Мереке

Қой жылы қандай болады?

 Қазақ халқы қой жылын жақсы жыл деп есептейді. Бұл жылы көбіне жайлы болып, халық береке мен молшылыққа кенеліп отырған. Астрологиялық болжам бойынша келер жыл  оң өзгерістер мен толағай табыстарға толы болмақ.

Сонымен қой жылында…

Тоқты (21.03 – 20.04)
Келе жатқан жыл тоқтылар үшін сәтті жыл болады. Дегенмен арманға жету үшін жеңіл жолды таңдау оңай болғанымен одан түк шықпайтынын түсініңіз. Бұл жыл сізден төзім мен ақылды қажет етеді. Жыл бойы сіңірген еңбегіңіздің жемісін қараша айында көретін боласыз. Тәуекелге бел буып үйреніңіз. Күштілер мен тәуекелшілдерді таңғажайып сыйлықтар күтіп тұр. Бастысы — өзіңізге нақты ненің керек екендігін білу. Егер іске құлшыныспен кірісер болсаңыз ол міндетті түрде жемісті болады. Өз кәсібіңізді ашудан қорықпаңыз. Екінші жартыңыз сізді үнемі қолдап, құлшынысыңызды арттырып отырады. Қараша айында өміріңізде айтарлықтай оң өзгеріс болады.Осы жылы өзіңізге деген сенімділік пен белсенділігіңіздің арқасында мансабыңызды өсіре аласыз. Алдын ала жақсы жоспар құрып алғаныңыз дұрыс. Жоспарды қаңтар айынан бастаңыз, ең белсенді уақытыңыз — қазан мен қараша айлары. Қой жылы отбасын құрмаған «тоқтылардың» жолы болады. Сондықтан бойдақтар  айналасына зер салып жүргені жөн.

Тоқты белгісіндегі ер адамдар әрдайым адал және еңбекқор. Бірақ жүйкелерінің жұқалығынан күйбелектікке бой алдырып, дөрекілік әрекеттерге жиі барады. Сол себептен оларға отбасылық өмір ауыр тиеді. Ал осы белгідегі әйелдер ерлерге тән жұмыстарды білек сыбана істейді. Жалпы бұл белгіде туған адамдар сырт көзге достыққа өте бейім, бауырмал көрінеді. Кез келген әділетсіздікте бар ынты-шынтысымен шындықты іздеп, бар білгенімен бөлісіп, қызу талқылаудың көркін келтіруі мүмкін. Тоқтылар өз ойын үнемі тіке айтады. Өз қажеттілігін бірінші орынға қояды және ойының бәрі сол көздегені болады, ол кезде айналасындағыларды мүлде ойламайды. Шағымданғанды жаны сүйеді. Өз ісінде ешқашан жоспар құрып, стратегия жасамай, мақсатына тіке бет алады. Бұл белгіде туған адамдар көз жасын ешкімге көрсетпеуге тырысады. Қызметтік саласында көп табыстарға қол жеткізеді.

Торпақ (21.04-20.05)
Ескі жылды табыспен шығарып салып, келер жаңа жылды шаттықпен қарсы аласыз. Тек өмірдің әрқилы сынағынан сүрінбей өтуіңіз қажет. Осалдық танытпаңыз, кездескен кедергілерге мойымаңыз! Керісінше жақсы қабілеттеріңізді көрсетуге берілген мүмкіндік деп ойлаңыз. Жылдың алғашқы жартысында күтпеген қызықтардың куәсі боласыз. Тынымсыз жыл болмақ. Айналаңыздағы адамдармен тез тіл табысып, ұрымтал сәттерді жіберіп алмауға тырысыңыз. Өз ортаңызда және отбасыңызда бедел-мерейіңіз арта түспек.

Жаңа жылда көптеген саяхаттар күтіп тұр.Ой-өрісіңіз, біліміңізді кеңейте түсесіз, жұмысқа керек тәжірибе жинақтаудың жаңа мүмкіндіктері туады. Білгеніңізді басқамен бөлісуде тартынбаңыз, ұжымға бірігіп істеген жұмысыңыз жемісті болады. Әсіресе, мамыр айында менмендік қасиетті тізгіндеп ұстауға тура келеді, бұл қасиет жақсылыққа апармайтынын түсініңіз. Жұмыста қиындықтар туып жатса, әңгіменің басын ашып бәрін тек бейбіт жолмен шешуге тырысыңыз. Егер сабыр сақтасаңыз, сіздің ұйымшыл топ құруға мол мүмкіндігіңіз бар. Барлық жұлдыздар сізге махаббат жолында көмектесуге әзір. Жаныңыздағылар мен өзіңіздің ішіңізге қайта үңіліп көріңіз. Сізге не керек? Өз өміріңізге разысыз ба? Жылдың ең елеулі оқиғалары қараша айында болмақ. Жауапкершіліктен қашпаңыз.Түрлі жобалар мен шараларға бел шеше кіріскеніңіз өзіңізге тиімді. Жұлдыздардың жорамалынша, жыл соңыңда сізге қамқор және еңбекқор адам жолығады.

Бұл белгіде туғандар өте салмақты, көп нәрсеге былқ ете қоймайды. Сирек ашуланады, өзіне ешкімнің жөнсіз жанасқанын қаламайды. Қазбалай берсеңіз, тым қатты ашулануы мүмкін. Ашуланғанда, жолына кезіккенді қиратуы мүмкін. Бір жақсысы, бұл — өте сирек болатын жайт. Өте тартымды болады. Сүйгенін қызғанып, артынан аңду дегенді білмейді. Махаббатта да, достықта да арақатынасты үзбей, әр қадамды қалай жасау керектігін жетік біледі. Торпақ  белгісіндегі еркектер қыңыр мінезді, ұсақ-түйекке ұстасып қалатын бірбеткей. Алайда олардың көнгіш мінездері шыдамды, ақылды және байсалдылыққа жетелейді. Ал торпақ белгісіндегі әйелдер көрікті, нәзік келеді.

Егіздер (21.05-21.06)
Сіз үшін бұл жылдың қызығы мен шыжығы мол болады. Өміріңізде бұрын-соңды болмаған оқиғалар болып, жақындарыңыз танымайтындай өзгересіз. Жеке өміріңізде, мансап жолында, ақша мәселесінде, имиджіңізде барлығы жоспарлағаныңыздай болады. Жылдың алғашқы жартысы тынымсыз болғанымен екінші жартыжылдықта байсалды өмір кешесіз. Жаныңыз қалаған іспен шұғылданыңыз. Махаббат мәселесінде анау айтқандай қиын мәселе болмайды. Күз айы жұмысыңыздың өрге басар мезгілі дей беруге де болады. Сіз өз биігіңізге асықпай, аяңдап жетесіз. Тек наурыз айында өзіңізді қай істе көргіңіз келетіндігін анықтап алып, сол бағытқа қарай жүргеніңіз жөн. Ал қараша айында сізге жаңа жұмыс тапсырылады. Мамыр айында сыйлықтардың астында қаласыз. Тамыз айы мен қазан айының ортасында жаңа бір сезімдерге ие боласыз. Қыркүйек айы  отбасын құруға нағыз қолайлы уақыт. Мамандар осы айда отбасын құрған ғашықтардың махаббаты мәңгілік болатындығын айтады. Отбасылық өмірде өзгерістер болып, жарыңызбен уақытша жараспай қалуларыңыз мүмкін. Алайда артынша барлығы орнына келеді.

Егіздер ақылды, қызық құмар, біртүрлі қызық адамдар. Олар  — зиялы, алайда айналасындағылармен тез жұғыса алмайды. Олардың арасында талантты, ойы озық ғалымдар мен әдеби шығармашылық деңгейі жоғары адамдар көп. Егіздер белгісіндегі еркектер өздерін біреудің сүйіктісі болуға лайықпын деп есептейді. Біреудің алақанындағы «алтыны» болғанды қалап тұрады. Өзіне назардың ауғанын жақсы көреді. Осы белгідегі әйелдер жақсы дос бола біледі. Олармен сөйлескенде іш пыспайды.
Шаян (22.06-22.07)
Әріптестік, сыбайластық қарым-қатынаста көп нәрсені түзетуге мүмкіндік туады. Құлшынысыңызды өлшеп көріп, махаббатқа иелік етуге мүмкіндік беріңіз. Өмірлік ең маңызды делінген тапсырмаларды шешуге көңіл бөліңіз. Өзіңізге шын мәнінде не керек екенін анықтап алыңыз. Әріптестік, жолдастық қарым-қатынаста салқынқандылық танытыңыз. Өз ойлағаныңызды жүзеге асыру көп қиындық тудырмайды. Батыл қадамдар мен оптимистік көзқарас қаржылық әл-ауқатыңызды жақсартып, жұмыс орныңыздағы бағыт-бағдарыңызды бекіте түспек. Толассыз жетістіктен басыңыз айналуы мүмкін, сондықтан саналылықты сақтаңыз. Жұмыс орнындағы ауызбіршілікті отбасылық қарым-қатынаста да ұстаныңыз. Өзіңізді өзгертуге тырыспаңыз. Ғашықтық қарым-қатынас, сезім дертіне жиі шалдығуыңыз мүмкін. Алғашқы кезден бастап сезіміңізді дұрыс бағамдап, дұрыс жолға қойып үйреніңіз. Қаңтар-ақпан, қыркүйек-тамыз айларында махаббат төңірегінде үлкен өзгерістер орын алып жатса, қарсы болмаңыз. Алғашқы жарты жылда орын алған өзгерістер өміріңізге оң әсерін тигізеді. Сақтықты жоғалтып алмаңыз. Ақпан айларының орта тұсында отбасылық және үйішілік мәселелерге уақыт бөліңіз. Бұл тұста да жұмыс орныңызда жақсы қарым-қатынасты нығайта түсуіңіз тиіс. Үй ішіндегі үлкен өзгеріс орнату жолындағы талпыныстар нәтижелілікке алып келмеуі мүмкін.

Шаян белгісіндегілер арманшыл  болып келеді. Бұл белгідегі ер-азаматтардың арасынан дәрігер, емшілер жиі шығады.  Олар белгісіз заңдылықтармен өмір сүреді. Сол себептен олар өзгелердің жынына тиіп, шиеленіскен дау-дамайда салғыласып, ұрысып тұрудан тайынбайды. Жұмыс бабында адам көтергісіз мінезінің кесірінен проблемаларға шалынып жүреді. Бұндай еркектер шыдамды, өзіне талапты жоғары қоя біледі. Бұлардан ойшыл ғалым, музыкант, діндарлар шығады. Шаян белгісінде туылған әйелдерге де жоғарыда айтылған қасиеттер тән. Олар сүйікті әйел, балаларына қамқор ана бола алады. Елдегі берешек қарызынан құтылу ол үшін кезек күттірмес нәрсе.

Арыстан (23.07-23.08)
Қой жылы арыстан белгісімен туған жандар үшін табысты әрі сәтті болғалы тұр. Жыл бойы қызу еңбек етіп, кейін керемет жерге демалысқа аттануыңыз мүмкін. Алайда сізге бұл жылы төрт қабырғадан шықпай, күні-түні жұмыс жасаудың қажеті жоқ. Іссапарлар мен кездесулерге жиі жол түседі. Отбасыңызға деген ерекше көзқарасыңыз ошағыңыздағы түсіністікті үйлестіруге деген құлшынысыңызды арттырады. Сауықтыру орындарына және теңізге баруға уақыт табуға тырысыңыз. Жақындарыңыз сіз оқумен, қағазбастылықпен іссапарлармен басыңыз қатып жүрген қиын кезеңде қолдауға тырысады. Белсенділік пен оптимизм күмәндардан арылуға көмектесетін ең үздік дәрі болмақ. Қаңтардан мамырға дейінгі аралықта немесе тамыз айында тұрғын үй мәселесінде оң өзгеріс болады. Көптен күткен қоныс аудару болады. Ортақ қызығушылықтардың арқасында алыс туысқандарыңызбен қарым-қатынастарыңыз жалғасын табады. Қаңтар мен шілде айларында сіздің айналаңызда көптеген өзгерістер орын алады. Білім, ғылым, спорт, транспорт, ой еңбегі, БАҚ, қаржылық, халықаралық қатынастар секілді сала мамандарына бірінші жарты жылдықта бірқатар қиындықты басып өтуге тура келеді. Жеке өміріңізге қатыстының барлығы осы жылы реттеледі. Әрине, әркімнің басында әртүрлі жағдай бар. Егер жаныңыздағы адамға мүлде көңіліңіз толмай, төзім таусылса, жалғастырудың қажеті жоқ. Жұбыңызға қамқор бола біліңіз. Жаңа жылда жаңа таныстар өте көп болады. Бірақ сақ болыңыз! Арыстанды қой жылы алдау оңайға соғуы мүмкін. Биыл ісқағаздар мен құжаттарға ұқыпты болыңыз.

Арыстан белгісінде туғандар қандай жұмыс болмасын өз қабілеттерін жарқырата көрсете алады. Олар кез келген жағдайда шынайылықты бағалап, табиғи қалпын сақтап қалады. Адамдарға қатты сенгіш. Осының салдарынан тез алданып, санын соғып қалады. Сондықтан ол адам бойындағы пайдакүнемдік, сатқындық деген нәрселерге таңғалыспен қарап жүреді. Бұл белгідегі еркектер сенімді, адал дос бола біледі. Ол байлық пен әсемдікке тәнті. Алақанының ашықтығынан жиі кедейленіп, тақырға отырады. Ал арыстан белгісіндегі әйелдер — махаббатқа берік. Сүйіктісіне жоғары талап қояды. Опасыздықты кешірмейді. Ұрыс-керістен кейін өзі бірінші барып ымыраласуға зауқы соқпайды.

Бикеш (24.08-23.09)
Бұл жылы айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасты дұрыс ұстағаныңыз жөн. Жаңажылдық ойын-сауық сіздің іс-қатынастарыңыз бен қаржылық қорыңызға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сезім, романтика, шығармашылық, істегі жетістіктер — мұның барлығы сізді көктемде күтеді. Әріптестіктегі мол оқиғалар және мансаптағы өсу күнделікті бірсыдырғы өміріңізге өзгеріс енгізеді. Тамыз айында барлығынан басыңызды алып қашып, оңашада болғанды қалайсыз. Қоңыр күз — белсенділер мен батылдар үшін және пәрменді ізденістегі жандар үшін табысты болады. Қазан айында өзіңізді көрсетуде және бизнеске кірісер алдында икемділік қажет. Қарашада қосымша білім алу хақында ойланғаныңыз дұрыс.

Бикеш белгісіндегі адамдар кез келген жағдайға бейімделгіш, ұйымдастырушылық қабілеті мол, білімді. Олар өте сезімтал, қашан бәрі орнына келгенше тыным таппай мазасыз күй кешеді. Бұл белгідегі ер-азаматтар саясатқа, экономикаға, білімге жақын. Өз білімдерін тереңдету жолында өмір бойы ізденеді. Ал әйелдері болса көркем болып келеді.

Таразы (24.09-23.10)
Таразылар бұл жылы өмірлік серіктері мен барлық істе тірек болар сүйеніш іздейді. Өзіңізді көрсетіп үйренгеніңіз жөн. Әсіресе, сөзіңіз бен ісіңізді қадағалау маңызды. Бастығыңыз сізді керек әрі мықты маман деп бағалайтын болады. Жылдың басында барынша өзгеруге тырысасыз. Көп уақытыңызды отбасыңызға бөліп, жайма-шуақ күндерді жақындарыңызбен бірге өткізесіз. Махаббат пен сыйластық атаулысы басты тірегіңізге айналады. Көп уақытыңызды жұмысқа арнасаңыз да, жақындарыңыз үшін әрдайым уақыт тауып отырасыз. Маусым айында бастығыңызбен ренжісіп қалмаңыз. Ренжіскен жағдайда да барлығын ақылмен шешуге тырысыңыз.  Ал шілде мен тамыз айлары сіз үшін үлкен мүмкіндіктердің есігін ашады. Қыркүйек айында көлге барып демалуыңыз мүмкін. Қазан айында жалақыңыз өседі. Бұл жыл бойдақтар  үшін сәтті болады. Көктем айларында сүйіктіңізді жолықтырып, ерекше сезімге бөленесіз. Өкінішке орай, алғашқы қадам өзіңізге тиесілі. Жігіттердің батыл қыздарды жақсы көрмейтіндігін есте сақтаңыз. Наурыз айы романтикаға толы болады. Қыс айларында болған кикілжіңге қарамастан, татуласып, өмірлеріңізді жаңа парақтан бастайсыздар. Ол үшін әрекет жасамаған жағдайда мәңгілікке айырылысып кетулеріңіз мүмкін. Сүйіктіңіздің қандай болу керектігін жүрегіңіз ғана айтып бере алады. Ал мамыр айында дәл сол адамды кездестіру мүмкіндігі туады.

Бұл белгіде туғандар эстетикалық жағынан өте сезімтал болғандықтан, жұмысына өнердің қатысы болғаны жақсы. Ән тыңдап, кітап оқып, гүл өсіргенді ұнатады. Таразы белгісіндегі еркектер тентек болады. Бірақ жұртшылық оның өмірге икемділігі, тазалығы, мейірбандығы, шат күлкісі, ақкөңілдігі үшін жақсы көреді. Ал осы белгідегі әйелдер өте нәзік, тартымды, ерке, қыңыр мінезді. Олар көп ұйықтағанды ұнатады, әшекейге әуес.
Сарышаян (24.10-22.11)
Өз идеяларыңыз бен қызығушылықтарыңызды қорғай біліңіз. Бойыңыздағы күш-жігерді шығармашылыққа бағыттаңыз. Сәуір айында барлық нәрсенің өз қолыңызда еместігіне көзіңіз жетеді және олардың көбісіне икемделіп, сабырлық танытуға мәжбүр боласыз. Маусым —  батыл әрекет жасау мен алдағы уақытта болатын ірі оқиғаға даярлық жұмыстарын дайындауға ыңғайлы ай. Шілде айында жоспарлардан белсенділікке көшкен абзал. Ал жаздың соңғы айында шектен шығып кетпеу маңызды. Жоспарланған әрі сенімді қадамдарыңыз жұмыста және қаржылық мәселелерде өз жемісін бере бастайды. Бұған сіздің тіл тапқыштығыңыз бен әр нәрседен хабардарлығыңыз өз септігін тигізеді. Мінез-құлқыңыздың өзгерісі сезіміңізге едәуір әсер етеді. Жарыңызды көп мақтап, көп қамқорлық танытуға тырысыңыз. Себебі іштей салқынқанды көзқарасыңызды өзіне суып кетті деп түсінуі мүмкін. Қаңтар айында ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас ушықпақ.

Сарышаян белгісінде туғандардың арасынан заңгер, криминалист, аңшы, спортшы, психолог, фармаколог мамандары жиі шығады. Тік мінезді, адамдарды жақсы таниды, өзі күдікшіл. Бұл белгіде туған ер-азаматтар  ашушаң болады. Ал «сарышаян» әйелдер өжет, қыңыр, ерке келеді.
Мерген (23.11-21.12)
Өміріңізде орын алатын елеулі өзгерістердің салдарынан алған бағытыңыздан жаңылып қалу қаупі бар. Сол кезде болуы мүмкін хаостық жағдайларда эмоцияға ерік бермей, барынша сабырлы болуға және ақылмен ойлануға тырысыңыз. Жеке басыңызды әртүрлі оқиғалар мен өзгерістер күтіп тұр. Бірақ байбалам салмаңыз, сабыр сақтаңыз. Бұл сіздің алдағы жарқын өміріңізге септігін тигізетіні сөзсіз. Сіз түбегейлі өзгересіз, сондай-ақ ақыры айналаңыздағы болып жатқан өзгерістердің себебін ақырындап түсіне бастайсыз. Шілде айында сізді үлкен бақытқа кенелу мүмкіндігі күтіп тұр. Сіз өзіңізге жаңа қызығушылықтар таба бастайсыз. Өмірге деген құштарлығыңыз қайта ашылып, үлкен беделге ие болуыңыз да әбден мүмкін. Алдағы жылы айдың әсерінен сіздің махаббатта жолыңыз міндетті түрде болады. Қаңтар мен шілде айларының аралығында қаржылық мәселеңіз оң шешімін табады. Шілде айының соңынан қыркүйектің ортасына дейін сүйіктіңізбен көбірек уақыт өткізуге тырысыңыз, шетелдерге шығып демалып қайтсаңыз да болады. Ал некеге тұрамын деп шешсеңіз, онда сізге мамыр мен тамыз айлары оңтайлы келеді.

Мергендер белсенді, бастамашыл болып келеді.  Бір сарынды жұмысты азап санайды. Бұл белгідегі ерлер ойшыл болса, әйелдері қызуқанды келеді.
Тауешкі (22.12-20.01)
Қаңтар мен ақпан айларында ішкі күшіңіздің мықтылығы айналаңызға керек адамдарды жинауыңызға көмектеседі. Мамырда жұмыс пен отбасыңызға деген жауапкершілігіңіздің арқасында үй мен кеңсе арасында айрықша үйлесімділік сақтайсыз. Тығыз жұмыс уақыты бастығыңыз бен әріптестеріңіздің түсініспеушілігін туғызуы әбден мүмкін. Сондықтан жеке өмірді жұмысқа араластырмауға тырысыңыз. Қыркүйек айында жоғары білім не қосымша білім алғаныңыз жөн. Қазанда әлеуметтік жағдайыңызға өзгеріс енгізетін ұсыныстар түсіп қалуы мүмкін. Қарым-қатынастарыңызға сызат түспеуі үшін қыс айлары мен сәуір, маусым-шілде, қазан айларында жартыңызды сізге қарыздар біреу ретінде емес, тағдырдың сізге тартқан сыйы деп қабылдаңыз. Көктемде сүйіктіңіз сіздің қалауыңызға бас иетін болады. Өйткені бұл көктем сізді жақсы жағыңызға қарай өзгертейін деп тұр. Маусымда, тамыздың алғашқы жартысында қыркүйек, қараша айларында демалуға, саяхатқа шығуға жол ашық. Егер жартыңызды әлі кезіктірмеген болсаңыз, осы айларда жаңа таныстықтан қашпаңыз. Жылдың алғашқы жартысында ата-анаңызға айрықша көңіл бөліңіз. Үй-жай мәселелерін көктемде шешсеңіз, тиімді болмақ. Наурыз, мамыр, тамыз-қыркүйек, қараша айларында отбасыңызда тыныштық, береке орнайды. Өкпе-ренішті ұмытып, жақындарыңызға жылулық көрсетсеңіз, жайлы өмір сүре аласыз. Үй тірлігіне бей-жай қарамай, өзіңіздің екінші қырыңызды шыңдаңыз.

Тауешкі белгісінде туған еркектер тұйық, адамдармен тез тіл табыса алмайды.  Олар тұрақтылықты жақсы көреді. Белгісіз мақсатта шешім қабылдамайды.
Бұлардың есте сақтау қабілеті өте жоғары. Ал бұл белгідегі әйелдер сұлу және еңбекқор болып келеді.
Суқұйғыш (21.01-20.02)
Қаңтар айында саяхатқа аттаныңыз немесе жаныңызға жағатын іспен шұғылданыңыз. Ақпан айында өзіңіздің жаңа бейнеңізді жасауға кірісіңіз. Ал желтоқсан айында күдікті адамдардан алыс болып, жөнсіз істерге бас сұғушы болмаңыз. Наурыз бен сәуір айларында сізді күтпеген қаржылық ұсыныстар қуантпақ. Ал мамыр айында отбасыңыз сіздің әр идеяңызға разы болады. Маусым мен шілде айларында демалыс пен жұмысқа да қатар уақыт бөліңіз. Махаббат оқиғаларының сіздің әмияныңыз немесе карьераңыз үшін құрылмауына баса назар аударыңыз. Тамыз айында серіктесіп жұмыс жасауға ұсыныстар келіп түседі. Карьераңызды өсіріп, қоғамда дәрежеңізді көтеру үшін өзіңізді біраз жерде құрбан етуіңізге тура келеді. Сізге басқа адамның бостандығы мен ойын құрметтейтін адам ұнайды. Наурыздан қараша айына дейін неке қимаңыз. Өйткені осы кездегі өміріңіз сіздің жұбыңыз бола алмайтын адаммен жолықтыруы мүмкін.

Суқұйғыштар — тумысынан өнертапқыштар. Өзгелерді таңғалдыруға құмар. Бұл белгіде туған ер-азаматтардың бойында жалқаулық бар. Бірақ оның бақытсыздықтары ешқашан қара түнекке айналмайды. Ал «суқұйғыш» әйелдер өте әдемі, тартымды болып келеді. Ол жиі өзгеріп тұрады. Әңгімешіл, мың құбылады. Тұрмысқа ерте шығады, алайда сирек бақытты болады.

Балықтар (21.02-20.03)
Бұған дейін қолға алғаныңызды жалғастыра түсіңіз: өзіңізді, өмірдегі орныңызды, мақсатыңызды, сүйіктіңізді іздеуді… Айналаңыздағылардың сенімсіздіктеріне, алып-қашпа әңгімелеріне назар аударушы болмаңыз. Көп уақытыңызды танымыңызды кеңейтуге, көп саяхат жасауға, жаңа мәдениеттерді тануға арнаңыз. Шетелдіктермен араласуды әдетке айналдырыңыз. Қайнап жатқан қазанның бетін жауып, мақсатқа жеткізер тура жолды таңдайтын уақыт жетті. Дұрыс әрекет жасасаңыз, сәттілік сіздің жағыңызда. Қысқасы, осы жылы асқан белсенділік танытыңыз. Сонымен қатар, оқу орнын, жұмысыңыз немесе тұратын қалаңызды ауыстырғыңыз келіп жүрсе, қой жылы ең ыңғайлы кезең. Жақсы қызметке ие болу немесе қаржылық жағдайыңызды жақсарту туралы мақсат-мұраттарыңыз толығымен орындалады. Қаңтар айында өзіңіз көптен ойға алған  жоспарыңызға қайта көз тігіңіз. Достарыңыз бен жақындарыңыздың пікірі жұмысыңыздың өрлеуіне жаңа тыныс бермек. Қаржының ортасы жауапкершілік пен сауаттылықты талап етеді. Маусым айында сізді романтика күтіп тұр. Жазда әріптестермен жұмыс жасау үшін басқа кездегіден де көп күш жұмсауыңызға тура келеді. Ақыл-ойдың арқасында күтпеген табыстың жемісін көресіз. Көп күшті өзіңіздің денсаулығыңызға, біліміңізге және жеке өміріңізге бөліңіз. Қаңтар мен шілде айларының ортасында сізді таңғажайып махаббат оқиғасы күтіп тұр. Қаңтар, ақпан және наурыз айларында сіз өзіңізге қатты көңіл бөлесіз. Сізді бұл жылы қызықты шаралар мен оқиғалар күтуде. Бәрі де отбасылық қаржының қорына келіп тіреледі. Достардың сізге бұл жылы керегі көп. Сіздің алдыңызға дос бетпердесін киіп алған адамдар да достық білдіріп келуі мүмкін. Оларға есігіңізді ашпаңыз. Онымен қоса сізді шынымен дос көретіндердің де саны жетіп артылады. Бірінші жартыжылдықта орнайтын жағдай сізбен жолы бір емес адамдарды ығыстырады. Артық салмақ қосудан қорқыңыз.

Балық белгісіндегілер өзгелерге жанашыр болып жүреді. Жаман нәрседен де жақсылық көре алады. Жалғыздықтан қорқады. Талантты, өз күшімен мақсатына жететін жандар. Бұл белгідегі еркектер логикасы мықты, өзіне есеп бергіш, қасындағылардың таңданысына тап болып жүретіндер. Ал балық белгісіндегі әйелдер — сүйкімді, мейірімді. Сұлулық пен сәнге құмар. Олардың көңіл күйлері мен денсаулықтары айдың толысуына байланысты. Бұндай әйелдердің ішкі жан дүниесі бай. Бұлардан мейірімді ана, сүйікті жар шығады.


Интернет материалдары бойынша айқара бетті әзірлеген
Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button