Егін неге шықпайды?

Бір қарағанда, егіншілік — көктем мен жаздың, әрі кеткенде жерге шыққан өнімді жинап алатын күздің ғана шаруасы сияқты көрінуі әбден мүмкін. «Мәскеудің студенттері нан егінжайда бөлке болып өсетіндей көреді» деп анау жылдары бір мемлекет басшысы айтқандай, диқаншылық кәсіптің қыр-сырын білмейтіндерге қаңтардың ішінде астық туралы сөз қозғау үйлесімсіздеу естілуі де мүмкін. Алайда ауыл өмірімен біте қайнасқан адамдар егіншілік жұмыстың жыл он екі ай жалғасатынын жақсы біледі.
Мәселен, қазір қыс, әсіресе, ақпан мен қаңтарда қалың қар көмкеріп далада мүлгіген тыныштық орнайды. Бірақ егін өсірумен айналысатын, алдағы өнімнен үмітті елдің егін танаптарында ешқашан тыныштық болмайды. Қардың түсуіне қарай егістік жерлерге қар тоқтату басталады. Біле білгенге, бұл — егіншілік тағдырын шешетін үлкен науқан. Өйткені болашақ егіннің шығу-шықпауы бірінші кезекте сол жазда, күзде дайындалған егістік алқаптарда ылғалдың қаншалықты жиналуына, сақталуына байланысты. Мұны біз есту, оқу арқылы ғана білмейміз, басымыздан өткерген адамдармыз. Тары дақылын өсіруден әлемдік рекорд жасаған Шығанақ Берсиев атамыздың ісін жалғастырушы ізбасарларының еңбегін көріп өстік. Олар кешегі алпысыншы жылдарға дейін Ойыл өзенінің бойын қуалап, суармалы егіс егумен шұғылданып келді. Соның өзінде, егіс жазда суарылады демей, қыста егістік алқапқа бірнеше із қар тоқтатып, көң шығарап жататын. Себебі атақты диқан Шығанақ атамыз «Егін баққа шықпайды, бапқа шығады» деп құлақтарына сіңіре берген, үйреткен.
Әрине, егістікке қарды біздің диқандарымыз қазірде де тоқтатады. Өйткені біздің егісіміз суармалы емес, негізінен қырлық жерге салынады. Сондықтан қар тоқтату керек, ол — агротехникалық басты талаптың бірі. Бірақ сол маңызды науқан қалай жүргізіліп жүр өзі? Өз мәнінде, талапқа сай ма? Шаруашылықтардың егістікке қар тоқтату ісін, көп жағдайда, толық мәнінде жүргізе алмауына қыстың ала-құла өтуі де сылтау болып жүрген сияқты. Қар кеш түседі. Желтоқсан қарсыз өтіп, қаңтарда, тіпті ақпан мен наурызда өндіруі әдетке айналып барады. Бірақ бізде, соның өзінде де, мәліметке қарап отырсақ, егістікке қар тоқтатылмай қалған бірде -бір жыл жоқ. Биыл да солай. Менің алдымда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпарат жатыр. Сол бойынша осы жылдың 22 қаңтарына облыс бойынша 43497 гектар бір із қар тоқтатылған. Бұл науқанды облыстың астықты өңірлері болып есептелетін Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк аудандары бастап тұр. Сондай-ақ, мәліметке қарап, бұл шаруаның Қобда, Хромтау, Темір, Мұғалжар аудандарында да қолға алынғанын көруге болады. Тіпті онда таза сүрге, ықтырма сүрге, сүдігер мен аңызға қанша биіктікте қар тоқтатылғанына дейін көрсетілген.
Облыс бойынша қар тоқтатудың арнайы тапсырмасы бар. Ол өткен жылы 300 мың гектар болса, биыл 281 мың гектар болып белгіленген. Бұдан байқайтынымыз — қар тоқтатудың тапсырмасын орындаудың ауылы әзір алыс. Мұны қардың биыл да кеш түсуіне аударуға болар. Қыстың алда әлі де айдан артық күші бар, мүмкін, екінші, үшінші із қар тоқтатудың жүргізілуімен тапсырманы орындауға мүмкіндік туар деп үміт арта аламыз.
Қарт тоқату — диқанның бейнетті еңбегінің біреуі ғана, бұдан басқа қаншама жанкешті жұмыстар күтіп тұр. Соларды тиісінше атқарғанда ғана мол өнімге қол созуға болады. Жер сондай, ерінбей қыруар еңбек атқарған, агротехникалық шараларды қатаң сақтаған диқанға ғана жомарт, қалған жағдайда иімейді.
Соңғы жиырма жыл бойы біздің көптеген шаруашылықтарымыз егістен өнім ала алмауының себебін жылдың қуаңшылықты болуына аударып келеді. Шынында да, облыс орта есеппен әр гектардан 7 центнерден артық өнімді 2008 және 2011 жылдары ғана алды. Қалған жылдардың бәрінде құрғақшылық болды деп жүрміз. Алайда сондай жағдайдың өзінде жыл сайын егістен тәуір өнім алып келген жекелеген шаруашылықтар аз емес. Сонымен бірге, көптеген шаруашылықтар олармен бірдей жағрапиялық жағдайда, тіпті көрші отырып, өнім ала алмай, сылтауды құрғақшылыққа аударып құр қол шығады. Бір жағдай, екі түрлі көрсеткіш. Мұның мысалын қуаңшылық болды деген әр жылдардан табуға болады. Бірақ біз әріге бармай-ақ өткен жылмен шектелелік.
Өткен жылы облыс 309,4 мың гектар дәнді дақыл алқабын жинап, әр гектардан 4,8 центнерден өнім жинады. Одан 149,6 мың тонна астық алды. Облыстың орта көрсеткіші осындай болып отырғанда, Хромтау ауданының диқандары жалпы дәнді дақыл егісінің әр гектарынан орта есеппен 6 центнерден астық жинады. «АқжарАгро», «Елім Табантал» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде әр гектардан 10,3, 7,4 центнерден жоғары өнім алынды.
Осы сияқты, облыстың өзге аудандарында да агротехникалық талаптарды сақтап, құрғақшылық жағдайында жоғары өнімге қол жеткізген ауылшаруашылық құрылымдары баршылық. Әйтеке би ауданында «Алтынсарино» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 8 центнерден, Қарғалы ауданында «Дилэнд», «Велиховка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 9,7 және 7,8 центнерден астық жинай алды. Бұны қалай деп бағалауға болады?! Әлгі астығы күйіп кеткен немесе шықпай қалған шаруашылықтармен жері, аспаны бір бұл серіктестіктердің егістігіне ала-бөле жауын жауды деуге бола ма? Ендеше артықшылық неде? Әрине, агротехникалық шараларда екені даусыз. Мұндай тұрақты және тәуір өнім алған өсімдік шаруашылығы салаларына қазіргі кезде мемлекет тарапынан субсидия, әртүрлі жобалар бойынша арзандатылған несиелер түрінде барынша қолдау көрсетіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің облыста да ауылшаруашылық дақылдарының егіс алқаптары құрылымын әр тараптандыру жүріп жатыр. Осындай мақсаттарға байланысты ауыл шаруашылығы егіс алқабы құрылымында бидайдың үлесі 71 пайыздан 2011 жылы 55,5 пайызға дейін кеміді. Оның орнына мал азығындық дақылдардың алаңы 75,5 мың гектардан 136 мың гектарға немесе 1,8 есе ұлғайтылды.
Бұл жерде мал шаруашылығын дамытуға кең өріс ашатын мал азығындық дақылдардың көлемі өскенін құптаймыз, әрине. Әйтсе де өңірде өз нанын айыратын астықтың болғанын да естен шығаруға болмайды. Мамандардың есептеуінше, облыстың өз наны болу үшін 300-350 мың гектардай бидай егісі себілуге тиіс екен. Өкінішке орай, біздің шаруашылықтарымыз бидай егісінің өрісін шықпайды деген сылтаумен жылдан-жылға тарылтып барады.
Алайда сондай жағдайда егіс көлемін кемітпей, өз шаруашылығын, ауданын нанмен еркін қамтып, сыртқа да жылма-жыл едәуір астық шығарып сатып отырған «Қарғалы» ауданының «Степное» сынды шаруашылықтары бар. Осы аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы Аманқос Төлеуов — жер шаруашылығының білікті де білгір маманы. Сол мол білім мен тәжірибенің арқасында ол басқарған шаруашылық қандай құрғақшылық деген жылда да астықтан өнім алмай қалған емес. Егістік жерінің де өзге жерден артықшылығы жоқ, қайта төмен, қара топырақсыз саздауыт жер. Мұндай жетістікке Аманқос, бізбен әңгімесінде, бұрынғы дәстүрлі технологияны, агротехникалық шараларды сақтау арқылы жетіп отырғанын айтады. Ол қандай технология? Біздің түсінгеніміз — егістік жер терең жыртылады, ылғал жабу, қар тоқтату сынды шаралар қатаң сақталады. Жалпы, облыстың егіншілік мамандары осы шаруашылықтың тәжірибесін өзге өңірлерге тартудың, үйретудің шараларын қарастырса жөн болар еді.
Агротехникалық шаралардың көп жерде қатаң сақтала бермейтіні рас. Тек ылғал жабу жұмыстарының өзін алып қарайық. Бұрын оңтүстік аудандар наурыздың ортасынан аударып, терістік өңірлер аяғы мен сәуірдің басынан қалмай техникаларын егіс басына шығарып болатын. Тіпті техникалар егістік жерлерге батып қалып жататын. Ал қазір көп жерлер бұған ырғалып-жырғалып кеш шығады. Жердің шаңы шығып жатқанда ылғал жабуға кірісетіндерде бар және бұл астықты деген өңірлерде кездесіп жүр. Тағы бір кемшілік, тұқым агротехникалық талаптарға сай күзде дайындалған алқаптарға себілмейді. Жыртылмаған, ертең-ақ арам шөп шығуға дайын тұрған жерлерге тұқым шашатын шаруа қожалықтарын да көріп жүрміз. Бұл кімді алдау, мемлекетті ме, өзін-өзі ме? Сөйтіп отырып субсидия тілейтін, егісінің шықпағанын құрғақшылыққа аударып, тиісті қорлардан қаржысын артығымен қайтаруды көксейтін шаруашылық басшылары да табылады. Бергі жылдарда шаруашылықтар озық технологиямен тұқым себетін шетелдік кешендерді — қуатты техникаларды да алғанын білеміз. Алайда егер агротехникалық қарапайым шараларды сақтамаса, ешқандай кешен егістен өздігінен мол өнім алып бере алмайды.
Тіпті құрғақшылық болғанның өзінде де нағыз диқан астық алудың түрлі жолдарын іздестіруге, маңдай терін сыпырып жүріп еңбек етуге міндетті. Бұрынғы диқаншылықпен даңқы шыққан Ойыл сынды біздің өңірлерімізде өсімдік шаруашылығына деген қызығушылықтың мүлде жойылып бара жатқаны қынжылтады. Қазіргі кезде, біздіңше, Шығанақ атамыздың суармалық ақ тарысын өсіруді жекелеген шаруа қожалықтардың қолға алуына еш кедергі жоқ. Бірақ бұл өңірде ондай талап көрінбейді.
Жалпы, кейінгі жиырма жылда біздің көптеген аудандарымызда егін неге шықпайтын болды? Бір таңғаларлығы, кешегі кеңестік кезеңде сол аудандардың мемлекетке жақсы астық өткізгенін біз көзбен көрген адамдармыз ғой. Өзге жерлер сияқты Ақтөбе өңірінің де астық шығатын топырақты алқаптары әлдеқашан зеттелген. Ондай егіске қолайлы жерлер Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандарын айтпағанда, Қобда ауданының Ресеймен шектесетін аймақтарында, Мұғалжар мен Темір аудандарында да табылады.
Соңғы жылдары біздің мамандар күздік егісті дамытуға ықылас қойып жүр. Бұл бағытта әжептәуір тәжірибе жинақтап, тәуір өнім алып жүрген шаруашылықтар да бар. Былтыр шілде айында Қарғалы ауданында өткізілген облыстық «Егінжай-2014» семинарында бұл жөнінде жақсы талқы болды. Құрғақшылық деген жылдың өзінде күздік бидай егісінен гектарына 20 центнерден артық өнім жинағалы отырған Қарғалы ауданының «Велиховка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, басқа да шаруашылықтардың тәжірибесі ортаға салынды. Семинарда «БайнерКаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аймақтық өкілі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғыманов күздік дәнді дақылдардың біздің аймағымызға тәуір шығатынын нақты ісімен дәлелдеп көрсетті. Ол жүргізген тәжірибеге қарап отырсақ, біздің бірқатар аудандарымызда күздік дақыл егу арқылы астықтың біраз бөлігін толықтыруға болады екен. Бірақ бұл пайдалы деген жолдың өзге аудандарымызда қаншалықты қолдау тауып отырғаны бізге әзір беймәлім.
Елбасы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» деген халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларының жалғаса беретінін айтты. Оның ішінде астық шаруашылығындағы талаптың сақталатыны даусыз. Қазақ «Алтын-күміс — тас екен, арпа-бидай — ас екен» дейді. Бірінші кезекте наннан қымбат не бар өмірде! Сондықтан біздің де бұл жолдарымыз өңірімізде наннан таршылық болмаса, егініміз бітік шықса деген тілектен туып отыр.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



