Елбасы мерейі — ел мерейі

Әйгілі Маргарет Тэтчер 1991 жылы: «Қазір әлемде бес-алты ірі әрі өте ықпалды саясаткер бар, солардың бірі — Нұрсұлтан Назарбаев» — деген еді.
1990 жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаев КСРО құрамындағы республикалардың бірінің басшысы ғана болды, дегенмен сол кездің өзінде-ақ ол әлемге саясаттағы беделді тұлға ретінде танылды.
КСРО тарап жатқан тұста бұрынғы АҚШ президенті үлкен Джорж Буштан журналистер: «Осы жас мемлекеттер басшыларының арасында кім сенімді басшы бола алады?» — деп сұрағанда, ол: «Назарбаев. Ол болашақты алдын ала болжай алады», — деп жауап беріпті. Ал Сингапурдың бірінші (1959-1990 жылдар арасы) премьер-министрі, реформатор Ли Куан Ю: «Президент Назарбаев — кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері — белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады» — депті.
КОКП-ның соңғы бас хатшысы Михаил Горбачев те беріде өзінің 1986 жылы республиканың бірінші басшысы етіп Назарбаевты тағайындамай, Геннадий Колбинді қойғанын өкінішпен еске алған (inform.kz, 2010 жыл, 19 шілде). Горбачев бұл өкінішін Нұрсұлтан Назарбаев туралы еңбектер жазған ағылшын публицисі, кәсіби ғұмырнамашы Джонатан Айткенмен әңгімесінде айтқан.
Сонымен, оқырмандарымыздың назарына белгілі тұлғалар мен шетелдік қаламгерлердің Елбасымыз туралы пікірлерін ұсынып отырмыз…
* * *
Тағы да Маргарет Тэтчер: «Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге қол жеткізді». Ұлыбританияның 1979-1990 жылдардағы премьер-министрі Маргарет Тэтчер 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы” кітабының ағылшын тіліндегі аудармасына алғысөз жазыпты. Бұл пікір сол алғысөзден алынды. (egemen.kz)
* * *
Елбасымызды бүкіл түркі әлемі көшбасшы санап, мақтаныш етеді. Түркияның бұрынғы президенті Абдолла Гүл: «Түркияда қазақстандық экономикалық реформаларға жіті назар аударып отыр. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Қазақстан Орталық Азиядағы жарқын жұлдызға — беделді, сенімді де қуатты мемлекетке айналды» — дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаевты барша түркі әлемінің көшбасшысы санайтынын айтқан еді. Осыған байланысты Түркияның қоғам және мемлекет қайраткері, кезінде Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін басқарған Намық Кемал Зейбек: «Түркияда қазіргі әлемдік саясаттан хабары бар ізгі көңілді адамның бәрі де Нұрсұлтан ағамызға ерекше ықыласты. 2007 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркияда сапарда болған кезінде «Радикал» газеті бетінде «Біздің де Жұмһурбашканымыз» деген мақала жаздым. Демек, Нұрсұлтан Назарбаев — біздің де Елбасымыз деген сөз. Сол ықыластылықты біздің президентіміз Абдулла Гүл «Түркі мемлекеттерінің көшбасшысы» деп үдетіп алып кетіп отыр. Түркия президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы, оның ішінде күллі түркі дүниесіндегі тарихи қызметін өте дәл бағалап айтып отыр деп білемін» — деді (egemen.kz).
* * *
РФ президенті Владимир Путин: «Нұрсұлтан Әбішұлы — саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны — оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет — бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол — өз халқының бір бөлшегі» — десе, Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон: «Нұрсұлтан Назарбаевтың болмысында ашықтық, адалдық, адамсүйгіштік қасиеттер тұнып тұр. Ол тарих пен бүтін Қазақ жұртының алдындағы жоғары жауапкершілік сезімін ешқашан жоғалтқан емес. Ұлттың ұйытқысы бола білген ол аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанды посткеңестік кеңістіктегі дамыған елдердің қатарына енгізді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы табыстары үлгі аларлық. Мұндай нәтижелерге тек нағыз көшбасшы ғана қол жеткізе алады. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлының өз ұлтының теңдессіз көшбасшысы екеніне шүбә жоқ» — деп ағынан жарылды.
* * *
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері де Нұрсұлтан Назарбаев туралы, ол басқарып отырған қазақ елінің болашағы туралы тек қана жылы пікірлер айтады. Бүкіләлемдік Ислам лигасының бас хатшысы, шейх Абдолла Бен Әбдел Мухсан ат-Түрки: «Қазақстанның келешекте көкжиегі кең, имани, ислами тамыры әрдайым бізбен бір арнада тоғысып жататын мемлекет боларына көзім жетеді. Елорданы тың топыраққа көшіріп, заманауи шаһарды бүкіл жаһанның жанарына жақұттай елестеткен мұндай елдің ертеңі әлі-ақ гүлзар баққа айналарына ешкім күмән келтіре алмайды» — деп лебіз білдірген болатын.
* * *
Саясаттанушылар пікірлеріне ойыссақ: Елбасы 2009 жылдың қарашасында Ватиканға ресми сапармен барды. Осыған орай Ресей Ұлттық стратегиялық институтының халықаралық жобалар директоры, саясаттанушы Юрий Солобозов бұл кездесудің маңыздылығын айтып, сұхбат берген. Ресейлік саясаттанушы: «Ватиканда өткелі отырған кездесу, менің ойымша, бойында зияткерлік инновациялар мен дәстүрлі бедел үйлесім тапқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кешенді көшбасшылығының үлгісін әлемге паш етеді. Бұл кездесуден үміт көп. Себебі Бенедикт XVI мен Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі экономикалық дағдарыстың адамгершілік себептерін тіке көрсеткен алғашқы әлем көшбасшылары болды. Бұл дағдарыс қазіргі заманғы әлемнің олқы тұстарын — әлемнің керегі аз материалдық дүниелер мен құжаттарға сүйеніп келгенін көрсетіп берді. Шынайы, рухани құндылықтар мен саналы идеялардың жетіспеушілігін ашып көрсетті. Бүгінде ғаламшарда ең басты мәселе — тығырықтан шығар жолды көрсететін ірі тұлғалардың жетіспеуі. Тура жолды әлем таныған жетекшілер ғана көрсете алады. Өз бойларында даналық пен прагматизмді, әділдік пен жоғарғы моральды үйлестірген қайраткерлер ғана көрсете алады. Міне, солардың санатына Рим Папасы мен Қазақстан Президентін жатқызуға болады. Бұл кездесу сондықтан да маңызды» — деп атап өтіпті.
* * *
Ал жоғарыда аты аталған Джонатан Айткен Елбасы және Қазақстан туралы екі кітап жазды. Солардың алғашқысы — «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның жасампаздығы» атты еңбегіне дейін ол белгілі тұлғалар жөнінде 12 кітап жазып, ғұмырбаяншы қаламгер ретінде танылған. 2009 жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында былай депті: «Мен маман өмірбаяншымын және осыған дейін он екі кітап жаздым. Олардың кейбіреулері, мысалы, АҚШ президенті Никсон туралы жазған кітабым жүлде алды. Мен үнемі қызықты тақырыптарды іздеумен боламын. Мен үшін, әсіресе, Батыста көп жазылмаған тақырыптар қызықты. Сөйтіп, біреу маған президент Назарбаев жайында кітап жазуға кеңес берді. Мен үйге келген соң зерттеулер жүргізе бастадым. Ақырында, тарихи тұрғыдан алғанда бұл қызықты кітап болады деп шештім. Егер мен Назарбаевты саяси карьерасы сонау Джон Кеннеди мен Никита Хрущевтің кезінен бастау алған әлемдегі бірден-бір саясаткер десем, турасын айтқан болар едім. Дәл сол кезде Назарбаев енді ғана комсомолға кіріп, саясатқа қадам басқан жас жігіт болатын. Оның бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан карьерасының буыны бекіп, қатайған деп айтуға болады. Біз қазір президент Обама мен президент Медведевтің кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл дегеніңіз — барынша ұзақ саяси өмірдің нағыз кереметтей мысалы».
* * *
2013 жылдың жазында ресейлік «Дағдарыстан кейінгі әлем институты» қоры дүниежүзінің 68 елінен 300-ден астам сарапшы қатыстыра отырып, сауалнама жүргізген (bnews.kz). Сауалнама арқылы өз елінің дамуын тежеген, елінің дамуына айтарлықтай ықпал ете алмаған және өз елінің дамуына зор үлес қосқан саясаткерлер анықталған. Осы саясаткерлер тізімінде Елбасымыз өз елінің жетістікке жетіп, дамуына зор үлес қосқан көшбасшылардың бестігіне еніпті.
Интернет материалдары бойынша әзірленді.
Көсемдік пен көрегендіктің биігі
Өз басым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен екі рет жүзбе-жүз кездестім. Ол бір Кеңестер Одағының күйі тайып, тәуелсіздіктің таңғы шапағы енді-енді рауандап келе жатқан шақ еді. Ол кезде Ақтөбе ауданы «Қазақ ССР-нің 40 жылдығы» кеңшарының директоры болатынмын. Ақтөбеге 1992 жылы келген сапарында біздің шаруашылыққа әуежайдан тіке ат басын бұрды. Сол күні таңертеңгілік көк аспанды қалың бұлт торлап, жауын жауған-ды. Жауын болғанда да нағыз ақ жауын болатындай көрінген. Дәл Президент ұшағы Ақтөбеге қонар қарсаңда қалың бұлттың көбесі сөгіліп, жөңкіле көшіп, шайдай ашылып қоя бергені. Президент келгенде жер лайсаң болып кете ме деп қауіптеніп тұрғанда, табиғаттың осындай жайдарыланып шыға келгеніне қуанып жатырмыз. Жігіттердің бірі, қазір кім екені есімде жоқ, «Жалпы Нұрекең құр адам емес, көрдіңіздер ме, табиғаттың да жылы шырайланып қоя бергенін» деп жатты. Ол кезде кім айтты деп зер салатын уақыт та жоқ болатын. Барлық зейініміз Елбасын жақсы қарсы алудың қамында. Басқалардікі жөн делік, Нұрсұлтан Әбішұлымен мұның алдында да бірер рет кездескен менің өзім кәдімгідей толқулы болатынмын. Дегенмен егін орағы енді-енді қарқын алып келе жатқанда Елбасының келуін жақсылыққа жорып жатырмыз. Біз бригадир Алексей Ваймер екеуміз қонақтарды картоп алқабында күтіп тұрғанбыз. Сөйткенше болған жоқ, қонақтар мінген автомобильдер кортежі картоп алқабының шетіне келіп тоқтады. Нұрсұлтан Әбішұлы бәрімізбен қол алысып, амандасқан соң шаруашылықтағы жұмыс барысын баяндадым. Шыны керек, үлкен кісінің кісілік келбеті, алдының кеңдігі толқығанымды ұмыттырып жіберді, күнде сөйлесіп жүрген жандай адамды жақын тартып тұратын қасиетін аңғардым. Бұл мені сенімді ете түсті. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі металлург болғанмен, ауыл шаруашылығын жетік білетіні әр сөзінен, әр сауалынан аңғарылып тұрды. Отыз жылдан астам ауыл шаруашылығында жұмыс істеп келе жатқанмен мүдіріп қалмайын деп тез ойымды жинақтап, бойымды түзеп алдым. Біз сол жылдары шаруашылықта картоп алқабын кеңейтіп жатқанбыз. Сондай-ақ, қарақұмық пен қант қызылшасын өсіруді қолға алғанбыз. Тым тәуір өнім де жинап жүргенбіз.
Мемлекет басшысы биыл елімізде егін бітік шыққанын, оны ауа райы бұзылмай тұрғанда тез де шығынсыз жинап алу міндеті тұрғанын, егін жинау техникасы, жанар-жағармай және қосалқы бөлшектерге қатысты проблемалар бар екенін де жасырмады, облыс басшыларына мұндай өзекті мәселелерді шұғыл шешу керек деп қадап тапсырды. Осылай тілдесіп, пікір алысқан соң қатар жатқан картоп және қант қызылшасы алқабының ортасына аялдадық. Бір-екі қызылшаның түбін қазып, өнімін Президентке көрсеттік.
Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа жерде қызылшаның қанттылығы жоғары болатынын айтты. Мен: «Біз қызылшаның қанттылығын анықтадық,14-17 пайызды құрайды», — дедім үлкен кісіні қолдап. Содан кейін Елбасы кеңшарда көкөніс алқабы қанша гектар жерді алатынын сұрады. Мен 70 гектарға көкөніс, 410 гектарға картоп өсірілетінін айттым. Қызылшаның гектарынан қанша өнім алатынымызға қызығушылық танытты. Гектарына 300 центнерден келеді деп күтіп жүргенімізді естігенде риза болғанын білдіріп, басын изеді. Сол жылы межені асыра орындадық, тіпті гектарына 500 центнер өнім берген алқаптар да болды.
Кенет Мемлекет басшысы облыстық атқару комитеті кеңесінің төрағасы Евгений Золотаревке бұрылып, «ал сіз біздің топырақ жағдайында қызылша өсіру мүмкін емес деп» едіңіз деп сауал тастай қарады. Өз кезегінде Евгений Золотарев «оның басты себебі топыраққа түсетін ылғал аз, суарма болатын болса әңгіме жоқ» деп ақталғандай болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы қызылшаны жинау қиын екенін, оны тамырынан пышақпен кесіп алу керектігін айтты. Днепропетровск қаласына барып, қант қызылшасын жинайтын машинаға келісіп келгенімізден хабардар еткенімде жүзі жылып сала берді, мен біздің ізденісімізді түсінгені ғой деп ойладым іштей. Осылай шаруаның жайын әңгімелей отырып, картоп алқабына ауыстық. Президент мұнда жаңадан қазылған бірнеше түптің өнімділігін қарады. Біз әр түптен жарты шелек картоп қазылып жатқанын көрсеттік. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Алексей Ваймер екеумізге қарап, картоп өсірудің барысын сұрады. Мен бізде қазір бір голландиялық маманның жұмыс істейтінін айттым да, «Сіз әзілге жорып қалмаңыз» дедім. Оның кеңесші ретінде пайдасы тиіп жатқанын, өзі анда-санда келіп кететінін, картопты голландиялық әдіспен өсіріп жатқанымызды, шетелдік машина сатып алғанымызды жеткіздім. Президент бірден: «Мұндай машинаны бізде құрастыруға болмай ма?» — деп сұрады. Мен қалыптасқан дағдымен «ойлану керек, жолдарын қарастыруға болады» дедім. Елбасы содан кейін атақты бригадир Григорий Лясотаға бұрылып, «неге шаруа қожалығын ұйымдастырып, өз алдыңызға жұмыс істемейсіз, ауыл шаруашылығының болашағы фермерлердің үлесінде ғой» деп сауал тастады.
Ол біздің картопты голландиялық әдіспен өсіріп жатқанымызға қолдау білдірді. Сөз арасында биыл 5000 тонна картоп жинаудың мүмкіндігі бар екенін айттым. Біз сөзімізде тұрдық, одан да көп өнім алдық.
Содан кейін егін алқабына бардық. Осы жерде ҚР Премьер-Министрі Сергей Терещенко сөзге араласып, менен астық сатудың мемлекеттік тапсырмасының орындалуы жайлы сұрады. Мен жағдайды түсіндірген соң, ол директордың жауапкершілігі туралы сөз қозғады.
— Нұрсұлтан Әбішұлы, қазір директорды жоғарыдан да, төменнен де қысады, балға мен төстің арасында қалатын да солар, олар кімнің көңілінен шығарын білмейді, — дегені қарап тұрмай.
— Жоғарыдан да , төменнен де таяқ жейтін өмірдің қажеті қанша, оны тоқтату керек, — деп билік басындағыларға қарап күле әзілдеді. Жалпы Нұрсұлтан Әбішұлы, әңгімелесіп тұрған адамның сөзін бөлмейді. Ақжарқын мінезі қандай жарасымды, әзілді де орнымен айтып, айналасындағыларды еркін ұстауға тырысады. Кейбіреулердей кердең қылық көрсетпейді, қашанда кемелділіктің, көсемдіктің биігінен аласармайды.
Өткенге көз жіберіп қарасаң, Елбасының егемендіктің елең-алаңында айтқаны келді, қазір ауыл шаруашылығын жүргізу түбірімен өзгерді. Жекешелендірілген біздің бұрынғы кеңшардың өзінде ондаған шаруа қожалығы жұмыс істейді. Шаруа қожалықтары жаңаша жұмыс істеуге төселіп болды. Сол кезде фермерлік қозғалыс осыншалықты дамиды, еліміз бүгінгідей экономикалық мығым мемлекет болатынына кәміл сеніп едім десем күпірлік болар. Бүкіл ғұмырында кеңестік тәрбиені көрген, әлі де жоспарлы экономиканың тізгіні босатыла қоймаған тұста олай ойламадың деп ешкім де күстаналай қоймас. Алайда тәуелсіздіктің табалдырығын енді ғана аттаған Қазақстанның тізгінін ұстаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әр қадамынан, әр іс-әрекетінен көсемдік пен көрегендіктің лебі есетіні көрініп те қалған. Міне, Елбасы тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақытта Қазақстанды әлемге танытатындай көптеген шаруалардың басын қайырды. Әр алуан дін өкілдерінің басын Астанада әлденеше рет қосты. Қазақстанды ядролық қарусыз елге айналдырды, соңғы жылдардағы экономикалық, кедендік одақтар құруға бастамашы болды. Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 2010 жылғы Астана Саммиті, алда өткізілетін ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесі кез келген елдің иығы көтеретін мәселелер емес. Тіпті алысқа бармай-ақ, қазір ауылдық жерлерге асфальт жолдар салынып, көгілдір отынның барып жатқанының өзі неге тұрады? Кеңес Одағы мұндай игіліктерді жетпіс жылда да жасай алмап еді ғой. Мұндай істер іргесі берік, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы жоғары, экономикалық жағдайы жақсы елдердің ғана қолынан келетін шаруалар ғой. Міне, біздің елімізді Елбасының осындай әлем таныған мемлекет қатарына жеткізгені әрбір қазақстандықты мақтаныш сезімге бөлейтіні сөзсіз.
Антон ШТАЙН,
еңбек ардагері.
Президентке қызмет еткен отбасы
Елбасымен кездесу маңдайына жазылған адамдардың арасында Есенбаевтар әулетінің жолы болды деуге болады. Олай дейтініміз, отағасы Есімқан Есенбаевтың кеудесіне Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы өз қолымен «Құрмет» орденін тақса, Есақаңның зайыбы Дәметкен Елбасына өз қолымен шай құйып беру бақытына ие болған жан.
Елбасымен бірнеше рет жүздескен Есенбаев
Адам баласы қандай бақытқа да, қуанышты күндерге де өз еңбегімен жетеді. Сондай-ақ атам қазақ айтпақшы, бақ деген тағы бар. «Қай жерде жүрсем де жақсы адамдарға тап болып, бағым жанды. Талай қызметтерді атқардым. Соның нәтижесінде Президентпен бірнеше рет жүздесудің сәті түсті», — деген Есімқан Қалмағамбетұлы Елбасын Ақтөбеде қарсы алушылардың арасында болғанын, тіпті сонау жылдары егін алқабын аралағанын, бірнеше рет сөз сөйлеудің реті келгенін мақтанышпен айтып отырады.
Есақаң Қобда ауданының Ақыраб орта мектебін бітіргеннен кейін Орал ауыл шарушылығы механикаландыру техникумында оқып, білім алуды Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында жалғастырды. Жас маман Қобда ауданының «Жарық» кеңшарында еңбек жолын бастап, тәжірибелі директор Абылай Балмановтан ұйымдастырушылықпен қатар адами қасиеттер бойынша да көп нәрсені үйренді. Одан кейін Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Әкімжановпен ұзақ жылдар бірге қызмет атқаруы да өмірінде тамаша із болып қалды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Ливенцов та оның іскерлік қабілетін байқап, басшы қызметтерге тағайындады. Менің бақытыма кілең жақсы адамдар тап болды дейтін себебі де осы.
Кеңшардың механигі, бас инженері болып еңбек еткен Е.Есенбаев көп ұзамай шаруашылық тізгінін қолға ұстады. Одан кейін бұрынғы Комсомол, кейін Әйтеке би аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, әкімі қызметтерін атқарды. Ақтөбе қаласы әкімінің, кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеп, үнемі білгірлігімен, іскерлігімен көрінді.
Елбасына шай беру
Елбасына өз қолымен шай құйып берген Есақаңның зайыбы Дәметкен: «Бұл сәтті, әсіресе дәм таттырғанымды ұмытуға бола ма? Бұл мен үшін мақтаныш сезім ғой», — деп еске алады.
— Ол кезде жұбайым Есімхан Комсомол ауданын басқарды. Астықты аудан. 1992 жыл болатын. Егін де сол жылы бітік шықты, — дейді Дәметкен Зайноллақызы. — Ауданымызға Елбасы келеді деген хабарды естігенде қатты қобалжыдық. Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел ретінде енді-енді қадамдар жасалып, елде қиыншылық жайлаған тұс қой. Бірақ бітік шыққан егін ауданның абыройын көтеріп жіберді.
«Ярослав» кеңшарының аумағындағы дала қосына үш ақшаңқан киіз үй тігіп, дәм татқызуға дайындалдық. Екі киіз үй бір-біріне жапсарлас тігіліп, біреуі төр үй ретінде жасақталды. Жерге кілем төселіп, үстел қойылды. Түс кезінде қонақтар да келді. Емен-жарқын амандасқан Елбасы төрге озған соң шайымызды баптап құюға кірістім. Нұрсұлтан Әбішұлы сүтсіз қызыл шай ішетін болды. Сол бригадада омарта ұсталатын, соның балы қосылған күрең шайды ішіп, дәмнен ауыз тиіп, көңілді отырды. Өте аңғарымпаз адам ғой. Есімхан екеумізге қарап, сіздер бір-біріңізге ұқсайды екенсіздер деп әзілдеп те қойды. Оның да реті бар. Есімхан көкшіл көйлек, қара шалбар, ал мен көкшіл кофта мен қара юбка киіппін. Ерлі-зайыптылар жүре-бара бір-біріне ұқсайды деп жатады, талғамымыз да бірдей болғаны ғой шамасы. Соны аңғарып отыр екен Елбасы. Жалпы менің Нұрсұлтан Әбішұлы құрметіне жайылған дастарқанда шай құйып беруім қажеттігі туралы идея сол кездегі облыс басшысы Шалбай Құлмаханов тарапынан болса керек. Бұрын да келіп-кетіп жүретін ол Есімханның басқа біреу құйсын деген сөзіне көңіл қоймапты. Көңілді отырыс әп-сәтте өте шықты. Ер-азаматтар Елбасын шығарып салғаннан кейін қайта соғып, Елбасы табаны тиген кілемге балаларын аунатып, Нұрсұлтан Әбішұлындай азамат болсын деп жатқаны әлі күнге дейін көз алдымда.
Бердібай КЕМАЛ.
Амангелді Айталы: «Ел бейнесі — Қазақстан, Назарбаев, Астана» дер едім
— Президенттің Тәуелсіздігімізді нығайту жолында атқарған қыруар істері, бастамалары арасынан өзіңіздің көңіліңізге ерекше жылылық ұялатқан тұстарға тоқталсаңыз?
— Президенттің атқарған қыруар істері арасында мен ұлтаралық келісімді ең жоғары қояр едім. Өйткені Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы КСРО-да 200-ге жуық ұлтаралық қақтығыс, жанжалдар тууы мүмкін деп болжамдар айтылғаны есімде, соның біразы Қазақстанда болады деп болжанды. Сол тұста Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрақтылығына аса зор мән берді, бүгін де осы мәселеге көп алаңдайды. Келісім — адами да, экономикалық та, саяси да капитал, ол мұнай мен газдан қымбат байлық. Уақыт өте біз мұнай мен газға бүгінгідей тәуелді болмаспыз, ал келісім мен сенім қай кезде де ел үшін қымбат болып қала береді. Олай дейтінім, Қазақстандағы ұлтаралық ахуалды ешқандай елмен салыстыруға болмайды.
— Тереңірек айтсаңыз?
— Қазақ тілінің, қазақ ұлтының жағдайын өзбек, түрікпен, тәжік немесе кавказдықтармен салыстыруға болмайды. Қазақтар орыстандыру саясатының өкпе тұсында тұрды. 1897 жылы жүргізілген алғашқы халық санағының қорытындысы бойынша, Түркістан өлкесін есептемегенде, қазақтар өз жерінде 71,9 пайызды, орыстар 10,15 пайызды құраған, қалғаны — басқа да ұлт өкілдері. Одан әрі 1959 жылға дейін қазақтардың үлесі азая береді. 1959 жылғы көрсеткіш — 30 пайыз. Ал 1970 жылдан бұл көрсеткіш аз да болса өсе бастап, 1989 жылы 40,1 пайыз болды. Міне, осындай жағдайда, екі жылдан кейін, тәуелсіздік алдық. 1999 жылы қазақтар — 53,4 пайыз, 2009 жылы 63,7 пайыз болды. 2013 жылдың басында Нұрсұлтан Назарбаев қазақтардың елде 65 пайызды құрайтынын ресми түрде жариялады.
Орыс, украин және басқалармен бірге елімізге орыстың тілі, мектебі, мәдениеті, дәстүрі келді, келіп қойған жоқ, қазақтың тілі, мәдениеті, дәстүрін ығыстырды. Сан жағынан басым ұлттар өздері қазаққа бейімделмей, қазақтарды өзіне сіңіре бастады. Қазақстан орыстанды, басқа елге, орыс тілді елге айналды. Қазақ славян еліне, христиан еліне айналды. «Қазақстан — халықтар достығының лабораториясы» деді, шындығында, орыстанудың лабораториясы болды. Қоныс аударушылар қазақ мәселесіне пысқырып та қарамады. Қазақтарды адам ретінде, маман ретінде сыйлағанмен, ұлт өкілі ретінде қабылдамады. Бүгінде Ресейге қоныс аударушылардың көптеп баруына байланысты, орыс ғалымдары азиатизация үрдісі күш алуда деп айқай сап жатыр. Ал Қазақстанда русификация үрдісі күш алып қана қойған жоқ, өмір сүрудің салтына, заңдылыққа айналған еді. Ұлтсыздану, өз тілін, мәдениетін жатырқау атадан балаға, баладан немереге берілді. Тек орыс, украин ғана емес, қазақтар арасында қазақ тілін сыйламайтын, демек, білмейтін, қазақты ұлт ретінде менсінбейтін үрдіс етек алды. Оның бетін қайтардық деп әлі айта алмаймыз.
Осындай өркениеттік тектері әр алуан, діні, мәдениеті, тілі, тұрмыс деңгейі әртүрлі ортада келісім табу — өнер және қиын өнер. Постсоциалистік кеңістікте ұлт саясатын бірізді, сабақтастықпен ұстанып отырған бірден-бір президент бар, ол — Нұрсұлтан Назарбаев. Ол жүргізген ұлт саясатының тағылымдары да көп.
— Қандай тағылымдар?
— Біріншіден, байсалдылық дер едім. Марк Твен: «Тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотереяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек» — деген. Жазушы тәуелсіздіктің жүгі мен жауапкершілігін, алға ұстаған нысанаға жету жолының қауіп-қатерге, күмән мен күдікке толы екендігін меңзеп отырса керек. Мысалы, кезінде біздің еліміздің әртүрлі аймақтарында сепаратистік көңіл күй де байқалды. 1991 және 1992 жылғы этноәлеуметтік зерттеулер бойынша, Шығыс Қазақстан облысында славян тектілердің басым көпшілігі – 42,6 пайызы — автономия идеясын қолдап, 30,3 пайызы қарсы болған, басқа да осындай мысалдар бар.
Қазақстан тәуелсіздігі төңірегінде күні бүгінге дейін әртүрлі пікірлер айтылады. Біреулер барлық республикалар Одақтан біржола кеткеннен кейін, Қазақстан амалсыздан егемендік жариялады дегендей ой айтса, енді біреулер Қазақстан соңғы күнге дейін жаңа үлгідегі Одаққа сенді дейді. Ел халқының 40 пайызын ғана қазақтар құрайтын Қазақстанды алғашқылар қатарында тәуелсіз мемлекет деп жариялау, әрине, қоғамда қарсылық туғызуы мүмкін еді. Ұстамсыздық, қызбалық көңіл күй ормандағы өрттей лаулап, жағдайды билетпей кетуі де мүмкін еді. Қазақстандықтарды күрделі өзгерістерге бірте-бірте икемдеп, Одақты сақтап қалу мүмкіндігінің жоқтығына, әсіресе, еліміздегі диаспоралардың көзін жеткізу керек болды.
Қазақстан ұлт саясатының тағы бір тағылымы — мәдени плюрализм: әрбір этностық топтарға өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтауға жағдай туғызу. Қазақтар тәуелсіздікпен бірге жауапкершілік те алды. Қазақ елінде тұратын этностар қан мен тер төгіп, тәуелсіздік үшін күрескен жоқ, тіпті олардың кейбіреулерінің ата-бабалары қазақтың ұлт-азаттық күресін күштеп басты, метрополияның отарлау саясаты солардың қолымен жүргізілді. Енді қазаққа өткенге кешіріммен қарап, ешкімнің намысын кемсітпеуге, адам, азамат ретінде әркімнің құқын қорғауға тура келеді.
Келесі бір тағылым мемлекеттің ұстанымында жатыр. Этносаралық және ұлтішілік қатынастар ахуалы қашанда күрделі, мәселелердің шешілуі оңай емес, дау-дамай да туып жатады. Кейбір ғылыми мақалаларда 1994 жылы Шығыс Қазақстанда, 2007 жылы Шелекте, Маловодноеде, Маятаста этносаралық қақтығыстар болды деп жазылып жүр. Қақтығыстар туралы сөз болғанда этностарды атап жату шындыққа да, саяси әдепке де қайшы. Көп жағдайда қақтығыстар — сотқарлар арасында, саяси мәдениеттің төмендігінен болған жанжалдар, оны түгел екі этнос арасындағы тартыс деу дұрыс емес.
Осы тағылымдар елдің бірлігіне, тұтастығына негіз болып отыр.
— Халқымыз ежелден басшысын сыйлаған, «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» — деп, елге ие болатын адамның орнын бөлек санаған. Қазақ үшін басшыны сыйлау — елді сыйлау. Осы орайда Елбасы күнінің маңызына тоқталсаңыз?
— Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын тойлау алдында бұл мәселені қозғау, әрине, өте маңызды. Жоғары оқу орындарында «Саясаттану» пәні еуропалық, ресейлік үлгіде, сол елдердің тарихи материалдарына негізделіп оқытылады. Көне түркілердің, Алтын Орда мен Қазақ Ордасының саяси билігі, үлгісі, далалық демократияның көріністері туралы аз айтылады, болмаса тіпті айтылмайды. Жер жүзі халықтарының тарихында ел билігі атадан балаға мұрагерлік дәстүрмен көшіп келсе, ал қазақ мемлекетінде билік мұрагерлік емес, сайлау арқылы ауысып отырған. Ел билеуші ханның ұлы емес, халықтың ұлы болған. Жұртқа батырлығымен, адалдығымен белгілі адамдар баламалы, іріктеу негізінде сайланған. Хан сайлау рәсіміне кәрі-жастың бәрі де қатынасқан. Ал шешуші дауыс ел ағаларына — би, сұлтан, рубасы, әскербасылар — тиесілі болған. Хандар халқына қаяусыз қызмет еткен, қажыр-қайратын аямаған, халық та ханына сенген, сыйлаған.
Осы дәстүр, далалық демократияның көптеген нышандары, сайлау рәсімі, ханның ел алдындағы жауапкершілігі бүгінгі біздің саяси өмірімізде, Президенттің ұстанымынан көрініп тұр.
Бүгінгі жаһандану тұсында, ақпараттық заманда мемлекет басшысының беделі мен елдің бейнесі, имиджі үйлесе бермейді. Мәселе, елде емес, елдің жаманы жоқ, мәселе оның лидерінде. Оның беделі мен елдің бейнесі үйлесіп жатса, бір-бірін толықтырып тұрса, мемлекеттің абыройы жоғары болады. Заманында Рузвельт, Черчиль, де Голь, Ататүрік бейнелері өз елдерінің бейнесімен қисынды жарасым тапты. Жақында Ресейдің бір қайраткері «Путин болса, Ресей де болады» деді. Халық ол пікірді толық қолдап кетпеді. Себебі Ресей бұрын да болған, бүгін де бар, ертең де болады. Осы орайда ойыма мына бір жағдай түсіп отыр. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Кеңес үкіметі мен Батыс елдері арасында қырғи-қабақ саясат басталып, Одаққа сан түрлі жала жабылып, қитұрқы әңгімелер айтылды. Дегенмен, әлем халқы алдында фашизмді жеңген Кеңес елінің беделін төмендету оңай емес еді. Сол кездегі «Литературная газета-ның» бас редакторы, көрнекті жазушы Константин Симонов Канадада қызу айтыс үстінде: «Шуылдамаңдар, Кеңес Одағы дегеніміз — Россия, Сталин, Сталинград» дегенде, талас су сепкендей басылыпты. Әрине, кейін Кеңес үкіметінің де, Сталиннің де тарихтағы ролі туралы талай пікірталастар болды, әлі де жалғасып жатыр, дегенмен тарихи шындықты жоққа шығаруға болмайды. Сталинград шайқасының тарихтағы орны бөлек. Сондай тарихи шындықтардың бірі — Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды талай шешуі қиын тұйық-дағдарыстан алып шыққан, ілгері жүруіне, дамуына жол ашқан Президент екендігі. Сондықтан ел бейнесін — «Қазақстан, Назарбаев, Астана» дер едім. Оның астарында: «Қазақстан — менің елім, Назарбаев — менің президентім, Астана — менің үлкен үйім» деген ой жатыр. Осы бейне қазақтардың, қазақстандықтардың, әлем қазақтарының басын біріктіріп, күш-қайратын асырып отыр. Бүгінде Астана саммиті, Астана декларациясы, Астана ұстанымы деген сияқты сөздер саяси айналымға енді. Сондықтан Елбасы күнін елден, оның қасиетті Астанасынан бөліп-жарып қарауға болмайды.
— Елбасы Жолдауын талқылауға арналған жиында: «Бізге байсалдылық керек» — деп атап өттіңіз. Кеңейте айтсаңыз?
— «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауында Президент таяудағы жылдар жаһандық сынақтар уақыты болатынын айтты, сонымен бірге ішкі қауіптерден де сақтандырды. Ең бастысы — тұрақтылық пен келісім керек. «Ол — отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана», — деді Президент. Екіншіден, қаржыны тиімді жұмсауды қадағалау қажет. «Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ» — делінген Жолдауда.
Халық барлығын күнделікті нақты тірлігімен, дастарқанымен өлшейді. Ауыл халқы қысқы азығы, малының шөбі, үйінің жылуы, отбасы амандығын ойлайды. Қала халқы ауласын көгалдандыру, асфальт төсеу, балалар ойнайтын орын, басқа да мәселелерге мән береді. Өз көшесі лас болса, ол адамды «біздің қала таза» дегенге сендіру мүмкін емес. Сонымен бірге, жұртты елдің ертеңі де алаңдатады. Халық, Елбасы айтқандай, қаржының бір теңгесіне дейін қайда, қалай жұмсалғанын біліп отыруы керек. Әлеуметтік саясатта жариялылықтың орны бөлек. «Үй құрылысына мынандай миллиард, жол салуға пәлендей миллиард қаржы бөлінді» деген жалпылама сөзді халық қабылдамайды. Кезекте тұрған отбасылардың нешеуі пәтер алды, алдағы жылда нешеуі үйлі болады, емханаларда кезек қаншалықты азайды, адам өлімі қандай деңгейде төмендеді сынды көрсеткіштер Президент Жолдауларының жүзеге асырылып жатқанын нақты түрде көрсетеді, нақты тілмен сөйлегенді халық та ұнатады. Жолдаудың насихатын нақты істермен ғана байланыстыру керек деуімнің басқа себебі де бар. Соңғы кезде еліміздің ірі лауазымды тұлғаларына жемқорлыққа байланысты айыптар тағылуда. Несін жасырамыз, ол күдік туғызады. Яғни Президент бөлдірген қаржының толықтай ел игілігіне жұмсалатынына шүбә туғызады. Ал қаржы саласындағы ашықтық, нақтылық, жариялылық биліктегілердің барлығы жемқор емес, мемлекет үшін, халық үшін қызмет жасайды деген жағымды пікір қалыптастырады. Жолдауды насихаттағанда, эйфория, көпірме сөздерден гөрі, нақты істің тілімен сөйлесек, Президент саясатының өміршеңдігін көрсетеміз.
— Елбасымыз Мәңгілік Ел идеясын көтерді. Тәуелсіздігіміз баянды болу үшін әр қазақ не істеуі керек?
— «Нұрлы жол» бағдарламасы жалпы ұлттық Мәңгілік Ел идеясымен үйлесіп тұр. Дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ дейміз. Бұқар жырау айтқан:
«Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз,
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз…
Құландар ойнар қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз».
Адам өмірден озады, қоғам өзгерістерге ұшырайды, ал ұлттың ұлы арман-мұраты мәңгілік қала береді. Тәуелсіздік, бірлік көне түркінің де — мәңгілік мұраты, Мәңгілік Ел идеясына айналған мұрат. Сол арман жолында ішкі бірлігімізді сақтау, қасақана, арандатушылық әрекеттерге ілеспеу, лаң салушылардың жетегінде кетпеу — біз үшін басты парыз. Ал іштен ыдырап, жікке бөлінсе, сырттан дем берушілер күш алатыны белгілі.
Мәңгілік Ел жолында әр уақытта қолға жеңіс тие бермес, күте білу, төзімділік таныту — біздің тағдырымыз. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, «ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюризмге жол беруге болмайды». Бірден олжаға, молшылыққа жете алмағанмен, жылдан-жылға ақырын басып, алға ұмтылсақ, әрбір игілікті іс ол да — ілгері қадам, ол да — жеңіс.
Осы ұлы мұрат жолында әр азаматтың білімі, денсаулығы, кісілігі және кәсіби тәжірибесі маңызды. Сол адамдық қасиеттер елді өрге сүйрейді. Білікті, өзіне-өзі сенетін адам қоғамды дүниеқоңыздықтан, жемқорлықтан қорғайды. Білімді, парасатты адам жеке адамның қолдауына, таныс-тамырына, ағайын-туысына емес, өз бойындағы қасиетке сүйенеді.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда» — деді. Бізге «Өткеннің алдында бас иіп, болашақтың алдында білегіңді сыбан» дейтін заман туды.
Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.
Шуақты сәттер сыры
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Оразбек Далмағамбетов кеңестік дәуірде Қобдадағы қазақ орта мектебін бітіріп, Ресейдің Челябі қаласында ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтында жоғары білім алды.
Міне, отыз сегіз жыл бойы Ақтөбе өңірінде тынымсыз еңбек етіп келеді. Еліміздің Конституциясы берген құқық бойынша зейнеткерлік жасы да менмұндалайды. Осындайда өткен жолдарға көз жүгіртуді жөн көретін Оразбек Нәбиұлы қос қоғамда тіршілік етіп, жақсы-жаманды бастан өткергенін, талай игілікті шаруалардың ортасында болу бақыты бұйырғанын ықыласпен әңгімелейді.
Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен қызмет бабында сәті түскен бірнеше кездесулерін ол өз өмірінің ең бір мағыналы да бақытты сәттеріне балайды.
Соның бірі Хромтау ауданын басқарып жүрген тұста болды. Кеңестер Одағы кезінде Көктау (Орта Ор) ауылының түбінен мыс рудасы табылғаны белгілі болды. Бірақ бұл тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға сәйкес келді де, жабулы қазан сол күйі қалып қойды. Арада он шақты жыл өткесін, 2004 жылы ғана бұл жерден мыс кен орнын ашу туралы шешім шықты. Комбинатты салу бес жыл мерзімге белгіленген болатын, алайда облыс басшылығы барлық жағдайды жасай отырып, құрылыс қарқынын үдетуге күш салды. Осылайша Көктаудағы мыс кен орыны Елбасы көздеген 30 корпоративтік жоба қатарында қаралды.
2006 жылдың 6 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы Көктау ауылындағы мыс кен балқыту комбинатының тұсауын кесті. Сол жолы Елбасымен алғаш кездескен Оразбек Далмағамбетов оның әрбір сөзіне жіті құлақ түріп, мейлінше жанында болуға тырысқанын айтады. Тарихи тұлғаға айналған Президент көктаулық жұмысшылардың өтініші бойынша басына киген каскасына қолтаңбасын қалдырып, ескерткішке ұсынады. Құнды экспонатты аудан әкімі комбинат басшылығынан күшпен алғандай бауырына басып, аудандық мұражайға жеткізгенін игілікті бір іс санайды.
«Біздің мұражайымызға жан-жақтан қаншама адам келеді, соларға Елбасы аз уақыт болса да тұтынған затты көрсету мақтаныш емес пе?!» — дейді ол.
«Елбасы елге келіп кеткеннен кейін көп уақыт бойы жақсы әсерде жүрдім. Оның адам жанын баурай білетін еркіндігі, еңбеккерлермен сөйлесудегі қарапайымдылығы, басқа да өзгеше қасиеттері жүрегіме жылылық орнатып, жігерлі істерге жетеледі», — дейді Орекең сол күндерді еске алғанда.
— 2007 жылдың ақпанында Астанада облыс, аудан әкімдерінің басқосуында Елбасымен екінші кездесудің сәті түсті. Сол жолы үзіліс кезінде Президентпен амандасып сұхбаттасуға мүмкіндік туды. Хромтау жеріндегі өткен кездесуді жадынан шығармаған Нұрсұлтан Әбішұлы Көктаудағы комбинаттың, ауыл тұрғындарының жағдайларын сұрады. Мен Елбасының сұрақтарына толқуымды жасыра алмасам да, толық жауап бердім, ал сол сәтте жанымда болғандар артынан қолымды қысып, «Президент назарына іліккен қандай бақытты жансың!» деп сүйіспеншіліктерін білдірумен болды. Мен осындай сәттерді бастан кешірдім, — дейді Орекең.
Оразбек Нәбиұлының шуақты шаңырағында оның Елбасымен қатар тұрып түскен бірнеше суреті үйдегі ең қадірлі орында қойылған, отбасы мүшелері, әсіресе, кішкентай немерелер күнде қарап мәз болады. Иә, бұл жайды бүлдіршіндер де ерекше мақтаныш тұтады, өйткені кімнің атасы Елбасымен кездесе береді дейсің?!
Оразбек Нәбиұлы Елбасының жақындағы Қазақстан халқына Жолдауымен ерекше ықыласпен танысқанын айтады. «Шынында да, алдымызда Нұрлы жол бізді өзіне шақырып тұрған жоқ па?! — дейді ол. — Кешегімізден бүгініміз нұрлы, оны көзіміз көріп отыр, өзіміз оның шапағатын сезінудеміз, ертеңіміз де одан жақсы болатынына да сенеміз».
Елбасы саясатын жан-жүрегімен қолдап, қоғамға бір кісідей еңбегін сіңіріп жүрген азаматтың өмір жолы да өнегелі. Біз әңгімелесу барысында оны кейінгі күндерге қарай жетелегенбіз.
Орекеңнің мектеп табалдырығын аттауының өзі қызық. Бірінші сыныпқа енді қабылданған өзінен бір жастай үлкен апасы Ырыстымен жағаласып, «мен де оқимын» деп Қобдадағы орта мектепке күнде еріп барады екен. Бірақ алты жастағы оны кім ала қойсын. Ырысты сабаққа кіріп кетеді де, бұл мектеп дәлізінде жүреді де қояды. Кейін тарих ғылымдарының докторы, профессор атанған жерлесіміз Әбу Тәкенов сол кезде осы мектептің директоры екен. Қанша дегенмен тумысынан зерделі адам ғой, бүлдіршіннің қайтпас қайсарлығын сырттай сезінген ол әкесін шақыртып, оқуға құмар баланы қатарға қосады.
Қазақ мектебін жақсы бітірген бозбаланың талабын ұштау мақсатымен әкесі Нәби қолдағы бір сиырын сатып, пұл қылып, баланы Алматыға қарай аттандырады. Қобдадан келген талапкер Алматы ауыл шаруашылығы институтының инженерлік факультетіне қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырады. Осы арада оның орыс тілін жақсы білетіндігі байқалып, оқытушылар арасында «орыс мектебін бітірген жоқ па екен?» деген күдік те туындайды. Дегенмен білімді жастың айы оңынан туып, оны санаулылар қатарында Ресейге Челябі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтына жібереді.
Оразбек Нәбиұлы 1976 жылы осы институтты ойдағыдай бітірген соң Темір кеңшар-техникумында механикаландыру пәнінен мұғалім болып еңбек жолын бастап, 1982 жылы шаруашылықтың бас инженері қызметіне жоғарылатылды. Жас маман ең алдымен ауыр қол жұмыстарын механикаландыруға деген ұмтылысымен көзге түсті. Қияқтысай деген қонысқа бие саууды әуен ырғағына сай механикаландырылған әдіспен саууды ұйымдастырғаны туралы баспасөзде аз жазылған жоқ, орталық телеарналардан да көп көрсетілді. Жоғары көрсеткіштерге жетіп, көптеген жаңашыл ұсыныстары ескеріліп, 1985 жылы оған «Ақтөбе облысының үздік инженері» құрметті атағы берілді.
Кейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, «Кеңесту» кеңшарының, Темір кеңшар-техникумының директоры қызметтерін атқарады. Еліміз экономикалық жаңа құрылымдарға көшіп, күрделі шақ туындаған тұста Темір ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып жеті жыл қызмет атқарып, өңірдің өркендеуіне, қалыпты жолға түсуіне көп еңбек сіңіргенін елдегілер жақсы біледі.
Кеңесту ауылына, Темір қаласына газ құбырын тарту, көгілдір отын жеткізуді тұрғындар әлі күнге Оразбек Нәбиұлының есімімен байланыстырып, жақсылығына риза болып, алғыстарын жаудырады. Бұл да болса, оның артына қалдырған елеулі іздері. Іскерлігімен көзге түскен оны облыс басшылығы 2003 жылы 7 сәуірде Хромтау ауданының әкімі етіп тағайындады.
Ол бес жыл әкімдік тізгінін ұстаған тұста өңірде көптеген жаңалықтар дүниеге келді. «Восход-Ориел», Ақтөбе мыс комбинаты кен орындары ашылды, Хромтау-Алтынсарин теміржолы тартылды, Дөң тау-кен байыту комбинатында жаңа құрылымдар пайда болды. Құлдырау кезінде жабылып қалған көптеген мәдениет ошақтары қайта жанданды, жаңа мектептер, балабақшалар, интернаттар салынды. Елді мекендерге су, газ құбырлары жүргізілді.
Мемлекеттік қызметте, оның ішінде әкім болып жүрген адамға көп ірі марапаттаудың тие беруі қиын шығар, бірақ Орекең кеудесіндегі «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «ҚР Конституциясының 10 жылдығы», «Астана қаласының 10 жылдығы» медальдарының әрқайсысының орны бөлек деп есептейді. Ал Елбасының 2012 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы ол бір айрықша сый іспеттес.
Кейіпкеріміз Оразбек Далмағамбетов жары Сәниямен бірге үш перзент өсіріп, жеті немере сүйіп отыр. Ұл-қыздары жоғары білімді мамандар. Ерігі мұнай саласында, Еркіні жер қатынастары аумағында, Гүлназы — дәрігер.
…Мәртөк ауданының Жосасай деген ауылында дүниеге келіп, Қобда жерінде балалық шағы өткен, ал Темір ауданында азаматтық қалыптасу, елге қызмет ету сабақтарын алған, Хромтау өңірінде тізгінге ие болып, өзінің іскерлік қабілеттерін көрсеткен азамат өмірде өзіне бағыт берген әкесі Нәби мен анасы Ұлболсынның үмітін ақтап, Елбасы командасында абыройлы қызмет ету дәрежесіне дейін көтерілді. Біле білген адамға бұл да бір бақыт емес пе?!
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
Есімін мақтан тұтады
Хромтаулық жігіт өзінің атын мақтан тұтады. Оның есімінің Елбасы атымен аталуының өзіндік тарихы бар. Атасы Нұрғазы ақсақал түс көреді. Түсінде асау тұлпарға құрық сала алмай арпалысып жатқан кезінде ту сыртынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне қарап тұрғанын көреді. «Елбасының өзі қарап тұрғанда мен осы атты ұстай алмауым ұят болар,» — деп бар күшін жинап, құрықты айналдырып тұлпардың басына іледі… Ояна келсе, телефон қоңыраулап жатыр екен.
Нұрғазы атай телефон тұтқасын көтеріп:
— Иә, тыңдап тұрмын — дей бергенінде:
— Сүйінші, сүйінші, жиенді болдыңыз, — деген құдағайының қуанышты даусын естиді.
Нұрғазы түсін жақсылыққа жорып, сәбидің есімін «Нұрсұлтан» деп атауын өтінеді. Сөйтіп нағашысының тілегімен және Елбасымыздай зор тұлға болсын деген ниетпен сәбидің есімі солай қойылады. Бұл 1991 жылдың 11 қарашасы екен. Сөйтіп, тегі Назарбаев аталатын Еркін мен Ажардың шаңырағына Нұрсұлтан есімді бала қосылады. Оны бүгінде 94 жасқа келген әжесі Бибіажар әлі де еркелетеді. Бүгінде соқтауылдай жігіт болған Нұрсұлтан көлік жүргізудің шебері. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде бокстан облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, «Спорт шебері» атағын алған. Жас Нұрсұлтан — тәуелсіздік құрдасы. Хромтаулық Нұрсұлтанның екі арманы бар: бірі жеке кәсіпкер болу, екіншісі Президентпен кездесіп, ақ батасын алу.
Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ.
Хромтау ауданы.
Елбасы туралы фильмдер
Соңғы үш жыл ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің өмірбаяны өзек болған «Елбасы жолы» атты киноэпопея дүниеге келді, ол үш көркем фильмнен тұрады. Фильм экранға шыққалы қазақстандық көрермендер қызыға тамашалауда. Киноэпопеяның алғашқы фильмі — «Балалық шағымның аспаны» деп аталады.
«Балалық шағымның аспаны»
Бұл фильм «Қазақфильм» киностудиясында 2011 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» деген кітаптарындағы өмірбаяндық деректер бойынша түсірілді. “Балалық шағымның аспаны” атты көркем туындыны жұртшылық өте жылы қабылдады.
Фильмде Елбасының Шамалғандағы перзентханада өмірге шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, он жетідегі бозбала шағына дейінгі өмірі қамтылған.
«Балалық шағымның аспанын» түсіруде «Қазақфильм» режиссерлерінің еңбегі орасан. Фильмнің бас режиссері Рүстем Әбдірашевтің айтуынша, ең әсерлі кадр: бас кейіпкер дүниеге келген күні, шілде айында Үшқоңыр бөктеріне жапалақтап қар жауса, сол мезетте таудың баурайына нөсерлеп жауған жаңбырды көрсету оңайға түспепті. Фильмді елден бұрын бір емес, екі рет қайталап көрген Елбасы көзіне жас алған деседі.
Елбасы: «Сәбидің жанындай таза, жігіттің арманындай асқақ, бабалар өсиетіндей мәңгілік — балалық шағымның аспаны тура осындай …» деп тебіренген екен.
Елбасының әжесінің рөлін жасаған қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова ауыл әйелінің бейнесін нанымды шығарды, немересіне мейірімін төккен дана әженің сезімін жеткізе білді. Қазақстанның халық артисі Бибігүл Төлегенова: «Ол кісі бала күнінде әжесін көзімен көрген, оның мейірім шуағына бөленген, оған менің алып-қосарым болған жоқ. Елбасының барлық кітаптарын оқыдым, естеліктермен таныстым. Соның бәрін електен өткізіп, әже бейнесін шынайы шығаруға тырыстым. Нұрекеңнің көңілінен шықты», — дейді.
Нұрсұлтан Әбішұлының 5 жастағы бүлдіршін кезін Елжас Әлпиев ойнады, сүйкімді, алғыр бала рөлі көрермендерді баурап алды. Елбасының бозбала шағын белгілі актер Нұрлан Әлімжан сомдады.
Қазақ өнерінің тарланы Асанәлі Әшімов «Балалық шағымның аспаны» фильмі туралы:
Бұл — өмірбаяндық картина. Бұдан артық шығара алмайсың. Мұнда адамдар да, қалалар да, табиғат та қамтылған. Сүйсініп көресің. Меніңше, Елбасының өмір жолын абыроймен көрсеткен, — дейді.
Киноэпопеяның жалғасы: «Отты өзен» және «Теміртау»
1913 жылы қарашада Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы ретінде «Отты өзен» және «Теміртау» толықметражды көркем фильмдері көрермен назарына ұсынылды.
Бұл көркем туындылар Елбасының ержетіп қызықты да қиын өмірге қадам басуын бейнелейді. Бала Сұлтанның жастық шағы, достары, алғашқы махаббаты — оқиғалар желісінің басты арқауы. Кадрлардағы шойын балқыту, Теміртау қаласының құрылысы, КарЛаг, Хельсинкиде өткен дүниежүзілік жастар фестивалі, Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген ВЛКСМ Орталық комитетінің ХІ-ші съезі сияқты деректі хронологиялық кадрлар Ресей мен Финляндияның мұрағаттарынан алыныпты. Фильмнің қоюшы режиссері Рүстем Әбдірашевтің айтуынша, кино түсіру кезінде елуінші жылдары көлік қатынасына пайдаланған трамвайды табу қиынға соққан. Дегенмен шығармашылық топ бұл қоғамдық көлікті Башқұртстанның Уфа қаласынан іздеп тауып елге жеткізген.
Киноэпопеяның екі фильмі де («Отты өзен» және «Теміртау») – 2011 жылы шыққан «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы. Сценарий авторлары — Шахимардан Құсайынов пен Рүстем Әбдірашев. Олар киносценарийді Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақиқаттың ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» деген кітаптарының және Қазақстан президентінің әріптестері, достары мен замандастарының естеліктерінің негізінде жазып шыққан.
Фильм Қазақстанның болашақ тұңғыш Президенті «Қазақстандық Магнитка салу» үшін туған ауылы Шамалғаннан 1958 жыл Теміртау қаласына аттанған эпизодтан басталып, Нұрсұлтан Назарбаевтың қалалық партия комитетінде қызмет істей бастаған кезімен аяқталады. Көрерменге бас кейіпкердің 1958-1967 жылдардағы өмір жолының құрылыста жұмыс істеуі, Украинаның Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеде оқыған шағы, Теміртауда металлург болып істегені, партияда мансабының басталуы сияқты негізгі кезеңдерін көрсетеді. Кинохикаяда украин қыз Людамен достығы, кейін Сарамен кездесіп, үйленуі сияқты романтикалық тұстар бар.
Бас кейіпкер мен әке-шешесінің рөлін «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі актерлер Нұрлан Әлімжанов, Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Орынбасарова ойнайды. Қазақстандық актерлерден бөлек фильмге Валентин Гафт, Сергей Шакуров, Виктор Сухоруков, Мария Голубкина сияқты ресейлік актерлер де түскен.
Фильмде кадр сыртындағы дауыс арқылы Президенттің естеліктері берілген. Назарбаевтың анда-санда кадрға шығуы фильмнің өмірбаяндық кино екенін көрсетеді. Фильмде өткен кадрларды кері айналдыру сияқты флешбэктер мен деректі хроникадан кадрлар да енгізілген.
Врезка
Сондай-ақ Елбасы туралы бірнеше деректі фильмдер де түсірілген. Астанада 2013 жылы қарашада өткен «Тұңғыш-Первый» деректі кино апталығында Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған сегіз деректі фильм көрсетілді. Елбасы туралы деректі фильмдер Қазақстанда ғана емес, шетелде де түсірілді. Мысалы, 2010 жылы «Нұрсұлтан. Президенттің үлкен ойыны» деген ресейлік фильм шықты.
Рүстем ӘБДІРАШЕВ, режиссер:
— Елбасының 1958-1968 жылдар аралығындағы еңбек жолымен бір жарым жыл бойы «жүріп өттік». Екі толықметражды фильм дүниеге келді. Бір жарым жылғы материалдың барлығын қамту мүмкін емес. 200 сағаттық түсірілімді 3 сағатқа жинақтап, сыйдыру оңайға соқпады. Өте жақсы материалдар қоржынға кетті. Сол материалдардан кем дегенде тағы 4 телевизиялық көрсетілім шығаруға болар еді. Киноэпопеяға 100-ден астам әртіс жұмылдырылды. Түсірілім барысында небір қызықты оқиғалар да орын алды. Мәселен, Сұлтан Днепродзержинскіден кетейін деп қоштасып жатқан кезде жаңбыр жауады. Әрине, нөсер жаңбыр қолдан жасалды, бірақ кадрдың ішінде жарқ етіп шыға келген кемпірқосақ компьютермен салынған жоқ, ол шынында да солай болды. Киноэпопеяның жалғасы болады. Бұл екі картина Елбасының билік шыңына дейінгі жолы баяндалса, жалғасында Президенттің билікке келу жолы және оның Қазақстан үшін жеткен жетістіктері суреттеледі…
Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, ҚР халық әртісі:
— «Балалық шағымның аспаны» фильмін көрген болсаңыз, қаршадай баланың түн ортасында қарды белден кешіп, мектепке баратыны есіңізде шығар. Қиындыққа қарсы жүруге ол жастайынан үйренген. Анау жылынған кішкене оттың өзі бұл кісінің жүрегіне от болып, шоқ болып бітті.
Елбасы туралы фильмнің шығуы, мәні мен маңызы тарихқа керек. Бүгінгі фильм, ең алдымен, еліне адал қазақ азаматы туралы. Кішкентай баланың дүниеге келген күнінен бастап, өзінің халқымен біте қайнасып, бірге өсіп, ержетуі, ел көрген қиындықты бірге көруі, тұлға болып қалыптасуы, содан кейін мемлекетті басқаруы — мұның бәрі Елбасымыздың өмірі ғана емес, қазақ халқының тарихы.
Фильмде бір көрініс бар. Жас Сұлтан алғашқы жалақысын ата-анасына жібереді, одан кейін де айлық алған сайын әке-шешесіне көмек болсын деп табысының бір бөлігін салып отырады. Ал әкесі мен шешесі ақшаны жұмсамай, жинап, Сұлтан үйленгенде ол қаражатты оның өзіне береді. Бұл әкенің балаға деген жүрегі. Баланың әке мен шешеге деген құрметі. Көрсетілім кезінде мен Нұрекеңе жақын отырдым. Нұрекең сол кезде маған қарап бұрылды да: «Әй, сен әкемді есіме түсіріп, жүрегімді езіп жібердің ғой» деді. Мен «рақмет, рақмет» дедім. Актерге содан артық бақыт бар ма?! Мен сол нәтижеге жеткеніме қуандым.
Нұрлан ӘЛІМЖАНОВ, актер:
— Елбасымыздың жүріп өткен жолы кім-кімге болсын қызық, Елбасы ролін сомдау кез келген актерге бұйыра бермейтін сыбаға. Бұл орайда жолым болды деп ойлаймын.
Фильмді түсіруді Еуропадан бастадық. Мәскеу мен Рига қалалары, Украина, Беларусь Республикасы және Эстония елдерінде түсірілім жұмыстары жүрді. Әрбір эпизод үшін жан-тәнімізбен берілдік. Мен Президенттің рөлін ойнаған жоқпын, себебі ол жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Президент емес, үлкен арманның қанатында жүрген жас жігіт еді ғой. Сол кезеңдегі оқиғалар арқылы Елбасының жігіттік жалындаған жастық шағын, досқа деген адалдығы мен қамқорлығын, ата-анаға құрметін көрсетуге тырыстым. Көшбасшы болған соң, жан-жақты болу керек. Ол кісі сол жылдардың өзінде ақылды, парасатты, жігерлі, сабырлы, алыстан ойлайтын адам болғанын оның өмірінің сансыз көріністері айқындап жатыр. Ол достарына адал, ұлтын сүйеді. Мұның барлығы фильмде жан-жақты көрініс тапты.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері:
— Бұл туындыдан қарапайым халықтың арасынан қайнап шығып, елдің, жердің қамын ойлаған, сөйтіп заманының зор қайраткері дәрежесіне көтерілген азаматтың өмір жолын бағамдадық. Сондай-ақ, қайсар жігіттің қабілеті мен дарыны арқылы өндіріске белсене араласып, ондағы негізгі тұлғаның біріне айналған қазақ жұмысшысын көрдік. Бұған қоса, фильмде тек Елбасының ғана образы ашылып қоймай, оның жанындағы жас қазақ жұмысшыларының мінезі мен қабілеті, жалпы тұтас бір буынның өмір жолы жақсы өрілген. Сол дәуірде қазақ жастарының индустриялық даму мен осы жолда жеткен жетістіктерді терең түсініп, оның философиясы мен психологиясын жақсы меңгергені фильмде жақсы көрсетілген. Жалпы Елбасының отты өмір жолы арқылы халқымыздың өмірі түгел дерлік қамтылған. Қазақтың қайсар жігіті алда кездескен қиындықтардың бәрін жеңіп, қызмет жолында әбден ысылып, елдің азаматына айналған. Осыған қарағанда, көркем туынды өз мақсатына жеткен.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Мәжіліс депутаты:
— Елбасымыз туралы көркем фильм өте сәтті шығыпты. Көріп, риза болдым. Расын айтқанда, көркем дүние, дегенмен мен өз басым бұл фильмді тарихи кино деген болар едім. Өйткені сол кездегі өмір шындығы, тарих шындығы бұрмалаусыз анық әрі нақты көрсетілген. Біз де сол дәуірдің ұрпағы болған соң, ол кезеңдердің оқиғалары мен адамдарының сол кездегі оқиғаларға көзқарасын, сондай-ақ өз қатарластарымыздың мінез-құлқын жақсы білеміз. Мен мектепті 1961 жылы бітірген болсам, бұл кісілер 1958 жылы Теміртауда болыпты. Расында да, ол кезде Теміртаудың атағы жер жарып тұрды. Сол кездегі алғыр жастар, жүрегінде алауы бар азаматтар Қазақстан Магниткасына баруға, шынында да, құштар болатын.
Менің қуанып отырғаным, тұтас киноэпопеяға айналған үш фильм жас өскін балаларға, өмір жолын таңдауға бет алған бозбала, бойжеткендерге үлкен үлгі-өнеге болары анық. Фильмді түсірушілер нағыз тарихи оқиғаларды Елбасы өмірі арқылы көрсете отырып, жас қазақ жұмысшыларының алғырлығын, қайсарлығын, ең бастысы — мықтылығын дәл бере біліпті. Мұны көрген әрбір жастың өзі де үлгі алады. Оттан да, судан да өте біліп, нағыз азаматтықтың шыңына шығып отыр.
«Бұл — халыққа арналған кино»
Ал осы фильмнің түсірілімдеріне атсалысқан, «Отты өзен» бөліміндегі украин тілінде сөйлейтін ер адамдарды дыбыстаған, кинотанушы әрі киножурналист Андрей Черненко былай дейді:
— Сәтті шыққан фильмдер. «Отты өзеннің» қалай бітіп қалғанын да байқамай қалдым. «Теміртау» бөліміндегі кейбір сәттерді көріп отырып көзіме үш рет жас тығылды. Түсірілуі қиын болды. Қайта-қайта түсіріп, қайта-қайта пысықталды. Ең бастысы, бұл – халыққа арналған кино.
Интернет материалдары бойынша әзірленді.



