Мереке

Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?

Жаңа жылды қарсы алудың қалыптасқан өз дәстүрлері бар. Көп жағдайда шырша безендіріледі. Сыйлығын арқалап Аяз ата, оған еріп Ақшақар жүреді. Қоғамдық орындарда, мектептерде, балабақшаларда осылайша басталған Жаңа жылды тойлау рәсімдері жыл келер сәтте отбасы мерекесіне айналады.  Әркім өз үйіне асығады, қосағының жанында, бала-шағасының ортасында болғысы келеді. Отбасы мүшелері бір-біріне сыйлық дайындап, аста-төк дастарқан жаяды. Бұл — жыл басын құрметтеу. Арамызда «Жаңа жылды қалай қарсы алсаңыз, жыл солай өтеді» дейтін ырымға сенетіндер де аз емес. Жалпы, жылды қарсы алудың жазылып қалған нақты тәртібі жоқ. Әркім өзінше, қал-қадірінше қарсы алып жатады. Біз осы жөнінде білгіміз келіп, оқырмандарға сауал тастаған едік.

 

Елбасының ақ тілегімен дастарқанға отырамыз

 

Біз үшін күнтізбедегі басты әрі өте көңілді мерекелердің бірі — Жаңа жыл! Сондықтан бұл мерекені қалыптасқан өз салт-дәстүрімен қарсы алуға, барша достарымыз сияқты, біз — Қалымовтар отбасы да жоғары мән береміз. Отағасым Өтеген екеуміз алдын ала жоспарлап, әзірленеміз.

Әр жылдың 31 желтоқсан күні үйде қызу дайындық жүреді. Үш қызым маған дастарқан әзірлеуге көмектесіп, құрақ ұшады. Себебі Жаңа жыл тек біз емес, адамзат баласы үшін маңызды. Бәрімізге жайлы, несібелі, берекелі жыл болса екен деп тілейміз. Әдетте, бұл күнгі үлкен дастарқанға қазақтың ұлттық тағамы ет асамыз. «Жаңа жылға тоқ боп кірсең, жыл бойы молшылықта боласың» деген де халық арасында сөз бар, осыны ескереміз. Сонымен бірге, бұл күні оливье салаты мен мандариндер міндетті түрде дастарқан сәнін келтіреді.

Кішкентайлар шыршаны безендіріп, Аяз атаның сыйлығын асыға күтеді. Барлық қазақстандықтар секілді, теледидардан Елбасының жүрекжарды тілегін тыңдамай дастарқан басына жайғаспаймыз. Президенттің ақ тілегінен соң, отбасындағы қалыптасқан үрдіс бойынша отағасы және менің анам құттықтайды. Содан соң өзіміз де далаға отшашулар шашып, сол түнгі аспандағы мыңдаған алуан түрлі отшашуларды тамашалаймыз. Көрші-қолаң, тума-туыстар таң атқанша бірі келіп, бірі кетіп, шаттыққа бөленеміз. Үлгерсек біз де жақындарымызға ақ тілекпен кіріп: «Сеем, сеем, посеваем, с Новым годом поздравляем!» деген сөздермен табалдырығын алдымен ер адам аттап, шаңырақта молшылық болсын деген ниетпен арпа, бидай немесе күріш дақылдарын шашамыз. Бұл енді жақсы тілек қой. Біздің өзіміз де үш ұл, үш қыз өсіріп отырған ата-анамыз.

Бұл күні ержеткен ұлдарымыз түнгі 12.00-ден кете орталыққа, әсем шырша жанындағы салтанатқа жол тартады. Ал кенже қыздарымыз тезірек сыйлық алуды армандап отырып ұйқыға кетеді. Әйтсе де біз оларды ренжітпейміз, шыршаның астына  әрқайсысына арнап алған сыйлықтарымызды қоямыз. Ертемен тұрған балалар, «терезеден кіріп сыйлықтар қойып кеткен Аяз атаның» сыйқорапшаларын ашып, қуанышқа бөленіп шат-шадыман болады.

 

Валентина ҚАЛЫМОВА,

Мәртөк ауданы.

Жаңа үміттер жетелейді

 

Жаңа жыл — жаңа күн, жаңа өмір! Бұл күн болмыстағы бояудың барлығын үміттен, қуаныштан, махаббаттан алып, айналаға нұр болып шашылып, әр шаңыраққа шуақ болып тарайды. Қай-қайсысымыз болсақ та осы мерекелік кештен келесі жаңа жылға дейін жүрегімізге есте қалатындай бір сезімді себелейміз, ол сезім бізді келесі жылға дейін үмітпен жетелеп отырады.
Мен Жаңа жылды отбасыммен қарсы аламын. Жылма-жыл міндетті түрде балаларға, жолдасыма сыйлық дайындаймын. Әрбір кірген жаңа жылдың адам баласына дайындап отырған қуанышы, бақыты, сыйы болады деп түсінемін.
Ескі жылдың қайғы-мұңын, өкпе-назын, барлығын артқа тастап, кіріп келе жатқан жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен, таза, тың ойлармен қарсы алуға тырысамын. Әр жылдан жеке басыма, отбасыма жақсы жетістіктер мен жағымды жаңалықтар күтемін.
Жаңа жыл — қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын сүйікті мереке. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен, нық қадаммен аттағанды қалайды.

Баршаңызды Жаңа жылда кіршіксіз көңіл, ыстық ықыласпен құттықтаймын!

Алдағы жыл тек оң өзгерістерімен, ұмытылмас сәттерімен, қызықты кездесулерімен қуантсын.

Әлкен  МҰСТАФИН,

Қайыңды ауылдық округінің әкімі.

Темір ауданы.

 

Екі жылда бір рет қарсы аламыз

 

Жаңа жылды отбасында қарсы алу дәстүрге айналған ғой. Ең болмаса түнгі сағат 12.00-де үйде, бала-шағасының қасында болғысы келеді әркім. Бірақ соған мүмкіндік бермейтін де кәсіптің, мамандықтың иелері бар. Мысалы, біз ерлі-зайыпты екеуміз де сондай мамандықтардың иесіміз. Жолдасым Тұрлан өртке қарсы күзет қызметінде болса, өзім аудандық ауруханада медбикемін. Сондықтан да біздің Жаңа жылды жұмыс орындарымызда қарсы алатын жағдайларымыз жиі болады. Өйткені екеуміз де жауапты жұмыс атқарамыз. Сол себептен де, 31 желтоқсан күні екеуміздің де үйде болмай, кезекшілікте тұратын кезіміз екі жылда бір рет кездесіп тұрады. «Өрт — тілсіз жау» деп бекер айтпаған ғой, әр кез қырағы отыруды міндеттейді. Менің де жұмысым жеңіл емес. Кей жылдары Жаңа жыл түнін ота үстінде қарсы алуға тура келеді. Мереке екен деп, бұл екі қызметтің екеуінен де кетіп қалу мүмкін емес.

Қолымызда ата-анамыз бар, 3 бала тәрбиелеп отырмыз. Бір жақсысы, үйде ата-анамыз болғандықтан, балаларымыз Жаңа жылда біздің жоқтығымызды сезінбейді.

Биылғы қой жылы біздің отбасымыз үшін ерекше болғалы тұр. Себебі қазір алдын ала біліп отырмыз, екеуміз де үйде боламыз. Қаладан студент балаларымыз келеді. Бұйыртса, осы жылды отбасымыз төрт көзіміз түгел қарсы алмақпыз.

 

Ажар БЕЙІСОВА,

аудандық аурухананың медбикесі.

Ойыл ауданы.

 

 

Бәріміз үлкен үйге жиналамыз

 

Әр жыл өзіндік есте қалар оқиғаларымен,  өмірімізге сән берген жетістіктерімен есте қалары ақиқат. Жыл  сайын  жоспарлы  жұмыстарымыз шешімін тауып,  арман-мақсаттарымыз орындалып жатады.

Біз үшін де Жаңа  жыл  отбасылық мереке,  әулеттің ортақ қуанышы болып саналады. Балалық шақта  ата-анамыздан көрген  дәстүрді  жалғастырып,  бүгінде өзіміз де  әр келген Жаңа жылды  отбасы мүшелерімен бірге қарсы алуды дағдыға айналдырдық.  Жолдасым Ғалым Нұғымановпен шаңырақ  көтергенімізге  биыл 20 жыл, 4 бала өсіріп-тәрбиелеп отырмыз. Алды студент,  кейінгілері  мектеп қабырғасында оқып жүр.

Біз Жаңа жылды қарсы алуға ерте күбінеміз. Желтоқсанның  жиырмасынан  бастап, үйге шырша құрып, әсем ойыншықтармен безендіреміз.  Отасқандарына  47 жыл толып, немерелерінің  қызығына бөленген, зейнеткерлік жастағы  ата- енеміз  кенже баласының қолында  тұрады. Алдымен 31 желтоқсан күні біздің шаңырақта мерекелік дастарқан жайылып,  сағат кешкі 7 мен 10-ның аралығында  әулеттің барлық мүшелері бас қосады. Содан соң бәріміз үлкен үйге жиналып, сағат тілі  12.00-ге таянғанда  кең дастарқан басында  қайта қауышып,  бір-бірімізге  деген ақ тілектерімізді  жеткіземіз.  Бүлдіршіндердің бал тілін қызықтап,  жаттаған ән-жырларын тыңдаймыз. Жаңажылдық сый-тартуларымыз да сол жерде беріледі. Балаларды қуанту  үшін  үйге Аяз ата мен Ақшақарға  тапсырыс беріп, қалаған сыйлықтарын  табуға тырысамыз. Далаға шығып, отшашуға кезек береміз. Үлкендердің ақ батасын алып,  келген жылға зор үміт артамыз.

Өткен жылға  өкпеміз жоқ, алдағы  уақытта да еліміз тыныш, ұрпағымыз аман, келешегіміз жарқын болса деген  тілектеміз.

 

Гауһар НҰҒЫМАНОВА,

Алға қаласындағы мектеп-бақшасының  қызметкері.

 

 

 

Аққайнар емес, ақпен қарсы аламыз

 

Жаңа жылды қарсы алуға балаларым, немере-шөберелерім келеді. Әрқайсысы шама-шарқынша жаңажылдық сыйлықтарын әкеледі. Келіндерім, қыздарым өздері сыбанып тамақтарын пісіріп, жаңажылдық мол дастарқан жаяды. Біздікі отырыс, жасымыз болса сексенге таяп қалды.  Қазір, құдайға шүкір, жаман емеспіз, он немере, бес-алты шөбере бар. Бәрі осы қалада, тек қана Бауыржан, Роза Ойылда тұрады. Олар Жаңа жыл күні телефонмен құттықтайды.

Шырша құрмаймыз үйге. Төрт бөлме болғанмен, пәтеріміз шағын, бұрынғы үлгідегі үйлер ғой. Столда символдық жасанды шыршалар ғана тұрады.

Жаңажылдық кешіміз көңілді өтеді. Өзім музыка маманымын, ұзақ жыл ауданда саз мектебін басқардым. Балаларым, немере-шөберелерім қолқалап жатса, баян тартып, ән де саламын. Кішкентай шөберелерім өздерінің тақпақтарын айтады. Жаңа жыл отбасылық мереке болған соң, үйде бөгде адам болмайды. Жаңа жылды түнгі 12.00-де қарсы аламыз. Аққайнар атқызу дегенді біз білмейміз. Балалар да сұрамайды. Немерелерім де ішпейді, темекі тартпайды, жөнсіз қыдырмайды. Өйткені зайыбым Сара да, өзім де бес уақыт намаз оқимыз.

 

Смағұл ОЛЖАБАЕВ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

 

Бетті әзірлеген: Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button