Мәдениет

«Қазан айында ақтөбеге жеке концертімді қоямын»

Ақтөбелік биші Әсел Әлібекова енді Президент оркестрі құрамында өнер көрсетеді.

Кезінде «Ақтөбе» газеті ақ жол тілеген таланттардың бірі жас биші Әсел Әлібековаға оқырмандарымыздың  «Әсел қайда жүр?» деген сауалына орай іздеу салған едік. Ол биыл Алматыдағы А. Селезнов атындағы хореография училищесін бітіріп, енді еңбек жолын бастамақ ойын білдірді.

– Училищеде Болат Аюханов, Шара Жиенқұлованың соңғы шәкірттерінің бірі  Ғайникамал Бисенова сынды ұстаздардан дәріс алып, өнерімді шыңдадым. Училищені бітірер тұста бірнеше жерден шақырту алдым. Оқуды әрі қарай жалғастыруды да ойладым. Әйткенмен ойлана келе республикалық гвардияның Президент оркестрінің бас балетмейстері Мәдина Әлиеваның шақыртуын құп алуды жөн көріп отырмын, – дейді Әсел.

Биылғы ақпан айында ол Берлинде өткен «Би Олимпі» халықаралық хореографиялық фестиваль-конкурсына қатысып, «Ұлттық би» номинациясы бойынша күміс жүлдеге қол жеткізіпті. «Би Олимпіне» биыл әлемнің 35 елінен 600 биші қатысқан екен. Әсел Берлинге Ғайникамал Бисенованың «Бойжеткен» биін алып барыпты.

Ал дипломдық жұмысы – өзбектің классикалық «Тановар» биі.

Бұл биді 62 жастағы Гүлнәр Саидова апайымыздан «сыйға» алдым, – дейді Әсел. – Өте мазмұнды, тартымды туынды. Ал Гүлнәр апамызға кезінде КСРО Халық әртісі Құндыз Меркаримова үйретіпті. Бишілер арасында осындай қымбат туындылар да болады: тек «мұраға» аласың, басқалай қолға түсе бермейді… Гүлнәр Саидова «Тановарды» осы кезге дейін ешкімге бермеген екен. Мен сахнаға алып шыққанда жылап отырып тамашалады. Мен үшін бұл – репертуарымдағы ең құнды шығармалардың бірі болмақ.

Сөз соңында өнерсүйер оқырманның құлағына  «алтын сырға» – Әсел Әлібекова алдағы қазан айында Ақтөбеге жеке концерт беруді жоспарлап отыр.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button