Сыйлық — татулық кепілі

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кім болса да жақындарынан сыйлық күтетіні белгілі. Әсіресе, балалар мен қыз-келіншектер жағы сыйлық алғанды тәуір көреді. Бірі гүлшоқтарын, енді бірі әшекей бұйымдарды, үшіншісі бағалы заттарды сыйлағанды ұнатады. Дегенмен қандай сыйлық болса да жақыныңның жанына қуаныш сыйлайтыны анық. Сондықтан мереке қарсаңында бір-бірлеріңізге сыйлық жасауды ұмытпаңыз.
Мереке жақындағанда туған-туыстарыңыз бен балаларыңызға қандай сыйлық алатыныңызды ойлап, бас қатыратыныңыз анық. Бұндай кезде алатын затыңыздың бағасына аса мән беріңіз. Себебі сіз алған сыйлық алдағы уақытта отбасы бюджетіне әсерін тигізбеуі керек. Сондықтан сауда орындарын аралайтын кезде қалтаңыздағы қаржыңызға бір қарап алғаныңыз жөн. Сыйлық таңдар кезде де жақсылап ойланып алыңыз. Сіз ұсынған дүние жақындарыңызды қуантатындай болсын. Мәселен, ата-анаңызға ескерткіш сыйлықтар, киім-кешек сыйлаған жөн. Анаңызға шәлі, орамал сыйласаңыз тіпті қуанып қалары анық. Ал әйеліңізге үй шаруасына қажетті заттарды, яғни электро-техникалық құрал-жабдықтардан бастап, ыдыс-аяқты сыйлауға болады. Әйелдердің табиғаты нәзік болғандықтан олар көп жағдайда сыйлыққа гүл алғанды жақсы көреді. Алайда сіздің сыйлаған гүліңіз тез солып қалатын болғандықтан, сыйлық бергеніңіз де тез ұмытылып кетеді. Сондықтан құмырада өсіп тұрған гүл сыйлағаныңыз жөн. Себебі ол гүлге көзі түскенде немесе оған су құйған сайын сізді есіне алады.
Кез келген әйел алтын, күміс бұйымдарға әуес. Егер қалтаңыз көтерсе, бұндай бұйымдар оларды үлкен қуанышқа бөлейді. Зергерлік заттарды әйелдің жасына сәйкес сыйлайды. Мереке қарсаңында нәзік жандарға қымбат әрі әдемі мата сыйлауға болады. Ал әдемі әмиянға ақша салып берсеңіз тіпті жақсы.
Үйдегі кішкентайларға алатын сыйлықтың түрі көп. Мереке күні түрлі тәттілерден бастап, ойыншықтардың да алуан түрлісін алып беруге болады. Бірақ балаларыңызға қандай ойыншық керек екенін алдын ала біліп алғаныңыз жөн. Өйткені сіз алып берген дүние кейін ұнамай қалуы мүмкін. Мерекеге бір-екі апта қалғанда олардан Аяз атадан қандай сыйлық күтетінін сұрап алыңыз. Ал Жаңа жыл күні сыйлықты шырша түбіне қойып, оларды қуантыңыз. Сондай-ақ, балаға сәби кезінен суретті кітапшаларды сыйға тартсаң, олардың дүниетанымы кеңейіп, кітапты ұқыпты ұстауға, сурет салуға үйренеді. Ал оған түрлі-түсті қарындаштарды қоса берген абзал.
Сондай-ақ, бұл күні қыз-келіншектер де сүйіктілерін қуантуға тырысады. Адамның әр алуан екенін ескерсек, ер адамдардың да көңілінен шығу қиын. Сондықтан әйелдер жұбайларына сыйлықты талғаммен таңдағаны дұрыс. Ер-азаматтарға жазу үстеліне қажетті керек-жарақты сыйлауға болады. Олар: күнделік, мұқабасы әдемі қойын кітапша, арнайы тапсырыспен жасалған визиткалар, қаламсап және т.б. заттар. Күйеуінің талғамын жақсы білетін әйелдер сыйлық таңдауға қиналмайды. Балық, аң аулауды жақсы көрсе — қол шам, қармақ, шатыр, авто-әуесқой болса — машинасына қажетті керек-жарақ, сувенир, спортшы болса, жаттығу құралдарын сыйлайды. Сонымен бірге, иіссу, сағат, әмиян секілді бұйымдар да азаматтардың көңіліне қуаныш сыйлары анық.
Сыйлық жасаған да сауап
Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) адамдардың арасындағы қарым-қатынасты жақсартуда сыйлықтың маңызы зор екенін айтқан. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер», – деген хадис жеткізген.
Осы орайда сыйланған заттың қымбат-арзандығына қарамастан, шын көңілмен қабыл алудың да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Алла Елшісі (с.ғ.с.) жай қарапайым затты сыйлық етіп берсе де қабылдайтын. Әнас бин Малик (р.а.): «Пайғамбарға (с.ғ.с.) Барира өзіне садақа етіп берілген етті сыйлады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл ет оған (Барираға) — садақа, ал бізге — сыйлық», — деген екен. Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі.
Сондай-ақ, хадис шәрифтерде сыйлық туралы былай делінген:
«Мүсафаха етіңдер (қол алысыңдар), мүсафаха кекті, ренішті кетіреді. Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, дұшпандықты кетіреді» (Ибн Асакир).
«Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық арадағы махаббатты арттырады» (Бәйһақи).
«Өздерің талап етпей берілген сыйлықтарды қабылдаңдар!» (Хаким).
«Сұрамай берілген нәрсені алыңдар! Ол — Алла Тағаланың жіберген ризығы» (Бәйһақи).
«Біреуге жақсылық жасалса, сол жақсылықты айтып жүрсін! Жақсылықты айтып жүру шүкір болады. Жақсылықты жасырған адам шүкірсіздік жасаған болады» (Әбу Дауд).
«Сапардан қайтар кезде бала-шағаларыңа пайдасы тиетін бір тас болса да сыйлық ретінде әкеліңдер» (И.Асакир).
«….Жүрекке махаббат орнатады»
Жаңа жылды жұртшылық асыға күтеді. Әсіресе, жастар жағы ерекше құлшыныспен дайындалады. Біреулер мерекелік кештерге ерекше киіммен баруға тырысса, енді бірі өзгеден сыйлық күтеді. Арамызда жақындары мен сүйіктілерін қуанту үшін сыйлық әзірлейтіндер де бар. Жалпы жастар үшін жаңажылдық сыйлықтың маңызы қандай? Жастар бұл жайында не дейді:
Айбек КӨПЕНОВ, облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық жұмыстар бөлімінің басшысы:
— Бала кезімнен Жаңа жылды асыға күтемін. Әсіресе, мектепте оқып жүргенде мерекелік шараларға белсене қатысып, сыйлық ұтып алатын едім. Ата-анам, туған-туыстарым да түрлі тәттілер мен ойыншықтар әкеліп қуантатын. Ал қазір жақындарыма сыйлықты өзім жасаймын. Мереке қарсаңында міндетті түрде оларды қуантуға тырысамын. Менің ұсынған азғантай сыйлығыма мәз болып, көңілдері көтеріліп қалады. Биыл Жаңа жыл қарсаңында жұбайым екеуіміз сауда орындарын аралап, туысқандарға сыйлық сатып алмақпыз. Мәселе ұсынған дүниенің арзан немесе қымбаттығында емес, оларға деген шынайы көңілде деп ойлаймын. Сондықтан кішкентай дүние болса да шын ниетпен тарту етемін.
Ұлжан ОРЫНБАЕВА, Ақтөбедегі №1 қалалық емхананың психологі:
— Өз басым сыйлық алғанды жақсы көремін. Сыйлықтың құндылығына немесе сапасына қатты мән бермеймін. Ең бастысы — сол адам сыйлықты таза ниетімен ұсынса болғаны. Биылғы Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында анама және інім мен келініме сыйлық дайындап қойдым. Жалпы, мен біреуге сыйлық ұсынарда оның қандай заттарға әуес екенін алдын ала біліп аламын. Кейін сол затты алып беруге тырысамын. Қазір көпшілігі сыйлықтың орнына ақша береді. Бұл дұрыс та шығар, бірақ мен үшін сыйлықтың орны ерекше. Себебі алған сыйлық әрбір адам үшін сол кезді еске түсіретін, көңіліңді көтеретін қуаныш бола алады.
Дархан РАҚЫМЖАН, «Нұр» телеарнасының жүргізушісі:
— Жаңа жылдан бірдеңе күтемін, асығамын деп айта алмаймын. Себебі ырымшыл емеспін. Бірақ бала күнімде Аяз атадан сыйлық күткенім рас, әрі сақалды атадан басқа жаннан сыйлық алып та көрмеппін. Есейген соң, ол да бермейтін болды. Ал өзім жыл сайын мереке күні анамды қуантамын. Биыл анамнан бөлек тағы бір жанға тосын сый әзірлеп жатырмын. Сыйлық — жүрекке махаббат орнатады деген. Сондықтан сүйіктімнің көңілінен шығар тосын сыйды дайындап қойдым. Бірақ әзірге қандай екені құпия. Бастысы, ерекше болады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



