Азамат жолы

Берідегі жұрт тіл жанашыры, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр жанашыры деп білетін Әбдіраш Есмаханның есімі газет оқырмандарына таныс болар. Ал оның зейнеткерлікке шыққанға дейінгі аудан көлемінде атқарған лауазымдары жерлестері мен замандастарына әбден белгілі. Әбекеңнің жүріп өткен қызметтеріне қарап, өмір жолы сайрап жатыр екен деп ойлап қалуымыз әбден мүмкін. Бірақ соғыстың алдында туған ұрпақтың өмір жолы қайдан даңғыл бола қойсын?
Әкесі Нұрмахан Ырғыз ауданында колхозшы болды. Ұлы Отан соғысы басталған кезде елуге келіп қалған әкесін еңбек армиясына жібереді. Соғыстан кейін Ырғызға қайта оралып, колхоздың малын бағады. Бірақ өмірі қысқа болды. 1951 жылы 59 жасында өмірден озды. Келесі жылы шешесі Ақшатай да 47 жасында бақилық болды. Осылайша Әбекең 12 жасында әкеден, 13 жасында шешеден айырылып, қарындасы Үлзира екеуі тұл жетім болып қалды.
Әлі күнге дейін қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Ырғыз емес пе, бала Әбдіраш ағайындарының арасында мектепке барып оқуын оқыды, өмірден алған тоқуын тоқыды. Жетімдікке жасымай, білім алуға деген талпынысы, өмір сүруге деген құлшынысы арта түсті. Мектеп табалдырығын өзі туған Жаңақұрылыстың (қазіргі Жаныс ауылы) «ақ школында» аттаған ол 1957 жылы Ырғыздағы қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп шықты. Мектептен соң бірден механизаторлық курста оқып, екі жыл темір жонушы болып еңбекке араласты.
Бірақ жоғары білім алсам деген арманы биік еді. 1959 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1964 жылы тарих, қазақ тілі мен әдебиеті факультетін ойдағыдай бітіріп шықты. Қазақ елінің тұңғыш жоғары оқу орны — киелі шаңырақта білім алу бақыты бұйырғанын Алланың сыйы деп білетін Әбдіраш Нұрмаханұлы қазақтың ғылым-білімінің жарық жұлдыздарынан білім алып, сусындағанын үнемі еске алып отырады. Бүгінде аттары аңыздай боп айтылатын ол ұстаздар кімдер еді? Олар — Кеңес Одағының Батыры, филология ғылымдарының докторы, академик Мәлік Ғабдуллин, экономика ғылымдарының докторы, академик Серғали Толыбеков, өлеңдерін кейінгі ұрпақ жаттап келе жатқан ұлт жоқтаушылары Исатай мен Махамбетті, батыр ақын Шернияз Жарылғасұлын тірілткен академик Қажым Жұмалиевтер еді. Ал Кенесарыны жарыққа шығарамын деп өзі қапасқа түскен тарихшы, академик Халел Әділгереевтің мектебі өз алдына бір төбе. Отыз жасында филология ғылымдарының докторы атанған академик Серік Қирабаевты кім білмейді? Сондай-ақ, О.Сексенбаев, Ф.Киікбаев, Ғ.Қалиев, Н.Оралбаева сынды ұстаздарын да ыстық ілтипатпен еске алады.
— Осындай ұлы мектеп, үлкен ұстаздық орта менің бұдан былайғы өмір жолымда, атқарған қызметімде адастырмас жарық жұлдызым — Темірқазығым болды, — дейді Әбекең.
ҚазПИ-ді тәмамдағаннан кейін жас маманды Қазақ КСР Оқу министрлігі жолдамамен Түркіменстанға мұғалім етіп жібереді. Өзі оқушыларға қаншалықты білім берсе, сол елде соншалықты тәжірибе жинақтайды. Абырой-беделге ие болады. Тіпті оған коммунистік партияға өтуге ұсыныс жасайды.
— Мен ол жақта үйленуге және партияға өтуге асыға қоймадым, — дейді Әбдіраш Нұрмаханұлы. — Өйткені бұл екеуі де елге оралуыма бөгет болады деп ойладым. Өйткені партияға өтсем, партиялық есептен шығармайды, өз бетіммен кетсем, қудалап, қызмет жолымды кесуі әбден мүмкін.
Екі жылдан кейін өзі туып-өскен Ырғызға оралған жас кадр үш жылдай Нұра сегізжылдық мектебінде әуелі мұғалім, сосын мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Арада екі жылдай аудандық оқу бөлімінде әдіскер боп тәжірибе жинақтап келген ол 1971-1973 жылдары осы мектептің директоры қызметін атқарды. Жас директор өзімен бірге еңбек еткен тәжірибелі ұстаздар Жұмабай Нұрманов, Сағынай Байманов, Зәрубек Мырзағұлов, Шайқұл Исабеков, Айжарық Смағұлов, Қалқаман Сүлейменов, Сақыш Нұрманова, Гүлшара Қамбаровалармен асқан сыйластықта болды. Абай Байманов, Жаңыл Жаушыбаева секілді жас мұғалімдермен қоян-қолтық жұмыс істеді. Үлкендерден үйренді, жастарға қамқор болды.
Осы жылдар ішінде, яғни 1967 жылы отбасын құрып, келесі жылы коммунистік партия қатарына кандидат болып қабылданды. Енді мектеп төңірегіндегі түрлі қызметтерді мүлтіксіз атқарып, көзге түскен Әбдіраш Есмаханға ауданда балалар музыка мектебін ашу міндеті жүктеледі. Уақыттың тығыздығына қарамастан, оқу жылы басталғанша кадрлармен толықтырып, қажетті аспаптарды алдырып, басқа да шаруаларды ылдым-жылдым ұйымдастырып, музыка мектебін даяр етеді. Үш жылдың ішінде арнайы сазгерлік білімі бар мұғалімдер ұжымын қалыптастырды, мектептің материалдық базасын жасады. Музыка аспаптарын, оқулықтар, нота дәптерлерін іздеп шарқ ұрды. Ырғыз бен Ақтөбенің ортасын сан рет жол қылды. Бәрі де тынымсыз еңбектің арқасында сәтті аяқталды. Домбыра, фортепиано және баян кластары бойынша 72 оқушыны қабылдағанда «Біздің де балалар сауатты музыкант болып шығады-ау» деп қуанғаны әлі есінде. Облыс орталығынан келген өкілдер Ставниченко мен Кузяев жаңа мектептің жұмысына жақсы баға беріп, көңілдері толып қайтты.
Мектептің алғашқы ұстаздары Ерболат Жүсіпов, Мейрамбек Тұрымов, Аққыз Шыңғысова, Шәйла Бердешова, Даража Сәбитова, Орынтай Жармағанбетовалардың еңбектері ерекше. Олардың ұстаздық ұмтылысы, іскерлік қабілеті, жас өрендерді өнер мен білімге баулуы ата-аналар көңілінен шықты. Кейінгі жастар алдыңғы толқын аға-апаларының ұстаздық ілімін абыроймен жалғастырып келеді. Белгілі сазгер Нұрталап Жүсіпов осы мектептің түлегі. Ал үлкен сахнадан көрініп, өнерлерімен елге танымал болған Зәмзәгүл Шәріпқызы, Гүлсаяжан Есімбаева, Әбекеңнің қызы Ерке Есмахан да Ырғыз музыка мектебінен тәлім алып, өнердің биік жолына көтерілді.
Аудандық басшылық 1976 жылы Әбдіраш Есмаханды Ырғыз орыс орта мектебіне директор етіп ауыстырды. Мұнда бес жыл басшылық жасаған Әбекең әбден пісіп, шыңдалған кезде облыстық партия комитеті бюросының шешімімен Ырғыз аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды.
Міне, осылайша партиялық ұйымдастыру жұмыстарына араласқан Әбдіраш Нұрмаханұлы 1985-1997 жылдары XXIV партсъезд атындағы кеңшардың, кейін аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдарына жетекшілік етті. Арасында үш жыл аудандық мәдениет бөлімін де басқарды.
Қызмет бабы, еңбек жолы көңіл көншітетіндей боп жүріп жатқан Әбдіраш Есмахан ұлттың, тілдің тағдырына алаңдаушы еді. Ауыл қазағы мұны, әсіресе облыс орталығына жұмыс бабымен келгенде қатты сезінетін. Қай мекемеге барса да — сіресіп тұрған орыс тілі, тасада қалған қазақ тілі. Көшеде де сол жағдай.
Осындай ұлт тағдыры, ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда кеңестік дәуірдің де керегесі босап, орталықтандырылған биліктен күш кете бастады. Компартия басшылығының әлсіреуіне көптеген факторлардың жиынтығы әсер етті. Ал 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісі үлкен империяның бұдан әрі өмір сүре алмайтынын көрсетіп берді.
Ақыры егемендікке ұмтылған қазақ халқы алғашқы талпынысты тіл тағдырынан бастады. 1989 жылы жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамының облыстық, аудандық ұйымдарын құру жиындары өтті. Ұлтжанды Әбдіраш Есмаханның да қуанышында шек болмады. Ақтөбеде облыстық ұйым құру туралы өткен алғашқы құрылтайға делегат болып қатысты. Құрылтайдан келе сала, Ырғыз аудандық ұйымын құру үшін жиын өткізді. Сол жиында XXIV партсъезд атындағы кеңшардың бастауыш ұйымының төрағасы болып сайланды.
Кейін 1997 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Қала тірлігіне бойын үйретіп жатпай, бірден мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу қамына кірісіп кетті. Келесі жылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қалалық ұйымы төрағасының орынбасары, 2008 жылы төрағасы болып сайланды. Қалайда қалада мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуына ықпал етемін деп жұмыс істеген Әбекеңнің бармаған мекемесі, кәсіпорны жоқ шығар. Әсіресе, ұлты қазақ бола тұра балаларын орыс тілінде тәрбиелейтін балабақшалар мен мектептерге беріп жатқан ата-аналармен жұмысты күшейтті. Қазіргі кезде өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ мектептеріне беріп жатса, мұнда да Әбдіраш Нұрмаханұлының септігі болды деп айтуға болады.
— Халық алдында беделге ие болып, танылып жатсам, оның бәрін ата-баба қанымен, туған жердің құдіретімен байланыстырамын, — дейді Әбекең.
Иә, Әбдіраш Есмахан әйгілі Әйтеке бидің, 1730 жылы жоңғарлармен болған шайқастағы мың баланың бірі — батыр Елшібек Көшімбетұлының тұқымы. Туып-өскен жері — ықылым заманнан тарихы мол киелі Ырғыз жері, даңқы Әбілқайыр ханның, Жанқожа, Байқазақ батырлардың аттарының тұяғының ізі қалған, Фридрих Энгельстің жазбаларына енген, украин кобзары Тарас Шевченконың табаны тиіп, қаламына іліккен өлке. Міне, осы өңірде түлеп-ұшқан Әбдіраш Есмахан жетпістің бесеуіне келіп отыр. Құтты болсын!
Бердібай КЕМАЛ.



