Денсаулық

Белсіздік белең алып тұр. неге?

Ақтөбе қаласында «Ерлер денсаулығы және отбасылық өмірдің ұзақтығы орталығы» ашылды. Мақсат — урологиялық аурулардың алдын алу, ерлер арасындағы бедеулік пен белсіздікті азайту. Аталған орталық қала мен аудан тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетеді.

Мүмкіндігі мол орталық

Дәрігерлердің айтуынша, еліміздегі ер-азаматтардың бестен бірі ұрпақ өрбітуге дәрменсіз, яғни урологиялық аурулардың көп таралуы бедеулік пен белсіздікке әкеліп отыр. Қазір кез келген екі ер адамның бірі простатитпен ауырса, жас жігіттеріміздің басым бөлігі түрлі жыныстық ауруларға және бүйрек дертіне шалдыққан. Себебі ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерге үш есе аз көрінеді. Соның салдарынан ауру алғашқы кезеңінде анықталмай, арты асқынуға әкеліп соғып отыр. Оның үстіне әртүрлі әлеуметтік мәселелер де ер-азаматтардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Айта берсек, ерлердің денсаулығына қатысты проблема көп. Соңғы уақытта бұл жайтқа мемлекет тарапынан назар аударылып, биыл ерлер денсаулығына қатысты бағдарлама жүзеге аса бастады. Бағдарлама негізінде облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығының жанынан ашылған ерлер орталығы тек қана осы бағытта жұмыс істейді. Диагностикалық орталықтың бас дәрігері Айгүл Бижанованың айтуынша, бұл жерде ер-азаматтарды жан-жақты медициналық тексеруден өткізуге мүмкіндік мол. Спермаграмма, трансректальді ультра дыбыстық зерттеу және түрлі лабораториялық тексерулер жүргізуге жағдай жасалған. Мәселен, бұрын кейбір зерттеулер Астана мен Алматы қалаларына жіберілсе, қазір барлығы осы орталықта жүзеге асады. Сондай-ақ, бұл жердегі кардиолог, эндокринолог, терапевт, уролог, андролог, лаборант, УДЗ мамандары емделушіге жан-жақты көмек көрсетеді. Орталыққа келуші алдымен емханадағы учаскелік дәрігеріне қаралып, арнайы жолдама арқылы осында жіберіледі. Бұл жерде барлығы ақысыз түрде жүзеге асады.
— Жолдама арқылы келген азамат арнайы тексеруден өтеді. Бірінші кезекте науқастың қан құрамындағы ПСА, яғни простата-спецификалық антиген тексеріледі. Егер ПСА қалыпты мөлшерден жоғары болса, онда әрі қарай тексеру жүргізіліп, ем қабылдауға тура келеді. Мамандар науқасты жан-жақты тексереді, жүрек-қантамыры мен эндокриндік ауытқулар деңгейін анықтайды. Мәселен, простата, яғни аталық бездің үлкейгені байқалса, одан биопсия алынады. Облыс бойынша биопсия алатын медициналық тапанша құралы осы орталықта ғана бар. Скринингтен өткен азаматтарға да тексеру қорытындысына байланысты осы құрал пайдаланылады, — дейді бас дәрігер.
Өткен жылы қуық асты безінің қатерлі ісігі бойынша 110 адам скринингтен өткен. Оның ішінде төрт адамнан қатерлі ісіктің алғашқы белгілері байқалып, тіркеуге алынған. Биыл да 50-66 жас аралығындағы ер-азаматтар скринингтен өтеді. Орталықтың алдын алу және психо-әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы Роза Жұмашева қуық асты қатерлі ісігі алғашқы сатысында жанға батып ауырмайтынын айтады. Ауру екінші сатысына өткен кезде де аса білінбеуі мүмкін. Сондықтан азаматтардың скринингке салғырт қарамағаны жөн. Егер ауру дер кезінде белгілі болса, қатерлі ісіктен де құлантаза айығып кетуге болады.

Ұялып жүріп, ұлғайтып алмайық…

Азаматтардың қырық пайызы ұрықтандыруға қауқарсыз. «Ерлер денсаулығы және отбасылық өмірдің ұзақтығы орталығының» дәрігер-урологы Қанат Зұлқаровтың айтуынша, орталыққа келген ер-азаматтардың көпшілігі созылмалы простатит, эректильді дис¬функция, яғни жыныстық әлсіздік, импотенция, яғни белсіздік, бедеулік, қатерсіз қуық асты безінің ұлғаюы және түрлі жұқпалы жыныстық ауруларға шалдыққан.
— Бұрын бедеулік, белсіздік дертіне 45-50 жас аралығындағы азаматтар шалдықса, қазіргі күні 25-30 жастағы жігіттер де төсекте дәрменсіз. Бұның себебі көп. Экологиялық жағдайдың нашарлығы, салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбау, жыныстық қатынасқа ерте түсу, кездейсоқ жыныстық қатынастардың көп болуы, инфекциялық аурулар, осының барлығы ер-азаматтарды белсіздікке ұшыратады. Бұндай дертке психологиялық жағдайлар да әсерін тигізеді. Несие қарызы бар, одан қалса жұмыстағы проблемалар мен отбасындағы кикілжіңдер еркектердің жүйке жүйесіне әсер етіп, оның төсек қатынасына құштарлығын төмендетеді. Қазір жігіттердің басым бөлігі спортпен шұғылданбайды, артық қозғалмайды. Бұған қоса инфекциялық, вирустық аурулар өршіп тұр. Көпшілігі өздерінің түрлі инфекция таратып жүргендерін байқамайды. Сондықтан ер-азаматтар, оның ішінде жастар кездейсоқ жыныстық қатынас кезінде мүшеқап арқылы сақтанып жүргендері дұрыс. Қаралуға келген азаматтардың барлығына да осы мәселені ашық түрде айтамыз. Бұл айтуға ұят нәрсе емес. Керісінше сақтану арқылы түрлі аурудан қорғануға болады. Себебі бүгінде аурудың түрі көп, әрі ол жыл өткен сайын жасарып барады. Азаматтар мүмкіндігінше жылына бір немесе екі рет медициналық тексерістен өтіп тұрғаны жөн, — дейді уролог.
Қазір аталған орталыққа аудандардан да науқастар келіп жатыр.
Дәрігердің айтуынша, урологиялық аурулардың жиі таралуына қазақ халқына тән ұяңдық та өз әсерін тигізіп отыр. Ер-азаматтардың көпшілігі ауруын байқаса да айтуға ұялып, жасырып жүреді. Сөйтіп, ауруды асқындырып алады. Жас отбасылар арасындағы бедеуліктің де көбеюі осыған байланысты. Мәселен, жастар некеге тұрғаннан кейінгі бір жыл ішінде жүктілік болмаса немесе екі жыл ішінде сәби сүймесе, ол бедеулік болып есептеледі. Бұрын бедеулікке тек әйелдерді кінәлап келсек, соңғы жылдары ғана ерлер денсаулығына назар аударылды. «Еркектер бедеулігі» деген термин дүниеге келді. Өйткені еліміздің медицина саласына жаңа технологиялар енгізіліп, ауруды ерте анықтаудың түрлі әдістері қолданыла бастады. Қазір бедеулік мәселесі ер мен әйел, яғни екі жақтан да қарастырылады. Ал белсіздік дерті тек урологтардың мәселесі болып қалмай, үлкен әлеуметтік алаңдаушылыққа әкеліп отыр. Бұл аурумен сексолог, сексопатолог, психолог, гинеколог дәрігерлер бірігіп жұмыс жүргізуі тиіс.

Сыраның зиянды сипаты

Ақтөбе облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығының бас дәрігері Айгүл Бижанова ерлер денсаулығына бейжай қарауға болмайтынын айтады. Ресейде бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде көтерілгеніне біраз уақыт болса, біздің елімізде енді ғана қолға алынып жатыр.
— Ер-азаматтардың жыныстық әлсіздігі, түрлі урологиялық аурулар отбасының шайқалуына әкеліп соғады. Қазіргі статистикаға сүйенсек, бедеулік пен белсіздікке шалдыққан азаматтардың қатары өте көп, көпшілігі бала сүюге дәрменсіз. Ұрықтандыру қабілеті нашар. Бүгінде отбасындағы бедеуліктің 65 пайызы ерлерге байланысты. Сондықтан ер-азаматтар тек қана физиологиялық жағынан емес, психологиялық және сексуальдық тұрғыдан да қуатты, мықты болуы тиіс. Еліміздегі демографиялық жағдайды жақсартуды көздесек, осы мәселеге баса назар аударуымыз керек. Алдымен ерлердің өзі ынталы болуы тиіс. Мәселен, қырық жастан асқаннан кейін ерлер өзінің төсектегі дәрменсіздігін қалыпты жағдай деп есептейді. Бұл — өте қате түсінік, яғни бұл азаматтың денсаулығында ақау бар дегенді білдіреді. Егер аталған жағдай алпыс жастан асқаннан кейін байқалса, қалыпты деуге болар еді. Сондықтан азамат ауруына көз жұма қарамай, дереу дәрігерге қаралып, ем қабылдап сексуальдық мүмкіндігін жоғарылатуға тырысуы қажет. Себебі ер-азаматта эректильді дисфункция байқалса, оның төрт-бес жылдан кейін инфаркт немесе инсультке шалдығу қаупі жоғары болады. Адам ағзасындағы ең ұсақ тамырлар жыныс мүшесінде орналасқан. Олар бірінші кезекте холестеринге толады. Дәрігерлердің жүрек ақауы бойынша шағымданған науқастан алдымен жыныстық қатынастағы жағдайын сұрайтыны осыдан. Себебі адам ағзасы бір тұтас жүйе, — дейді Айгүл Бижанова.
Дәрігердің айтуынша, бұндай дертке шалдығудың бір себебі — дұрыс тамақтанбау. Қырық жастан асқан кез келген азамат қан құрамындағы холестерин мен қантты тексеріп тұруы қажет. Бұдан бөлек қимыл-қозғалысты үдетіп, құрамында аталған заттары бар тағамды тұтынуды азайтқаны жөн. Сондай-ақ, сиыр етін өте аз жегені дұрыс.
— Бүгінде ғалымдар сиырдың еті мен майы ер-азаматтарды жыныстық әлсіздікке душар ететін бір-ден бір фактор екенін дәлелдеп отыр. Себебі сиыр майының құрамындағы холестерин алдымен жыныс мүшесіндегі тамырлардың бітелуіне ықпал етеді. Осы мәселені айтсақ, кейбір жігіттер ата-бабаларымыздың ет жеп өскенін алға тартады. Ал аталарымыз жылқының етін жеп, қымыз ішіп, ат құлағында ойнаған. Олардың барлық ғұмыры ат үстінде өткен десек артық емес шығар. Ал атқа міну — простата безіне жасалған массаж болып есептеледі. Сондықтан ілгеріде өмірге Алпысбай, Жетпісбайлардың келуі орынды. Ал бүгінгі ер-азаматтарда физикалық тұрғыдан ешқандай қозғалыс жоқ, — дейді орталықтың бас дәрігері.
Ер-азаматтардың эректильді дис¬функцияға шалдығуына темекі шегіп, ішімдік ішу секілді зиянды әрекеттер де әсерін тигізеді. Әсіресе, соңғы жылдары сыраға құмар ерлердің қатары көбейген. Дәрігердің айтуынша, бұл — бедеулікке апаратын бірден-бір жол. Себебі сыра хмельден жасалады. Хмельдің құрамында фитоэстроген заты бар. Бұл әйелдердегі прогестрон гармонына өте ұқсас. Егер әйелдер сыраны мөлшерден көп ішсе, прогестерон гармонына фитоэстероген заты қосылып, нәтижесінде олар ашуланшақ болады. Ал ер адам сыраны көп мөлшерде ішкенде, еркектерде болатын тестостерон гармоны біртіндеп азайып, орнына фитоэстероген заты толығады. Бір сөзбен айтқанда, ер-азаматтардың бойында әйелдерге тән кейбір сипаттар орын алып, жыныстық қабілеті әлсірейді. Ерлердің дене бітімі өзгереді. Бет пішіні бұзылып, даусы жіңішкеріп, шашы жиі түседі. Бұл¬шық еттің күші азайып, кеуде жасушалары босайды.
— Көрші мемлекеттерде сыраның зияны туралы мәселенің көтерілгеніне және оның алдын алу шараларының жүйелі жолға қойылғанына біраз уақыт болды. Біздің елімізде де осы проблема айтылып жатыр. Әсіресе, жастарға түсіндіруге тырысамыз. Көпшілігінде сыра ішімдікке жатпайды деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде сыраның зияны ішімдікке қарағанда өте жоғары. Жарнамасына қарап, оны сусын екен деуге болмайды. Сыраның құрамындағы фитоэстероген бірден емес, біртіндеп әсер етеді. Сондықтан ерлер ұрпағының, өзінің денінің саулығын ойласа, сырадан аулақ болғандары жөн, — дейді Айгүл Бижанова.

P.S.
Қай кезде де ер-азаматтарға жүктелетін жауапкершілік көп. Оның үстіне қазіргі әртүрлі әлеуметтік мәселелер де ерлерді діңкелетіп жіберді.
Соның салдары ер-азаматтарды простата безінің қабынуы, эректильді дисфункция секілді ауруға шалдығуға алып келді. Бұлар — салғырт қарайтын жеңіл ауру емес, ұрпақ өрбітуге тікелей қатысы бар дерт. Сондықтан жылына бір рет уролог маманның кеңесін алып отырғанның артықтығы жоқ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button