Білім

Дуальдық оқыту жүйесі — жаңашылдық бастауы

Қай қоғамда да кәсіптік білімнің бағасы биік. Өйткені белгілі бір кәсіпті игерген маман адамға сұраныс болмай қалмайды. Осындай талап деңгейінен табылып отырған Ақтөбедегі құрылыс және бизнес колледжінің нарық талаптарына орай атқарып отырған жұмыстары баршылық.

Соның бір айғағы осы колледждің облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірлесіп өткізген «Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы дуальдық оқыту жүйесі және модульдық оқыту: институционалдық даму жоспарын жүзеге асыру шеңберіндегі инновация және тәжірибе» тақырыбындағы облыстық семинары барысында да кеңінен көрініс тапты.

Семинарға Германия мен Белоруссияда мамандықтың бір саласы бойынша біліктілігін арттырып келген колледждің педагог-қызметкерлері қатысып, өз тәжірибелерін бөлісті. Оларды кәсіптік білім беретін оқу орындарының шығармашылықпен жұмыс жасайтын арнайы пән оқытушылары қызығушылықпен тыңдады.

Колледжде кәсіби біліктілігі жоғары, жылдар бойы жақсы дәстүрді қалыптастырған ұстаздар қауымы қызмет етеді. Оларды уақыт ағымына сай қызмет етуге жүйелі түрде бағыттауда колледж директоры Жанкелді Қалқаманның еңбегі ерекше. Кезінде екі жоғары оқу орнын бітірген, тарих пен құқық пәндері және экономика бойынша кәсіби білімі бар ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті бүгінгідей заманауи талаптарға сай үдеден шығуда.

Жанкелді Мырзақараұлы ұзақ жылдар бойы Байғанинде, содан кейін Қарғалы селосында кәсіптік мектептерге басшылық жасады.

— Бүгінде білім беру жүйесінің өлшемдері өзгерді, шынын айтқанда, кешегі күннің талаптары қазіргі уақыттың қажеттілігіне сай келе бермейтін жәйттер бар, — дейді колледж басшысы, — сондықтан да біз өндіріспен тығыз байланыс жасап, маманға сұраныс деңгейін анықтап отырамыз.

Осындай зерттеулер нәтижесінде оқу орнында жаңадан дәнекерлеу ісі бойынша 3 шеберхана ашылды. Мұнда болашақ мамандар аргонды-доғалы және пластмасса бұйымдарын сапалы шығаруды үйренеді. Сонымен қатар, осында электрдоғалық, газбен және жартылай автоматты пісіру әдістерін де меңгеру мүмкіндігі жасалған.

Облыс әкімшілігі колледжді жаңа заманауи жабдықтармен жарақтандыруға көңіл бөліп, 17 млн. теңге бөлген. Осында енгізілген дуальдық оқыту жүйесі мамандық игерушілердің сапалы білім алуына жол ашады.

Қазіргі уақытта 7 жұмысшы мамандығы бойынша білім беретін орта арнаулы оқу орнында алты жүзден астам жастар білім алуда. Олардың теория мен практиканы тең меңгеруі үшін жағдайлар жасалған. Мәселен, 9 интерактивті тақта, басқа да жаңа технология жетістіктері осы бағытта қызмет етеді.

Әдетте оқу орнының қызметінің бір көрсеткіші түлектерінің еңбекке орналасуымен өлшенеді. Бұл жағынан ауыз толтырып айтарлық жағдайлар баршылық. Мұнда білім алған аспаздардың 98 пайызы жұмысқа орналасса, құрылыс мамандарына сұраныс ұсыныстан асып түсіп жатқаны бір мақтаныш іспетті.

…Сонымен, облыстық семинар Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің дуальдық оқытудағы оң тәжірибелерін таратты. Бір кездері осындай жүйе шетелдерде бар деп тамсана айтатын жергілікті кәсіпорындар басшылары енді білікті маманды алыстан іздемейді. Оған аталған оқу орнының қазіргі жұмысы куә.

 

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button