Денсаулық

Ақ Ғайнаш

Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы бес қатарлы үйдің бірінші қабатында орналасқан осы шағын стоматологиялық емхана іші қашанда адамдарға лық толып отырады.
Балдаққа сүйенген, арбаға таңылған мүгедектер де, зейнет жасындағы қариялар да, үлкен де, кіші де… бәрі осында. Біріне ауырған тісті емдету керек болса, екіншісіне тіс салдыру керек. Тіс болғанда да өздерінің Ақ Ғайнашы — жоғары санаттағы дәрігер-стоматолог Ғайни Сағынбаева салатын тіс керек. Себебі оның салған тісі өте сапалы, әдемі әрі арзанға түседі. Содан да шығар, бұл жерде екі-үш сағаттап кезек күтсе де қабақ шытқан ешкімді көрмейсіз. Келгендер үшін әйтеуір Ақ Ғайнаштың қабылдауына түссе болды.
Байғанин ауданының тумасы Ғайни әкесінен үш жасында қалып, нағашыларының тәрбиесінде өсті. Ерке жиеннің бетіне ешкім қарсы келмей, сол кезде Ақ Ғайнаш атанған. Анасы Қалампыр осы жалғыз қызы үшін отқа да, суға да түсіп, қатарынан кем қылмай тәрбилеп өсірді.
1980 жылы Қарауылкелді қазақ орта мектебін бітірген Ғайни адам жанының арашасысы — ақ халатты дәрігер болуды армандап, алыстағы Алматыға оқуға аттанды. Бағы жанып, медицина институтының студенті атанды. Ол кезде ауыл балалары үшін жоғарғы оқу орнына түсу оңайға соқпайтын. Оның үстіне сабақтың бәрі орыс тілінде өтеді. Терминдердің бәрі латынша. Сабақты нашар оқыса стипендиядан қағылады. Сенетін әке жоқ, жалғыз шешенің табысы неге жетсін. Сондықтан Ғайни оқуға бар күшін салды. Күндіз-түні кітаптан бас көтермей, түсінбесе де орыс тіліндегі тақырыпты сол күйінде түгел жаттап алатын.
Қиындығы көп болғанымен, қызығы да мол студенттік дәуренді бүгінде сағынышпен еске алады. Сол армандап түскен оқуын ойдағыдай тәмамдап, стоматолог-дәрігер атанғанына да биыл аттай отыз жыл болыпты.
Зымырап өтіп бара жатқан жылдар-ай!
Одақ ыдырап, кеңес өкіметі құлағанға дейін Ақтөбе қалалық стоматологиялық емханада хирург болып еңбек етті. Ол кезде тәжірибесі аздау болса да, қатарластарынан қалғысы келмей талаптанды, ізденді, үйренді.
Ең бастысы, науқас адамдардың көңілін таба білді. Тісі ауырғандар сол кездің өзінде Ғайниді алыстан-жақыннан арнайы іздеп келетін. Ол кезде көгілдір экраннан күндіз-түні беріліп жатқан қазіргідей жарнама жоқ. Ақ Ғайнаштың шипасына бөленген адамдар біріне-бірі соны мақтап айтады. Жарнама сол. Әлі күнге дейін солай. Өз қызметін еш жерде жарнамалап көрген емес.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында қалалық стоматологиялық емхана жабылып, дәрігерлер жұмыссыз қалған қиын-қыстау кезеңде өзінің жеке клиникасын ашуды жөн көрді. Отағасы, белгілі ақын Бауыржан Құрманқұлов жарының бұл бастамасына түсіністікпен қарап, қолдау көрсетті. Әбілқайыр хан даңғылының бас жағында орналасқан бес қатарлы үйдің бірінші қабатынан екі пәтер сатып алып, оны біріктіріп, шағын емхана ашып берді. Әрі қарай Ғайнидің өзі жұмысты іліп алып кетті.
Әңгіме басында сөз болған стоматологиялық емхана осы, бүгінде мүгедектердің «Сауап» медицина орталығына пайдалануға тегін берілген. Емхананың дәрігер-стоматологі — Ғайнидің өзі. Қашан келсең де, басқаға бармай, арнайы соның қабылдауын күтіп отырған адамдар. Ғайнидің туған жері Байғанин ауданынан да жұртшылық көптеп келеді. Өздерінің Ақ Ғайнаштарын іздеп келеді. Солардың бірі «Сен ауылдан осындай бір стоматологиялық емхана ашсаң, біз қалаға ат сабылтпас едік» деген-ді.
Ағайынның жай әншейін айта салған бұл назы Ғайниға үлкен ой салды: «Бәріміз де ауылда өстік, оқыдық, тоқыдық. Тұрмыстың жеңілін іздеп қалаға қоныс аудардық. Сонда ауылдың жайын кім ойлайды? Мүмкіндік болса неге ауылдан бір стоматологиялық емхана ашып, жерлестеріне қызмет көрсетпеске!».
Осы ойдың жетегі Ғайниді қаңтар айының аяғында Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазовтың алдына алып келді. Жергілікті халықтың қамын ойлайтын, ауданның іскер басшысы Ғайнидің ұсынысын үлкен ықыласпен қабылдады. Стоматологиялық емхана ашуға әзірге жалға болса да бөлмелер тауып беруге болатынын айтып, болашақта сондай емхана салуға жер телімін қарастыруға уәде берді.
Туған жерінен үлкен ризашылықпен қалаға оралған Ғайниді тағы да бір үлкен қуаныш қарсы алды. Өткен аптада елімізде стоматологтардың кәсіби мерекесі атап өтілді. Осы мерекеге орай Ғайни Сағынбаева Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін Н.Пирогов атындағы медальмен марапатталды.
Еңбектің бұлай бағалануы оның көпшілік алдындағы жауапкершілік жүгін бұрынғыдан да арттыра түсері сөзсіз.

Нұр ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button