Мәдениет

Шәмшіге арналған ас

Өткен аптада қазақтың аса көрнекті сазгері, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай Қарғалы ауданындағы Шәмші ауылында ас берілді. Осы заманғы эстраданың негізін салушы сазгердің атын иемденген ауылдықтар оның туған күнін атаусыз қалдырмауды жөн деп тапқан.

1930 жылдың 15 тамызында дүниеге келіп, қазақ әніне өшпес із қалдырған біртуар азамат Шәмші Қалдаяқов –  бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Лирикалық назды әуендер авторының туған күніндегі беріліп жатқан ас – заңғар тұлғамызға көрсетіліп жатқан құрметтің бірі. Шәмшінің үлкен тойы әлі алдымызда. Демеушілік жасаймын деушілерге Шәмші Қалдаяқов атындағы қордың жұмыс жасайтынын ескерткім келеді,- дейді бүгінгі шараның ұйытқысы   қор жетекшісі Бақыт Ғизатов.

Ал ауыл әкімі Ибрагим Кенжин сазгердің атын иемденген ауылда Шәмшінің тойы алдағы уақытта дүркіреп өтетінін айтады.

Қаламыздың 140 жылдық тойымен тұспа-тұс келгелі отырған Шәмшінің тойында ауылымызда мешіт ашылғалы отыр. Сол тойда Шәмшінің туыстары, еліміздің әр тарапынан қонақтар шақыртылады. Сонымен бірге Шәмші әндерінен байқаулар, түрлі шаралар ұйымдастыру жоспарымызда. Бүгінгі шараны ұйымдастырып отырғандарға алғысым шексіз, – дейді ол.

Өз кезегінде сөз алған қонақтар Шәмші ауылы мәдениеттің қайнаған ордасы болуы керек екенін, ауылдағы есік терезесі үңірейіп, істен шығып тұрған клубтың іске қосылуы керек екенін ортаға салды. Қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер, осы шараның өтуіне мұрындық болған Қайырғали Арыстанғалиев қазақ Әнұранының авторына қандай да құрмет артықтық етпейтінін айтады.

Осы күні арнайы Ақтөбеден шақыртылған «Ақтөбе» вокальды аспаптар ансамблі жиналғандарды Шәмшінің әсем әндерімен сусындатты. Әсіресе, электрлі скрипкамен ойналған «Бақыт құшағында» атты әнді көрермендер ерекше ықыласпен тыңдады.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button