«Сағынышым таң ата, өлең болып көз ілді»
Сәндібек ЖҰБАНИЯЗОВ
«Жазушы» баспасынан ақын Сәндібек Жұбаниязовтың «Сыр» атты жыр жинағы жарыққа шықты. «Дала», «Қала», «Қасірет», «Махаббат» деген төрт бөлімнен тұратын кітапқа ақынның туған жер, туған өлке табиғаты, жастық шақ тақырыбындағы толғаныстарынан туған өлеңдері және «Өліара өрендері» атты микропоэмасы енген.
Оқырмандарымызға жерлесіміз Сәндібек Жұбаниязовтың осы кітабынан өлеңдер ұсынып отырмыз.
Көкеме
Күншығысты бетке алғам
арманымды әндете,
Алға жүру бақытын —
мәңгі ете гөр, мәңгі ете!
Шақырайған күн көзін
көлегейлеп қолыңмен,
Жүрсің бе әлі елеңдеп,
жолға қарап, жан көке?!
Алатаудан ескен жел
әнін қосып әніме,
Асықтырып бітті әбден
алдағының бәріне.
Кеткен күннің есесін
келген күннен дәметем,
Күте алмасаң ештеңе —
ертеңіңнің мәні не?
Тағдырластар көбейді —
мазалаған ортақ дау:
Күнге жақын бару мен
оған барар жол таппау.
Айып етпе, аласа, —
тілге тиек болмасаң,
Ой қосуға сен жайлы
менің көкем шорқақтау.
Бағы шығар аспанның —
асқақтығы, кеңдігі,
Соры болса, аңсаушы
азаймас па ендігі.
Биік тапшы сен де бір —
аспан ба, әлде басқа ма,
Ғашық болу белгілі,
ұғып алғам мен мұны.
Езбелейін несіне —
еңбек ет деп еліңе,
Құрғақ сөзден құлақты
құтқарудың емі не?
Көкжиектің жүрегі
көкеме ұқсас — ұққаным,
Биіктігің байқалса,
сүйе салар сені де.
Меңдеген мұң сол ғана —
сұрай қалсаң сен менен,
Күні бойы күрсініп,
түні бойы тергелем.
Көрікті ойға кенелтер
кереметтер қарсы алса,
Кедергілер қайтады
көкем қалған жолменен.
Сағынышым таң ата
өлең болып көз ілді,
(Сөздің күші жетсе егер
бейнелеуге сезімді?..)
Кептелгенді көмейге
жанарыңмен айтқан ең,
Елестетсе осы жыр
көке, сол бір кезіңді…
Туған өлке
Көкжиекке өрлегем,
Көзімді арбап қарлы шың.
Жүрегімде тербеген
Туған өлке, армысың?!
Мені ұшырған аспанға,
Шапағатың өлшеусіз.
Қанша қанат қақсам да,
Аласамын — мен сенсіз!
Сәтсіздігім басталма,
Ұшпас биік ер, — елсіз.
Айдан алқа тақсам да,
Ажарсызбын — мен онсыз.
Жанарымды жас кернеп,
Жүрем кейде мұңайып.
Ұлың болып өссем деп —
Тек өзіңе лайық.
Ешбір елден таппайтын,
Естімеген жан адам,
Бақытыңа бастайтын —
Жол салсам деп жаңадан…
Осы ой тербеп жүремін…
Осы ой арбар мені мың,
Солай соғар жүрегім,
Солай өтер өмірім.
Көктем әуендері
І
Алматының көктемі,
жылда ерек бір,
Жастық шағы оралып
гүл, терек тұр.
Гүл, терекке құмартқан
құрбы жанмен,
Менің іңкәр жүрегім
Бірге өрекпір.
Қиял қуып келгенім
кеше еді,
Мұңға тұнық батырды
неше мені.
Көңілімнің архивін
көтереді,
Кезбе күннің куәсі —
көшелері.
Іңкәрліктің қызғалдақ
гүлін ұстап,
Бейім жүрдім пейілге
ұғыныспақ.
Жиі ұмтылдым от көрсем
көбелектей,
Тіршіліктің отқа ынтық
ғұмыры ұқсас.
Көз жетпейтін белесті —
киген сағым,
Мәңгі өшпейді ес-түссіз
сүйген шағым.
Оралмайды ол кезең,
қанша жерден,
Отқа оранған
көбелек күймен сағын.
Алматының көктемі
жылда өстер,
Ойы сөйлер көбейер
үндеместер.
Үндеместі жетелеп
тың белеске,
Кейін қалған естелік
күнде елестер…
II.
Дәмі қандай бақыттың
бірден келген,
Татып көрген емеспін,
мүлде білмен.
Көктемдерге құмартып
көшкен жанға,
Алматының бағында
гүлдедім мен.
Сезім — менің үркегім
басыбайлы,
Сұлулықтан ғана тек
шошымайды.
Алыс кетпей, сыр ашсам
осы жайлы,
Алматының көктемі
аса ұнайды.
Көктем! Белес!..
Кезбеуге кім шыдаған?!
Жан сырыңа жасалар
тыңшы қадам.
Сыртқы әлем ішіңе
тұтас еніп,
Бір мұң пайда болады
шымшылаған…
Наурыз, сәуір, мамырды
көл сезіне,
Сусын еткем жанымның
шөл кезіне…
(Бірде Марат ағамды
алып кетіп,
Қарсы қойып алды рас
ол да өзіне.)
Көгім шөгіп — Алатау
еткен тәжім,
Көктем өткен күрсінтіп, —
өткен жазым.
Естелікке айналып
жеткен қазір,
Кейін қалған көресім,
өкпем, назым…
Даурыққан біреу…
Даладан келген текті ұлдың,
Даңғаза миын жеп тынды.
…Күткені елдің көп жылғы —
Көк байрағын көкке ілді.
Құлшынған қазақ — құпталған,
Қауымы үміт күтті алдан.
«Барлығың үшін» деді де,
Билікке жетті —
Бітті арман.
Нашасын шегіп «наз» қылды,
Аранын ашты, аздырды.
Айқайын салды —
«Аспа-а-ан!» — деп
Мас қылып
мансап аз күнгі.
Жұлдызы болып жайнамай,
Қызара бөрткенге — қайдағы Ай?
Далада, мейлі қалада
Даурыққан біреу —
«Дайрабай…»
Дулы думанды сезінбей,
Мөлдіреп тұнды көзімде ой.
«Бұлардың жай белгілі…»
(Басалқы қылар сөзім ғой.)
Қуанатын-ақ күн бүгін,
Тілімді тістеп, тынды үнім.
«… көк шолақ» үшін күрсінген
Би-аға, өзің сындымын.
Бесінші жатақхана
Сырларын ашып далаға,
жырларын қосып қалаға,
Нұрларын шашып маңына,
мұңдарын айтпай Анаға,
Армандар тербеп бағытын
айналамын деп данаға —
Балғындар аңсап жететін
бесінші жатақханаға.
Жігіттер мұнда жүреді
асқақ армандардың Пірі боп,
Сұлулар мұнда күйдірер
күн болып бірі, бірі — от.
Қиялы көкте, мақсатын
мансапқа әлі бұрмаған,
Министрлерді менсінбес,
әкімқараға қыры жоқ.
Маңдайын тасқа соққанда
мұқалып қатал қаладан,
Туыс боп, дос боп көрініп
жылыұшыраған бар адам,
Жуықтап көкке көңілі
суықтап тұрған манадан —
Махаббат қанат қағатын
бесінші жатақханадан!
Жүздері бал-бұл жанғанда
Күннің шуағы көмкеріп,
Бес қабат үйдің жан-жағын
жайлайды жұпар еркелік.
Кірпіктен үзсе жұлдызды —
Айдай жанарды төңкеріп,
Еркіндік кенет өшеді
еркінде оның өртеніп.
Бес қабат үйде бес көктем,
бес күзді біз де өткіздік,
Биіктік жаулап көңілді,
шақырып алдан шексіздік.
Шексіздің бірі мұң екен,
сыңары — сары сағыныш,
Солардың бүгін еркімен
бұл сырды сізге жеткіздік.
Күз әсері
Көктем де өткен, өтер күз,
Қашан өлер екенбіз?!
Сағындырған сағымға
Сәл сарғайсақ жетерміз.
Асықтырған арман бар,
Адасатын орман бар,
Ол жақта да жолығар
Обалыма қалғандар.
Тәптіштесең мұң тізіп,
Тағдыр деген тым қызық.
Дауасы жоқ дертім бар,
Дауысым жоқ — Тілсіз ұқ.
Босатпайды қоршаулар,
Торығып ап аңсау бар.
Жараланған жүректен
Жан төзгісіз қан саулар.
Әрі бұлтты, әрі айсыз,
Аспаным бар қолайсыз.
Қол сілтеген жетеді,
Жөн сілтеуге қалайсыз?
Бәрі де өткен —
өтерміз.
Өкінеміз бекер біз.
Келесі күз — Бөтен күз.
Біз де өзгерер ме екенбіз?
Бірақ та…
Зұлымдыққа сермелгенде
Боп қылыш,
Талай ерлер
қыршынынан қиылды-ау?!
Ең дұрысы — өмір сүру тып-тыныш,
Бірақ соның —
Олар үшін қиындау.
Батырмысың —
Елің сенген ерім деп,
Сенім жүгін енді арқаңнан құлатпа.
Өжеттігің — сын сағатта көрінбек —
Өзің үшін боп шықпасын
Бірақ та.
Ақынбысың,
Айдалаға лақпа —
Жырыңменен
Жүрек емін таппасаң.
Дарыныңа басымды ием,
Бірақ та —
Дақпыртыңа елікпеймін
Ешқашан.
Қайран уақыт!
«Қалды ғой, — деп, — жырақта ол»,
Қартаң әжей жанарына жас алды.
Сұлумысың,
Табынамын, бірақ сол —
Болмаса екен жасанды.
Тұңғиықты тілгілеуді көздеген
Жасынбысың —
Жарқылыңнан мұң күлсін.
Бұл жырымның шын мәнісін сезбеген
Күмәндана қарар ма екен,
Кім білсін?!
Жамылмайын
тағдырдың түн-қайғысын,
Сен де енді жұлдызыңды төкпе, мұң.
Өмір, маған кез қылсаң да қайсысын —
Болсын ада «Бірақ та…»-дан
Тек соның.



