Қой жылы — құтты жыл!
Енді санаулы күндерден соң есігімізден 2015-інші Қой жылы кіреді. Жылқы жылынан кейін, Мешін жылынан бұрын келетін мүшел есебінің сегізінші жылы — Қой жылын ежелден қазақ құтты жыл санаған. 1991 жылы, Қой жылы еліміз өз тәуелсіздігін алды. Міне, содан бері, екі мүшел өтті. Алдағы жыл да еліміз үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жақсы жыл болады дейді болжаушылар.
Қой — баға білсең, көл-көсір өнім беретін өзі момын, өсімтал жануар. Қазақта «қой саны мыңға жетсе, керегенің басынан бас кетпейді» деген мақал бар. «Қой өлсе — өзі қалар, келер жылы өзі болар», «қойдың сүті қорғасын» деп, бұл жануарды тоқшылықтың, молшылықтың символы ретінде де айтады. Аспан әлеміне қарап болжам жасайтын Күншығыс елдерінің жорамалшыларының долбары бойынша, алдағы жыл он екі ай аста-төк берекенің, молшылықтың, жақсылықтың кезеңі болмақ. Бұл жылы ерінбей іс қылғанның жолы болады деседі. Демек, осы жорамалға сеніп, «қой келгенде» «жұлдыздар қателеспейді» деп, отырып алып «іс тікпей», барлық жақсылықтың, игі жаңалықтардың бастамасы өзіңізде екендігін ескеріңіз.
Тышқан (1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008)
Тышқан жылы туғандар тышқандай көп жортып, бел шешпей еңбек етеді. Арық қойдан бағаңыз төмен болмауы үшін, еңбектің ауыр-жеңіліне қарамай, жұмысқа жегіліңіз. Жылдың бірінші жартысында жұмыстан сәл шаршауыңыз мүмкін, алайда екінші жартысының сізге әзірлеген сыйы бар. Дегенмен қол жеткен жетістікке тоқмейілсімей, жыл соңына дейін өзіңізді қатал бақылауда ұстаңыз. Бұл жылы сізге ешқашан қолыңызды бір сілтеп, сәл дамылдап алайыншы деген бір сәттік көңіл күйге берілуге болмайды, жұмысты қозыдай көгендеп ұстауға тура келеді.
Бірақ жұмыс-жұмыс деп жүріп, денсаулықты да ұмытып кетпеңіз. Жаз айларында демалыс орындарына барып, біраз тынығып алудың реті келеді.
Сиыр (1901, 1913, 1925, 1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997, 2009)
Өмірге Сиыр жылы келгендердің қойы егізден туып, өрісі кеңейетін жыл. Отбасыңызда жақсы жаңалықтар болып, той-томалақтан шаршайсыз. Қырда қырық қой су ішсе, ойда отыз қой нәр алатынын естен шығармаңыз. Той —тәңірдің қазынасы болғандықтан, үйдегі жақсылық үшін Аллаға разылық айтып, туған-туысқандардың басын қосып, оларды риза қылуға тырысыңыз.
Қой мен Сиыр үй жануарлары, қоралас мал. Сондықтан Қой жылы Сиыр жылғыларға жақсы істерді қолға алса, табысқа жеткізеді деген болжам бар. Қой семізі қойшыдан десек, табыстың кілті — еңбекте жататыны есте болуы керек. Сиыр жылы туғандар арасында аңғал, әркімнен тек жақсылықты ғана көргісі келетін, барлығына бірдей тілеулес болып тұратын жандар көп. Сіздің аңғалдығыңызды пайдаланып кеткісі келетіндерден сақ болыңыз. Жылдың ортасына таман отбасыңызда бір өзгеріс болуы мүмкін.
Барыс (1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010)
Соңғы жылдары Барыс жылы туғандардың жолы болыңқырамай жүр. Бірақ Қой жылы сол көрген қиыншылықтарыңыз ертегідегідей арттағы күннің еншісінде қалады. Тәңір асыраған тоқтыны ешқашан бөрі жемейді — Тәңірдің сізге арнаған сыбағасы да ешқайда кетпейді. Көптен ойыңызда жүрген армандарыңыз орындалады, сондықтан үйіңізде ұлан-асыр той жасауға дайындала беріңіз. Сіздің осыншалықты сабырлылығыңыздың, төзімділігіңіздің сыйы ретінде жылдың алғашқы айларында күтпеген қуаныштарға кенелесіз. Қомақты қаржыға ие болуыңыз мүмкін. Алайда жаман қойшы сықылды жайлауыңызды бір күнде жеп қоймай, ол қаржыны игі іске салыңыз. Сонда ол берекелі болады.
Ең бастысы, денсаулығыңызды күтіңіз. Барлық мәселені ақылмен шешіп, ұсақ-түйек кедергілерге шыдамдылықпен төзе біліңіз.
Қоян (1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999, 2011)
Қоян жылы туғандар қасқырдан үріккен қойдай топ-топ болып шоғырлана жүргеннен гөрі, өз бетімен, жеке-дара жүріп іс бітіргенде жетістікке жетуі мүмкін. Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайтынын естен шығармаңыз. Қойдан туған егізге қуанған малсақтан гөрі, арыған қойды семізге айналдыра білген шаруаның жұлдызы оңынан туады. Сондықтан істің жеңіліне жүгірмей, ауырдың астымен жүріп көруге тырысыңыз. Алғашқыда қиналғанымен, жыл ортасына қарай көл-көсір табысқа кенелесіз. Сырттай қорқақ болып көрінгенімен, Қоян жылы туғандар іштей қажырлы, төзімді болып келеді. Осы қасиетіңізбен тығырыққа тірелген талай топты қой бастаған серкедей жақсы жолға алып шығасыз. Ескеретін бір нәрсе — серкенің тек біреу болуы маңызды. Өйткені екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Сондықтан егер жұмысты қандай да бір адамдар тобымен бірге бастасаңыз, әркімнің міндетін бөлісіп алған жөн.
Ұлу (1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988, 2000, 2012)
Қай ісіне жауапкершілікпен қарайтын Ұлу жылы туғандардың мойынына бұл жылы да үлкен жауапты істер атқарылмақ. Қасыңыздағы серіктестеріңіздің сенімді болғанын қадағалаңыз. Әркім өз қозысын қошқар қоятыны бар, сондықтан бастаған ісіңіздің тамыр-таныстықтың салдарынан басқа арнаға бұрылып кетпеуін қатты қадағалаңыз. Жақсы жоспар, жүйелі жобамен іске кіріссеңіз, барлық шаруаңыз оңға басады. Салт басты Ұлулардың бұл жылы айы оңынан туып, өмірлік серігін табуы әбден мүмкін. Той-томалақтарға, мереке-думандарда қыз-жігіттерге көз қырыңызды салып қойыңыз. Солардың арасында сіздің тағдырыңыз кездесіп қалуы мүмкін.
Жылан (1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013)
Ойындағысын ірікпей айтып тастайтын, тілі удай ащы, шәлкес мінезді болғанымен, Жылан жылы туғандардың ішкі әлемі әдемі боп келеді. Әдетте айналасын қыран жапқандай қылатын Жыланның қойдай қоңыр, жылқыдай торы боп, момын күй кешетін сәттері болады. Қой жылында осындай жүйкеңіз тыныш, тойған қозыдай томпиып, жақсылықтарға ғана қуанатын кездер көп болады деп болжайды жұлдыздар. Өз мінезіңізді түзетуге тырысыңыз. Айналаңыздағы адамдардың ақымақтықтары үшін өзіңізді кінәлап, іштей жей бермеңіз. Денсаулығыңызды күтіңіз. Жаман қой ғана ісегінде қартаяды. Қандай қиын жағдай болса да, сабырлылықпен, төзімділікпен соңыңызға ерген адамдардың барлығын алып шығасыз. Қызмет бабында жылдың басында қиындықтар кездескенімен, кейін сол ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің жемісін көретін уақыт келеді. Іс оңына басарда өзіңіз де байқайсыз — шыбыш лақтап, тоқты қоздайды. Материалдық жағдайыңыз түзеледі.
Жылқы (1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002)
Жылқы жылы туғандар үшін бұл жыл да нағыз еңбектің жылы болмақ. Өткен жылы өз жылы болған Жылқылар жұмысқа жегіліп, бір тыным таппаған еді. Алдағы жылы да олар сәл демалып алып, қайтадан бәйге атындай тұла бойын ширатып ап жұмысқа кірісуі тиіс. Қошқардың жайын мал баққан біледі, нағыз еңбектің қандай болатынын сол еңбектің басы-қасында жүрген біледі.
Жыл санаушылардың пікірінше, Жылқы жылы туғандар таза еңбектің адамдары, демалуды білмейтін, қашан көрсең, тертесімен алысып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жасап жүреді. Алайда жұмыста бар жан-тәніңізбен кірісіп кетпей, бір мезгіл денсаулық мәселесін де ойлап қойғаныңыз абзал. Еңбек демалысын күтпей, миыңызды демалтып, ағзаңызды дәрумендермен байытқан артықтық етпейді.
Қой (1907, 1919, 1931, 1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003)
Қой жылы туғандар — өз жылының еркесі. Жаны таза, момын, мінезі майдай Қойлар үшін нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жыл болады деседі. Алла қандай несібе берсе де, шүкіршілікпен қабылдап, қолыңызда барды берекелі етуге тырысыңыз. Қой асығы емес демей, қолыңа жақса, барды сақа тұтуға үйреніңіз. Қандай қиын жағдайда да өзіңізді құрбандық деп санамаңыз, қойға өзінен басқаның бәрі жау көрінеді, алайда олай емес екені бесенеден белгілі. Сізге тілекшілер, сіз үшін қу жаны қуырдақ болатын адамдар баршылық. Соларды бағалай біліңіз. Қой отарымен жүретін мал. Сондықтан қандай да болмасын қиындықтан өзім шығамын деп кергімей, көппен ақылдасып шешуге тырысыңыз. Өз жылыңызда сіздің отбасыңызда көптен армандап жүрген қуаныш болады. Сол қуаныштың қуанышы тарқамас үшін отбасындағы бірлікті, берекені сақтауға тырысыңыз.
Мешін (1908, 1920, 1932, 1944, 1956, 1968, 1980, 1992, 2004)
Мешін жылы туғандар маңдайына біткен бағын бағалай білуі керек. Семіздікті қой ғана көтереді. Өзін ерекше жақсы көретін Мешіндер айналасындағыларды менсінбеуді қойғаны жөн. Бұл жылы Мешіндерге біреуге қарап, ауыз ашуды доғарып, өзі еңбектенуіне тура келеді. Осы жылы Мешіндер ойында жүрген ең ізгі армандарына қол жеткізеді дейді жұлдыздар. Дегенмен ағайын-туыстың қолдауынан да бас тартпау керек. Қызмет жағынан өсуге, қандай да бір жылжымайтын мүлік сатып алуға жақын ағайындарыңыздың көмегі тиеді.
Қой жылы Мешін жылы туғандар үшін жеке басына жақсы өзгерістер алып келетін жыл деседі жұлдыздар. Сондықтан осы жылы серігіңізді тауып, балалы-шағалы болуыңыз әбден мүмкін.
Тауық (1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005)
Үй-үйелменінің жағдайын ойлап жүретін «үйкүшік» Тауықтар үшін көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің түйіні тарқатылады. Қандай жетістікке де өзінің еңбексүйгіштігімен, төзімділігімен жететін жетуге тырысатын Тауықтар биыл да сол жанкешті еңбеккерлігінің арқасында талай биіктерді бағындырады.
Ақылы бір басынан жетіп артылатын Тауықтар көп жағдайда іштей мүжіліп, таусылып жүретіні бар. Бұл жақсылыққа бастамайды. Сондықтан жалғыз қалмай, достарыңыздың арасында жиі болуға тырысыңыз. Бұл жылы Тауықтардың отбасында жақсы жаңалықтар орын алуы мүмкін. Сіздің де, ағайын-туыстардың үйінде де той көп болады.
Ит (1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006)
Ит жылы туғандар үшін Қой жылы сәтті жыл. Сондықтан оны пайдалана білу керек. Ең бастысы, бұл жылы бұрын бітпей жүрген шаруаларыңыз оңалып, жылдам шешімін табатын болады. Жақсы қойшының қозысы түлеп тұрғанда, жаман қойшының құнан қойы жүдеп тұрады. Биыл сіз үшін «жақсы қойшы» болуға таптырмайтын жыл. Қандай істі қолға алсаңыз да, жылдам жетістікке жетесіз.
Сондай-ақ, бұл жылы Иттерді қызықты сапарлар күтіп тұр. Тіпті қоныс аударып, жақсы қызметке орналасуға да қолайлы жыл деседі жұлдыздар.
Жаңа іс бастар болсаңыз, қасыңыздағы серіктестеріңіздің сенімді болғанына мән беріңіз Себебі ол сіздің жұмысыңыздың нәтижелі болуының бірден-бір факторы.
Доңыз (1911, 1923, 1935, 1947, 1959, 1971, 1983, 1995, 2007)
Доңыз жылы туғандардың жеке өмірінде көп өзгерістер болуы мүмкін. Жыл он екі айдың ең соңғысына иелік ететін Доңыз жылы туғандар әдетте салқынқанды, сабырлы, кейде тіпті жайбасар болып келеді. Бұл жылы жайбасарлықтан аулақ болыңыз. Түстен кейін маңырайтын ақсақ қойдай, жұрттың соңында қалып қоймау үшін жыл басталасымен жұмысқа кірісіңіз. Жұлдыздардың болжамынша, бұл жылы Доңыздар материалдық ахуалын реттеумен бірге білім-білігін дамытуға да көп күш жұмсайды. Тіпті шетелге барып, оқып келуіңіз де мүмкін. Осы жылы отбасыңыздағы адамдар саны толығып, қоныс тойын жасауыңыз да ғажап емес.
Жұлдызжорамалдарға сүйене отырып әзірлеген М.РАХАТҚЫЗЫ.



