Тәуелсіздік және біз

«Тәуелсіздік алған тұста бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндіріс — зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын. Қазақстанның өзі түгілі аты әлем елдерінің көпшілігіне бейтаныс еді. Бірақ біз ешуақытта мойыған жоқпыз».
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 16 қарашасында «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде жастарға арнап сөйлеген сөзінде осылай деген еді.
Ал теміртаулық футболшы Максим Самченко vesti.kz сайтында сол тұсты былай деп суреттепті: «Ауыр уақыт болды… Көптеген адамдар пәтерлерін тастап жан-жаққа көшіп кетіп жатты. Сол кездері тіпті: «Пәтерімді итальян етігіне айырбастаймын» деген хабарландыруды да көрдім. Су жоқ, жылу жоқ болғандықтан, қаладан жұрт жаппай көшті. Көпқатарлы үйлердің тұрғындары тамақты кейде көшеде дайындайтын: аулаға шығып, ағаш кесіп, от жағады».
Аллаға шүкір, бүгінгі күннің көріністері мүлде басқа…
Біз Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауларында, түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінде келтірілген деректер арқылы Тәуелсіздік алғаннан бергі 23 жылдың ішінде жеткен жетістіктеріміздің бірқатарына шолу жасадық.
Қазақтың тілі
Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін қазақтың ең осал тұсы, басты мұңы — тіл еді. Қазақстанда әр он адамның жетеуі — өзге ұлт өкілі, үшеуі ғана қазақ боп қалған кездерде биік мінберлерді былай қойып, қоғамдық көлікте, қала көшелерінде туған анаңмен, туған балаңмен қазақша сөйлесу мұң болды. Аға ұрпақ мұны әлі ұмытқан жоқ.
Тәуелсіздік алғаннан кейін тіліміз заң жүзінде еліміздегі басты тілге — мемлекеттік тілге айналды.
2011 жылғы 25 мамырда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында Елбасы былай деді: «Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген сөзі бар. Біздің тәуелсіздікпен бірге сөзіміз тіріліп, өзіміз еңсе тіктедік. Бабадан жеткен қасиетті қазақ тілінің осы жылдары мемлекеттік мәртебе алып, құлашын кеңге жая түскенін білесіздер.
Естеріңізде болса, 1991 жылы қазақ мектептерінде оқитын шәкірттердің жалпы саны 32 пайыз ғана болатын. Сөйтіп, біздің тіліміз кеңес заманында жойылуға тақады. Бүгінде ол көрсеткіш екі есеге артып, мектептерде бір жарым миллионнан астам бала қазақ тілінде білім алады. Аралас мекемелерді қосқанда, барлық балабақшалардың 90 пайызға жуығы қазақ тілінде тәрбие беруде.
Қазір мемлекеттік органдарда іс жүргізу негізінен қазақ тіліне көшірілді. Мен «Қазақстан» телеарнасына биыл күзден бастап толық мемлекеттік тілде хабар таратуға тапсырма бердім. Балалардың тіл үйренуіне көмектесетін «Балапан» деген арнайы телеарна ашылды».
Ал 2013 жылғы 28 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев: «Тіл бар жерде халық бар. Тіл бар жерде оның мәдениеті бар. Тіл жоқ болса, оның бәрі жойылады» — деп, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бірде-бір этностың туған тілі жойылмай, керісінше дамып, өркендеп келгенін еске салып, «Енді жүздеген этностар бір ұлтқа айналуы үшін оны біріктіруші материал керек. Бүгінде ұлттың басын біріктіретін, цементтей бекітетін фактор — қазақ тілі, мемлекеттің тілі» болуы тиіс екенін нақты айтты.
Қазақтың демографиясы…
2014 жылдың тамыз айында Ұлытауда берген сұхбатында Елбасы: «Біз тәуелсіздік жариялағанда Қазақстандағы қазақтың саны 40 пайыз болатын. 40 пайыз! Басқалар «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сендерге?» — деп айтпайтын ба еді? Дегенмен елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, біз тәуелсіздік жарияладық. Қазір, міне, қазақтың саны 65 пайызға жетті. Қазақстан халқының саны сол кездегіден азайып, біразы көшіп кетті ғой. Ресейге көшті, еврейлер көшті, немістер көшті, анау көшті, мынау көшті… Осы тұста халық 13-14 миллионға жуық болған еді. Қазір 4 миллиондай халық қосылып, 17 миллионнан астық. Тіпті Кеңес Одағы кезіндегіден де көбейіп барамыз. Құдайға шүкір, жыл сайын халқымыздың саны артуда. Оның ішінде қазақтың саны көбеюде» — деді.
Ал өткен жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында: «Жиырма екі жыл бұрын Қазақстанға демографиялық құлдырау болжанған болатын. Бірақ бұл болжам, басқа да көптеген сұрқайлықтар секілді, ақталған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында бізде 6 миллион 736 мың сәби өмірге келді!» — деді.
… әл-ауқаты
«Алдымен — экономика…» деген о бастағы ұстаным халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған болатын.
2012 жылдың 16 қарашасында «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам басына шаққандағы Жалпы ішкі өніміміз 16 есеге өсіп, 12 мың долларға жетті. Бұл біздің Түркиямен, Малайзиямен, Еуропаның шығыс мемлекеттерімен тереземіз тең болды деген сөз. Индустрияландыру картасының аясында жалпы құны 9,6 триллион теңге болатын 600-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Бұл біздің жастарымыз үшін 370 мың жаңа жұмыс орнын береді» — деді.
Ал 2013 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыста: «Әлемдік экономика үшін дағдарысты болған соңғы 4 жылда біз мұғалімдердің орташа айлық еңбекақысын 2 есеге жуық көтердік. Бізде 22 жылда нағыз автомобильдік революция жүзеге асты. Егер 1992 жылы жеке иеліктегі жеңіл автомобильдер 885 мың болса, 2013 жылы олардың саны 3 миллион 600 мыңды құрады. Бұл — өсім 4 еседен астам деген сөз» — деді. Сондай-ақ, Елбасының 2011 жылғы халыққа Жолдауында: «Сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс 8 жыл бұрын басталған болатын және оның оң нәтижелері бар. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге қолжетімділік ауылды елді мекендерде 41 пайызға дейін, қалаларда 72 пайызға дейін өсті. Тасымалы суды пайдаланатын адамдар саны 4 есе азайды» — деп атап көрсетілді.
…тарихы мен мәдениеті
«Тәуелсіздіктің тірегі — ұлттық сана екенін білесіздер. Ал ұлттық сана тарих пен мәдениет арқылы қалыптасады», — деп атап өтті Елбасы.
Осы мақсатта Тәуелсіздік жылдары қыруар іс жүзеге асырылды. Солардың арасында 2003 жылдан бастау алған «Мәдени мұра» бағдарламасының жөні бөлек. 2007 жылғы 13 ақпанда «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі мәжілісте сөйлеген сөзінде Елбасы: «Естеріңізде шығар, біз біраздан бері әр жылға ат беріп, айдар тағуды дәстүрге айналдырдық. Сондай жылдардың бірі — «Ұлттық тарих жылы» болды. Жадымызды жаңғыртуға арналған сол атаулы жылы қазақтың тарихы мен тағдырына қатысты қаншама «ақтаңдақтар» ашылып, мұрағат түпкірінде шаң басқан жәдігерлеріміз жарыққа шықты. Кеңес Үкіметі кезінде бізге шығартқызбай, көрсеткізбей келген тарихымызды тәуелсіздігіміз кезінде елімізге паш етіп, өзіміздің жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеу деген ой болатын. Ендігі бір жылды «Мәдениетті қолдау жылы» деп құлдырап бара жатқан мәдениетімізді сақтап қалуға жұмыс істедік. Жабылып қалған, шашылып қалған кітапханалардың жер-жерде қайта жандануына, шағылып қалған клубтар мен мәдениет ошақтарының қайыра бой көтеруіне мұрындық болдық. Біраз қалаларда қазақ театрларының ашылуына негіз жасадық. Сайып келгенде, осы жылдар біз бүгін сөз еткелі отырған «Мәдени мұра» бағдарламасына дайындық, үлкен істің кіріспесі болатын» — деді.
Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзінде Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында: «100-ге тарта тарихи-мәдени нысан жаңғыртылып, оның 73-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Шетелдерден тарих пен мәдениетімізге қатысты 5 мыңнан астам құнды деректер табылып, көшірмелері елімізге әкелінді. Әлемдік ақыл-ойдың ең озық үлгілері қазақ тіліне аударылып, олар том-том кітап болып жарық көруде. Бұл құндылықтар келешекте жастардың бойына ұлттық сананы сіңіруге жол ашады. Ұлттық фольклорымыз «Бабалар сөзі» деген атпен 100 томға жинақталып жарық көруде. Сондай-ақ, әр қиырда шашылып жатқан ұлттық музыкалық мұрамыз да жинақталды» — деген деректер келтірді.
… жолдары
Үстіміздегі жылдың тамыз айында Ұлытауда берген сұхбатында Елбасы: «Кеңес Одағы кезінде барлық теміржол Ресейге қарай салынды. Ал көлденең жүретін, елді бір-бірімен қатыстыратын жол салынған жоқ. Ол Кеңес Одағының да, Ресейдің де ешқандай жоспарына кірмеді. Қазақстанды ешкім ойламады. Енді, міне, еліміздің экономикасы ілгерілеп, 500 миллиард теңге ақша бөлінетін жағдайға жеткеннен кейін осындай 1200 шақырымдық теміржол салынып отыр. Бұл — айта салғанға өте оңай. Ал маңызына келсек, алдағы 50-100 жылда пайдаланатын игілігіміз» — деп атап көрсеткен еді.
Тек темір жолдар ғана емес, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның автомобиль жолдарын дамытуға барынша назар аударылды.
2012 жылдың 14 желтоқсанында жарияланған «Қазақстан — 2050» Стратегиясында Елбасы былай деді: «Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде ортақ пайдаланудағы 48 мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ, 1100 шақырым теміржол салынды және реконструкцияланды.
Қазіргі уақытта біз «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз. Біз «Өзен-Түркіменстан шекарасы» теміржол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. «Қорғас-Жетіген» жолын төсеп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасын айқара аштық».
…жастары
Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде: «Ел азаматтарының 5 миллионға жуығы —14 пен 29-дың аралығындағы жастар. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болды. Бұл салада «Болашақ», «Жасыл Ел», «Жастар — Отанға», «Дипломмен — ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жас мамандар қоры» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып отыр. Жастар саясаты саласындағы жобаларды қаржыландыру соңғы 7 жылда 10 есеге артты.
Тек биылдың өзінде жас мамандардың баспаналы болуына және оларды қолдау көмегіне 12 миллиард теңге жұмсалды» — деді.
Елбасы жастарға лайықты білім берудің маңызын әрдайым атап көрсетеді. 2012 жылдың қыркүйегінде Назарбаев Университеті студенттері алдында сөйлеген сөзінде ол: «Білімді біз мемлекеттің экономикалық ресурсы, өндіріс факторы ретінде қарастырамыз» — дей келіп, «Соңғы үш жыл бойына Қазақстан ЮНЕСКО-ның Білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 елі ішінде көшбасшылардың төрттігінде тұр. Жаңа таланттарды ашу біздің оқушыларымыздың халықаралық интеллектуалдық жарыстарда жеңіп алған наградалары санының қарқынды өсуін қамтамасыз етті. Егер 1998 жылы небәрі 8 медаль жеңіп алынса, биылғы жылдың өзінде — 957. Өсу 120 есе дерлік!
1993 жылы біз болашаққа ұмтылған шешім қабылдадық. «Болашақ» бағдарламасы инновациялық білім берудің қазақстандық моделін жүзеге асырудың алғашқы шешуші тетігіне айналды» — деп атап өтті.
… спорты
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекет атанғаннан кейін Қазақстан өзінің бірінші Олимпиадасына 1996 жылы қатысты. Осы жолы әлемнің 197 елі арасында 24-орыннан табылған еді. Сонда: «Бұл — КСРО кезіндегі спортты қолдауға бағытталған шаралардың шарапаты. Енді Қазақстанның спорттағы көрсеткіштері төмендейді» — деген пікірлер айтылған еді.
Бірақ соңғы 23 жыл ішінде Қазақстан әлемге қаншама даңқты спортшылар сыйлады!
2011 жылы Қазақстан VII Қысқы Азиада ойындарын өткізді. Құрлықтың 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысқан Ойындар екі қалада — Алматы мен Астанада өткізілді. Біздің құрамамыз 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте І орынды иеленді. Бірінші орын ғана емес, қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартты.
Ал 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ел тарихындағы ең бір жарқын беттер болмақ. Қазақстандық спортшылар 205 ұлттық құрама арасында 12-орынға табан тіреп, елімізді жетекші спорттық державалар қатарына қосты. ХХХ жазғы Олимпиялық ойындардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Елбасы: «2006 жылдан бері менің тапсырмам бойынша жоғары жетістіктер спортын дамыту бағдарламаларын қаржыландыру көлемі 3 еседен артыққа өсірілді. Биылғы жыл бюджетінде бұл мақсатқа 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бүкіл еліміз бойынша 33 мыңнан астам спорттық нысан салынған және жұмыс істеуде.
Біздің елімізде 70 мыңның сыртында спорттық секциялар қызмет көрсетуде екен. Спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың жалпы саны 3 миллион адамнан асады» — деді.
Бетті әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.
Тәуелсіздік бізге не берді?
Ел ертеңі — білімді жастар
Бауыржан Қазиев, Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих кафедрасының меңгерушісі:
— Бүгінгі күні Елбасының бастамасымен қолға алынған зияткерлік мектептер мен Назарбаев университеті — «Интеллектуалдық ұлт — 2020» жобасын жүзеге асыруда кешенді жұмыстар атқарып жатыр.
Біздің қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебі де осы жоба аясында қабілетті, білімді, зерек оқушыларды оқытып, тәрбиелеуде.
Менің осы мектепте қызмет еткеніме екі жылдай уақыт болды. Осы уақытқа дейін бар білген-түйгенімді шәкірттерімнің санасына сіңіріп, олардың алғыр, білімді, жан-жақты болуына өз үлесімді қосып келемін. Біздің мектебіміздің ашылғанына аз уақыт болса да, ұстаздарымыз бен оқушыларымыз жақсы жетістіктерге жетіп, өздерінің оқ бойы озық екендігін дәлелдеп келеді. Оқушыларымыз түрлі республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мұның бәрі ел егемендігінің арқасында деп түсінемін.
Өркеніміз өсті, еңсеміз тіктелді
Аманжан Жолдыбаев, Қобда ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
—Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміз өркендеп, халықтың жағдайы жақсара бастады. Соңғы бірнеше жылға көз жүгіртсек, Қобда ауданының әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірінде іргелі өзгерістер орын алды. Ондаған маңызды әлеуметтік нысандар еңсе тіктеді, көптеген білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, жаңғырған кейіпке енді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде қобдалықтардың көкейіндегі арманы орындалып, ауданымызға газ келді. Қуаттылығы 161 миллион текше метр, ұзындығы 107,5 километр болатын газ магистралінің құрылысы аяқталып, Қобда, Әлия, Бестау, Талдысай елді мекендерінің халқы көгілдір отынның игілігін көре бастады. Қобда ауданын газдандыру үшін мемлекеттен 4 миллиард 700 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалып отыр.
Сондай-ақ, биыл Қобда ауылын облыс орталығымен жалғайтын республикалық маңыздағы күре жолдың күрделі жөндеуі аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінгі күні аудан тұрғындары кеңестік дәуірде де болмаған сапалы жолдың игілігін көріп отыр. Сонымен қатар, ауылдар арасындағы жолдарға да күрделі жөндеулер жасалды.
Аудан тұрғындары ауызсумен қамту бағдарламасының да игілігін көруде. Осы күні ауданымыздың 7 елді мекенініне 1 миллиард теңгеге жуық қаражатқа су құбырлары тартылып, аудан халқының жартысынан көбі сапалы ауызсуды пайдаланып отыр.
Айтылған ілкімді істер кәсіпкерліктің де қанат жаюына ықпал етіп, ауданымызда жаңа ауыл шаруашылығы құрылымдары, кәсіпкерлік нысандар пайда болды. Мұның барлығы — тәуелсіздігіміздің, ұлтаралық келісімнің ұлан-байтақ еліміздің бір ғана шағын әкімшілік бөлінісіндегі ғана жемісі.
Еңбек етсең, қолдау көп
Асқар Бисенбаев, Ырғыз ауданындағы «Ұлпан» шаруа қожалығының иесі, кәсіпкер:
— Біздің, яғни аға буын өкілдерінің жалынды жастық шағы кеңестік дәуірмен тұспа-тұс келді. Сол кезеңде білім алдық, алған білімімізді ауданның дамуына жұмсадық. Уақыт өте келе, егемендігімізді алып, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Дініміз бен діліміз, тіліміз ортамызға оралды. Қиындықсыз ештеңе келмейтінін ескерсек, тәуелсіздіктің алғашқы уақыттарындағы ауыртпалықтар бұл күнде ұмыт болды. Ұзақ жылдар ферма орталығында мал дәрігері болып жұмыс жасадым. Кейін кеңшарлар тарап жатқан тұста еңбек үлесіме жер мен техника алып, жеке қожалық құрдым. Алғашқы уақытта үміттен гөрі күдік басым болды. Дегенмен ертеңгі күнге деген сенім қиындықтардан алып шықты. Қазір еңбек етемін деген жанға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік бар. Өзіме қатысты ауыл шаруашылығы саласындағы соны өзгерістер шынымен алдағы күндерге деген сенімді ұлғайтты. Мемлекет тарапынан қолжетімді несие, субсидия мен лизингке беріліп жатқан ауыл шаруашылығы техникалары бұл күнде еңбекке деген ынтаны арттырды. Қазір, қарап отырсам, жеке қожалық ашып, мал басын көбейтемін дегендердің саны күн санап артып келеді. Бұл — мемлекетіміз көрсетіп отырған қолдаудың көрсеткіші. Тәуелсіздігіміздің жемісін көзі қарақты адам күнделікті өмірден көріп отыр. Мен өзімнің балаларыма, немерелеріме қарап отырып, бүгінгі күндеріне «тәуба» деймін. Тәуелсіз елдің ұланы ретінде алаңсыз ержетіп келеді. Ал тәуелсіздікке құрметпен қарау — бұдан да зор бақыт.
Бірлігіміз тірлігімізді көркейтеді
Отарбек Бисенғалиев, еңбек ардагері, Шалқар ауданы:
— Мен өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап Шалқар ауданында Карл Маркс ұжымшарында мал дәрігері болып еңбек жолын бастадым. Он бес жылға жуық уақыт осы қызметте жүріп, кейін Шалқар қаласындағы обаға қарсы күрес мекемесі басшысының шаруашылық жөніндегі орынбасары болдым. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сақтандыру қорында қызмет еттім. Содан 1998 жылы зейнеткерлікке шықтым. Қазір еңбегімнің зейнетін көріп отырмын.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаетың жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында Шалқар ауданы да өркендеп, әлеуметтік-экономикалық жағынан даму үстінде. Барлық салада оң өзгерістер бар. Соңғы жылдары елді мекендердегі кеңестік кезеңнен тозығы жетіп тұрған әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңаша түрге енді. Жаңа мектептер, балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар салынып, тағы басқа халық игілігіне ортақ нысандар пайдалануға берілді, бірнеше ауылдарға көгілдір отын — газ келді. Аудан орталығында көптеген зәулім ғимараттар бой көтерді. Айталық, 1200 орындық №8 жалпы орта білім беретін мектеп қолдануға берілді. Өнерлі өрендерді шығармашылыққа баулитын Оқушылар сарайы, заман талабына сай салынған аурухана, емхана, балабақшалар, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің, Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіт, аудан әкімдігінің жаңа ғимараттары, сауда орталықтары, зәулім тұрғын үйлер, аудан аумағымен жүретін Шалқар-Бейнеу теміржолы — бәрі осы егемендігіміздің жемісі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, күн санап көркейіп келе жатқан өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы одан әрі жақсарып, осындай игілікті істер жалғасын таба беретіндігіне сенемін.
Көгілдір отын келді
Алтынгүл ҮкІбаева, В.Пацаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Қарғалы ауданы:
— Мен бірнеше жылдан бері білім саласында қызмет етіп келемін. Еліміздің болашағы — жас ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесімді қосып келемін. Қазір оқушыларға да, ұстаздарға да барлық жағдай жасалған. Мектебімізде жаңа технологиялармен жабдықталған кабинеттер жұмыс жасайды.
Бірнеше жыл бұрын ауылымызға белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың аты берілді. Соңғы жылдары ауылымыз жаңа екпін алып, оң өзгерістерге ие болды. Ауылымызға көгілдір отын келіп, жергілікті халықты бір қуантты. Сондай-ақ, халық игілігі үшін дәрігерлік амбулатория, наубайхана ашылды. Тұрғын үйлер көбейіп, ауыл арасындағы жолдар жөнделді. Әрине, мұның бәрі еліміздің гүлденіп, халықтың жағдайының жақсаруынан деп ойлаймын.
Тәуелсіздіктің әрбір таңында өткенімізге үңіліп, бүгінгімізді бағамдап, болашаққа зор сеніммен қарайық!
Жаңа мектеп салынды
Үміт ЖЕТЕНОВА, Қызылжұлдыз орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Әйтеке би ауданы:
— Еліміздің жетістіктерін күнделікті ақпарат көздерінен естіп, көріп жүрміз. Еліміздегі түбегейлі өзгерістер, жаңалықтар бәрімізді елең еткізеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бағыт алған бағдарламалар ауыл аймақтарда көрініс табуда. Біздің ауылымызда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында жаңа типтегі мектеп салынып, ауыл жұртшылығы байланыспен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта ауылымызға газ, су келмек.
Мұның бәрі мемлекетіміздің халыққа жасап жатқан қамқорлығы деуге болады. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болсын!
Амбулатория ашылды
Зульфия ҚАЛИМОВА, Сағашилі ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның дәрігері, Мұғалжар ауданы:
— Халықтың денсаулығы — елдің байлығы. Елімізде халық денсаулығын қорғау мәселесі ең маңызды жұмыс ретінде мемлекеттік дәрежеде қамқорлыққа алынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп жүр. Соның бір дәлелі — біздің ауылымызда ашылған дәрігерлік амбулатория. Жуырда ауыл тұрғындарының көптен күткен жаңа емдеу нысаны қолданысқа беріліп, сағашиліктердің қуанышында шек болмады. 40 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған бұл нысанның жалпы ауданы 343,7 шаршы метр. Қазір емхана күніне 40 адамға дейін қабылдайды. Күндізгі емдеу бөлімі 6 адамға арналған. Мұның бәрі ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан жағдай деп білемін.
Зертхана, екпе егу, залалсыздандыру, терапия, балалар бөлмесі мен күндізгі ем-шара кабинеті сынды бас-аяғы 21 бөлмеден тұратын ғимаратты көрген көпшіліктің көңілі марқая түсті. Кең әрі жарық, науқастарды емдеуге барлық жағдайы жасалған зәулім мекеме ендігі жерде сапалы медициналық көмек жолында қызмет етеді. Тәуелсіз еліміздің болашағы жас ұрпақтың денсаулығын сақтау — біздің борышымыз. Сондықтан бүкіл ел болып, ұлт болып еліміздің келешегі үшін қызмет етейік.
Данагүл ҚАЗИХАН.
Тәуелсіздік құрдастарының тілегі
Биыл Алаш елінің азаттық алғанына 23 жыл толады. Қазақстанның өзге елдермен иық тірестіре түрлі жетістікке жетіп, белестерді бағындыруы — тәу етер Тәуелсіздіктің арқасы. Мұны бүгінгі кейіпкерлеріміз де айтады. Енді ше, олар — Тәуелсіздікпен түйдей құрдас қыз-жігіттер ғой! Үлкен өмірге аяқ басып, қадамын енді нықтаған әңгімелесушілеріміздің арманы асқақ, мақсаты айқын. Мархабат, танысыңыз…
Асылбек
Шалқар ауданына қарасты Жылтыр селосының тумасы Асылбек Сариманов — үйдің үлкені. Оның үстіне, 1991 жылдың дәл 16 желтоқсанында дүниеге келген жігіт сол арқылы ата-анасына қос қуаныш сыйлағанын жымия жеткізеді. Әсіресе, әулеттің көнекөз қариялары сол кезде «қазақ үшін ғажайып күнде отбасымыз ат ұстармен толықты, бұл — жақсылықтың нышаны» деп ерекше шат-шадыман болыпты. Сол қуаныш жылдар жылжыған сайын Саримановтарда еселей түспесе, кеміген жоқ — Асылбек барынша әке-шешесінің мерейін өсіріп келеді. Ауылдағы мектепте жақсы оқып, 9-сыныптан кейін Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне түскен ол, кейін білімін Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында шыңдады. Жас теміржолшы қазіргі таңда туған жерінде мамандығы бойынша қызмет етіп жүр. Тәуелсіздік құрдасының табиғатынан елгезек һәм кішіпейіл екендігі бірден байқалады: кез келген сұраққа байыппен, ерекше жауапкершілікпен үн қатады.
— Ата-анам — қарапайым адамдар, мал шаруашылығымен айналысады. Соңымнан ерген бір інім бар.
Менің ұғымымдағы Тәуелсіздік — ол кешегі Желтоқсан оқиғасы құрбандарының қазаққа жасаған сыйы. Сондықтан оны мейлінше қастерлеуге тиіспіз деп білемін.
Дәл осы күні туғаныма қуаныштымын. Соның арқасында он жасымда облыс әкімінің қолынан сыйлық алғаным бар. Одан бұрын сондағы маған жасалған құрметке ризамын, — деп ағынан жарылады Асылбек Мейрамбекұлы.
Оның айтуынша, қым-қуыт тіршіліктің, жұмысбастылықтың салдарынан бос уақыты бола бермейді. Ал қолы қалт ете қалғанда кітап оқып, бильярд ойнағанды жаны сүйеді екен. «Қандай қаламгердің шығармашылығы жаныңа жақын?» — деп сұрағанымызда, ол іркілместен Әзілхан Нұршайықовты сүйсініп оқитынын тілге тиек етті. Ғашықтық ғаламаты жайлы сыр шертетін «Махаббат, қызық мол жылдар» романын он рет оқығанын және қосқан Асылбек, шаңырағына келін түсіріп, ата-анасының үмітін ақтауды армандайды.
Гүлайна
Бүгінде бүтіндей бір әулеттің отын маздатып, шырайын келтіріп отырған Гүлайна Әмірова — жас педагогтардың бірі. Өткен жылы теңін тауып, тұрмыс құрған келіншек 1991 жылдың 23 шілдесінде туған. Темір ауданы Қопа ауылында туып-өскен ол, жастайынан ұстаздық етуді қалаған көрінеді. Сол арманының жетегімен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде филолог мамандығын 2012 жылы игеріп шыққаннан кейін, мамандығы бойынша алдымен туған ауылында бір жыл еңбек етеді. Гүлайна соңғы бір жылдан бері Ақтөбе қаласындағы Россовхоз орта мектебінің белсенді қызметкерінің бірі. Бос уақытта газет-журналдарға шағын мақалалар жазып, өлең шығарады, жалпы шығармашылықпен айналысуға құштар.
— Әрине, алдымен Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жиі оқығанды тәуір көремін. Сосын қазақ поэзиясында орны ерек Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы жаныма жақын. Оның әр туындысы жүрек қылын шертеді ғой… Мен де шама-шарқым жеткенше өлең шығарамын. Әке-шешеме, бауырларыма, өскен өлкеме арналған шығармаларым бар. Сондай-ақ, ұлы сезім — махаббат туралы да ара-тұра қалам тербеп қоямын, — деп сырын ақтарады Г.Абайқызы.
Филолог маманның Тәуелсіздікке қатысты өзіндік таным-түсінігі бар. Ол туралы: «Таң ата жұмысқа асығып, күн ұясынан батқанда үйге қарай аяңдауымыз, ұйқымыздың тыныш болуы — егемендіктің жемісі. Шүкір ғой, қалаған жерімізге барамыз, еркіндік бар. Әйтпесе қаншама мемлекеттер әлдебір күштерге кіріптар болып отыр?! Бәрінен бұрын, қазақтай ұлттың өз елі барына шүкіршілік етемін. Лайым, қой үстінде бозторғай ұялаған осындай заманымыз әрдайым жарқын болсын! Бұл күні мен де «шағын мемлекеттің» бір мүшесімін. Алла жазса, жолдасым Мұхтар екеуміз қазақтың қара домалақтарының санын арттыруды армандаймыз», — дейді.
Жастығына қарамастан, кейіпкеріміздің дайындаған тағамдары тіл үйіреді, оның асханадағы шеберлігі кәнігі аспаздан кем емес. Сондай-ақ, Гүлайнаның достарының сөзінше, ол — кез келгеннің жанын түсінетін үлкен жүректі адам. Жан-жағындағыларға әр кез шуақ шашып, мейіріммен қарайтын жас өз ортасында үлкен беделге ие.
Жанат
Еліміз Тәуелсіздік алған жылы һәм күні кіндік қаны тамғандардың тағы біреуі Жанат Әділов 16 желтоқсан күні туғанын мақтаныш санайды. Өйткені оның өміріндегі осынау атаулы күн мерекемен тұспа-тұс келіп тұр, әрі сол күні барлығы демалады. Әлбетте, оған жарық дүниені сыйлаған әкесі Болат пен анасы Шолпанға Жанаттың алғысы шексіз. Оны осы күнге дейін бағып-қағып, бар мейірімін көрсетіп отырған ата-анасына баласының айтар ризашылығы ерек.
— «Тәуелсіздік құрдасы ретінде алдымен кімге алғысыңды білдірер едің?» — деп сұраса, ойланбастан ата-анамды айтар едім. Себебі оларға қай жағынан болсын, көңілім алабөтен. Әсіресе, түрлі жағдайларға тап болғанда, мені қолдап-демеп, әрдайым жанымнан табылатын анама газет арқылы айрықша лебізімді білдіргім келеді, — дейді ол.
Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің түлегі анасының жолын қуып, қазірде байланыс саласында жұмыс істеп жүр. Қызметі негізінен абоненттермен тығыз байланысты ол, болашақта мамандығы бойынша жоғары білім алуды мақсат етеді.
Жас жігіттің өнерге әуестігі де бар. Гитара тартқанды жақсы көретін Жанат 2009 жылы қалалық деңгейде ұйымдастырылған бард әндердің байқауында II орынды иеленген. Музыкалық аспапты жанына серік еткен оның басты тілегі — еліміздің Тәуелсіздігінің мәңгі болуы. «Украинаның тап болған жағдайынан қазақ елі аман болса екен. Қазақстандықтардың тыныштықта өмір сүруін тілеймін», — дейді Ж.Болатұлы.
Айтпақшы, Тәуелсіздікпен түйдей құрдас жас маман биылғы туған күнін әдеттегідей жора-жолдастарының ортасында қарсы алуды жоспарлап отыр. «23 жас — анау айтқандай айтулы жас емес, шағын ғана ортада тойлайтынымның сыры сондықтан. Бұйыртса, мүшел жас — 25-ке толғанда, кең көлемде атап өтетін шығармын», — деп сөзін түйіндеді әңгімелесушіміз.
P.S. Иә, біз әңгімеге тартқан жастар елгезек, еңбексүйгіш және өздерін ортада емін-еркін ұстайды. Бұл да болса, Тәуелсіздіктің арқасы болар?! Лайым, осы тіршілігімізге Тәңірдің көзі түзу болғай! Бүгінгі кейіпкерлеріміздің де тілегі сол.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



