АВТООРЫНДЫҒЫҢЫЗ БАР МА?

Қоғамда шу тудырған автоорындық мәселесі әлі де басылар емес. Көпшілік балаларға арналған қауіпсіздік құралдарының пайдалану ережесін түсінбей дал. Біреулері бұл талаптың біздің елімізге сай еместігін алға тартса, бірі әлеуметтік жағдайын, енді бірі көпбалалы отбасы екенін айтады. Мәселеге бейжай қарамаған халық қалаулылары да автоорындық пайдалану мерзімін кейінге шегеруді ұсынды. Ал ішкі істер қызметкерлері заң күшіне енгеніне қарамастан жұртшылыққа тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Мәселенің мән-жайын облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Айдос Құлжановтан білген едік. Сонымен…
Жаңа жылдан бастап Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мақсат — жол қозғалысын жақсарту, қауіпсіздікті күшейту. Аталған өгерістер 7 қаңтардан бастап күшіне енді.
— Заңға енгізілген өзгеріске байланысты 12 жасқа толмаған бала көлікке міндетті түрде арнайы автоорындық арқылы отырғызылуы тиіс. Жұртшылықты шулатқан да осы жаңалық болатын. Бұл жерде бір айта кетерлігі, баланы автоорындыққа отырғызу талабы бұған дейін де заңда қарастырылған, яғни 12 жасқа толмаған бала көліктің алдына міндетті түрде автоорындық арқылы отыруы шарт.
Жұртшылықтың дүрлігуіне ешқандай себеп жоқ. Бұл талап осы уақытқа дейін орындалып келді, халық бұндай заңның бар екенін біледі. Ал заңға енгізілген өзгеріс артқы орындыққа қатысты, яғни көліктің артқы орындығына 12 жасқа толмаған бала арнайы, ыңғайлы қауіпсіздік құралымен отырғызылуы міндетті. Бұл жерде баланың жасына байланысты қауіпсіздік құралдары қолданылады, яғни міндетті түрде автоорындық орнатылуы тиіс деген сөз емес. Қазір баланың нық отыруына арналған қауіпсіздік құралдарының түрі көп. Сондықтан бұндай жаңалықтан үркудің қажеті жоқ. Бұл ең алдымен баланың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара. Мәселен, сағатына елу километр жылдамдықпен жүріп келе жатқан көлік кілт тоқтағанда, баланың жылдамдығы отыз есеге ұлғаяды, яғни алдыңғы орынға басын соғып немесе терезеге ұрылуы мүмкін. Өткен жылы балалардың қатысуымен 151 жол-көлік апаты тіркеліп, 12 бала қаза тапса, 165 бала түрлі дене жарақатын алды. Осы жағдайлардың негізгі бөлігі баланың қауіпсіздік құралдарын тақпауынан орын алып отыр, — дейді Айдос Құлжанов.
Бөлім басшысының айтуынша, азаматтардың Ресей, Қытай, Еуропа, яғни кез келген елде шығарылған балаға қажетті қауіпсіздік құралын пайдалануына болады. Қазіргі күні ішкі істер қызметкерлері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Халық мәселенің мән-жайын ұғынып, қажетті қауіпсіздік құралына қол жеткізгенше шара қолданылмайды. Жалпы аталған заңды бұзған жүргізуші әкімшілік жазаға тартылып, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл көлігімен адам тасып, нәпақасын тауып жүрген такси жүргізушілеріне де қатысты. Демек, бұрынғыдай үш-төрт баланы қалай болса солай артқы орынға жайғастырып, көшеде еркін жүру шектеледі. Тұрғындар ең алдымен баланың қауіпсіздігін ойлап барып, жолға шығатын болады.
Сондай-ақ, заңға автоорындықтан бөлек, бірқатар жаңалықтар енгізілді. Оның ішінде елеулілеріне тоқталуды жөн көрдік. Соның бірі — көлік шамын күндіз жағып жүру, яғни жүргізушілер көлігінің жақын аумақты қамтитын шамын үнемі жағып жүруі шарт. Бұл өз кезегінде жол-көлік апаттарының азаюына септігін тигізеді. Сондай-ақ, көлік жүргізуге берілген сенімхаттар құжат тізімінен алынып тасталды, яғни біреудің көлігін сенімхатсыз жүргізе беруге болады. Тек сақтандыру полисінде көлікті пайдаланатын жүргізушілердің аты-жөні көрсетілсе болғаны. Бұл жол-көлік оқиғасы болған жағдайда зардап шеккен тұлғаларға өтемақы төлеу үшін қажет. Сонымен бірге жол инспекторларының көлікті себепсіз тоқтатуына тыйым салынды.
P.S.
Еуропада автоорындық баланың жасына байланысты қолданылады. Бұл ережені көрші Ресей де осыдан төрт жыл бұрын енгізіпті. Алайда бір-екі баласы бар шетелдіктер үшін автоорындық айтарлықтай қиындық тудырмасы анық. Ал кемінде үш-төрт баласы бар біздің елдің тұрғындарына бұл — үлкен мәселе.
ҚАУІПСІЗДІК ҚҰРАЛЫ ҚАНША ТҰРАДЫ?
Жаңа талап енгізілгеннен кейін жұртшылық автоорындық пен балаларға қажетті қауіпсіздік құралдарын ала бастады. Қаладағы сауда орындарында айтарлықтай дүрлігу болмағанымен, жекеменшік көлігі бар азаматтардың тарапынан белсенділік жоғары. Көпшілік қажетті заттарын «Көлавто» сауда орталығынан сатып алып жатыр. Бұл жердегі өнімдердің барлығы Ресейден тасымалданады екен. Мәселен, үш-төрт жастағы балаларға арналған адаптер 2500 теңге тұрса, бустер — 10 мың теңге. Ал автоорындық —13 мың теңге. Аталған сауда орнына хабарласқанымызда сатушы қыз қоймадағы автоорындықтардың барлығы өтіп кеткенін, қазір тек өзге қауіпсіздік құралдары сатылып жатқанын айтты. Сатушының сөзіне сенсек, қауіпсіздік құралының өзі баланың жасы мен салмағына қарай түр-түрге бөлінеді, соған сай олардың құны да әртүрлі. Қазір көпшілік бағасы қалтаға сай келетін адаптер мен бустер секілді жабдықтарды алып жатыр. Қаладағы өзге сауда орындарындағы баға да осы қарайлас. Дүкендегі бағаны қымбатсынған кейбір тұрғындар интернет арқылы да тапсырыс беруде. Қала сыртындағы Жәрмеңке базарының алдында өзін Алмат деп таныстырған жігіт, бұл жердегі бағаның қалтасына сай келмейтінін, сондықтан интернет арқылы тапсырыс беретінін айтты.
ЖҰРТ НЕ ДЕЙДІ?
Серікбай БОШАНОВ, қала тұрғыны:
— Қаланың Оңтүстік-батыс ауданында тұрамын. Үйдегі екі қызым кішкентай болғандықтан таксиді жиі шақыртамын. Жаңа заң шыққаннан бері такси қызметіне балам бар екенін айтсам келмейтін болды. Өткен сенбі күні такси күтемін деп пойыздан қалып қоя жаздадым. Әрине, баланың қауіпсіздігі үшін бұндай талаптың болғаны жөн. Бірақ осыны такси қызметін басқаратын азаматтар түсініп, біз сияқты көпбалалы отбасыларға үлкен көліктер шығарса екен.
Мұрат МӘЖИТОВ, қала тұрғыны:
— Баланың амандығы үшін қауіпсіздік құралдарын таққан дұрыс. Бірақ халықтың әлеуметтік жағдайы бұны көтермейді. Менің бес балам бар. Үлкенім 10-сыныпта оқиды. Балаларымды балабақша мен мектепке ескі «Опель» көлігіммен тасимын. Жаңа талап енгізілгенін естігенде қатты уайым қылдым. Бес-алты орындық көлік алатын жағдайым жоқ. Әзірге кішкентайларды артқы орындыққа балалар белдігімен орналастырып жүрмін.
Бекен АЛДАЖАРОВ, жеке такси жүргізушісі:
— Осыдан үш жыл бұрын жұмыстан қысқарып қалдым. Тұрақты жұмыс табылмағандықтан көшеге шығып көлігіммен адам тасимын. Жол жүру ережесіне өзгерістер енгізілгенін теледидардан естідім. Күндіз көшеде көліктің шамын жағып жүремін, бірақ әзірге автоорындық алғаным жоқ. Өткен аптада арзан болса сатып алмақ болып базарға барғанмын. Ең арзаны 15 мың теңге тұрады екен. Ақшам жетпей, қайтып кеттім. Енді қазір көшеде баласы бар адам қол бұлғаса, тоқтамаймын. Себебі айыппұл төлегім келмейді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



