мұңымды шағып, ішімді босатқым кеп отыр, — деп, дастарқан мәзірін өзі тәптіштеді.
Әңгімеміз әрі қарай жалғасты.
Мен Қуандыққа «Дала» өлеңін жатқа оқып бердім.
— «Ар» жинағын қолыңызға қайдан түсірдіңіз? — деп сұрады.
Бір қарт мұғалімнен, атан түйедей қалап алғанымды жасырмадым. Рас, онда Мұхтар Әуезов сөзі жұлынып тасталған екен.
Мен де тыныш отырмай, досымның осал пернесін басып қалыппын.
— Қасиетті поэзияның қақпа дарбазасын енді ғана аша бергенімде: «Талабың құтты болсын!» деудің орнына, мені қып-қызыл ғып, талап тастады ғой! — деп, екі бетін басып, солқылдап кеп жылады… Көз жасына ие бола алмады, мен де байыпты-байсалды сөзді табан астында тауып, жұбата алмадым…
Өзім де босап, өксідім.
— Сол талаған бойдан әлі күнге дейін оқи да алмай келем ғой. Қолыма қалам алған сайын «Тағы не деп жазғырар екен?!» дегендей, жасқаншақтай берем… — деді Қуандық…
Тоталитаризм заманы да, Сталин қыспағы да қаламгерлерге қанат жаздырды ма?!
Қайран Қуандық еркін көсіле алмай, жұбанышын тәржімадан тауып, көңілін сәл-пәл демдеді ғой… Оның өмірінің өксікті соңғы жылдарында қала аралаудан, қатынасудан екеуміз де қалып, жолымыз кесілді.
Екеуміздің ермегіміз телефон арқылы тілдесу ғана. Онда да күйген ауыз көсіліп не айта алсын?!
Құдайдың құтты күні кездесіп, күлкінің желкенін керіп, кенеліп қалатын сәттер азайды… Садықбек ағаны қатты сағындым да «Қазақ әдебиеті» газетіне арнау өлеңімді бастырдым… Өлең ішінде Қуандық досымның аты лайығымен аталған еді… Ертеңінде Қуандық келіні ұл тапқандай кеңкілдеп, телефон соқты:
— Менің де атымды қыстырып жіберіпсіз, ертеңгі ұрпақ осы дәстүрді үзіп тастамай, жалғастыра білсе, игі! — деді бауырым.
Мұнда да сері мінезді ақынның сергектік, елдікті ойлау сезімталдығы төбе көрсеткендей еді… Және бір қызығы, екеуміздің жас айырмашылығымыз екі-ақ жыл болса да, ол мені аға тұтып, «сіз» деуінен жаңылған емес-ті…
Қуандық халықтың көзінше, оқырмандар алдында солай деп, маған тіл қатқанда, мен қатты кысылатын да едім.
Бәрібір мұнда да көрегенділігін, қазаққа тән сыйластығын танытатын…
Ол — шын мәнінде зиялы, өз өнериетінде кіді, талғамшыл, қатал талапшыл, зергер ақын еді. Ол аз жазды. Аз жазса да саз жазды, мәз жазды. Лирик классиктің нағыз өзі.
Оның аударма саласындағы қазақ поэзиясын дәулеттендіре түскен қазынасын да келер ұрпақтың іздеп оқыры сөзсіз.
Құландай жүйрік талантты ақын, көп қырлы қаламгер Қуандық Төлегенұлы Шаңғытбаев Қазақстан Республикасының Халық жазушысы деген құрметті атақты өзі теңдестерден, жасы кішілерден де кеш алды…
Мен аяқтан азап шегіп жатып қалған кезім еді, телефон арқылы құттықтадым. Қуандық қуанып елпілдеген де жоқ, «Тым кештеу бұйырды ғой!..» — деп бұйығып, кейіс те білдірмеді… Бұ да оның ұстамдылығынан, тектілігінен, көнбістілігінен еді.
Иә, ел-жұрты ырымдап Қуандық атандырған оғланды қатыгез тағдыр әсте еркелете қоймады… Ең өкініштісі, асқақ талантының қадір-қасиетіне елі де дер кезінде жетіп, аялап ардақтай алмады. Өз өнертетігін (творчествосын) былай қойғанда, тұлпардай озық тәржімашылығы үшін-ақ өткен ғасыр ортасында да Мемлекеттік сыйлыққа иегер болар жөні әбден бар еді-ау!
Қуандық өзінің инсандық бақытын ақылды да ажарлы адал жары Мәриямнан тапты, балалары мен немерелерінен тапты, ақжарма дос-жарандарынан тапты.
Біздің Қуандық Ислам дінін теолог-ғалым дәрежесінде терең білетін еді… Сондықтан шығар, бәрімізге де ол:
— Ойлы озған! Имандылыққа қолын созғын!.. — деп тұрғандай сезіледі ылғи да.
«Қазақ әдебиеті», 1 сәуір 2005.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button