Мәдениет

Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы

Үкітай Байжомартов

Болған оқиғаның ізімен жазылған повесть

Қуғын-сүргін жылдарының еш кінәсіз құрбандарына арнаймын.

Автор.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

– Жарайды, орындайын. Халық әні «Әдемі қыз». Бұл әнді мен емес, (Святославтың иығына қолын салып) мына жігіт орындады деп біліңіздер, – деді де, әннің әуенін ойнай жөнелді. Сосын:

Ақ көйлек, қызыл бешпент, әдемі қыз,

Тиген жоқ әлі ешкімге, әдемі-ау, әлегіміз.

Бірге өскен кішкентайдан құрбым едің,

Өзіңнен әлі күнге, әдемі-ау, дәмеліміз.

Сәулелі алтын айымсың,

Бақытым сенсің, барымсың.

Дариға мынау жалғанда

Таңдап бір сүйген жарымсың, – деп шырқады. Тағы да қабағының астымен Фатимаға қарады. Ол орындалу үстіндегі әннің әр сөзі өзіне арналғанын сезгендей ынтамен тыңдап отыр екен. Жанарлары табысқан кезде нәзік жан көздерін жұма қойды да төмен қарады. Мұны байқаған Смағұлдың езулеріне күлкі үйріліп, Фатиманың қасындағы қыз жеңгесіне көзі түсті. Жас шамасы қайын сіңлісінен сәл үлкендеу болғанымен, тұрмыстағы әйелдің өмірлік тәжірибесі мол болады ғой, ол бұл екеуіне сынай көз тастап отыр екен. Қыз бен жігіттегі өзгерістерді байқаған және Смағұлдың езу тартқанын көріп, жағдайды сөзсіз ұққан ол Фатиманың құлағына бірдеңелерді көңілді күйде сыбырлады. Кірпіктерін сол бойда тік көтеріп, тағы да әнші жігітке күлімсірей көз салған қыз ғашықтық сезіміне бөлене бастаған жанның кейпін көрді, өз жүрегінің де үнін тыңдамақ болып, ой құшағына берілді…

Ақ көйлек, қызыл камзол белін буған,

Жан едің қатарыңнан, әдемі-ау, артық туған.

Мен саған ғашықтықтан сөз айтамын,

Ар жағын өзің шешіп, әдемі-ау, өзің ойлан.

Сәулелі алтын айымсың,

Бақытым сенсің, барымсың.

Дариға мынау жалғанда

Таңдап бір сүйген жарымсың.

…Ой құшағында отырған бойжеткен әннің «қара камзол» деген жері «қызыл камзол» деп айтылғанын ұғып, Смағұл айтқан әрбір әннің әр сөзі өзіне арналғанын сезгені анық екеніне тағы да көз жеткізді. Әсіресе, «Мен саған ғашықтықтан сөз айтамын, Ар жағын өзің шешіп, әдемі-ау, өзің ойлан» деген жолдарға жігіттің үлкен сезім «жүгін арқалатқанын», оның айту ерекшелігінің сәл өзгергенін, ынтық жанның өзіне үзіле қарағанын байқап, осы жігітке өзінің де ынтасы ауа бастағанын ұқты.

Смағұл әнді орындап болған сәтте киіз үй ішін бір сәтке үнсіздік биледі. Жастардың көпшілігі «Енді не болар екен?» деп «әліптің артын баққан» кезде бетінде шешек дақтары бар әлгі сары жігіт:

– Бұған жауапты әнменен кім береді?! – демесі бар ма! Фатиманың інісі екенін білдіріп алған қара торы жігіт:

– Кім болушы еді, Фатима апам жауабын береді! Көңілдерге көрік берер көңілді кештің бағыты өнер сайысына айналып бара жатқан жоқ па! Апамның сыналатын жері бүгін келді! – деп апасына қулана сынай қарады.

«Дұрысы сол болар» дегендей, төмен қарап отырып бас изеген Фатима «Қай әнді орындағаным дұрыс болады?» деген ойдың жетегінде отырып, тосылып қалғандай күйге түсе бастады. Қайын сіңлісінің сырын, айтатын әндерін жақсы білетін сәукелелі жеңгесі оның құлағына сыбырлап: «Бұлбұлым» әні», – деді. Бірақ оның бұл сөзін отырғандардың бәрі естіді.

– Иә, осы әнді орындағаным дұрыс болар. Халық әні «Бұлбұлым», – деді де Фатима қолына сырнайын алып, кереге басындағы тымаққа көз салған күйі (қонақ жігітке деген сезімін басқаларға білдіртпеудің амалы екенін осы жерде отырғандардың бәрі сезді!) былай сызылта жөнелді:

Дүние-ай, қарап тұрсам шолақ екен,

Адамдар бір-біріне қонақ екен, бұлбұлым.

Мың күніме тұрады-ау

Осы отырған бір күнім-ай.

Құлпырған жауқазындай, қайран, жастық,

Қар жаумай, қазан ұрмай солады екен, бұлбұлым.

Мың күніме тұрады-ау

Осы отырған бір күнім-ай.

Жалған екен көргенім,

Арман екен көрмегім-ай.

Серінің серілігі елде қалар,

Аққудың арман әні көлде қалар, бұлбұлым.

Мың күніме тұрады-ау

Осы отырған бір күнім-ай.

Жігіттер тіршілікте сыйласып өт,

Қадірлі алтын басың жерде қалар, бұлбұлым.

Мың күніме тұрады-ау,

Осы отырған бір күнім-ай.

Жалған екен көргенім,

Арман екен көрмегім-ай.

Ән аяқталды. «Сұлу қыз осы жолы біз жаққа көз салмас па екен?» деп, Фатимаға көзін сүзе қарап отырған Смағұл қыздың еркінен тыс өзіне үш рет «көз жанарын сыйлағанын» көріп, қуанды. Бір өкініштісі – үшеуі де қас қағым сәтте аяқталып отырды. Ерекше іңкәрлік сезіміне бөлене отырып шырқалған «Серінің серілігі елде қалар, Аққудың арман әні көлде қалар, бұлбұлым. Мың күніме тұрады-ау. Осы отырған бір күнім!» деген жолдар айрықша сыршыл түйінімен мұның ойында қалыпты. Бұл да осы жолдардың тектен тек таңдалмағанын, бұларда  жас арудың жан жүрегінің бір құпиясы жатқанын сезгендей болды.

Фатиманың інісінің жаңа бір әзірдегі: «Көңілдерге көрік берер көңілді кештің бағыты өнер сайысына айналып бара жатқан жоқ па!» – дегені қамшы болды-ау деймін, қоңыр домбыраны сол бойда қағып-қағып жіберіп:

– Менің бұған жауабым мынау:

Жақсы сөздің басында болмасын дақ, Алай көк,

Бір жаманға басыңды алма шатып, Алай көк.

Бір жаманға басыңды алсаң шатып, Алай көк,

Өле-өлгенше кетпейді-ау жаман атақ, Алай көк.

Ай-ай, сәулем, жан-ай деп,

Бір сүйгенім сіз-ай деп.

Болса болар, болмаса қояр,

Көріп алдық сізді-ай деп.

Айналайын көзіңнен бейне ақық, Алай көк,

Дариядай ақылың жатыр шалқып, Алай көк.

Көзім түсіп көзіңе кеткен уақытта, Алай көк,

Қорғасындай кетеді-ау, көңілім балқып, Алай көк, – деп, «Алай көк» әнін әуелете шырқады.

Бұл жолы қыз да тосылған жоқ…

– Мен орындайтын ән «Ал, жаным-ай» деп аталады.

Өлең деген немене өнерпазға,

Өлең тұрмақ, сөз қиын, ал, жаным-ай, ақылы азға-ай-ау.

Көтерелік көңілді өлең айтып-ау,

Кім бар, кім жоқ ендігі, ал, жаным-ай, келер жазға-ай-ау.

Ал, жаным-ай,

Аман-есен болса екен мал-жаның-ай.

Қонған жері елімнің ой болса екен-ай,

Ойды қаптай жайылған, ал, жаным-ай, қой болса екен-ай.

Сұрайтыным тағдырдан, ауылыңда-ай-ай,

Күнде осындай бас қосар ал, жаным-ай, той болса екен-ай-ау.

Ал, жаным-ай,

Аман-есен болса екен мал-жаның-ай…

…Қыз кереге басындағы тымаққа қадала отырып ән салған сайын «Мына тымақ бәле болды-ау, бар болғыр!» деп іштей кіжінді жігіт. «Көз тоқтатарлық ештеңе болмаса, маған қарамай, кімге қарайды бұл қыз?!» – деп тағы бір қойды. Смағұлдың сәл бөгеліп қалғанын байқаған қыз жеңгесі  еш сүйемелдеусіз «Бүлдірген» әнін бастап кетті:

Қонғаны ауылымның ой болса екен,

Ойдан төмен жайылған қой болса екен.

Тілеуін екі жастың біз тілейік,

Мереке, күнде осылай той болса екен.

Қыз жеңгесін Фатима сырнайымен, Смағұл домбырамен сүйемелдей жөнелді.

Бүлдірген,

Қандай жақсы

Құрбылармен бір жүрген.

Қарағайлы, ендеше, қарағайлы,

Қарағайды көп жылқы аралайды.

Жақсы-жайсаң осылай бас қосқанда,

Бекер қарап отырған жарамайды.

Бүлдірген,

Қандай жақсы

Құрбылармен бір жүрген…

– Бұрын-соңды болмаған өнерлілерден құралған үштік ынтымақтары жарасқан жағдайда әсем әнді құлақ құрышын қандырарлықтай етіп орындап берді. Алдағы уақытта да бұл өнерлілерді осылай бірлік үстінде көрейік! Шеберліктері елде жоқ деңгейге көтеріле берсін! Осы айтылғандарды қуаттайтындарың қол соғып қойыңдар! – деп Фатиманың інісі өзі бастап қуақылана қол соқты. Көңілді жастар ду күліп, оған қосыла қол соға мәз болысты. Осылай кішкене ауылдың өміріне «қызылдардың бір салты» елеулі жағдайда енді…

Осы кезде есіктен Берішбек көрінді. Өзі көңілді.

–  Мә-ә, әншісіңдер ғой өздерің! Әшім әкем мен Фариза апам, ағалар – бәрі құлақтарын тосып, тыңдаумен болды. «Жақсы әндер айтты!» деп бәрі тамсанып жатыр. Қонақ аға да әнші екен! Фатима апамнан озбаса,  қалысқан жоқ, – деді ол бір қолындағы асықтарын екінші алақанына ауыстырып салып тұрып.

–  Ау, сен келген шаруаңды айтсаңшы, сыншы мықты! Еңіреуден екі боз ат жарыса шауып келеді. Сендей мықтыға келіспейді, әуелі соларды сүрт, мұрныңның алдындағыны, сөйтіп, құрт! – деді әлгі қара торы жігіт Берішбекке. Анау ауыл баласының, оның ішінде ата-әжесінің тәрбиесінде жүрген ерке баланың әдетімен тілін шығарды. Мұрнын сұқ саусағымен сүртіп жіберіп:

–  Өтірік айтпа! Ештеңе жоқ, айтарыңды айтып, басқаға соқ! – деді. Отырғандар ду күліп, оның сөз сөйлеу шеберлігіне риза болды. Сосын ол Смағұлға қарап:

– Әшім әкем «тамақ дайын, келсін» деді. Жүріңіздер, аға! Ет суып кетеді. Басқаларыңыз тамақты осы отырған жерлеріңізде ішесіздер, білдіңіздер ме?! – деді де, шорт бұрылып үйден шыға жөнелді. Өздеріне үйренішті жағдай болса да кішкентай баланың пысықтығына, айтқан сөздеріне бәрі тағы да ду күлісіп алды. Қыз жеңгесі:

– Бүгінгі жарастықты кеш әлі де жалғаса түсуге тиіс еді. Тамақтан үлкен ештеңе жоқ. Қонақ жігіттер, барып тамақтаныңыздар, – деді. Отырған орнынан тұрып жатып ауылдың ару қызына ұрлана көз салған Смағұл бойжеткеннің де бұған қимастықпен қиыла қарап отырғанын байқады. Осы  киіз үйде өзімен бірге болып, жастық шақтың ең қызықты санаулы сәттерін бірге өткізген жастарға: «Сау болыңыздар! Қайта көріскенше күн жақсы болсын!» – деді. Сосын Фатимамен де үнсіз, ғашық жанның нұрлы, сыр айтқыш көздерімен тез қоштасып, шығып кетті. Және де ол осы сәтте өз аяқтарының өзін тыңдағысы келмей, ілгері басқан  сайын өзіне кедергі болып келе жатқанын байқады. Ал бойжеткен болса өзін өртеніп кетердей сезініп, орнынан тұрды да теріс айналды. Жеңгесі оның жанарларынан жас көрді…

Әшім қарттың үйіндегілер бір сағаттай уақыт бұрын бұлар Белгібайдың үйіндегі отырмаққа кеткендегі қалыптарынша, сол отырған орындарында әңгіме-дүкен құрған жайлары бар екен. Үй иесі бұларға жайғасатын төрді ұсынып:

–  Уақыттарың көңілді өтті-ау деймін. Ауыл шағын әрі бәрі туысқандардың балалары болса да біздің жастар көңілді дем ала алады. Әнді де жап-жақсы айтатындары бар,.. – деді.

– Біздің үйдің қызы екеуіңіз ән жарысына түстіңіздер ме, қалай? «Қонақ кәдесін» жасаңыз деп, сізді олар көп қинаған жоқ па? – деп сыр тартты  Әшекеңнің кемпірі. «Менің көңілсіздеу оралғанымды байқап қалып, сұрақтарын осылай қойып отырған жоқ па екен?» деп, ана екеуінің жүздеріне барлай қараған бұл езу тарта күлген болып былай деді:

–  «Көңіліңнің шалқысы –

Бақытыңның жартысы» демей ме. Көңіл көтеретін, шалқытатын жайға кім қарсы бола алады. Сәл ғана жас айырмамыз болса да жатырқамай, ән жарысын ұйымдастырғандарының өзі – білгендік, көргенділіктің көрінісі. Шаршаған да, қиналған да жоқпын. Тамақтың кешірек піскенін тілеген кезіміз де болды. Жақсы, ұтымды атаулының аздау, қысқалау болатыны да сөзсіз. Өмір болса, апа, әлі де талай кешке қатысармыз, кімді кімнің молырақ сынайтынын да көрерміз. Еш ренішсіз, көңілді тарқағандай болдық. Фатима мені кейбір сәттерде сәл састыра да жаздады…

Смағұлдың «апа» деп іш тартқанына қуанған кемпір риза болып қалды. Ал Әшім қарт пен Белгібай, Телағыс пен Жанарыс бір-біріне «байқадың ба!» дегендей сыр ұқтыра қарап, езу тартты. Бәрі де көңілденіп, жиі-жиі «тамақ алып отырыңдар, айналайындар!», «алыңқыра, айналайын!» деп отырды. Ас қайтарып болған соң Әшекең Смағұлға:

– Смағұл, шырағым, бүгін осында қонып, ертең жүрерсіңдер. Бастығыңа: «Ауылының бір қазымыр қарты бар екен. Сол «Шешімімізді ертең айтамыз» деген соң қонып қалуымызға тура келді дерсің… Ал, Белгібай, сен ата салты бойынша «Ауылдың алты ауызын» айт, – деп баласына жүзін жылы шыраймен бұрды.

– Жарайды, әке. «Жас дәурен» әнін айтып берейін, – деп керегенің басына ілінген кішкене домбыраны алып, тиегін дұрыстады, бұрауын келтіріп алды да шырқай жөнелді:

Мен шықтым кешке қарай самалдарға,

Сөз айтпа қадір білмес жамандарға.

Жас күнде арыстандай айбарлы едім,

Қартайып жас кеткен соң, амал бар ма?

Аха-ау, күндерім-ай,

Жас дәурен, өтеріңді білмедім-ай!

Жас дәурен, мені қайда бастамадың,

Кей уақыт ерік бермей баспаладың.

Отырмын қартайған соң нардай шөгіп,

Басымнан өткеннен соң жастық шағым!

Аха-ау, күндерім-ай,

Жас дәурен, өтеріңді білмедім-ай!

Тым жақсы даусы, кең тынысы бар, халық шығармаларын орындауға машығы да жоқ емес  жігіт ағасының әншейінде білдіре бермегенімен қуақылығы да өзін «асырағандай» екен, айтып отырған әнінің «Қартайып жас кеткен соң, амал бар ма» және «Отырмын қартайған соң нардай шөгіп…» деген жерлерінде мойнын қиқаңдата, көзімен әкесі жақты нұсқап, әдемі күлкі шақырды. Смағұл «жанымда отырған қария еріксіз езу тартқанымды көрмесін» деп, төмен қараған күйі тыңдады. Ал Святослав қарқылдай күліп, мәз болып отыр. Әшекең:

– Әй, өркенің өссін! Жүз жаса! Бірақ сен «Күлсең – кәріге күл» деп, мен жайлы әнді таңдап айттың-ау деймін. Енді өзің жайлы бір әнді:

Қарт дегенің таңда да

Кештегідей тұнжырар.

Жас дегенің кеште де

Таңдағыдай құлшынар, – дегізіп орындап берсеңші, – деді әдемі ақшыл мұртын шиырып жіберіп. Ақсақалдың бұл сөзі де көңілдердің көтерілуіне себеп болды.

–  Әкем де қуланып барады. Ұйықтар алдында:

«Көңіл күйің қандай –

Көрер түсің сондай» деп, тәуір ән естігенді жөн көріп оты-ы-ыр шамасы. Онда өзім жайлы «Желкілдекті» айтып берейін. «Әу!» деп қойыңыздар!

Осы сәтте отырғандардың бәрі «Әу!» деді. Белгібай күліп алып:

Жылқымның мінсіз қара төбеліндей,

Аузым бар шыны аяқтың кемеріндей,

Шашым бар он кекіліктің кекіліндей,

Базардың кезі алпыс сом жібегіндей.

Ақ бетім жарқырайды жұмыртқадай,

Айдарым салбырайды шыбыртқыдай.

Боз үйден мен шығамын керіліп-ай,

Аяқты бір басуға ерініп-ай.

Аққудай көлден ұшқан көтеріліп,

Жігінен жанарымның сөгіліп-ай!

Белгібайдай әкесі айтып отырған әнін аяқтамай жатып-ақ Әшекең қарттың құлағына:

– «Әп-әдемі ән еді,

Пұшық шіркін қор қылды!» дегендей, бәрін бұзып айтып, бүлдірді ғой мына Белгібай! – деді манадан бері өзімен-өзі «Ханталапай» ойнап отырған Берішбек. Мұны естіген жұрттың бәрі қыран-топан күліп жатыр. Әртістіктен де құр алақан емес Белгібай ән айтуды кілт тоқтатып, самайын қасыды. Жүзінде – орынды айтылған сынды естіп, қатты сасқан жанның кейпі. Бұған да езу тартқандар аз болған жоқ. «Бәсе, – деді Смағұл да іштей, – мен естіп жүрген «Желкілдек» әнінің сөздері басқалау сияқты еді. Өзге де түрі болғаны-ау мұның деп отырсам». Ал Әшекең болса немересінің зеректігіне, сөз саптаудағы тапқырлығына риза болып, оның бетінен өпті, кекілінен сипап, мейірлене күліп алды. Бұған мерейі өсіп қалған Берішбек атасына былай деді:

–  Әке, «Қаймақтың дәмін білмейтін қасыққа» ұқсамайық! Абзалы, әнді айта алатын адам айтсын.

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button