Мәңгілік қарыздармыз…

Газетіміздің өткен санында айтылғандай, халқымыздың ардақты ұлы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов туралы зерттеулер мен мақалалар, естеліктер және арнау жыр-толғаулар топтастырылған жинақ жарыққа шықты (қараңыз: «Ақтөбе», №148-149, «Қас үлектен туған кәтепті…», Бөрібай Кәртен). Жуырда облыстық филармония ғимаратында осы кітаптың тұсаукесері өтті.
Жинақтың құрастырушыларының бірі, тарихшы Бекарыстан Мырзабай бұл іс — өзінің ұстазы, белгілі ғалым Мардан Байділдаевтың аманаты бойынша іске асырылғанын жеткізді. Кітаптың жарыққа шығуына белгілі кәсіпкер Шахарбек Усманов қаржылай қолдау көрсеткен.
Жиналған көпшілікке алдымен Темірбек Жүргенов туралы режиссерлер — Қалиолла Омар мен Еркін Рақышев түсірген деректі фильмдер көрсетілді.
Бекарыстан Мырзабайдың айтуынша, Темірбек Жүргеновтің туған жері туралы екі талас пікір бар: бірі — біздің облысымыздағы қазіргі Әйтеке би ауданы аумағындағы Басығара қопасы болса, екіншісі — Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Жаңаталап ауылы. Бұлардың бірі — Жүргеновтер әулетінің жайлауы, екіншісі қыстауы болған екен.
— Сондай-ақ, оның сүйегінің қайда жатқаны жөнінде де екі түрлі пікір айтылып жүр. Бұл деректерді зерттеушілер анықтап, нақтылайды деп күтеміз, — деді Бекарыстан Мырзабай.
Жиындағы әңгімесінде ол Темірбек Жүргеновтің өмірбаяндық деректеріне кеңірек тоқталды. Әсіресе, кезінде Темірбектің жары — Дәмеш Ермекова айтқан естеліктер әсерлі жеткізілді. Темірбек пен Дәмеш Ташкенттегі Орта Азия университетінде оқып жүріп танысқан. Темірбек ағамыз бұл кезде әрі білім алған, әрі үлкен қызмет атқарған. Өкінішке орай, ол қалыңдығын әке шаңырағына келін етіп түсіре алмаған. Өзі қызметте жүрген адам, ал әкесінің «бай» деген аты бар. Әке шаңырағында той жасалса, болашағына балта шабылмақ. Дәмеш Ермекова — белгілі ғалым, математик Әлімхан Ермековтің туған қарындасы. Арқадағы Былқылдақ жайлауында — Тәттімбет «Былқылдақ» деп күй арнаған жайлауда — қыз ұзату тойы өткен. Осы тойдан кейін екеуі қол ұстасып, Ташкентке тартып кете барған. Кейіннен әкесі тәркіленуге ұшырағанда, Темірбек өз ықпалын пайдаланып, оны жат елге жібермей, қазақ даласында алып қалған. Атап айтқанда, Қарқаралыдағы құдаларына жіберткен. Ермековтер шаңырағында қонақ болып отырып, Қара атамыз: «Қолыңа келіп түсе алмаған келіннің тума-туысын паналайтын күн болады кім ойлаған?» — деген екен. Сол замандағы бүтін бір халықтың қасіретін бір ауыз сөзге сыйғызыпты…
Оқуын бітіргеннен кейін Темірбек Жүргенов алдымен Тәжікстанда, одан соң Өзбекстанда қызмет атқарған. 1930 жылдардың басындағы аштық, т.б. зобалаңдардан қашқан қазақтардың арасында Ташкентке барып, Темірбек Жүргеновті паналағандар көп болған.
Солардың бірі — қазақтан шыққан алғашқы скрипкашы Ғалымжан Әбдісәлам. Алмат сардардың ұрпағы — Ғалымжан ағамызға Темірбек Жүргенов нағашы болып келеді екен. Ертеректегі шуақты жылдарда ата-анасы: «Тай беретін нағашым — Қара, қалам беретін нағашым — Темірбек» деп айтқызып, үйретіп қойған. Елді аштық жайлаған тұста анасы екі баласын алып, пойызға отырып, Ташкентке жеткен. Темірбек өзінен пана іздеп келген екі жиенінің біріне математик мамандығын алуға кеңес берсе, екіншісін «скрипкашы боласың» деп, музыкалық оқу орнына орналастырған. Бұл кейін оның соғыста тұтқынға алынып, бір немістің үйінде қызметші болып жүрген жерінен Берлин консерваториясына оқуға түсуіне, ал соғыстан соң Түркияда белгілі скрипкашы ретінде танылуына себепкер болған. Скрипкашы ретінде ол Әлім Алмат деген атпен танылған. Бүгінде 97 жасқа келген Ғалымжан ағамыз елге деген сағынышын телефон арқылы жеткізіп тұрады екен…
1933-1937 жылдары Жүргенов Халық ағарту комиссары болып, туған республикасына келді. Жиында оның осы тұстағы атқарған істері, халқына сіңірген еңбегі туралы да айтылды. «Біз қазақ мәдениетінің шырқау шыңдары үшін Темірбек рухының алдында қарыздармыз» — деген еді Әбіш Кекілбаев. Расында, Темірбек Жүргеновтің ұйымдастыруымен қазаққа мәңгілік рухани азық, рухани байлық болатын дүниелер жасалды.
Солардың бірі — Фердауси «Шаһнамасының» аударылуы.
— «Шаһнаманы» өзінің ұстазы Тұрмағамбет Ізтілеуовке аудартқан. Кеңес тұсында «Шаһнаманың» «Рүстем-Дастан» аталатын екінші бөлімі жарыққа шыққан. Ал Адам Ата-Хауа Ана тарихынан басталатын бірінші бөлімі жарияланбаған, — дейді осы жиынға арнайы келген қонақ, белгілі жыршы Алмас Алматов.
«Шаһнаманың» бірінші бөлігінің жоғалып кетпеуін қадағалауды оған да аманат еткен адам — ұстазы Мардан Байділдаев. «Шаһнаманың» 40 мың жолдан тұратын бірінші бөлімі жуырда жыршылардың орындауында дискіге жазылыпты. Ұзақтығы — 68 сағат.
Алмас Алматов жаңа жинақ туралы:
— Бұл — үлкен бастаманың басы ғана. Жүргенов туралы әлі талай еңбектер жазылып, кітаптар жарыққа шығатын болады, — деді.
Айта кетейік, кезінде белгілі жазушы, жерлесіміз Өтебай Қанахин Темірбек Жүргенов туралы үлкен дүние жазуды мақсат етіп, көптеген деректер жинаған. Бірақ бұл ойына жете алмай кеткен екен.
Біз 1937 жылы атылған арыстарымызды еш жазықсыз, жаламен кеткен санаймыз. Бірақ қазір кейбір зерттеушілер: «Шын мәнінде олардың «жазығы» болған» — деп отыр. Қазақтың емес, Кеңес өкіметінің алдында «жазықты» болған. Атап айтқанда, сол тұста зиялыларымыз Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым құрып, жер-жерде көтерілістер ұйымдастырған. Бұл қарсылықтың басында Тұрар Рысқұлов тұрды. Осы деректерді Еркін Рақышев өзінің «Темір нарком Темірбек» атты деректі фильмінде көрсетті.
Темірбек Жүргенов атылғаннан кейін, көп ұзамай, Дәмеш Ермекова да қамауға алынып, «Алжирге» жіберілген. Ол жақтан оралысымен алдымен Темірбекті ақтап алу, ақталғаннан кейін оны есте қалдыру мақсатындағы істерге кіріскен. Дәмеш апай осы істерге «Алжирден» оралғаннан кейінгі бүкіл ғұмырын — қырық жылдан астам уақыт — арнапты.
Жүргенов ақталғаннан кейін ол туралы алғаш мақала жазғандардың бірі — Ахмет Жұбанов болған. Сонымен қатар, Жүргенов есімі мен ісінің насихатталуына зор үлес қосқан тұлға Мардан Байділдаев екені оның шәкірттері — Бекарыстан Мырзабай мен Алмас Алматовтың жоғарыда келтірілген сөздерінен аңғарылады. Қуаныштысы, қазір жүргеновтанушылар қатары көбейіп келеді.
Жиында кітаптың демеушісі, белгілі кәсіпкер Шахарбек Усманов, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, т.б. сөз сөйлеп, жаңа жинаққа қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Индира ӨТЕМІС.



