Тұлға

ЕРЛІКПЕН ТЕҢ ЕҢБЕК ЕДІ

Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ жерінен 1,5 миллион адам, яғни  әрбір  тұрғынның үшеуі Отанын қорғауға аттанды. 1941 жылдың маусымынан 1942 жылдың сәуіріне дейін қазақ жерінде бірнеше атқыштар және атты әскерлер дивизиясы, атқыштар бригадалары және басқа полктар мен дербес батальондар құрылды. Қазақстанның ұлттық құрамалары — 100,101-атқыштар бригадаларындағы және  96, 105, 106-атты әскери дивизияларындағы жауынгерлердің тоқсан пайызы қазақтар еді.

Еліміздегі халық шаруашылығы саласы Отан соғысы жағдайына байланысты майдан талабына сай қайта құрылды.  Ақтөбе ферроқорытпа, Қарағанды металлургия зауыты, Гурьев-Орск мұнай құбыры жедел жұмысын бастады. Соғыс кезінде еліміздің батыс өңірі майданға бар күш-жігерін жұмсады. Мәселен, 1942 жылы  Сталинград үшін соғыстың өрті Ресеймен  шекаралас Гурьев, Батыс Қазақстан, Орал, Жәнібек, Сайқын, Шоңай стансаларына соғыс қаупін тудырды. Қорғаныс комитеті құрылып,  облыс соғыс жағдайында деп жарияланды. 1942 жылы 16 қыркүйекте  Орал қаласын майдан аймағына кіргізді. Міне, осылай Батыс Қазақстан облысы Сталинград майданының ең жақын тылы болды.

Соғыстың жақындағаны, әсіресе, теміржолшылардың ісін қиындатты. Оларға күніге әскери эшалондарды, қару, азық-түлік, шикізаттарды өнеркәсіп орталықтарына кідіріссіз өткізіп отыру міндеттелінді. Маман машинистер майданға кетті. Олардың орнын жас балалар мен қарттар басты. Олар жас болса да, қарт болса да соғыс талабын  мүлтіксіз орындап, қажырлы еңбек үлгісін көрсетті.  «Жауды қирата жеңіп, жеңіске жетеміз» деген халықтың ұраны еңбекшілердің жігері мен қаһармандығын арттырды. Байтақ еліміздің халқы малын да, жанын да, жүрегін де, жалынды жанқиярлық патриоттық ісін де тек Отанын қорғауға бағыттады.

Жауға аттанған жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлердің еңбек серпіні, міне, осылайша ұштасып жатты. Соғыс тылдағы өмірді де түгел дерлік өзгертті. Қалада да, елде де, әрбір отбасында да бір-ақ мақсат-тілек: ол — майданға көмекті еселей түсіп,  майдангерлердің күш-қуатын арттырып, жеңіс күнін жақындату. Тыл еңбеккерлері бұл Отан алдындағы істі абыроймен орындады. Жас балалар да, қариялар да майдан үшін, жеңіс үшін еңбек майданы қанша ауыр болса да күндіз-түні жанқиярлықпен еңбек етті. Мәселен, Ақтөбе облысының Новоресей ауданындағы С.Буденный атындағы ауылшаруашылық артеліндегі тыл еңбеккелері ауыл шаруашылық өнімдерін мерзімнен бұрын табыс етіп, танк колоннасын құруға 15 мың сом қаржы өткізді. Сол жылы танк колоннасын жасақтауға еліміздің тыл еңбеккерлері  270653 сом қаржы тапсырды. Қазақстанның батыс өңірі соғыс кезінде  армияның тірегіне айналды. Мұнда әскери қоймалар, госпитальдар, әскери техниканы жөндеу базалары орналасты. Аэродромдар салынды. Қазақ жерінен аттанған дивизиялар мен құрамалардың ірі шайқастарда көрсеткен ерлік істері үшін бесеуі гвардия атағын алды. Олар қанды шайқастың ортасы Москва, Сталинград, Курск, Ленинград, Берлинді алу үшін күресті. Соның ішінде Ақтөбе жерінде даярланған 101-атқыштар бригадасы да болды. Ал осы майданға аттанғандардың орнын 12-16 жастар арасындағы балалар мен 18-35 жастағы қыз – келіншектер, 60-85 жастардағы қарттар қолына алып, майданды да, елді де керек заттармен қамтамасыз етіп, жаңқиярлықпен еңбек етті. Әрине, тылдағылар да көптеген қиыншылықтарды бастарынан өткізді. Олардың көбі жұмыстың ауырлығынан, суықтан, жалаңаштықтан, аштықтан, кездейсоқ оқиғадан қазаға ұшырады. Бұлардың көбі көз жұмып кетсе де ұрпақтарына бейбіт өмір сыйлады, ерліктің зор үлгісін көрсете білді. Биыл Жеңістің 70 жылдығы аясында  облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолға алуымен  тыл еңбеккерлеріне ескерткіш орнатылмақ.  Отан үшін қан кешкен майдангерлермен бірлесіп, күресе білген тыл еңбеккерлерінің теңдесі жоқ еңбегіне ұрпақтары осылай құрмет көрсеткені көңілге қуаныш ұялатады.

 

Өмірзақ ДӘРІБАЕВ,

Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбегі үшін майдангерлермен теңестірілген тыл ардагері.

Мұхамбетияр КАМАШЕВ,

Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек еткен тыл ардагері, Ақтөбе ардагерлер кеңесінің мүшесі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button