Денсаулық

Қызылшаның емі қандай?

Былтыр елімізде ересектер арасында қызылшаға шалдығу дерегі тіркелді. Дәрігерлер дерттің алдын алу үшін биыл қаңтардың 26-сынан ақпан айының алғашқы онкүндігі аралығында тұрғындарға екпе жүргізді. Осы науқан кезінде облыс бойынша 15 пен 29 жас аралығындағы 47 мың 500 адам қамтылуы тиіс болса, егу жұмыстарын жүргізуге 365 ұйым жұмылдырылды. Облыстық клиникалық инфекциялық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, жоғары санатты инфекционист дәрігер Ардақ Мырзағалиеваның айтуынша, бұрын қызылшаға балалар шалдығатын болса, қазір ауырғандардың елу пайызын ересектер құрап отыр.

Ауру асқынса…

Қызылша (корь) — ауа тамшылары арқылы жұғатын жедел инфекциялық ауру. Вирус ағзаға тыныс жолдары арқылы еніп, кілегейлі қабатында көбейеді. Одан кейін қан арқылы бүкіл ағзаға тарап, бауырды, тамақ безін, өкпені және сүйек кемігін, яғни жілік майын зақымдайды. Дерт дендеген жағдайда ортаңғы құлақтың, өкпенің, кеңірдектің, көмекейдің қолқаның, ми қабықтарының қабынуына, бас миының ісінуіне және қандағы тромбоциттар санының азаюына, ауыз уылуына, кератит ауруларына әкеп соқтырады. Дұрыс ем көрсетілмеген жағдайда соңы қайғылы оқиғаға душар етуі мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі 9-12 күн, кейде 3 аптаға созылады, науқас адамда өмірлік иммунитет қалыптасады. Қызылшамен бір ауырған бала екінші рет ауырмайды.
— Ауру қоздырғышы түкірік, қақырық, шаң-тозаң арқылы таралады. Қызылшамен ауырған науқаспен қарым-қатынаста болған әлжуаз, иммунитеті төмен, ағзасы ауру жұқтыруға бейім адамдардың көбісі ауырады. Қызылшаға 6 айдан 5 жас аралығындағы балалар өте жиі шалдығады. Бірақ, өкініштісі, қазір қызылша ересектер арасында да жиі кездеседі. Өйткені ересектерде қызылшаға қарсы иммунитет өте төмен. Бұл аурудан жүкті әйелдердің сақтанғаны жөн. Себебі вирус іштегі нәрестеге әсер етеді, — дейді Ардақ Жетешқызы.
Ауру жұқтырған адамның дене қызуы көтеріледі. Ауыз қуысы қабынып, ісінеді, тамаққа тәбеті төмендейді. Әлсіздік пайда болады, жөтеліп, түшкіреді. Мұрыннан су ағып, демалуы қиындап, көздің шырышты қабаты ісінеді. Көзі жасаурап, жарыққа сезімталдығы артады, кейде іші ауырады. Екі-үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында шөкім тұздың жартысындай ақ дақтар пайда бола бастайды. Денесіне бөрітпе шығады. Қызылшаның бөртпе шығу кезеңі сатылы түрде өтеді. Бөртпе бірінші күні бетте, құлақ, мойында, екінші күні денесінде, үшінші күні аяғында пайда болады. Бөртпелердің шығу кезеңі 3-4 күнге созылады. Осы кезде дене қызуы қатты көтеріледі. Қызылшамен ауырған науқас қызыл бөртпенің пайда болған күніне дейін төрт күн және пайда болғаннан кейін төрт күн жұқпалы болып келеді. Кейде тері астына қанның құйылуы салдарынан шашыраңқы қара дақтар, яғни көгеру байқалады. Бұл дерттің асқынғанын білдіреді.

Дәрігер кеңесі

Ардақ Мырзағалиеваның айтуынша, тек вакцина қабылдау арқылы ғана аурудың алдын алуға болады.
— Аурудың алғашқы сатыларында науқас адам тек қана үйде емделуі тиіс. Өйткені емханаға баратын болса, ауруды өзге адамдарға жұқтыруы мүмкін. Сондықтан үйге учаскелік дәрігерді шақыртып, ем қабылдаған жөн. Вирус жұқтырған адам көп қимылдамай, төсекте жатқаны дұрыс. Дәрумендерге бай, құнарлы тамақ жеп, сұйықтықты көп ішу керек. Егер бала ауырса, ыстықты әрі ауырсынуды басатын парацетомол дәрісін беру керек. Баланың іші өтсе, регидрационды суды ішкізген жөн.
Қызылша инфекциялық ауру болғандықтан науқасқа антибиотик берудің қажеті жоқ. Көп жағдайда тұрғындар ауырса, антибиотикке жүгіреді. Антибиотик бактериялық аурулар пайда болғанда тағайындалады. Оны тек қана дәрігердің кеңесімен ішкен жөн. Ал ауырған кезде антибиотик іше беру денсаулыққа зиянын тигізеді, — дейді Ардақ Мырзағалиева.
Дәрігердің айтуынша, ауруханаға тек қана аурудың ауыр түрімен ауырған және асқыну белгілері бар науқастар ғана жатқызылады. Қызылша және басқа да ауа арқылы жұғатын жұқпалы аурулардың өршитін кезеңінде кішкентай балалар мен сәбилерді адамдар көп жиналатын жерлерге апармаған дұрыс. Бұл да аурудың алдын алу шараларының бірі болып саналады.
Сондай-ақ, ауру белгісі байқалса, дәрігер шақыртып, дәріні дәрігердің тағайындауынан кейін қабылдаған жөн. Өз бетінше емделу аурудың асқынуына алып келетінін естен шығармаған абзал.
Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button